///

Алма Сайлауқызы: Ұлыбританиядағы ғылыми тағылымдама жазбалары. VI бөлім

54 рет қаралды

Алтыншы ай. Алтыншы белес. Алтыншы бөлім. Жарты жылды да артқа тастаппыз. Көбі кетіп, азы қалды деген осы. Енді бұдан әрі Лидсте тағы төрт ай  боламын, тиісінше алда төрт қана бөлім жарияланбақ. Сондықтан, көзбен көріп, көңілге түйіп жүріп жазған Ұлыбритания әсерлерін оқып, көңілге тоқуды кейінге ысырмауға шақырамын.

Замандастарым мен жаңа буын өкілдері білсін, түйсін деп ай сайын қолыма қалам алып жүрмін. Бірінші жазбамда маман дайындаудан бұрын, адам дайындауды мақсат тұтатын жоғары білім жүйесін сипаттасам, екінші жазбамда оқытушылардың деңгейі мен олардың дамуына қалай көңіл бөлетінін баяндадым. Жолсапар очеркімнің үшінші бөлімінде ағылшындардың алғыс айту мен күлімдеп жүру әдеті туралы жазсам, төртінші бөлімде сурет-видеоға түсуге неге әуес еместігін, ал кітап оқуға неліктен сонша құмар екенін анықтауға тырыстым. Осы жазбамнан бір ай бұрын шыққан бесінші бөлімде жасанды интеллект дәуірін қабылдау қалай жүріп жатқанын суреттедім.

Алтыншы бөлімде де ғалым-оқытушылар мен білім алушы жастарға ғана емес, көзі ашық, көкірегі ояу қоғам мүшелерінің барлығына пайдалы болар құнды ақпаратты қағазға түсіріп отырмын. Ендеше, кеттік!

 Оқытушылар тәжірибе алмаса отырып дамиды

Жиырма алтыншы ерекшелік, британдық білім жүйесінде оқытушылар арасында тәжірибе алмасу қатты дамыған, тіпті өте жақсы жолға қойылған. Әртүрлі университетте, әртүрлі қалада, тіпті әртүрлі елде жүрсе де, ұқсас тақырыптарды қаузап жүрген оқытушы-ғалымдардың бір-біріне қонаққа келуі – бұл жақта қалыпты жағдай.  Бұл дәстүрден студенттер де, оқытушылар да ұтары сөзсіз. Одан жалпы білім мен ғылымның әлеуеті күшейе түседі.

Бір-бірінің тыныс-тіршілігін, ғылыми бағыттарын біліп қана қоймайды, сонымен қатар ортақ ғылыми мақала жазып, зерттеу жасауға идеялар туындатып, тақырыптарымен танысып, идея алмасу процесі жүреді. Мәселен, мен өзім тағылымдамадан өтіп жатқан Лидс университеті ұйымдастырған ғылыми семинарлар мен конференцияларда жасанды интеллектің қалалық көлік қозғалысын реттеудегі әлеуетін зерттеп жүрген ғалым көрші Йорк, Шефилд және Манчестер университетіндегі әріптестермен бірлесіп жасап жатқан  жобасын таныстырды.

Ал сол ЖИ-дің философиялық және этикалық қырын зерттеп жүрген Лидс оқытушысы Ноттингем мен Бермингем университетінің философ ғалымдарымен тізе қосып, бірге ізденіп жатқанын айтты. Қоғам алдында тұрған жаңа сын-қатерлерді осылай бірлесіп қана еңсере алатынын олар жақсы түсінеді және сондай жолмен салмақты шешімдер табуға басшылығы да ықпалдасады. Сол себепті әр ғылыми баяндамасының соңында «ана университеттегі мына әріптеске рақмет…» деген ұзын-сонар тізімін айтып біткенше, жандары жай таппайды.

Дәл осы мақсатты да көздесе керек, журналистика стандарттарына арналған пәннің профессоры бірнеше ай бұрын, Қазақстаннан келген әріптес ретінде менің де дәріс өтуімді ұсынған еді. Соны қабыл алып, жетінші мамыр күні журналистика магистранттары алдында заманауи қазақ журналистикасының ерекшеліктері туралы сөз алып, презентация жасадым, алғашқы ағылшын дәрісімді өттім. Білім алушылар біраз сұрақ қойып, қызығушылығын танытты. Сол кезде Dr. Юан ханым студенттерден бөлек, өзі үшін де көп тың мәлімет алғанын шәкірттері алдында ашық айтып, білім алмасудың маңыздылығына тоқталды.

 «Пәнаралық байланыс барда даму да бар» деп сенеді

Жиырма жетінші ерекшелік, бұл жақтың ғылым жолы пәнаралық байланысты құптайды. Гуманитарлық және жаратылыстану пәндерінің өзара араласып-құраласып жатқан жолы арқылы пәрменді, өзекті, практикалық қыры мықты ғылыми жаңалықтар ашады. Басқаша айтқанда, британдықтар ғылымның күші бірлікте деп сенеді, сол себепті пәнаралық (interdisciplinary) және  сектораралық (intersectoral) тәсілдерді қолдануға аса ынталы.

Сектораралық тәсіл дегенді қалай түсіндіреді дейтін боларсыз? «Тек академия жеткіліксіз», дейді олар. Ғылыми әдістердің апробациясында технологиялық компаниялар мен нақты қолданушылар міндетті түрде қатысуы керек. Ал пәнаралық дегеніміз – қоғамдағы бір түйткілді шешуге немесе жаңалықты ашуға әртүрлі ғылым салаларынан мамандар қатысады деген сөз.

Мәселен, бізге саясаттану, психология және жасанды интеллект саласының басын біріктіре отырып, ғылыми нақты болжам жасайтын испаниялық ғалым қонақ-дәрісін өтті. Ал Оксфордтағы конференцияда Жапониядан келген ғалым археология, өнер мен жасанды интеллекттің бірігуі арқылы жасалатын танымдық реставрация әдісін таныстырды. Осындай ұстаным  ғылым деген ауыр жүкті бірлесіп көтеруге жол ашатыны анық: Лидс және Йорк университеттері бірігіп зерттеудің арқасында, инклюзия бойынша елеулі ғылыми нәтижелерге қол жеткізгенін көрдік.

Бір байқағаным, бұл жақтағы әр ғалымның математикадан хабары бар, өйткені ғылыми мақаласына сандық әдісті қолдануға қабілетті болуы керек. «Оның менің салама қатысы қане?» деп қолын бір сілтеп отырған ешкім жоқ. Пәнаралық зерттеулерді квартилі мықты журналдар «Таза филология, таза тарих, таза математика емес екен», деп қайтарып жатпайды, қайта қызыға қарайды.  Математика мен саясаттануды,  биология мен философияны, журналистика мен психологияны, компьютер ғылымы мен экологияны «қол ұстатып» қойып зерттеуге, сол арқылы стандарттан тыс шешімдер табуға құштар-ақ. Тиісінше, ғалымдары, оқытушылары, мамандары да сондай сан қырлы, бірнеше саланы меңгеріп алған.

Бұл жағдай бір кездердегі медицинаны көз алдыма елестетті. Әр органды жеке-дара емдеген кезде, оның келесі ағзаға салдары туралы мүлде бас қатырмайтын, солай зиян тигізген кездер болды ғой. Қазір шүкір, әр ағзаның бір-бірімен  тығыз байланысы берік екені мойындалып, бірте-бірте кешенді түрде емдеу тәсілдері дамып келеді. Біздің ғылым жүйесі әзірге сол ескі соқпаққа  ұқсайтын секілді: жеке-дара бүйректі, жүректі, немесе асқазанды «емдеп» жатқан дәрігерге көбірек келеді. Пәнаралық зерттеу әдістері кең дамымағандықтан, тың жаңалықтар да, әсері зор ғылыми тұжырымдар да аз көрінеді, өзіме.

 Жақында университетіміздегі сахналық өнер және мәдени индустрия  мектебіндегі  бір ашық дәріске бардым. Хореограф Dr. Zhi Xu өзінің қойылым-дәрісінде компьютерлік эффектілер арқылы ұлттық биді түрлендіру тәсілдері туралы баяндап, әрі ғылыми тұжырымына нақты мысал ретінде арнайы камераны экранға шағылыстыра отырып, алдымызда билеп берді…

 

Гуманитарияға техникалық ғылымнан аз көңіл бөлмейді

Жиырма сегізінші ерекшелік, олар гуманитария – ғылымның жүрегі, ал техникалық сала миы деп санайды. «Біздің университетке инженер болсам, бизнесті оқысам деп келетіндер философия мен мәдениетті оқимын деп келетіндерге қарағанда бірнеше есе көп әрине, – дейді профессорымыз  Dr. Sourindra. – Алайда сол көп пайда түсірген мамандықтың ақшасын міндетті түрде гуманитарияға бөліп беріп отыру жолға қойылған, өйткені ол ғылымдар да қарқынды дамымаса, ол ғылыми зерттеулерге де грант бөлінбесе, жалпы ғылым саласының тұтастығы мен ішкі теңгерімі жойылады».

Міне, осы бір ауыз пікір әлемдегі ең қатты дамыған, мойындалған білім мен ғылым жүйесінің құндылығын танытатындай. Жасанды интеллект толқыны ентелей енген қазіргі заманда биология, медицина, журналистика саласының ғалымдары AI-ды этикалық жауапкершілік призмасынан зерттеп бастап кеткенін көрдік. Өйткені, Әл-Фараби бабамыз айтқандай, «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың хас жауы», яғни гуманитариясыз (түбір сөз human – адам;  адамгершілік ілімі) дамып кеткен техника жалпы адамзатқа қауіп төндіретінін біледі, түсінеді, алаңдайды.

Бізде ше?.. Роботизация келді дегенді тікелей мағынасында түсініп, тек робот сияқты ойлайтын супер ақылды инженерлерді дайындауды күшейтіп жатыр. Технократтық революцияға дайындық үшін ондай мамандар әрине, керек-ақ. Бірақ оларға гуманитарлық негіз қаншалықты дұрыс сіңіріліп жатыр, гуманитарлық сала осы жаңа шындыққа қарай қалай бой түзеп, ұлттық менталитетпен ұштасқан қандай тың пайымдар түзіп жатыр? Ол жағы бізде әзірге тым көмескілеу болып тұр.

Оның орнына «Технарларды көбірек дайындайық!» деген ұран біржақты қабылданып, тек жаратылыстану ғылымдарына көбірек маңыз, көбірек қаражат, көбірек көңіл бөлініп жатқандай көрінеді.  Мен оқып жатқан «Болашақ» бағдарламасының өзі алдағы уақытта тек техникалық мамандыққа қатысы барларды ғана тағылымдамаға жіберуі мүмкін деген хабар естідім. Ондай шешім шығарушылар он рет өлшеп бір рет кесіп жатқан шығар деген үміттемін. Не болса да, қайырын берсін, әйтеуір. Адамгершіліктің негізін бекітер білім, маман болудан бұрын адам болуға үйрететін жол кез келген ізгі қоғамның іргетасы ғой, түсіне білгенге…

 Білім алмасу мәдениеті

Жиырма тоғызыншы ерекшелік,  бұл жақта білім алмасу қатты дамыған. Тақыр жерден пайда болған жоқ, әрине. Оның негізгі себептерін жоғарыдағы сөзімізде көрсетіп кеттім деп ойлаймын.  Әр студент, әр магистрант, әр оқытушы, әр ғалым өзінің анықтаған, өзі түйген нәрсемен бөліскісі келіп тұрады. Білім бөлісу мәдениеті қалыптасқан деуге болады. Біріншіден, академиялық тәкаппарық  жоқ, кез келген сұраққа ашық. Тіпті ол салаға  онша қатысы жоқ адам қызықтырған сұрағын қойса, соған тәптіштеп тұрып түсіндіруге әзір, қай-қайсысы да. (Ал әр жиынның соңында міндетті түрде сұрақ-жауап бөлімі болатынын бұған дейінгі жазбаларымда айтып кеткенмін).

Екіншіден, идеясымен бөлісіп жатқан кезде келесі бір адам ойына ой қосатынына үмітті болып тұрады. «Әзірге осыны анықтадық, егер алып-қосарыңыз болса, байланысқа әрдайым ашықпын», деп әр презентациясының соңында координаттарымен бөліседі.  Ол былай тұрсын, әр сондай жиыннан соң, қосымша уақыт бөліп,  бетпе-бет жеке сұрағын қойғысы  келетіндермен қауқылдасып, тағы да 10-15 минут пікір алмасып тұратынын қайтерсіз. Идея генерациясы дерсің. Кросс-пәндер әдісі жақсы дамығандықтан, дәл сол алаңда өзінің тақырыбын басқа қырынан ашатын жаңа сала маманымен де танысып кету ықтималдығы жоғары.

Университетте  кез келген ізденуші қатыса алатын танымдық дәрістер көп, оның көбі бірнеше мамандықтың, бірнеше саланың, бірнеше бағыттың басын қосады. Мәселен, ағылшын тілін үйреткенде, әлеуметтік әділдік  тақырыбын қалай көтеруге болатынын тілге тиек етсе, педагогтар ғаламдық жылыну тақырыбын өз дәрістеріне қалай қосып түсіндіре алатынын айтып жатады.

Мемлекеттік сектор мен ғылыми сектор арасындағы байланыс тығыз. Өйткені жаңа технологиялық жарылыс кезінде олардың қоян-қолтық жұмыс істеуі өте маңызды. Бұның бәрін «Өлі не тірі болу мәселесі» деп түсінетін сияқты, өйткені алдағы ғаламдық, цифрлық сын-қатерлерге сай, әркім өз сорпасында қайнап жүре алмайтынын түсінеді. Сонымен, knowledge exchange, яғни білім алмасу олар үшін не? Бізге жақында қонақ дәріс өтуге келген Саутгемптон университетінің профессоры Dr. Christine Currie ханымның сөзінше, білім алмасу университет, бизнес, мемлекеттік орган, коммерциялық емес ұйым және қоғам арасындағы білім, тәжірибе және қабілеттің қозғалысын білдіреді.

Яғни бұл тек университет ғалымдарының бизнеске немесе мемлекетке идея айтуы ғана емес, керісінше, академиктердің де шынайы өмірден үйренуі. Білім алмасу –  тек ғылыми зерттеу емес, бұл нақты проблемаларды шешу құралы, инновацияны енгізу жолы жәнеакадемия мен индустрияны байланыстыратын көпір. Сол себептен де болар, бұл жақты университеттеріне өндірістен қонақтар  жиі келіп дәріс оқиды, өйткені оларға да академиядан келетін тың ой пайдалы, әрі менторлыққа кірісіп, сол жерден студенттерден менти алып кетіп, өзіне  серіктес ізбасарлар дайындайды.

 Қолжетімділік пен тұрақтылыққос қанат

Отызыншы ерекшелік, сол алмасып жатқан, алынып жатқан білімнің қолжетімді болуына барынша күш салады. Осы алты айда ғалымдарынан ең жиі естіген сөзім: білімге қолжетімділік және тұрақтылық.  Еducational accessibility & sustainability. Осы екеуі – британдықтар үшін болашаққа деген сенімділікті арттыратын қос құндылық. (Алдыңғы жазбаларымда  тілге тиек болған «Өмір бойы оқу орталығының» да бір міндеті сол қолжетімділікті қамтамасыз ету ғой). Бір ғана мысал, өткізетін ғылыми семинарларынан бастап, конференцияларының барлығына дерлік  онлайн қатысуға болады.

Әр кабинет соған сай жабдықталған. Аудиторияның оқытушы мінберіндегі микрофон сол жерге келген әр адам спикер даусын анық ести алу үшін ғана емес, онлайндағылар да толық тыңдай алу үшін қызмет етеді. Әр мониторға камера кіріктірілген, ол онлайндағылардың аудиторияны толық көруіне де жол ашып, өзін сол ортаның тең мүшесі етуге ықпалдасады. Ал спикер сөйлеп бастағанда, экраннан автоматты түрде субтитр етіп шығару әдеті – құлағы ауыр адамдардың немесе ағылшыны нашарлау жандардың қалауын ескерген қолжетімділік көрінісі.

Презентация жасайтын ғалымдары біздікіндей байланыс нашар болып қалудан қорқып, алдын-ала баяндамасын жазып жібере салмайды, тікелей қосылып, соңында сұрақтарға жауап беруі міндеттеледі. Ұлыбритания ғалымдары онлайн оқытудың қыр-сырын да үнемі зерттеп, жаңа ұсыныстар  дайындап, бөлісіп отырады. Мәселен, біздің университетте өткен оқытушылар конференциясында Dr. Adam осы тақырыптағы зерттеуімен бөлісіп, онлайнда отырғандардың камераны қоспауы ынтаның жоқтығын ғана білдірмейтінін, одан басқа да сан қырлы себебі болуы мүмкін екенін  анықтағанын айтты. Іс-шара өте маңызды болса, офлайн және ойнлайн тіркеу қатар жүреді, дегенмен ұйымдастырушылар отыратын 50 орын бар, онлайн 250 адам қатыса алады деген сияқты хат жіберіп, ол процестің де дұрыс, жүйелі жүруін қадағалайды.

Сәттілік құдайдың жазғаны ма?

Қалаған нәрсең ақылмен үйлестірілген, қолжетімді дүние болып тұрған соң, «сәттілік маған күлімдемей жүр» деп сылтау айта алмасың анық қой… Келесі отыз бірінші ерекшелікті дәл осы сәттілікпен байланыстырғым келіп отыр. Сәттілік туралы түсініктері біздікінен бөлектеу. Ғылыми негізделген. Англияға келгелі ағылшын тіліндегі пайдалы ресурс – Мел Робинстің подкастын тұрақты тыңдап жүрмін.

Соған жақында сәттілік тақырыбын зерттеп жүрген Стенфорд университетінің профессоры, нейроғалым Dr. Tina Seelig  қатысты. Оның айтуынша, сәттілік бұл кездейсоқ нәрсе емес, оны адам өзі жасайды. Сәттілік тек күтумен келмейді, ол тек әрекет, шешім, тәуекел арқылы пайда болады. «Сәтті адамдар белсенді, – дейді Тина ханым. – Ондай жандар үнемі жаңа мүмкіндіктер іздейді, адамдармен сөйлеседі, өзіне тәуекел алуға дайын.

Ештеңе істемесең, сәттілікті де күтпей ақ қойсаң болады екен. Негізі ол идеяны  ешқандай сандық-сапалық зерттеу әдіс-тәсілдерін қолданбай-ақ, өз пайым-өресімен осыдан 100 жыл бұрын  Алаш арыстары да айтып кеткен ғой. Міржақып Дулатұлының: «Құдай не жазса, соны көреміз деу – соқырлықтың белгісі.   Тағдырдың жазғаны болар деу – ақымақтықтың белгісі.  Адам не тілесе, құдай соны тағдыр қылмақшы.  Тікен еккен жерге бидай шықпақшы емес», деген сөзі қай ғалымның сөзінен кем?..

Лас көше, таза ауа

Ал енді әттеген-айлар туралы айтатын жерге де келдік. Мойындаймын: бұл жақтың лас көшесіне алты ай болса да, еш үйрене алмадым. Біз тұратын Лидс қаласының көшелері қоқыс болып жатады, елдің астанасы Лондонға төрт рет бардым, ол жақ та жетісіп тұрған жоқ.

Негізі жалпы Ұлыбритания бойынша  әр күн сайын 548 000 тонна  шамасында қоқыс шығады екен, адам басына шаққанда күн сайын әр адам 8-10 кг қоқыс «өндіреді».  (Зерттеулерге сүйенсек, Қазақстанда 1 адам күніне шамамен 1 кг қоқыс шығарады екен). Түйдектелген қара қапшықтар мен доңғалағымен ырғалып, әр үйдің алдында жөңкіп жүрген жасыл, сары жәшіктер. «Қоқысты сорттаймыз», «әркім өз қоқысына өзі төлесін» деген желеумен, әр пәтер иесі кемінде 2-3 үлкен жәшікті есік алдарына қойып қояды, сосын бүкіл үй бойынша 25-30 жәшік көше беттегі жүргінші жолына кедергі келтіріп тұрғаны…

Қоқыс барлық жерде бар және оны жинауға ешкім асықпайтынын қайтерсіз? Сенбілік деген атымен жоқ па деп қалдым. Мен келгеннен жатқан қоқыстарды әлі білемін, өйткені. Қоқыс неге көп және неге дұрыс жиналмайды? Субъективті ойымды бөлісе кетейін. Біріншіден, адам саны көп болған соң, көп шашады, содан осылай шашылып жатуы норма болып кеткен-ау.

Екіншіден, көше тазалығы мәселесінен маңыздырақ дүниелер бар деп санайтын сияқты, оған аса көңіл бөлмейтіндей көрінді, әйтпесе мен қарашада келгенде жатқан, көше бойындағы талдар түбіндегі қоқыстардың бір жақсылап жиналатын кезі болды ғой. Үшіншіден, индивидуалистер бір реттік ыдысты шектен тыс көп қолданатын болған соң, адам басына шаққандағы қоқыс көлемі де тоқтаусыз өсіп жатыр. «Экологияны аялайық!» деп қойып, тіпті университет асханасының  өзі «сыртта жейтіндердің» ығына жығылып, бір реттік ыдысқа салып беруге құштар.

Содан пластик пен қағаз қоқыс көбеймесе, азаймайтыны анық қой. Қанша жерден қайта өңделсе де, дәл мұндай жол қоқысты азайтпайтыны рас. Төртіншіден, шет елден келгендер көбіне тазалыққа аса жаны ашымай, былықтырып кете бере ме деген ойға келдім. Көріп жүргеніме сүйеніп айтып тұрмын. (2022 жылдың ақпанында көрші елден релоканттар сау ете қалғанда, бір айдың ішінде біздің Астанадағы үйіміздің көшесі де шашылып сала берген еді). Өз басым қоқыстың көп болуының осындай себептерін көрдім.

Бірақ… Көше қанша қоқыс болса да, ауа тап-таза.  Парадокс, иә? Өкпеңді керіп тұрып тыныстай аласың. Ал бізде көше таза  болғанымен, ауамыз  өте лас екенін қалай ұмытамыз? Ауаның тазалығы әлемдік стандарт бойынша AQI – Air Quality Index арқылы өлшенеді. Соңғы бірнеше ай бойы арнайы сайттан бақылап келемін. Көп затын өзінде өндіретін Ұлыбританияның өзі сол өлшем бойынша үнемі жасыл  (0-50) болып тұрады. Ал Алматы мен Атырау, Өскемендікі сары да (51-100) емес, тіпті одан да нашарлау қызғылт-сары да (101-150) емес, ең лас деген көрсеткіш – қып-қызыл (151-200) болып тұрды ғой, қыс бойы…

Зауыт қалдығына жылыту қазандықтарының түтіні қосылатын қыс мезгілі ең қиын кез болып тұр, өкінішке қарай. Өзім ауасын құшырлана жұтып жүрген Лидс қаласының көрсеткіші қысы-жазы 20-30 аралығын көрсетіп, жасыл түстен ауыспады. Ал Өскемендікі осы мамырда көргенде де өзгеріссіз: қызарып, 140-150 болып тұра берді. Қайран адамдар, қайран денсаулық… Ал сіз қайсысын таңдар едіңіз: лас көше, бірақ таза ауаны ма? Әлде тап-таза көше бірақ лас ауаны ма? Қайсысынан зиян аз деп ойлайсыз?..

Әзірге осымен тоқтайық. Айтар нәрсе, бөлісер ақпарат көп-ақ. Бұйырса бір айдан соң шығатын жетінші бөлімді күтіңіз: тағы да тың білім алып, жаңа ой түйеріңіз сөзсіз.

Алма Сайлауқызы

PhD ғылым докторы, “Болашақ” бағдарламасының

стипендиаты

Лидс университеті, Ұлыбритания

Cурет автордыкі

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар