«АЗ и Я» МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНҒА, ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ ДЕГЕН БАЛАҢ МАХАББАТЫМДЫ ДА ҮДЕТІП, ШЫҢАП ЖІБЕРДІ
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңы еді ғой. Ленинградтың (Санкт-Петербург) қаржы-экономика институтында менің достарым, жерлестерім Дәулетхан мен Семей бар еді. Солармен бір факультетте оқитын, қара торы жүзді, үнемі тағып жүретін көзілдірігі бар, ажарына ақылдылық ұялаған, өте бір қайырымды, қазақшасы судай Шевченколық (қазіргі Ақтау қаласы) Дүзелхан Уразалиевна Байболатова деген адай қызы бізді бауырына тартып, араласып жүретін. Бір күні сол Дүзелхан Уразалиевна: «Қазақтың керемет ақыны Олжас Сүлейменовтың кітабы. Білесің ғой. «Аз и Я»… Ол сөзін бөлместен ары қарай жалғап:
— Жоғарыдан зиянды кітап деп танылыпты. Запрещено. Оқуға да, сақтауға да рұхсат етілмей, кітапханалардан алынып, жойылып жатыр екен. Осыған сен ие боларсың» деп жасырып әкеліп, оңашада маған табыстады. Кітаптың зиянды болатынын, оқуға болмайтын кітап болатынын, оның жойылып жатқанын бірінші рет естіп тұрсам да сол сәтте оның сөзіне мән бермедім. «Олжастың кітабы» дегенде қуанғаным сондай, оның зиянды, зиянсызы есіме де кіріп-шыққан жоқ, қолынан жұлып алғандай болдым. Кітап мендік болып, қолыма тигеннен кейін барып кеше ғана менің идеалыма айналып, кумирім болып үлгірген, өлеңдері Алматы үстінен, аспандағы айырпланнан шашылып, ақ парақтары ақ қардай жауған, кеше ғана Советтер Одағының орталық телевидениесінен әлемге «Земля поклонись человеку» деп жар салып, шашасына шаң тимей, маңдайы жарқырап жалғыз қара келе жатқан сәйгүліктей Олжастың кітабы “зиянды” болғанына таңдана бастадым.
Зиянды кітап жазбақ түгіл ондай ойдың өзі миға кірер иненің жасуындай тесік таппайтын заман ғой. Ондай саңылауды қоғамға, совет үкіметімен оның коммунистік партиясына зиянды антисовет адам ғана табуы мүмкін. Сол зиянды, антисовет адам ғана зиянды кітап жазбай ма? Кеше ғана «Мой адрес – Советский Союз» деп, кейін керемет әнге айналып кеткен айбынды жолдардың тұңғыш авторы. Бүкіл совет халқы алақанына салып аспанға көтерген жанып тұрған қызыл коммунист Олжасым қалай зиянды кітап жазуы мүмкін? Абсурд. Ол дегенің бүкіл әлемді билеп-төстеуге шақ қалған, мұхиттың арғы жағында, жер түбіндегі Куба, анау оңтүстіктегі Въетнам, Лаос, Кампучиямен орап, өзінің көрші-қолаңдар, Шығыс Еуропаны алып, он алты мемлекетті уысында ұстап, коммунизмді құрып, енді оны аяқтау сатысына жеткен ұлы державаға қарсы шығу емес пе? Құдай-ау, ол дегенің жанын садаға етіп, басын бәйгеге тігу ғой. Ондай жат ниетті адамның өзі де «запрещено» болуға тиіс қой… Сөйтсе де әлгіндегі қанатымен су сепкен қарлығаштай болып, көз әйнектің арғы жағынан ойлы жанары үміт шырағын ұшқындатып, шын сеніммен «зиянды кітап», «осыған сен ие боларсың» деп адал жүрегінен айтқан сөздері бірде қосарланып, ал бірде алма-кезек есімде жаңғырып тұрып алды.
Сол сәтте «Аз и Я»-ның «идеологиялық бағытының бұрыс, ұлтшылдық пен түркішілдікті» дәріптейді деген қоңырау тағылған, орыс ғалымдарының шамына тиген кітап екенін қайдан білейін, тек Ұлы Олжасқа, ақынға деген қазақ қызының құрметі деп ұқтым. Бұлтарған жоқ. Көрбілтелеп, жасырып-жапқан да жоқ. Турасын айтты. «Зиянды кітап, осыған сен ие боларсың». Бұл – Аманат! Шынтуайтында бұл қазақтың сол бір кезеңдегі рухани құндылығын құтқарып қалуға ұмтылған, соған бел байлап кіріскен ержүрек өжеттік, атасынан дарыған қайсарлық екенін, кітапқа, кітап болғанда ғылымның тарихи бір саласының жүзін айдай қылған, ғылымдағы ар-ожданды қайта жаңғыртуға құлшынған, орыс тіліндегі көмескі, көрінбей тасада далдаланып жатқан түркизімдердің көзін ашқан «Аз и Я» атты ұлы еңбекке деген зор құрмет, өзіңнің көне тамырыңа, ескі, бағзылық жадыңа, елге деген шектеусіз махаббат екенін кейін түсіндім. Түу жер өмірден, Ұлы Каспийдің адуынды, асау толқындары арасынан аман-есен алып шығып, Балтық теңізінің жиегіндегі Ленинградқа (Санкт-Петербургке) қойнына тығып, қорғаштап әкеліп, құтқарып тұрғаны – ұлы мұраға деген асыл қайрат, таза мінсіз саф сүйіспеншіліктің, нағыз патриоттықтың жарқын символы екен ғой. Ал «Аз и Я» автордың өзбасына қара бұлт болып үйіріліп, итаршылары қара құзғындай қаптаған пәлекеттен сол кездегі Қазақстанның коммунистік партиясының бірінші хатшысы Д.А.Қонаев қорғап қалғанын әбден бертін білдік қой.
Сонымен «ит қорыған жерге өш», «Аз и Я»-ны бастан аяқ, бас алмай түгел оқып шықтым. «Соколы и гусы» (Сұңқарлар мен қаздар), «Боян» (Баян), «Невидимые тюркизмы» (Көзге түспейтін түркизмдер)…, ит, Испака, Кончак-каніш-қаншық, түркілер, көшпенділер, Алтай, Күлтегін, Қыпшақ, байтақ дала, бай өлке, аттың дүбірі, асаудың бұлқынысы… мен мұндалаған небір ғажайып рухты, көне сөздер. Естіген сайын, оқыған сайын қаным қайнап, тұла бойым қызып, денем шымырлап, арқам қозып, аруақтанып алабұртқанымды несін жасырайын. Оның үстіне ел сағынып, жер сағынып, алыстағы ата-анаңды, аға-бауырыңды сағынып, сағыныштың сары ала күзін кешіп жүргенде мынандай тұла бойынан тұтастай даланың иісі аңқыған жұпары дүниемен қауышу жан дүниеңдегі қордаланған махаббат сезімдерін одан әрмен қоюландырып, қордаландыра қоздыра түседі екен. «Аз и Я» менің Қазақстанға, қазақ еліне деген балаң махаббатымды да үдетіп, шыңап жіберді. Кейін «Тауда тудым, таудың нар тақтасында.\\ Айда, күн де, жұлдыз да тап қасымда.\\ Қайдан білем бір дәннің өнетінін,\\ Көкірегімнің көкорай бақшасында…» деп басталатын «Қазақстан – алғашқы махаббатым» атты өлеңімді ұзақ жылға жалғасқан, әлі де өшпеген әйдік әсердің жетегімен жазған да шығармын.
Бірақ, «Аз и Я» түркі және славян халықтарының ежелгі жазба ескерткіштерін зерттеуге арналған көне қолжазбалардағы ғылымда қатып қалған қасаң қағида, үстірт шешімдер, стереотитерге қарсы бағытталған публицистикалық еңбек екеніне кәміл сенсем де кемел, толық түсінуге, ұғуға тілімнің шамасы да, білім деңгейім де жетпеді. Өйткені, технократ студентпін. Техниканың тілі шолақ. Оның үстіне сым бойлап жүгірген оттың тілін ұғамын деп күндіз-түні формула жаттап, есеп шығарып, сызу сызу күнделікті тірлік. Ондай адамның тілі он-жиырма ғасырға тереңдеп кеткен, ойы орбитаға шығып кеткен Олжасты түсінем деуі де көтере алмайтын балтаны белге байлағанмен бірдей болар еді. Оның есесіне Қазақстаннан барып әртүрлі жоғары оқу орындарында оқып жүрген, бірақ қазақша әліпті таяқ деп білмейтін замандастарым, студент жастардың бәрін Олжастай көрдім. Олжастың отты, рухты өлеңдері арқылы қалыптасқан «орыстілді де қазақ болуға болады екен» деген түсінігімнің қате екендігін кеш түсіндім. Сол жылы жазда Олжастың «Аз и Я»-сы менімен бірге шекара асып, Моңғолияның астанасы Ұланбатырға барды. Мен әкемнің інісі белді қызметтегі әрі жазушы ағам Сәтей Нұртазаұлына тарту еттім. (Жалғасы бар).
Бақытбек Бәмішұлы
Парақшамызға жазылыңыз
