Дереккөз: magnific.com
Кино – өнер ме, бизнес пе? Бүгін, табысты туынды жасау үшін режиссерлер мен продюсерлерге тек шығармашылық шабыт жеткіліксіз. Оларға «алтын ортаны» табу – көрерменнің жүрегіне жол табатын көркемдік құндылық пен кассалық табысты қамтамасыз ететін нарық заңдылықтарын ұштастыру міндеті тұр. Қазақстандық киноиндустрияда бұл мәселе мемлекеттік қаржыландыру (мемтапсырыс) мен жеке прокаттың текетіресіне ұласып отыр.
Зерттеудің негізгі өзегі, соңғы уақытта қоғамда үлкен талқылау тудырған «Қайтадан» фильмі. Бұл туынды – режиссер Думан Еркімбек түсірген қазақстандық фантастика-драма жанрындағы жоба. Фильм отандық кинода табиғи апат элементтері қолданылған алғашқы туындылардың бірі ретінде танылды. Сюжет желісі «Groundhog Day» стиліне ұқсас.

2025 жылы жарыққа шыққан фильм қазақ киносына жаңа визуал мен фантастикалық элементтер әкелді. Көрермен арасында танымал болған туынды мемлекет қолдауымен түсірілген фильмдер арасында прокатта 1 миллиард теңгеден астам табыс жинаған алғашқы фильм атанды. Сонымен қатар STEPPE Awards сыйлығында «Кинематограф» номинациясын жеңіп алды. Осы табыстың сыры неде? Мемлекеттік тапсырыс аясында шығармашылық еркіндікті сақтау мүмкін бе?
Режиссер Думан Еркімбектің айтуынша, оның «Қайтадан» фильмі – авторлық қолтаңба мен коммерциялық әлеуметтің симбиозы. Ол өз мақсатын Кристофер Ноланның стиліндегі «арт-мейнстрим» бағытымен байланыстырады.
«Кино шыққаннан кейін адамдарға эмоция сыйлау керек, ойландыру керек. Сол ойдың сыртын әдемі фантикпен орап, сюжетпен көрерменге бердік», – дейді режиссер.
Бұл жердегі «әдемі фантик» – коммерциялық сұранысқа сай келетін динамикалық сюжет, ал ішіндегі мазмұн – автордың философиялық ізденісі. Алайда мұндай балансты ұстау үшін бірінші кезекте сапалы сценарий қажет. Еркімбектің пікірінше, қазіргі қазақ киносының басты дерті – сценаристердің тапшылығы және тек касса қуалап кету.
МЕМЛЕКЕТТІК БЮДЖЕТ: ЕРКІНДІК ПЕ, ЕСЕП БЕРУ МЕ?
Киноиндустриядағы проблеманың бірі – мемлекеттік қаржыландырудың шығармашылыққа әсері. Бір жағынан, дебют немесе ауқымды жобалар үшін таптырмас мүмкіндік болса, екінші жағынан, бюрократиялық шектеудің көзі.
Режиссер Думан Еркімбек «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен» жұмыс істеу кезінде ешқандай цензуралық қысым көрмегенін атап өтті.
«Жобаны питчингте қорғағаннан кейін олардан ешқандай кедергі болған жоқ. Қандай да бір шектеу болды деп айта алмаймын», – дейді режиссер.
Ол үшін мемлекет ақшасы – ең алдымен, халық алдындағы моральдық жауапкершілік. Өйткені, әр тиынның артында сапалы өнім беру міндеті тұр. Бұл жердегі маңызды тетік – продюсерлік топтың кәсібилігі. Думанның айтуынша, продюсерлер барлық бюрократиялық есептер мен құжаттарды өз мойнына алып, режиссерге тек «творчествомен» айналысуға толық еркіндік берген.
Алайда продюсер Ақылбек Досжан бұл мәселеге нарық тұрғысынан қарайды. Оның пайымдауынша, мемлекеттен ақша алу – авторлық еркіндіктен бас тартумен тең.

«Өзіңе-өзің қожайын болып, авторлық құқықты сақтап қалған тиімді», – дейді ол. Продюсердің пікірінше, мемлекеттік бюджетте жауапкершіліктің нақты механизмі жоқ: 500-600 миллион теңге бөлінгенімен, оны қайтару туралы қатаң талап қойылмайды. Бұл мамандардың жобаға деген жанашырлығын төмендетеді. Мемлекеттің ақшасына жасаған соң тапсырма болады, оны орындау керек», – дейді продюсер.
Досжанов үшін коммерциялық табыс – сапаның басты индикаторы, өйткені нарықта «көрерменді алдай алмайсың».
Продюсер қазіргі телевизияның халықты тәрбиелеу функциясын жоғалтып, тек рейтинг пен хейт арқылы «арзан әзілге» үйреткенін айтады. «Халықты түрік, үнді сериалдарына отырғызғаннан кейін, олар соны қайта сұрайды. Егер телевизияда тәрбиелік мәні бар бағдарлама шықса, халықтың талғамы да өседі», – дейді ол.
Оның «Сәке», «Патруль», «Мошенники» сияқты жобалары қоғамдық пайда мен табысты ұштастырудың мысалы.
Цензура мәселесінде екі кейіпкер де ортақ ойда. Демократиялық елде заманға сай өткір тақырыптарға (жемқорлық, алаяқтық) жоғарыдан қысым жоқ, бірақ ішкі тәртіп пен жауапкершілік керек деген ойға тоқтады продюсер.
PR-СЫЗ МЕМТАПСЫРЫС ЖӘНЕ ҚАЙТАРЫМСЫЗ БЮДЖЕТ
Келесі маңызды фактор – PR стратегиясының ақсауы. Продюсер коммерциялық кино жасау кезінде кемі 50-100 мың доллар тек жарнамаға бағытталатынын, ал мемлекеттік секторда, атап айтқанда «Қазақфильмде» PR жұмысы мүлдем жолға қойылмағанын атап өтті. Қазіргі заманда киноны Instagram, TikTok және блогерлер арқылы таратпай, көрермен жинау мүмкін емес. Бұған қоса мемлекеттік кино өкілдері бұрынғы қалыпта, ескірген идеяда қалып қойған.
Қазір «Үлкендер» жас толқынды түсінгісі келмейді, ал коммерциялық кинода хайп пен хейт қуалаймыз деп драматургия мен мәдениеттен алшақ, сапасыз өнім көбейіп кетті. Ақылбек Досжан өзінің де мемлекеттік жобаға продюсер ретінде қатысып көргенін, бірақ жүйенің қиындығынан жарты жолда тастап кетуге мәжбүр болғанын айтады. Оның ойынша, мемлекеттік секторда өте мықты режиссерлер болғанымен, оларға тиімді нарықтық механизм мен заманауи трендтерді ескеретін орта жетіспейді.
ФРАНЦИЯ ТӘЖІРИБЕСІНЕ КӨЗ САЛСАҚ…

Франция моделінде мемлекет киноны тек өнер ретінде емес, экономикалық индустрия ретінде де қарастырады. Сондықтан мемлекеттік қолдау коммерциялық табыс жүйесімен қатар жүреді.
Аталған елде кино индустриясын қолдайтын басты ұйым – Centre national du cinéma et de l’image animée (CNC). Бұл ұйым кино өндірісіне субсидия береді, бірақ фильмдердің көрермен табуы мен коммерциялық әлеуетін де ескереді. Зерттеулерде Франция киноны «мәдени өнім» ретінде қорғап, мемлекеттік қаржыландыру арқылы ұлттық киноны сақтауға тырысатыны айтылады. Мемлекет кинотеатрлар, телеарналар және стриминг платформаларынан арнайы салық жинап, сол қаржыны қайта кино өндірісіне бағыттайды. Ал бізде Ұлттық кино орталығынан бөлінген ақша қайтарыла ма? Ақылбек Досжан айтқандай, «қайтару туралы қатаң талаптың жоқтығы» біздің жүйенің басты кемшілігі ме?
Оңтүстік Корея киноиндустриясында Korean Film Council (KOFIC) ұйымы маңызды рөл атқарады. Мемлекет ұлттық фильмдерге квота енгізіп, өндірісті қаржыландырады, бірақ негізгі табыс бәрібір көрермен сұранысына байланысты. THE EFFECT OF SCREEN QUOTAS AND SUBSIDY REGIME ON CULTURAL INDUSTRY: A CASE STUDY OF FRENCH AND KOREAN FILM INDUSTRIES зерттеуінің дерегіне сәйкес, корей киносының жетістігі тек мемлекеттік қолдаудан емес, коммерциялық бәсекеге бейімделуден болғаны айтылады, яғни мемлекет инфрақұрылым жасап береді, ал кино индустриясы аудиторияны қызықтыратын контент өндіруге тырысады.

Шетел тәжірибесіне сәйкес, аталған мәселенің шешімін продюсер Ақылбек Досжан:
– Меніңше, отандық киноиндустрия таза нарық заңдылықтарымен дамуға тиіс, ал мемлекеттік қолдау болған жағдайда коррупциядан алшақ, ашық жүйе қалыптасуы шарт. Бізге Оңтүстік Кореяның моделі қажет: олар 10 жыл ішінде жүйелі бағдарлама құрып, Оскарға дейін жетті. Өз мәдениетін K-pop пен дорамалар арқылы әлемдік брендке айналдырып, елдің жарнамасын жасауды үйренді. Кино – мемлекеттің жұмсақ күші мен әлемдік пиар құралы, сондықтан бізге Голливуд секілді өз күшімізді паш ететін нақты мақсаты бар модель керек. Даму үлкен мемлекеттік жобалардан бастау алғанымен, түптің түбінде ол ұлттық мәдениетті қалыптастыратын және әлемге танытатын сапалы нарықтық өнімге айналуға тиіс».
ТҰЙЫҚТАН ШЫҒУ ЖОЛЫ
Зерттеу барысында анықталған мәселелер – бюджетке деген селқостық, маркетингтің әлсіздігі – жүйелі өзгерістерді талап етеді. Халықаралық тәжірибе мен отандық мамандардың ұсыныстарына сүйене отырып, келесі шешім жолдары ұсынылады:
1. Маркетингтік стратегияны міндеттеу: Продюсер Ақылбек Досжан атап өткендей, мемлекеттік жобалар заманауи трендтерге бейімделуге тиіс. Әрбір фильм бюджетінің кемі 15-20%-ы цифрлық маркетингке, әлеуметтік желілер мен блогерлермен жұмысқа бағытталуы қажет.
2. Қаржылық жауапкершілік механизмі: Франция моделіне ұқсас, мемлекеттік қолдауды қайтарымсыз дотация емес, нарықтық инвестиция ретінде қарастыру маңызды. Бөлінген қаржының тиімділігі тек кассалық жиынмен емес, халықаралық платформалар мен фестивальдердегі нәтижелермен (KPI) өлшенуі шарт.
3. Буынаралық байланысты нығайту: сала ардагерлері мен жас толқын арасындағы «түсініспеушілікті» жою үшін бірлесіп жұмыс жасау маңызды. Бұл Думан Еркімбек көтерген драматургиялық сапа мен заманауи визуалды ұштастыруға мүмкіндік береді.
Кино – тек өнер мен шабыт емес, елдің экономикалық әлеуеті мен идеологиялық күші. «QAITADAN» фильмінің миллиардтық та бысы қазақ көрерменінің сапалы отандық өнімге сусап отырғанын көрсетті. Егер мемлекеттік қолдау мен нарықтағы бәсеке дұрыс теңгерім тапса, ұлттық киноиндустрия ішкі нарықты ғана емес, әлемдік аренаны да бағындыратын сапалы брендке айналмақ.
Қорлан ОСПАН, MNU студенті
Парақшамызға жазылыңыз
