///////

Журналистерге нақты мәртебе берілсе не өзгереді?

16405 рет қаралды

Осыдан бір ай бұрын ҚР Парламент Сенатының отырысында депутат Нұртөре Жүсіп Журналист мәртебесі туралы арнайы заң қабылдауды ұсынып, Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдаған еді. Сауал мазмұнында, журналистерге нақты мәртебе берілсе, ел мен мемлекет ісіне тікелей қызмет етіп отырған журналистерге полиция өкілдеріне жасалғандай жағдай неге жасалмайтынын да баса айтып өткен болатын.  Нұртөре мырзаның сауалы мен пікіріне қатысты әріптестеріміздің не ойлайтынын біліп көрмекке бізде сауал жолдаған едік. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді бұл тақырыпқа да пікірлер екі жақты болды. Бірі жақсы ұсыныс десе, енді бірі мемлекеттің құрығы деді.  Оқып көріңіздер.

ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ МӘРТЕБЕСІ ДЕГЕНДІ АНЫҚТАУДЫҢ СОҢЫ ҚАЙШЫЛЫҚҚА ҰЛАСПАЙ МА?

– Журналистерге нақты мәртебе берілсе не өзгереді? Журналистердің қазіргі жағдайы қандай?

Талант АРҒЫНҒАЛИ, Қазақ және Шалқар радиосының редактор жүргізушісі:

– Қоғамның дұрысы мен бұрысын  нақты жазатын ол журналистер ғой, сол журналистерге нақты мәртебе берілсе не өзгереді дейтін болсақ,  қазіргі таңда мемлекеттік арналарда жұмыс  істейтін журналистер болсын, жалпы журналистердің барлығы науқан кезінде ғана мемлекеттік қызметкер боп есептеледі. Мысалы сайлауалды шараларға атсалысады, жүріп жатқан санаққа атсалысады. Сол кездерде ғана журналисттер мемлекеттік қызметкер болады да, басқа уақыттарда мемлекет арқылы қолдау,  баспанамен қамтамасыз ету жағы өте кемшін түсіп жатыр. Сондықтан журналистерге «журналист мәртебесі» берілсе әлеуметтік қолдау жолға қойылатын шығар деп ойлаймын.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, «Мінбер» ақпарат агенттігінің бас редакторы:

– Нақты айта алмаймын. Бәлкім журналистердің айлығы өсіп, әлеуметтік жағдайы жақсаратын шығар. Бірақ, бұл барлық журналиске қатысты болмайды. Өйткені, қазір онсыз да биліктің сөзін сөйлейтін журналист пен тәуелсіз журналистердің арасы алшақтап барады. Тәуелсіз журналистер мемлекеттік тапсырыс алатын журналистер ие болып отырған артықшылықтарды иелене алмайды. Тіпті елді елең еткізер мақаласы немесе тындырған ісі болмаса да түрлі сыйлық пен марапатқа кенеліп жататындар бар. Ал шынайы ақпаратты таратып, аз да болса журналистік үдеден шыға білетін журналистеріміз қалыс қалып жатады. Сол себепті журналистерге мәртебе берілген күннің өзінде ол журналистерді алалауын тоқтатпайды. Бір кездері мемлекеттік арналарда жұмыс істеген журналистерге пәтер үлестірілетін. Ал оппозициядағы журналистер қудаланатын, сол себепті де қазіргі мемлекеттің ақпараттық саясатын өзгертпейінше, ештеңе өнбейді.

Жәнібек НҰРЫШ, газет және сайт редакторы (Ontustik Rabat, internews.kz, newreporter.org):

– Журналистерге нақты «журналист мәртебесі» берілсе, не өзгеретінін болжап айту қиын. Өйткені мұндай мәртебенің қажеттілігін әзірге түсінбеймін.

Журналистерге мәртебе берместен бұрын, дұрысы — журналистердің ақпарат алу, тарату құқықтарының қорғалуын күшейту керек.

Елімізде журналистердің ақпарат алу, сұрату, тексеру, таратуын, журналистердің кәсіби міндетін орындауын, БАҚ жұмысын реттейтін халықаралық заңдар, еліміз қол қойған халықаралық конвенциялар, жергілікті, дәлірегі “БАҚ туралы”, “Ақпаратқа қол жеткізу туралы” заңдар бар. Осы өзіміздегі екі заңның кейбір баптарын жетілдірсе, яғни журналистің қоғамдық маңызы бар ақпарат алуын жеңілдетіп, қоғамдық маңызы бар ақпарат таралатын орындарға кіріп-шығуын оңайлатып, оның кәсіби міндетін атқаруына шектеулер мен кедергілерді жойып, журналист сауалы мен сұраныс хаттарына жауап беру мерзімін қысқартып әрі жауаптың толымдылығын бағалауды реттесе екен.

Ал журналист мәртебесі енгізілер болса, онда журналист мәртебесін беру үшін оны айқындау және мәртебе беру мәселеге айналады.

Мәселен, журналист мәртебесін беру үшін адамның журналистика мамандығын оқығанын, белгілі бір еңбек өтілі болғанын, БАҚ редакциясының штатына қабылдануын, оның материалдары жарияланған болуын талап етіп, тіпті белгілі бір база жасақталуы мүмкін. Ал мұның барлығы журналистикаға кедергі.

Сол мәртебені кім, яғни қай орган береді? Мәртебе беретін болса, оны мәртебесінен айыру да бар. Ал бұл сөз бостандығы, ақпарат алу және тарату ісін қиындатады. Бұл журналистердің кәсіби қызметін атқаруын қаламайтын мүдделі тараптардың араласып, кедергі келтіруін күшейтіп, соны заңдастыруға жол ашуы мүмкін (Қазақстанда белгілі де беделді адвокаттарды адвокаттар алқасынан шығаруға тырысу, шығару оқиғалары болып жатады, журналистерге де сондай жағдай болмайтынына кім кепіл).

Адамның журналист екенін растайтын журналист куәлігі болады. БАҚ атынан сұраныс жібере алады. БАҚ өкілі екенін айқындайтын айырым белгілері де бар. Журналистің журналист мәртебесінсіз-ақ жұмыс істеуіне осы да жеткілікті. Басты қажет нәрсе, жоғарыда айтқанымдай — журналистің ақпарат алу, сұрату, тексеру, тарату ісін оңайлату, ең дұрысы — кедергі келтірмеу, шектеу қоймау, қысым жасамау, қорқытып-үркітпеу, яғни қазіргі заңда жазылғанды орындау.

МЕМЛЕКЕТТІҢ АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТЫН ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРТУ КЕРЕК

– Мемлекеттік тапсырыстар болмаса журналистің мәртебесі өсер еді деген пікірге көзқарасыңыз қалай?

Талант АРҒЫНҒАЛИ, Қазақ және Шалқар радиосының редактор жүргізушісі:

– Жалпы осы тұрғыда қазір екіге бөлініп кетті ғой журналистер. Мемлекеттік және жекеменшік деп.  Енді мемлекеттік тапсырыс болмаса болғанда, мына, жекелеген телеарналар аудиторияны қалай жинайды? Кейбір ток-шоулар  келеңсіз оқиғаларды көп айту арқылы аудитория жинайды. Сол бағдарлама арқылы олар жарнама берушілерді тартады. Сондықтан өздеріңіз білетіндей жекеменшік арна болсын, радио болсын олар тек жарнамамен күн көріп отыр деп айтуға болады. Елімізде болып жатқан жақсы жаңалықтардан гөрі елді елең еткізетін оқыс оқиғаларды көбірек айту арқылы нәпақасын тауып отыр. Жекелеген телеарналар, радио, газет-журнал, сайттар мемлекеттің тапсырысын алмаса да тендер ұтып алу арқылы да ақша тауып отыр. Салыстырмалы түрде айтар болсақ мемлекеттік тапсырыс алмаса да, жекеменшік арналардағы журналистердің мәртебесі қай шамаға дейін өсті? Қаржы табу жағын басты мақсатқа қойған соң, бұл жерде ұлттық мәселелер қолға алынбай қалуы мүмкін. Көбіне әлеуметтік мәселелерге басымдық береді.

Мемлекеттің қаржысы бөлінетін телеарналарда да әлеуметтік мәселені көтереді. Мемлекет қаржыландырғаннан кейін кең ауқымда, ол мәселенің ары қарай шешіліп кетуіне аса мән береді. Ұлттық жобаларды қолға алып, дәріптейді. Жақсы бастамалар бастайды. Тек әлеуметтік мәселелерді ғана емес барлық мәселені қолға алады.

Ал мемлекеттік тапсырыс болса немесе болмаса қайсысы мәртебені өсіреді деген ол әркімнің өз таңдауы ғой. Журналисттік қарым-қабілетімді ары қарай өсірем десең кез-келген арна, кез-келген радиода, басылымда жұмыс істеуіңе болады.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, «Мінбер» ақпарат агенттігінің бас редакторы:

– Ол рас. Қазіргі мемлекеттік тапсырыс журналистің мәртебесін өсіріп отырған жоқ, керісінше қол аяғына тұсау болып отыр. Егер, елде шынайы демократия болып, қоғамдық ақпарат құралдары ешкімге бұра тартпай бейтарап ақпарат тарататын болса, олардың мәртебесі өзінен өзі артар еді. Қазіргі қоғам ресми ақпарат құралдарынан гөрі әлеуметтік желідегі ақпаратқа көбірек сенеді. Өйткені, мемлекеттік тапсырыс елдегі шынайы ахуалды суреттеуге мүмкіндік бермей отыр. Қазіргі ақпарат құралдары үгіт-насихаттың және манипуляцияның құралына айналды. Ал үгіт насихат журналистика емес. Дамыған елдерде де ақпарат құралдары мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Бірақ, бұны мемлекеттің ақшасы деп емес, салық төлеушінің ақшасы деп қарайды және биліктің ақпарат құралдарының ішкі саясатына араласуына жол бермейді.

Жәнібек НҰРЫШ, газет және сайт редакторы (Ontustik Rabat, internews.kz, newreporter.org):

– «Мемлекеттік-ақпараттық тапсырыс болмаса, журналистің мәртебесі өсер еді» деген шартты болжалдың дұрыс шығарына сенбеймін. Мұнда мемлекеттік-ақпараттық тапсырыстың орындалуын, дәлірегі бөлінетін қаржының тиімді игерілуіне бақылауды өзгерту қажет. Маған «Мемлекеттік тапсырыс» деген тіркес ұнамайды. Бұл – тапсырыс емес, медианың ақпарат таратуын, жұмысын ашық қолдау болуы керек. (Ашық, ашықтық дегеніміз маңызды. Бізде мемлекеттік-ақпараттық тапсырыстың бір бөлігі – мемлекеттік сатып алулар порталынан тыс, яғни жасырын да беріліп жатыр. Бұған жол беруге болмайды).

Медианың ақпарат таратушы, ақпарат жеткізуші, анықтаушы, байланыстырушы қызметі бар. Бізде мемлекеттік-ақпараттық тапсырыс негізінен мемлекеттік органдардың жұмысы туралы позитив материалдар жариялауға, мемлекеттік қызмет органдарының (түрлі деңгейдегі меморган басшыларының) имиджін жақсартуға, тіпті жарнамалауға бағытталып жатады. Тіпті қандай да бір негатив мазмұндағы ақпаратты жарияламауға астыртын тапсырыс болады. Түсіндірер болсам, медиа мемлекеттік-ақпараттық тапсырыс алғаны үшін болып жатқан проблеманы айта алмайды, көрсете алмайды.

Шын мәнінде, керісінше болуы керек. Мемлекеттік-ақпарат тапсырыс дегеніміз — мемлекеттік бюджет есебінен медиаға берілетін қаржы. Ал мембюджет дегеніміз — мемлекет халқының қаржысы. Демек, мемлекеттік-ақпараттық тапсырыс та меморгандардың оң имиджіне емес, керісінше халықтың проблемасын айту, көрсету, сол проблеманы туындатып отырған және проблеманы шешпей жатқан мемлекеттік органдардың жұмысын әшкерелеуге бағытталуы шарт. Сондай-ақ, түрлі шешімдерді түсіндіру, бағдарламаларды таныстыру-таныту, көпшілікке жеткізуге арналуы керек. Ал бізде керісінше. Салдарынан аудиторияның медиаға деген сенімі азайып (жоғалтып), медианың, журналистердің еркіндігі шектеледі.

БҰЛ — АКСИОМА

– Нұртөре Жүсіптің: Қоғам демократиясы журналистердің қатысынсыз, ақпаратсыз мүмкін емес деп айтқан ойы қаншалықты рас?

Талант АРҒЫНҒАЛИ, Қазақ және Шалқар радиосының редактор жүргізушісі:

– Қай кезде де ақпараттың нақты болғаны дұрыс. Өзім хабар жасау барысында байқағаным, мысалы кезінде  60-70 жылдары дейікші, екі адам бір нәрсеге келісе алмай жатса, екіұдай пікірде қалып, пікірталас болып жатқанда жеңетін адамның айтатын сөзі: Радиодан айтты, мен радиодан естідім деп айтады екен. Ал екінші адамның келіспеске амалы жоқ. Себебі радиодан айтылды деген сөз демек нақты ақпарат деген сөз. Біздер журналистиканы оқыған кезде,  ақпараттың нақтылығына, факторларға сүйенеміз.  Бір тақырып жайлы жазсағ немесе айтсаң бір жақты кетуге болмайды. Оған екінші жақтың пікірі қандай, халықтың ойы қандай дегендей, сол саланы зерттеп жүрген мамандардың пікірі қандай соның бәрін қорыта келгенде соны тыңдаған немесе оқыған адам ” мынау осылай екен ғой” деп өз пікірін қалыптастырады. Ал қоғамның пікірі  журналисттің берген ақпараты арқылы қалыптасады. Қазір енді блогерлер деген бар. Блогерлер мысалы ақпарат орнынан бірден айтып, тереңірек зерттемеуі мүмкін. Ал журналист тереі зерттейді. Себебі ол ақпартты дерексіз, жалаң бере салуға, бір адамның айтқан ойымен ғана мәселені қорытындылай салуға болмайтынын біледі. Тиісті орындармен байланысқа шығып  ақпараттың шындығына көз жеткізген соң барып халыққа таратады.  Сол себепті бұл пікірге қосыламын.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, «Мінбер» ақпарат агенттігінің бас редакторы:

– Ол рас. Демократияның негізгі және маңызды құралдарының бірі ол журналистика. Журналистика қоғамның барометрі. Журналистикасы күшті мемлекеттерде қоғамдық институттар да жақсы жұмыс істейді. Қоғам да сергек болады. Мемлекеттік шенеуніктер де айылын жия жүреді. Мәселен, соңғы кездері Қазақстанда әлеуметтік желі қолданушыларының қырағылығы көп заңсыздықтың тыйылуына, білгенін істейтін атқамінерлердің аяғын аңдып басуына өз үлесін қосты. Бұрын жол полициясы тоқтатқан көлігінен міндетті түрде пара алатын. Қазір бұған екінің бірінің батылы бара бермейді. Өйткені кімнің компромат қоятынын білмейді ғой. Егер, журналистиканың қолында осындай мүмкіндік болса, қоғамдағы жемқорлықтың, бассыздықтың алдын алар еді.

Жәнібек НҰРЫШ, газет және сайт редакторы (Ontustik Rabat, internews.kz, newreporter.org):

– Сенатор Нұртөре Жүсіп ағамыздың «Қоғам демократиясы журналистердің қатысынсыз, ақпаратсыз мүмкін емес» деген ойына толықтай келісемін. Бұл — аксиома. Мұндағы маңызды мәселе — журналистердің кәсіби қызметіне шектеулерді жою, журналист жұмысына кедергі келтіргендерді, қоқан-лоққы жасап, қорқытып-үркітіп, қысым көрсетіп, ақпарат алуына, жариялауына тосқауыл қоятындардың жазаланбай қалуына жол бермеу.

Қойған сұрақтарымызға әріптестеріміз осылай жауап берді. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіптің бұл ой-пікіріне Азаттық радиосының тілшісі Аян ҚАЛМҰРАТта фейзбук парақшасына өз ой- тұжырымдарымен бөлісіпті.Назарларыңызға Аян мырзаның да ойын ұсынуды жөн көрдік.

МЕМЛЕКЕТТІК ТАПСЫРЫС СЕКІЛДІ ҚҰРЫҚ СИЯҚТЫ

Депутат, «Айқын» газетінің бұрынғы бас редакторы Нұртөре Жүсіп журналистер мәртебесін көтеру туралы бір ұсыныс айтыпты.

Қысқаша былай дейді:

«Журналистердің мәртебесін көтеру, олардың әлеуметтік жағдайын жасап, қорғау маңызды. Пандемия кезінде журналистер дәрігерлермен, полиция қызметкерлерімен және құтқарушылармен тең дәрежеде еңбек етті, бірақ бұл үшін қосымша төлемдер мен әлеуметтік көмек алмады. Сондай-ақ журналистер тұрғын үй алуға өтініш бере алмайды, себебі олар не мемлекеттік қызметші, не азаматтық қызметші емес.

Журналистерге сот, прокуратура, ішкі істер министрлігі, адвокаттар немесе нотариустар сияқты нақты мәртебе беретін уақыт келді. Қоғам демократиясы журналистердің қатысынсыз, ақпаратсыз мүмкін емес. Сондықтан ақпарат өкілдерін қолдап, әлеуметтік көмек беруіміз керек. Ол үшін «Журналистер мәртебесі туралы» заң қабылдау қажет».

Мұның артында журналистерді одан әрі қолбалаға айналдыру ұмтылысы тұрғаны анық. Алдына сүйек лақтырады да, тілшілерді бас шұлғып, айтқанын ғана жазып отыратын «баспасөз хатшысына» айналдырады. Несіне қуанамыз?

Оның үстіне Нұртөре ағайдың ұсынысы әлі шикі. Әлдебір мәртебе берілген соң журналистердің құзыреті қандай болады, оның шеңберін кім анықтап, бекітеді, сол шеңберден шыққандардың жауапкершілігі қандай болмақ — ешбір сұраққа жауап жоқ.

Биліктен де, депутат Нұртөре ағайдан да сұрайтынымыз бір-ақ нәрсе — ақпарат ашықтығы. Шенеуніктер тәуелсіз журналистермен араға қойған темір пердесін түріп, сөйлесуге әрекет қылса деген тілек. Мысалы, 15 жылдан бері түрмеде отырған, бір аптадан бері ауруханада жатқан ақын, диссидент Арон Атабектің халін еш біле алмай отырмыз. «Қоғам демократиясы журналистердің қатысынсыз мүмкін емес» дей ме Нұртөре ағай?

Кейбір әріптес қуанып жатыр екен. Тәуір елдерде журналистер биліктен еңбегін елеп-ескеруді, қызметін бағалап, ерекше мәртебе беруді, әлеуметтік төлеммен қамтып, жағдайын жақсартып беруді күтпейді.

Әрине, мемлекет қаржыландырып отырған басылымдарда істейтін әріптестерге бұл жақсы жаңалық болар. Бірақ, меніңше, бұл — қақпан. Мемлекеттік тапсырыс сияқты тағы бір құрық. Мәз болмай-ақ қояйықшы, а.

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі