////

Медиасауат сізді жалған ақпарат пен қастандық теориясынан  қалай қорғайды? Медиа-сарапшының пікірі

1686 рет қаралды
фото: Ашық дереккөзінен

“Мінбер” ақпарат агенттігінің жетекшісі Есенгүл Кәпқызының медиасауатқа қатысты пікірін Newtimes.kz сайты берген екен. Біз бұнда айтылған пікірлердің “Мінбер” оқырмандары үшін де маңызды екенін ескеріп, орысшадан қазақшаға аударып ұсынуды жөн көрдік. 

Медиасауат – адамдарға ғаламтордағы ақпараттың ақиқат, не жалғандығын ажыратуды үйрететін маңызды дағды. Желі қолданушылары көрген және естіген контентке сыни көзқараспен қарамай, жай ғана қауесеттерге, фейктерге, айла-шарғыларға бақылаусыз сенетін болса, мұның қоғамға қандай салдары болатыны белгісіз дейді медиа сарапшы, журналист Есенгүл Кәпқызы, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпарат агенттігі.

«Қазақта: «Шайнамай жеген ас қақалтады» деген сөз бар. Неліктен мен бұл мәтелді мысалға алып жатырмын? Өйткені ақпарат тамақ сияқты дұрыс бөліктерді және дозаны таңдай отырып, ақылмен мұқият тұтынылуы керек. Бүгінгі таңда ақпараттық кеңістік терең теңіз секілді, тұңғиығына батырып әкетеді. Интернетте адам белгілі бір ақпаратты өз мүдделері үшін тарататын әртүрлі саяси топтардың айла-шарғысына тап болуы мүмкін. Сондай-ақ қастандық теориялары мен әлемдік конспирология деп аталатын тұзақтардың құрығына түсу қаупі бар. Мысалы, коронавирус пандемиясы кезінде әлеуметтік желіде вирусты ұшақтар таратты немесе коронавирусқа қарсы вакцина алған адамдар қайтыс болады деген жалған ақпарат белсенді түрде тарады. Бұл мәлімдемелер пандемиядан секем алған жұртты одан сайын қорқыта түсіп, дүрбелең тудырды. Бұл жағдай тексерілмеген, күмәнді ақпараттың халық санасына тікелей қауіп төндіретінін дәлелдеді. Сондықтан шындықты фейк ақпараттан ажырата білу маңызды, соны үйрену керек», – дейді Есенгүл Кәпқызы.

Ол медиасауаттың да ағартушылық жұмыс екенін айтып өтті. Аталмыш дағды сізге ақпаратпен жұмыс істеуді, маңыздысын таңдап, қажетті мазмұнды пайдалануды және желідегі біреудің қолшоқпарына айналмай, жағдайға дербес баға беріп, өз көзқарасыңызды қалыптастыруға көмектеседі.

«ХХ ғасырдың басында «Алаш» партиясының қайраткерлері, жоғары білімді, дарынды, жан-жақты дамыған тұлғалар белсенді ағарту жұмыстарын жүргізді. Олар ана тілінде оқулықтар, ғылыми әдебиеттер жазып, тұрғындардың сауатын ашуға тырысты. Бір ғасыр өтсе де бұл тақырып әлі де өзекті. Кейін мұның бәрі өзінің өзектілігін қалпына келтіруде. Бізге өзін-өзі желіде дұрыс ұстау, ақиқатты жалғаннан ажырата білу және манипуляция ықпалына түспеу туралы білім қажет. Медиасауаттандыру жұмысы жүйелі болуы керек», – деп атап өтті медиа-сарапшы. Әлі күнге дейін жалған ақпараттың кең тарайтын кеңістігі әлеуметтік желілер мен мессенджерлер болып табылады. Сондықтан, сіз «көрші чаттардағы» хабарламаларға сақтықпен қарап, «сенсация» деп аталатын шулы жаңалықтардың сілтемесін бөліспес бұрын жақсылап саралаңыз. «Жалған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын аңғармай бөлісетін жандар бар. Ал біле тұра жалған ақпарат тарататындар да бар. Дегенмен қасақана фейк ақпарат тарату Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша Заң жүзінде қудаланады (жаза үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде көзделген) деп түсіндірді медиа-сарапшы.

Есенгүл Кәпқызы медиасауаттандыруды мектептерден бастау керек деп есептейді. Желіде онлайн көп уақыт өткізетін балалар мен жасөспірімдерге мұндай білім қажет, өйткені әлеуметтік желіде әртүрлі қауіп-қатерге тап болып, күмәнді ұсыныстардан бастап алаяқтарға кезігуіңіз әбден мүмкін.

 «Менің ойымша, мектеп бағдарламасына кем дегенде медиасауаттылық бойынша факультатив сабақтарды, мұғалімдерге арналған тиісті курстарды енгізу қажет. Ғаламтор сантүрлі ақпаратқа толы қазіргі заманда балаларға бәріне сенбей, сыни тұрғыдан ойлауды үйрету керек. Сыни көзқараспен қарайтын, идеологияға бой алдырмайтын ұрпақ тәрбиелеуіміз керек, бұл үдеріске үлкендердің де атсалысуы қажет», – дейді Есенгүл Кәпқызы.

Оның айтуынша: әлеуметтік желілерге тіркелмес бұрын ғаламторда басқа адамдарды қорлауға, ұлтаралық араздықты туындатпауға, желідегі пікірталаста қатысушылардың пікірін құрметтеуге, жеке басқа қол сұқпауға тыйым салатын тармақтарды қамтитын пайдалану ережелерін мұқият зерделеу қажет.

Дереккөз: Newtimes.kz 

Орысшадан қазақшаға аударып, әзірлеген Альбина Болатова

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі