//

Мемлекеттік тіл талабы: демократияға қайшы ма, әлде мемлекеттіліктің шарты ма?

418 рет қаралды

Фото: https://zanmedia.kz/til

Қазақстанның 1995 жылдан бері қолданыстағы Конституциясында да, қазір ұсынылып отырған жаңа редакциясында да тіл мәселесіне қатысты түбегейлі өзгеріс енгізілмеген. Айырмашылық баптардың нөмірленуінде ғана. Екі мәтінде де мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені айқын көрсетілген және мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі қазақ тілімен тең ресми қолданылады деген норма сақталған. Қолданыстағы Конституцияда бұл ережелер 7-баптың бірінші және екінші тармақтарында бекітілсе, жаңа жобада дәл осы мазмұн 9-баптың бірінші және екінші тармақтарына көшірілген.

Жаңа жоба жарияланғаннан кейін қоғамда тіл нормасына қатысты пікірталас қайта жанданды. Әсіресе, орыс тілінің ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатынын бекітетін 9-баптың екінші тармағына қарсылық білдіргендер көбейді. Бұл норманы мемлекеттік тілдің мәртебесіне қайшы деп санайтын көзқарастар айтылды.

Сонымен бірге сарапшылар арасында аталған тармақты Конституциядан алып тастау оңай емес деген пікір бар. Олар бұл норма ұзақ жылдар бойы қалыптасқан құқықтық және саяси тепе-теңдіктің бөлігі екенін алға тартады. Сондықтан мәселе тек құқықтық түзетумен шектелмей, кең қоғамдық және саяси келісімді қажет ететін күрделі тақырып ретінде бағаланып отыр.

Журналист, филология ғылымының кандидаты Есенгүл Кәпқызының айтуынша, соңғы отыз жылдан астам уақыт ішінде қазақ тілінің жағдайы айтарлықтай өзгерген. Оның пікірінше, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда білім беру жүйесінде де, қоғамдық кеңістікте де қазақ тілінің үлесі едәуір артты. Бір кезде Алматыда бір ғана қазақ мектебі болса, бүгінде олардың саны алпыстан асқан. Егер бұрын мектеп оқушыларының 20–30 пайызы ғана қазақ тілінде білім алса, қазір бұл көрсеткіш 70–80 пайызға жеткен. Соған қарамастан, ол азаматтық белсенділік бұрынғыдай қарқынды емес деген әсер барын айтады.

«Қазақ тілінің қолданылу аясы кеңейді, сұраныс артты. Бірақ элиталық деңгейде сенім мәселесі әлі де сақталып отыр. Егер басқарушы топ өз таңдауы арқылы мемлекеттік тілге нақты басымдық бермесе, қоғамдағы күмән де жойылмайды. Тілдің шынайы мәртебесі заңның мәтінінде емес, күнделікті өмірдегі іс-әрекетте көрінеді. Қарапайым халық баласын қай мектепке беру керегін биліктегі адамдардың таңдауына қарап шешеді. Егер мемлекеттік қызметтегі тұлғалар өз баласын қазақ мектебіне бермесе, бұл қоғамға берілген анық белгі. Сондықтан мәселе тек статистикада емес, нақты үлгі көрсетуде. Тілдің болашағы саяси ерікке, мемлекеттік деңгейдегі жауапкершілікке және әр таңдаудың қоғамдық маңызын түсінуге байланысты», – дейді ол.

Сарапшы бұл құбылысты тек тілге деген сенімсіздікпен шектемейді. Оның пікірінше, мәселенің тамыры – мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейінде. Көптеген ата-аналар балаларын болашақта шетелде білім алуға немесе көшуге мүмкіндік болсын деген уәжбен өзге тілдегі мектептерге береді. Бұл жеке таңдау болғанымен, оның астарында мемлекетке, оның ұзақмерзімді тұрақтылығына деген сенім факторы жатыр. Мұндай жағдайда қостілділік нақты регламенттелмесе, бюрократиялық жауапсыздыққа алып келуі мүмкін, өйткені жауапкершілік пен басымдық айқындалмай қалады.

Есенгүл Кәпқызының ойынша, түйткілдің бір ұшы құжаттардың «тең түпнұсқалы» мәртебесіне тіреледі. Қазіргі жүйеде қазақ және орыс тіліндегі мәтіндер тең түпнұсқа ретінде танылады. Ал екі тілдің құқықтық статусы бірдей болған жағдайда, шенеунік жұмыс тілін өзі таңдайды. Соның салдарынан іс қағаздары іс жүзінде көбіне орыс тілінде жүргізіледі. Сондықтан мемлекеттік басқаруда қазақ тілі шын мәнінде негізгі тіл болсын десек, «екі тілдегі мәтін тең түпнұсқалы» деген формуланы қайта қарау қажет деп есептейді. Оның пайымынша, басымдық нақты белгіленсе, жауапкершілік те айқындалады, ал мемлекеттік тілдің мәртебесі декларация емес, нақты практикаға айналады.

Ол халықаралық тәжірибеге де назар аударады. Мәселен, Ресей Федерациясы федеративті мемлекет болғанымен, федералдық деңгейдегі ресми құжаттар орыс тілінде жүргізіледі. Бұл құрамындағы республикалардың тілін шектеу ретінде бағаланбайды, өйткені федералдық басқарудың жұмыс тілі нақты айқындалған. Сол сияқты Ұлыбритания аумағына барған адамнан ағылшын тілін білу талап етіледі: виза алу, жұмысқа орналасу, азаматтық рәсімдеу кезінде тілдік талап қойылады. Мұндай талаптар халықаралық тәжірибеде дискриминация ретінде емес, мемлекеттік басқарудың табиғи шарты ретінде қарастырылады.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан үшін де мәселе тыйым салуда емес, жүйелі регламенттеуде. Жеке адамдардың тілдік еркіндігі сақталуы тиіс, бірақ мемлекеттік институттардың жұмыс тілі айқын әрі басымды болуы қажет. Тек сонда ғана мемлекеттік тіл толыққанды басқару тіліне айналып, қоғамдағы сенім нығаяды.

Осылайша, Есенгүл Кәпқызы қазақ тілінің қоғамдық кеңістіктегі жетістіктерін мойындай отырып, ендігі кезеңде институционал деңгейдегі нақты жауапкершілік пен сенім мәселесін шешу маңызды екенін атап көрсетеді.

Ал тіл белсендісі Жалғас Ертай Конституцияда мемлекеттік әрі ресми тіл ретінде тек қазақ тілін бекіту өзге этнос өкілдерінің құқығын шектеу емес деп есептейді. Оның түсіндіруінше, мемлекеттік қызмет – жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы кәсіби қатынас, ал кез келген жұмыс орны үміткерге нақты талап қояды. Аталған талаптар диплом, еңбек өтілі немесе кәсіби біліктілікпен шектелмейді, сонымен қатар қызметтік міндетті атқаруға қажетті дағдыларды да қамтиды. Сол себепті мемлекеттік қызметке тілдік талап енгізу – құқықты шектеу емес, кәсіби стандарт белгілеу.

Жалғас Ертайдың ұстанымы бойынша, мемлекеттік қызметкер қазақ тілін толық меңгеруі тиіс, ал іс қағаздары мемлекеттік тілде жүргізілуі қажет. Бұл ретте азаматтардың өзге тілдерде – орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік және басқа да тілдерде өтініш беру құқығы сақталады. Мемлекет ондай өтініштерді қабылдап, қажет болған жағдайда аударып, жауабын алдымен мемлекеттік тілде әзірлеп, кейін тиісті тілге тәржімалап беруге міндетті. Оның пікірінше, осы тәсіл тілдік еркіндікті шектемейді, керісінше мемлекеттік басқару жүйесінде айқындық пен тәртіп орнатады. Мұндай әкімшілік модель көптеген елде қолданылып келеді және ол демократиялық қағидаларға қайшы емес.

Айару Абдуллаева

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар