Тағдырдың жазуы, құдайдың қалауы солай болған шығар біз әулетімізбен түп қопарылып Ұланбатыр қаласынан бергі ғасырлар есебіндегі жүз елу жылдық құтты қонысымызбен қош айтысып, Қазақстанға 1991 жылы 17 маусымда көшіп келдік. Туған еліміз, атажұртымыз, Елбасымыз «Ақ Тілегін» жолдап, ақын-жазушылары «Қайт қазақ, Еліңе, Жеріңе!» деп айғайды салып, жер жүзіне сауын айтып жатқанда, жаны қазақ, қаны қазақ, қазақ рухпен тәрбиеленген қазақ қалай шыдап отыра аласың. «Аштықта жеген құйқаның дәмі тәтті» дейді. Жақсылықты да, жамандықты да елмен бірге көрейік, ыстығына күйіп, суығына тоңайық, жағдай жақсарып, тұрмыс түзеліп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда барсақ, «кеше басымызға ауыртпалық, белімізге салмақ түскен кезде, кел деп, қалап шақырып тұрған заманда қайда қалдың?» деп бетімізге басады, нар тәуекел, дүние кезек дегенмен уақыт екі келмейді» деп кеудедегі жүректі қолымызға ұстағандай алып-ұшып жеткен едік. Қателеспеппіз! Тәубә!
Бір мыңда тоғыз жүз тоқсаныншы жылдардың басында қазақ баспагерлері бұрын-соңғыда біздің қолға түсе бермейтін небір ғажайып кітаптарды ұсынды. «Абылайхан», «Қазақтың көне тарихы», «Қазақтың қилы тарихы», «Түп тұқияннан өзіме шейін», «Өтті заман осылай», «Түгел сөздің түбі бір», Л.Гумилевтің, Ахмет Байтұрсынұлының, Мағжан Жұмабаевтың еңбектері, Бұхар жырау, Төлебидің сөздері және Олжастың қазақ тіліне аударылған «Аз и Я»-сы қатарлы қырықтан астам кітапты жүзден сегіз жүз сом аралығында сатып алған тізім қазір де менде сақтаулы екен. Осы кітаптардың ішінде менің ерекше назарыма іліккені «Түгел сөздің түбі бір» мен «Аз и Я». Түркі сөздігінің түп атасы Махмуд Қашқаридың ХІ ғасырда жазған «Диуани луғат ит-турк» еңбегінің Қанапия Бекетаев пен Әрсен Ибатов тәржімалаған қысқаша нұсқасы «Түгел сөздің түбі бір» бойынша «Махмуд Қашқари және моңғол тілі» («Түбі бір түркі тілінің моңғол тілімен байланысы жөнінде») атты зертеу мақалаларым 1995 жылды «Ана тілі» газетінің бір неше санында жарияланды.
Орыс тілінде (1975ж) жарық көргеннен кейін Сәбетқазы Ақатаевтың аудармасымен 16 жылдан соң өзінің ана тілінде шыққан «Аз и Я» оған деген құмарлығымды шыт жаңа ояты. Бәрі түсінікті, бәрі ойдағыдай. Тұнып тұрған інжу-маржан. Сүзіп ал да тағып ал. Көкейің болса құйып ал. Қазақ тіліндегі басылымына жазған алғы сөзінде автор, «Аз и Я»-ны кітап болып шыққан күннен батап Орталық қаһарына ілікті де, басқа тілге аудару, кітап етіп шығару былай тұрсын, шыққан кітаптың өзі түгел таралып үлгірмей жатып дүкен сөрелерінен, кітапханалардан түгел жойылсын деген өктем үкіммен қуғынға түсті» деген екен. (Сүлейменов Олжас. Аз и Я. Ізгі ниетті оқырман кітабы. Ауд. С.Ақатаев. Алмат. Жазушы, 1992 ж.-5 бет). Дереу моңғол тіліне аударайын деген ой келді де аудардым. Қанша уақытымды жұмсағанымды білмейімін, аяқтап қалған бір тұста Алматы аэропортында бітік тастың білгірі, белгілі ғалым Қаржаубай Сартқожаұлымен жолығып қалып «Аз и Я»-ны аударып жатқанымды айтқанымда кіммен келісімге отырғанымды, олай болмаған жағдайда еңбегімнің зая, еш болатынын ескертті. Тәжірибесіздік кесірінен ешкіммен де келісім-шартсыз бастап, аяқтап қалған еңбегімді бір қайыры болар деген ниетпен бітірдім. Қолжазбам күні бүгінге дейін өзімде сақтаулы. Кітапқа енген Қадыр Мырзалиев тәржімалаған өлеңдерін сөзбе сөз моңғол тіліне аударған жеке парақтарымды таппай отырмын. Басқасы түгел. Өзімнің ғұмырбаянымда О.Сүлейменовтің «Аз и Я» атты кітабын аудардым деп қосып жазып жүрмін. Достарым, көрнекті ақындар Сұраған Рахметұлы, Жүкел Қамайұлы сұрады қолжазбамды, тәңір жарылқасын, бермедім. Осында, Алматыда бір-екі баспаға бардым. «Моңғол тілінде ғой, қалай таратамыз, алмайды, өз кітаптарымыз өтпей жатыр» деді. Рас. Оларға сын жоқ, солай.
ІЗГІ НИЕТТІ ОҚЫРМАННЫҢ КІТАБЫ
2006 жылы қараша айының 8-20 күндері Алматыда қала әкімі Иманғали Тасмағанбетовтің қолдауымен «Фаверже» зергерлік үйінің әлемге әйгілі заттарының көрмесі Орталық мемлекеттік музейде ұйымдастырылды. Сонда істейтін этнограф ғалым Досымбек Хатранның шақыруымен көрменің ашылу салтанатына қатыстым. Міне Олжас ағамен тұспа-тұс тұрмын. Көз жазбаймын. Сөйледі-ау деймін естімеймін. Баққаным Олжас аға. Мүмкін болса, осы жолы, ыңғайы келсе тілдесіп қалсам деймін. Бұрын да мұндай ой болған. Бірақ, шет елде, Парижде болған кезі-ау деймін. Көрменің ашылу салтаны аяқталып, қойылған түрлі дүниелерді тамашалап, көрмені көрген болдым. Бір қарасам Олжекең сыртқа қарай беттеп барады екен. Жол-жөнекей жолын кескендей болғаным әбестік болса да, тәуекелге бел будым. Не айтуды, қалай бастауды да тиянақтап үлгірмедім. Мен соңынан ілесе жеткенімде ол кісі есік алдына шығып, әлдекімді күткен болу керек, айналсоқтап жалғыз тұр екен. Таяп келіп, тап бір бұрын таныс-біліс адамдай сәлем бердім.
– Армысыз, аға! – Ол түйенің үстінен қараған адамдай маған жоғарыдан «мынау кім?» дегендей үдірейе қарады.
– Аға, мен Бақытбек Бәмішұлы. Сіздің «Аз и Я»-ызды моңғол тіліне аударған едім.
– Нужно ли она монголам (Ол монголдарға керек пе еді?!). – Тура осылай деді. Шамасы бұндай жауап күтпеген мен сасып қалдым-ау деймін жүрегім лоқ еткендей болды. Кітапқа тиым салынғанына қарамастан Жапония, Венгрия сияқты елдерде аударылып, кітап болып шығып қойыпты. Түркі, славяндармен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын елдер қажет етіп, кітап қып шығарып жатқанда, қазақты жеті жүз жыл билеген моңғолдарға керек болмай қалған екен ғой. Бұл кезде біздің Олжас аға да түркі және монғол халықтарының арғы-бері тарихын, мәдениетін, қоянқолтық қарым-қатынасын, көне мұра жазба ескерткіштерін біртұтас, бір түбірден таралған тектестікте емес, бір-бірінен ажыратып, бөліп, мүлдем бөтен, атасы басқа халықтар ретінде зерттеп, зерделеп, сараптайтын еуроцентистік шеңбермен шектеліп, «Аз и Я»-да өзі айтатын құнды пікірлеріне өзі қайшы келіп тұрғандай еді. «Шығармадағы бір-ақ сөз идеяға қызмет етеді». (Тұрсын Жұртбай). Бойымды тез жинап алдым.
– Қалай керек болмайды? Сіз түркизм туралы, Шыңғыс хан туралы жазып отырсаңыз,– тап осы жерде миыма Олжекеңнің өз сөзі сап ете түсті. – Моңғолдар да «ізгі ниетті оқырмандар» ғой, – дедім. Аталмыш кітаптың бірінші бетінде «Ізгі ниетті оқырманның кітабы» (Книга благонамеренного читателя) деп жазылған еді ғой. «Шыңғыс хан» дегенде мен әрине кітаптағы «моңғол» атауының көптігін еске алған болармын. Олжекең енді бетіме тіктеп қарап:
– Иә, оларға да таныстырып қоюға болады, – деді. Үні жұмсарғандай болған соң,
– Соны кітап етіп шығарсам деп едім,– дедім.
– Мен кітап шығарып көрмеген едім, қанша болады екен?
– Мен де бағасын білмеймін. Сізден қайыр болса баспалармен сөйлесуге болады. – Олжекең өзінің кешікпей Парижге баратынын айтты-ау деймін, сонан соң:
– Қазір Қайрат деген жігіт шығады. Сонымен сөйлес,– деп жылжи бергенде музейден желе басып, қара плащты Қайрат та шыға келді. Олжекең айтты ма, әлде мен өзім сұрадым ба есімде жоқ, ол, қазір уақыты тығыз екенін ескертіп телефонын жаздырды. Мен Олжекеңді мазалағым келмеді. Қайратқа да қайыра телефон соқпадым. Телефон номерін де қайда белгілегенімді білмеймін.
КАСТИНГТЕН ӨТТІМ, БІРАҚ ФИЛЬМГЕ ШАҚЫРЫЛМАДЫМ
Тағы бір соңы түсініксіз қалған оқиғаны қосалқы қоса кетейін. 2018 жылы күзде мені «интернет арқылы таптық» деген сылтаумен «Путь лидера» фильмінің кастингісіне «Қазақфильмге» шақырды. Сол жылдары кино кейіпкерлері белгілі, тарихта болған адамдар болса сол адамға түр әлпеті ұқсас келетін адамды ойнату үрдіс алған болса керек. Әсілі мен Олжасқа ұқсайды екенмін. Бардым. Кастингтен өттім. «Мұртыңды алып тастаймыз, шашыңды сәл-пәл толқындатамыз» деді. Шашым онсыз да жеткілікті, желкеме түсіп тұратын. Сол кездің костюмін, батинкасын таңдап кигізді. Қолыма екі ауыз сөз жазылған бір жапырақ қағаз ұстатты да «Жаттап кел!» деп жіберді. Түсінгенім астананы Алматыдан Ақмолаға көшіруге байланысты кезекті бір жиында президенттің алдында әлгі екі жол сөзді айтуым керек екен. Айттым. Өттім. Үшінші жолы барғанымда келісім-шартқа қол қойдым. Атқалақтаған бір бойжеткен, мүмкін келіншек: «Түсірілім уақыты график бойынша. Өзіміз хабарласамыз» деді. Бірақ олар хабар-ошарсыз кетті. Мен бірнеше рет менеджер қыздарға телефон шалдым. Үйтті-бүйтті… сонан соң мен де телефон шалуды доғардым. Мен келісім-шарттағы немқұрайлылықтан кеткен бір-екі қатені көрсеткенмін. Бәлкім, сол шаптарына тиген болу керек деп те ойлаймын.
АЛМАТЫ ҚАЛАЙ ДА АЛМА-АТА БОЛА АЛМАЙДЫ
Ал, бүгін, міне, Олжекеңнің, көпшіліктің, көпшілік болғанда қазақ тілді жұрттың тынышын кетірген «Алматы атауын Алма-Ата деп қайта қалпына келтірейік» деген пікіріне орай осы жазбамды жазып отырмын.
«Игорь жорығы туралы жыр» қақында, бөтен біреу, басқа ұлт өкілі пікір айтып қойды деп тулаған орыс оқымыстылары сықылды Алматы атауы жөнінде орыстілді қазақ өз ойын білдірді деп ала тайдай бүлінгеніміз дұрыс па? Алматы қазақтың байырғы атау сөзі, ескі қала атауы екенін көне түркі тілдерін, тіпті сонау шумер тіліне дейін батып зерттеу жасап, славян тіліндегі көмескі түркі сөздерінің көмбесін күл талқан етіп ашқан Сүлейменов білмейді дегенге сенуге бола ма? Мұндай ой ойлаудың өзі күлкілі емес пе? Олай болса, қалағандар ауыз екі тілде у-шу шығармай Алма-Ата деп атай берсін, біз де Москваны Мәскеу дейміз емес пе. Қазақтар Мәскеу деп қойды деп қай орыс шу көтеріп жатыр? Қазақ тілі үшін үш бірдей дауыссыз дыбыс қатар келген атау Москва дегеннен гөрі айтуға жеңіл, тілге орамды, әрі нәзік, әрі жұмсақ дыбыстармен жымдасып келетін Мәскеу деу әлдеқайда көркем, әуезді.
Егер, «Ұлы ойшылдардың теориялық пайымдарының көпшілігі қазіргі заманға сай емес» (Сүлейменов Олжас. Аз и Я. Ізгі ниетті оқырман кітабы. Ауд. С.Ақатаев. Алмат. Жазушы, 1992 ж.-178 бет). болса, онда Алматы атауын Алма-Ата деп атау туралы Олжекеңнің пайымы да заман, уақыт талабына сай емес деуге әбден болады. Оған теориялық ғылыми талдаудың да қажеті шамалы. Өйткені, тіл білімінің жалқы есімдерді зерттейтін ономастика ғылымның жетілген бір саласы ғой. Алматы – ойконим, астионим ілімдері тұрғысынан көп зерттелген, иі қанған, ғылыми негіздемелері айқын, дәлел-дәйектері жеткілікті ескі атау. Бұл – бір. Екіншіден, Алма-Ата деп атау қазақ тілінің грамматикасына сай емес. Қазақ тілінің емлесінде жер-су, елді мекен, қала т.б. біріккен атаулары сызықша (дефис) арқылы жазылмайды; Қызылорданы Кызыл-Орда, Петропавлді Петр-Павл, Ақтөбені Ак-Тюбе, Талдықорғанды Талды-Корган деп бөліп, боршалап тастайық деуге бола ма?; үшіншіден, қатар келген екі қос дауысты дыбыс айтылымда бір-біріне сіңісіп бір дыбысқа айналады және қазақ тілінде созылыңқы дауысты дыбыстар жоқ. Сондықтан, Алма-Ата айтқанда қазақ баласы Алмаата деп езуді созып жатпайды, Алмата деп айтады. Сөз әуелгі әдемі мағынасынан мүлде айырылады;
«Аз и Я» -ны оқиық. Бұл мақаламды «Олжас и Мен» деп атадым. Олжекеңнің «Аз и Я» кітабының бірінші тарауының соңын ала мынандай жол бар: «Олар (ұлы ойшылдар) замандастарымызды болашақтың ұғым салауатымен ойлауға шақырады». Көңілге қонымды.
Бақытбек Бәмішұлы, 07.09.2021 ж. Алматы.
Парақшамызға жазылыңыз
