//////

Бақытбек Бәмішұлы: 1986 ЖЫЛ. ЖЕЛТОҚСАН. ІЗДЕГЕНІМ ОЛЖАС БОЛДЫ

36 рет қаралды

1986 жыл 12-айдың екінші жартысының бір күні. Таңғы сағат сегіз аса бастығым Чимидбаатар шақырды. Ұланбатыр темір жолының Белгі беру және байланыс қызметінің 3- дистанциясының басшысы, мен – бас инженер. Келбетті, қазақы жүзді, қайқайта тарайтын қайратты қара шашты, қарлығыңқы дауысты, қатал талапшыл, қарынды кісі. Көп мазаламайтын, қажетті кезде ғана өзім кіретінмін не өзі шақыратын. Тарлау кабинетінің іші көк түтін. Үнемі тартатыны, фильтрсіз «Прима». Түсінікті. Таяқ тастам жерде, қаладан шеткері, бір жиегі көрініп тұратын советтік әскери базаның дүкендерінен алады. Жайылып жатқан жалпақ сары үстелдің оқ жақ тумпочкасында қырлы стакан, көк мойын бір бөтелке үнемі үзілмейтінін білемін. Содан бір жүз грамды тартып жібергені анық.

Кеше осы жерде, осы уақытта КСРО-ның КП-ның саяси бюро мүшесі, Қазақ Республикасының КП-ның бірінші хатшысы, осы лауазымда отыз жыл отырған, аса беделді ақсақал, жергілікті жұрт тұрмақ алыс-жақын шет елдердегі қандастардың өзі әкесіндей көретін тұлға, Горбачевтың тісі батпаса, батпайтын бір адам деп ел сенген Д.А.Қонаевты бар-жоғы он бес минуттың ішінде орнынан алып тастағаны жөніндегі ақпаратты Ұланбатыр қаласынан оңтүстікке қарай  төрт жүз шақырым, қытайға жақын, шөлейтті даланың ұлы гоби құмдарымен тұстасатын жеріндегі Сайншанд-да отырған біз талқылағанбыз. Алыстан хабар алдырған өркениетті заман.

Чимидбаатар дарга (дарғы – басшы адамды осылай атау дәстүр) аса сұңғыла, жан-жақты білімді, орыста оқымаса да орыс тіліне судай, орыс мамандарының өзінің екі аяғын бір етікке тығатын мінезді, саяси  сауаты жағынан қандай саясаткерлеріңнің өзін сенделтіп жіберетін аңғарлы адам еді.

Бүгінгі әңгіменің не жайында өрбитінін іштей сезіп кірдім. Кабинетіне. «Суу» (отыр),- деді ол, тура алдынан жалғастыра қойылған ұзынша үстелдің сол жағын нұсқап.  Содан кеудесін кере кейін тастап. – За, хүү минь, дуулсан уу? (Жә, балам, естідің бе?), – деп сәл тыныс алып, шылымын құшырлана тағы бір сорып, –Алмаатын залуус босож байгаа юм  байна шүү дээ?! (Алматы жастары көтеріліп жатыр екен ғой),– деп ырғала қозғалып, түзеліп, екі шынтағын үстел үстіне қойды. Менің сол сәтте қаным ойнап, жүрегім дүрсілдеп, түсім бұзылып кетті білем, жауап беріп үлгіргенімше іліп әкетіп: – Наркаман, согтуу  тэнэг, архичин бүлэг, үндэсэрхэг залуус гэнэ…(Наркоман, мас, ақымақ, арақшы топ, ұлтшыл жастар дейді), – Сонан соң аз пауза жасап,- бүхэл бүтэн ард түмэн, ард иргэд тийм байна гэч шал худлаа даа…(бір ел бірақ ішіп-жеп кетті деген құйдай өтірік қой, ә), – деп тоқтады. Мен сазарып барып, күрсініп қойдым-ау, «солай болыпты, даргаа,  естідім…» дедім. Ол маған жүзінен нұры төгіле мейірлене қарап, «ерөн манай хасгууд мундаг шүү» (жалпы біздің қазақтарымыз мықты ғой) деп, үстел үстін тіміскілей сүзіп, үстелдің оң жақ үстінде көп кітаптың үстіңгі жағында тұрған М.С.Горбачевтің жаңа ғана аударылған «Қайта құру» атты кітабын алды да бұрышқа таман тұрған аузы ашық сейфтің ішіне лақтыра салды. «Бұл кітаптың не кінәсі бар, дарға?» дедім кенет ашылып. Осы әрекетімен-ақ басшымның Алматыда болып жатқан оқиғаға қатысты өз көзқарасын,  сол сойқанның бастау көзінің қайда жатқанын сездіргенін байқау қиын емес еді.

Әңгімеміз ары қарай Қазақ Ұлысы жайлы өрбіп кетті. Жарты сағат, әлде оданда ұзақ уақыт сырластық. Сөз арасында мен 1981 жылы ақпан айының басында Қазақстанда, Көкшетау облысының Рузаевск ауданында ауыл шаруашылығы училищесінде оқып жүрген інімді іздеп барғанымды, сонда Моңғолиядан барған бір топ баланың жетекшісі Пүрэвдорж деген мұғалімнің «Біз білмейді екенбіз. Мынау Қазақ Ұлысы (Хасаг Улс) дегеніміз «Ұлы держава» (Их гүүрэн)  екен ғой дегенін айтып қалдым. Мынау мұңғұл (жергілікті қазақтар моңғолдарды осылай атаймыз) жұрты досқа адал, антқа берік, анда болған адамына жанын беретін халық  қой. Мені бұрын ылғи да «Бек» деп шақырса, әзіл-қалжың арасында «ард түмний хүү» (халық ұлы) деп жататын басшымның алдынан көңілді, еркінсіп шықпадым. Кеудемді әлде не кернеп тұрды.  Ыза, кек, намыс па білмеймін. Намыс болса  ол іспен, әрекетпен көрінуге керек-ті. Қалай болғанда да, арам ойы жоқ, ар-ожданы таза бастығым түбім бір болса да тегім басқа ұлт екенімді есіме салғандай болды. Әйтпегенде «Алматы оқиғасы» туралы пікірлесетін адамы аз емес қой. Бөлмеме келген бойда ескі-жаңа «Правда», «Литература» газеттерін ақтара бастадым.  Ойымда Олжас! Оның жоғары көтерілген оң қолының қимылымен-ақ ошарылған жастар оңды-солды қозғалатынына мық қадалған шегедей, нық сеніп алғамын. Олжас! Өйткені Олжас – жастардың жалауы! Ол заманда оған жететін де,  жетеқабыл да тұлға болған жоқ-ау. Ел ішінде, союз көлемінде һәм әлемдік деңгейде атақ-даңқы аспандап, жұлдызы жанып тұрған шағы ғой Олжастың. Басқасын қайдам, әйтеу, біз – советтік  идеологиядан еркін сусындаған және оның қайнар бұлағынан қанып ішіп отырған, Олжастың моңғол тілінде шыққан «Аргамаг» атты өлеңдер жинағымен толық таныс мұңғұл жастары солай ойлайтыныз. Ол – СССР Жоғары Советінің депутаты екенін де білеміз. Ол – Қазақстан Жазушылар Одағының басқарманың төрағасы, атақты «Аз и Я»-ны жазған, аты, атағы шулы, ауызы дуалы ақын! Олжас не деді екен? «Дауыссыз, дыбыссыз, қаріпсіз сөз» ойымда шарлап неше күн толғандырып, дел-сал қылып жүріп алды. Онан кейін де «Правданың» да, «Литератураның» да, «Жұлдыз» журналының да бетінен мен Олжасты көрмедім. Оның есесіне осы газеттер мен «Орбита» станциясы жер шарының барлық түкпіріне таралатын Москваның орталық телевидениесінің таратқан хабарлары арқылы әлемде теңдесі жоқ мызғымас Советтер Одағының бүкіл системасына, оның құдыретті қолбасшысы коммунистік партиясының көреген саясатына арсыздықпен қарсы шыққан Алматының ұлтшыл, жынды бас, дәлекүс, нашақор, ақымақ, алкаш жастарының жазаланып, тапталғаны туралы мәліметтерге қанық болдық…

Ал, Олжас, Олжас Сүлейменовтың тап сол күндері түрмеге түспесе де абақтыда отырғандай қамалып, Брежнев атындағы орталық алаңда ит пен жендеттерге аяусыз таланып, жазаланып жатқан жастарға ОК үйінің төртінші қабатынан маңдайын әйнекке пергілеп, «Бедные!» («Байқұстарым-ай!») деп іштей қан жылап қарап, қайрансыз тұрғанын оқиғадан он жылдан соң білдік қой. (Толмачев Г. Повесть о Олжасе.  Докум. повесть.- Алматы: РПО «Кітап», 1996 – 83 бет). (жалғасы бар)

Бақытбек Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар