Оралда Әлем чемпионы, Әлем кубогының иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Асқар Шайхиевті еске алуға арналған дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы ашық республикалық турнир өз мәресіне жетті.
Дәстүрлі жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келген татами шеберлері қатысып, жанкүйерлерге жоғары деңгейдегі белдесулер сыйлады.
Биылғы турнирдің басты ерекшелігі жарыс жеңімпаздарына ҚР спорт шебері атағы беріледі. Сонымен қатар жеңімпаздар арасында автокөлік ойнатылады. Биыл Асқар Шайхиевтің ағайын-туыстары, достары мен демеушілері бас жүлдеге«Cherry Tiggo» автокөлігін тікті.
Жарыс соңында әр салмақ жеңімпаздары арасында лоторея арқылы көлік ойнатылды.
Биыл палуан рухына арналған турнирдің бас жүлдесі 73 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған қарағандылық Дастан Жұмажановқа бұйырды.

Салтанатты марапаттау рәсімінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жеңімпазға көлік кілтін табыстап, спорттық жолына сәттілік тіледі.
Дастан Жұмажанов — Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Ақсу-Аюлы ауылының тумасы. Жас палуан күреске туған ауылында келіп, алғашқы қадамын бапкері Айқын Асылбековтің жетекшілігімен бастаған. Қазіргі таңда ол «Жеңіс» клубында жаттығып, шеберлігін шыңдап жүр.
Дастан спортпен қатар білімге де ерекше көңіл бөледі. Ол Қарағанды мемлекеттік университетінің 4-курс студенті. Болашақ мамандығы — дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Дастанның айтуынша, спорттағы тәжірибесін келешекте жас буын тәрбиесіне бағыттағысы келеді.
Көлік жеңіп алған ол осыған дейін Азия және Еуропа кубоктарында топ жарып үлгерген. Бір ай бұрын ғана Павлодар қаласында өткен турнирде жеңіске жеткен спортшы Оралдағы айтулы додада да үздік атанып, бас жүлдені қанжығасына байлады.
Қарағандылық татами шеберінің басты арманы әлемдік деңгейдегі жарыстарда Қазақстанның көк туын желбіретіп, ел мерейін үстем ету. Жас спортшының бүгінгі жетістігі оның үлкен жеңістерге бастар жолының жарқын көрінісі екені анық.
Ширек ғасырлық тарихы бар Асқар Шайхиев турнирі бүгінде қазақ спортының беделді бәсекелерінің біріне айналды. Мұндай жарыстар жас палуандардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, ел спортының дамуына да серпін беріп келеді.
Түгелбай Бисен,
БҚО Орал
Парақшамызға жазылыңыз
