//

Қазақстан семсерлесушілері әлем кубогында алтын медаль жеңіп алды

78 рет қаралды

Фото: Қазақстан семсерлесу федерациясының баспасөз қызметі

Қазақстанның ерлер құрамасы Марокконың Касабланка қаласында өткен семсерлесуден әлем кубогы кезеңінде алтын медаль иеленді. Финалда отандық шпагашылар Ресей құрамасын 45:40 есебімен жеңіп, жаңа маусымды жеңіспен бастады.

Қазақстан құрамасы соңғы айларда халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Бұған дейін ұлттық құрама Нью-Делиде өткен Азия чемпионатында, Гонконгтағы әлем чемпионатында және Нагоядағы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алған еді. Касабланкадағы табыс отандық семсерлесушілердің жеңісті жолын жалғастырғанын көрсетті.

Бұл жарыста Қазақстан құрамасы жаңартылған құраммен өнер көрсетті. Әлем чемпионаты мен Азия ойындарының жеңімпаздары Кирилл Проходов пен Вадим Шарлаимовқа жас спортшылар Александр Федотов пен Кирилл Павлов қосылды.

Қазақстандық семсерлесушілер жарысты сенімді бастады. Алғашқы кездесуде Түркия құрамасын 45:20 есебімен жеңді. Содан кейін 1/8 финалда Гонконг спортшыларынан 45:28 есебімен басым түсті. Ширек финалда Мысыр құрамасын 45:40 есебімен ұтып, жартылай финалға жолдама алды.

Финалға шығу үшін өткен кездесуде Қазақстан құрамасы Франция спортшыларымен күш сынасып, 45:40 есебімен жеңіске жетті. Ал шешуші бәсекеде Ресей құрамасын дәл осындай есеппен ұтып, әлем кубогының жеңімпазы атанды.

Қазақстан семсерлесу федерациясының президенті Мирбулат Абуов жаңартылған құрамның жетістігін алдағы жарыстар үшін маңызды қадам деп бағалады.

– Бұл алтынның жаңартылған құраммен келгені біз үшін ерекше маңызды. Жас спортшылардың қазіргі әлем чемпиондарымен бірге жоғары деңгейде өнер көрсетуі құраманың тереңдігін және алдағы жылдарға арналған мүмкіндігіміздің жоғары екенін көрсетеді. Қазір FIE рейтингіндегі позициямызды жақсартуға жұмыс істеп жатырмыз. Ал 2027 жылдың маусым айында Астанада Азия чемпионаты өтеді. Осы жарыстан бастап Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңі басталады. Сондықтан оған барынша мықты құраммен және жақсы көрсеткішпен жетуіміз керек, – деді Мирбулат Абуов.

Касабланкадағы алтын медаль Қазақстан семсерлесуінің халықаралық деңгейдегі әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ендігі мақсат – әлемдік рейтингтегі позицияны нығайтып, алдағы құрлықтық және олимпиадалық іріктеу жарыстарына жоғары дайындықпен бару.

Түгелбай Бисен

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар