Гонконгте семсерлесуден ересектер арасындағы әлем чемпионаты өтуде. Аталмыш додада Қазақстан ерлер құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізіп, алғаш рет әлем чемпионы атанды.
Алтын жүлде үшін өткен кездесуде ел құрамасы Украина командасымен күш сынасты. Руслан Курбанов, Ерлік Сертай, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов төрттігі аса тартысты өткен бәсекеде қарсыласын 45:40 есебімен жеңді. Осылайша Қазақстан семсерлесу спорты тарихында тұңғыш әлем чемпионатының алтын медалін иеленді.
Бұл – Қазақстан ерлер құрамасының әлем чемпионаты тарихында финалға алғаш рет шығуы. Бұған дейін ұлттық құраманың ең үздік көрсеткіші былтырғы Грузия астанасында өткен әлем чемпионатындағы қола медаль. Сол додада қазақстандық семсерлесушілер әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын Франция құрамасын жеңіп, тарихи нәтижеге қол жеткізген еді.
Қазақстан құрамасының чемпиондық жолы
Әлем чемпионаты барысында қазақстандық спортшылар бірнеше мықты қарсыласын айқын басымдықпен жеңді:
• 1/16 финал: Қазақстан – Финляндия – 45:39;
• 1/8 финал: Қазақстан – Өзбекстан – 28:27;
• Ширек финал: Қазақстан – Дания – 45:36;
• Жартылай финал: Қазақстан – Мысыр – 41:32;
• Финал: Қазақстан – Украина – 45:40.






Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының барлық кезеңінен сүрінбей өтіп, тарихи атаққа қол жеткізді.
Қазіргі таңда Қазақстан ерлер құрамасы семсерлесуден әлемдік рейтингте 5-орында тұр. Гонконгтағы айтулы жеңіс ұлттық құраманың әлемдік деңгейдегі беделін одан әрі арттырып, қазақстандық семсерлесу спортының жаңа белеске көтерілгенін көрсетті.
Бұл тарихи жетістік – отандық спорттың дамуына қосылған зор үлес әрі болашақ жас семсерлесушілер үшін үлкен мотивация. Қазақстандық спортшылар мен жаттықтырушылар құрамасын әлем чемпионатындағы тарихи алтын медальмен құттықтаймыз!
Түгелбай Бисен
Суреттер: Спортты дамыту дерекциясы
Парақшамызға жазылыңыз