Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында алдағы аптада халыққа жаңа Жолдау жариялайтынын мәлімдеді. Жаңа міндеттер айтылмас бұрын Minber бұрынғы Жолдаулардағы негізгі уәделерді еске түсіріп, олардың қаншасы жүзеге асқанын саралады.
2019: Халық үніне құлақ асатын мемлекет
Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі алғашқы Жолдауы тәуелсіздік алғалы бері Назарбаевтан басқа басшының халыққа алғаш рет арнаған Жолдауы болды. Президент «еститін мемлекет» (халық үніне құлақ асатын мемлекет) тұжырымын ұсынып, саяси бәсекелестікті, көппартиялы диалогты дамытуға, бейбіт жиналыстар туралы заңды Конституцияға сәйкестендіруге уәде берді. Сонымен қатар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру, мұғалімдердің жалақысын төрт жылда екі есе өсіру, ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сатпау туралы міндеттер айтылды.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылып, кейін Ұлттық құрылтайға ұласты. Ал саяси бәсеке жөніндегі уәделерге сарапшылардың бағасы әлі күнге екіұшты.
2022: Қаңтардан кейінгі «Жаңа Қазақстан»
2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін Президент 11 қаңтарда Мәжілісте сөйлеп, бірқатар шұғыл шараны жариялады: табысты арттырып, жұмыссыздықты азайту бағдарламасы, ірі компаниялар мен ауқатты кәсіпкерлердің жарнасынан құралатын «Қазақстан халқына» қоры, Ұлттық ұланды күшейту, «Оператор РОП» монополиясын тоқтату. Наурыздағы Жолдауда «Жаңа Қазақстан» бағдары айқындалып, партия жүйесін ырықтандыру, сайлау жүйесін өзгерту және президент өкілеттігін шектеу ұсынылды.
Карнеги қорының сарапшылары Әлия Тілегенова мен Серік Бейсембаев 2024 жылы бұл реформалардың тиімділігіне күмән келтірді. Олардың пікірінше, 2022–2023 жылдардағы референдум мен сайлаулар нақты саяси бәсекесіз өтті, министрлер мен әкімдердің басым бөлігі бұрынғы жүйенің кадрлары болып қалды. Сарапшылар келтірген сауалнамада респонденттердің 64 пайызы саяси жүйеде елеулі өзгерісті байқамағанын айтқан.
2024: Заң мен тәртіп
2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдаудың өзегі «Заң және тәртіп» қағидаты болды. Президент атом электр станциясын салу мәселесін 6 қазанда референдумға шығаруды, орта бизнестің экономикадағы үлесін 2029 жылға қарай 7 пайыздан 15 пайызға жеткізуді, 2025 жылға дейін Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығын ашуды және аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлауға толық көшуді тапсырды.
АЭС бойынша референдум өтіп, оны қатысушылардың басым бөлігі қолдады. 2025 жылдан бастап аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдері тікелей сайлана бастады. Бұған дейін 2023 жылғы 5 қарашада 42 аудан мен 3 қалада пилоттық сайлау өткен еді. Орта бизнес үлесіне қатысты межеге жету мерзімі әлі алда.
2025: Бір палаталы парламент
2025 жылғы 9 қыркүйектегі Жолдауда Тоқаев ең ауқымды саяси бастамасын көтерді: екі палаталы Парламенттен бір палаталы парламентке көшу. Бастапқыда бұл мәселе 2027 жылы референдумға шығады деп жоспарланды. Сонымен бірге екінші және үшінші АЭС салу, Ұлттық қорды ұзақ мерзімді өсімге жұмсау, цифрлық активтер қоры мен ұлттық крипторезерв құру, мектеп пен денсаулық сақтау саласына жасанды интеллектті енгізу міндеттері айтылды.
Саяси реформа жоспардан әлдеқайда ертерек жүзеге асты:
- 2026 жылғы 20 қаңтарда Қызылордадағы Ұлттық құрылтайда Президент 145 депутаттан тұратын, толық партиялық тізіммен сайланатын Құрылтай құруды және вице-президент лауазымын енгізуді ұсынды.
- 15 наурызда өткен референдумда жаңа Конституцияны сайлаушылардың 87,15 пайызы қолдады, сайлауға 73,12 пайызы қатысты.
- Жаңа Конституция 1 шілдеде күшіне енді.
- 23 тамызда өткен Құрылтай сайлауында «Әділет» партиясы 71,17 пайыз дауыс алып, 145 орынның 110-ын иеленді. Құрылтайға «Ауыл», Respublica, «Ақ жол» және ЖСДП партиялары да өтті.
- 31 тамызда Құрылтай Ерлан Қаринді вице-президент, Олжас Бектеновті Премьер-министр етіп тағайындауға келісім берді.
Президент 23 қазандағы сөзінде «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» моделі іс жүзінде іске асқанын айтты. Ал Еуроодақтың сыртқы істер қызметі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның алдын ала қорытындысына сілтеме жасап, сайлау саяси және медиа плюрализмі шектеулі ортада, халықаралық демократиялық стандарттарға толық сай келмейтін құқықтық шеңберде өткенін атап өтті. Сондай-ақ дауыс санау кезіндегі заң бұзушылықтарға және байқалған белсенділік пен ресми көрсеткіштер арасындағы сәйкессіздікке назар аударды.
Сөз бостандығы
Ашықтық пен «еститін мемлекет» туралы уәделерге қарамастан, медиа саласындағы көрсеткіштер нашарлап келеді. «Шекарасыз тілшілер» (RSF) ұйымының 2026 жылғы Баспасөз бостандығы индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 149-орынға түсті. 2025 жылы ел 141-орында болған. Ұйымның тізімінде қамаудағы бес журналист бар. Сарапшылар көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты Қылмыстық кодекстің 274-бабы БАҚ, блогерлер мен белсенділерге қысым жасау құралына айналғанын айтады. Шетелдік БАҚ-тың аккредитациясына қатысты талаптар да күшейді.
Тамыздағы мұғалімдер кеңесінде Президент 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желіні пайдалануына тыйым салатын заң жобасын қабылдауды жеделдетуді тапсырды.
Билік келтірген көрсеткіштер
Республика күніне орай сөйлеген сөзінде Президент 2019 жылдан бері экономиканың шамамен 30 пайызға өскенін, жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 мың доллардан асқанын, ЖІӨ көлемі 350 млрд долларға жақындағанын айтты. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша 7 миллион баланың шотына 2,5 млрд доллар аударылған, орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындаған, шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 40 пайызға жеткен.
Қорытынды
Тоқаевтың Жолдауларындағы институттық уәделер (Конституция, бір палаталы Құрылтай, вице-президент лауазымы, әкімдерді сайлау) кейде жоспардан да ерте орындалды. Ал саяси бәсеке, медиа еркіндігі және азаматтық бостандықтар туралы уәделерді халықаралық ұйымдар мен тәуелсіз сарапшылар әлі де сынап келеді. Президент бұл жолғы Жолдауда жастарды жасанды интеллект арқылы табыс табуға үйрету міндетін қоятынын алдын ала айтқан. Жаңа уәделердің қалай орындалатынын уақыт көрсетеді.
“Мінбер”
Парақшамызға жазылыңыз
