Фото: t.me/kazcanoerowing_kz
Қазақстандық спортшы Максим Богатырёв Аргентинада өтіп жатқан әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Ол ерлер арасында параканоэден VL1 санатында топ жарды.
Байдарка мен каноэде ескек есу марафоны және параканоэден әлем чемпионаты Аргентинаның Гуалегуайчу қаласында өтуде. Ескек есу спорты түрлерінен Ұлттық федерацияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Максим Богатырёв жарыстың алғашқы күнінде 8 шақырым 200 метр қашықтықты 58 минут 3,17 секундта бағындырған.
Отандасымыз мәре сызығын екінші болып кескен бразилиялық Габриэль Нунестан 9 минут 11 секундқа озып келді.
Алдағы күндері Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі байдаркамен есу жарысында да бақ сынайды.
Айта кетейік, әлемдік додаға 38 елден 683 спортшы қатысуда. Параканоэ бағдарламасы бойынша барлығы 14 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Еске сала кетсек, Максим Богатырёв биыл жазда Түркістан қаласында өткен лицензиялық Азия чемпионатында екі күміс медаль жеңіп алды. Енді спортшы әлемдік додада топ жарып, Қазақстан қоржынына алтын медаль салды.
Түгелбай Бисен
Парақшамызға жазылыңыз
