Фото: Спортты дамыту дирекциясы
Көркем гимнастикадан Германияның Франкфурт қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстанның спортшысы Ақмарал Ерекешева үздік нәтиже тіркеді.
Жаһандық доданың шешуші күнінде жерлесіміз ұршық жаттығуының финалында өнер көрсетті. Әлемнің ең мықты сегіз гимнастымен бірге жүлдеге таласқан Ақмарал өз композициясын жоғары деңгейде орындап, 29.400 ұпай жинады. Нәтижесінде ол аталған жаттығуда 5-орынға тұрақтады.
Әлем біріншілігінің соңғы күні таспа додасында бақ сынаған Ақмарал 27,350 ұпаймен сегізінші орынға тұрақтады.
Ұршық жаттығуының қорытындысында жүлдегерлер қатарын Стилиана Николова, Таисия Онофрийчук және Мария Борисова түйіндеді. Төртінші орын Рин Кейсқа бұйырса, Қазақстан өкілі Ақмарал Ерекешева үздік бестіктен көрінді.
Бұл нәтиже 16 жастағы гимнасттың әлемдік аренадағы қарымының артып келе жатқанын көрсетеді. Жас спортшы бұған дейін де Франкфурттегі әлем чемпионатының көпсайыс финалында өнер көрсетіп, өз мансабындағы жоғары көрсеткіштердің бірін тіркеген еді.
Сонымен қатар топтық жаттығуда өнер көрсеткен қыздарымыз 13 орын иеленді. Бұл былтырғы жылғы 17 орынға қарағанда жақсы нәтиже.
Енді құрама гимнасттары Жапонияда өтетін Азия ойындарына дайындалады
Түгелбай Бисен,
БҚО, Орал қаласы
Парақшамызға жазылыңыз
