//

Қазақстандық қос балуан әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды

127 рет қаралды
Қазақстандық қос балуан әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды
Исхар Құрбаев

Астана қаласындағы «Барыс Арена» спорт кешенінде күрес түрлерінен ересектер арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр.

Жарыстың кезекті күнінде Қазақстан құрамасының қоржынына екі қола медаль түсті.Айдос Сұлтанғали мен Исхар Құрбаев өз салмақтарында үздік үштіктен көрінді.
Грек-рим күресінде 60 келіге дейінгі салмақта белдескен Айдос Сұлтанғали қола медаль үшін өткен кездесуде Қытай өкілі Лигуо Цаоны жеңіп, әлем чемпионатының жүлдегері атанды.

Қазақстандық балуан жарысты 1/8 финалдан бастап, ресейлік Анвар Аллахьяровтан басым түсті. Ширек финалда 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, әзербайжандық Мурад Маммадовты жеңді. Алайда келесі кезеңде жапониялық балуанға есе жіберді. Дегенмен қола жүлде үшін белдесуде қарсыласынан айласын асырып, жеңіс тұғырына көтерілді.

Бұл — Айдос Сұлтанғалидың ересектер арасындағы әлем чемпионаттарындағы төртінші жүлдесі. Ол 2018 жылы Будапештте және 2022 жылы Белградта қола медаль иеленсе, 2025 жылы Загребте әлем чемпионы атанған еді. Биыл Астанада тағы бір қола жүлдені еншіледі.

Қазақстандық қос балуан әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды
Айдос Сұлтанғали

Айта кетейік, Айдос Сұлтанғали 2025 жылы Хорватия астанасында өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, XXI ғасырда ересектер арасында грек-рим күресінен Қазақстанға алғашқы әлем чемпиондығын сыйлаған болатын. Сонымен қатар ол 2021 жылғы Азия чемпионы.

Одан бөлек тағы бір грек-рим күресінің шебері 55 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Исхар Құрбаев та әлем чемпионатының қола медалін жеңіп алды. Қазақстандық балуан үшінші орын үшін өткен белдесуде Үндістан өкілі Лалит Лалитті жеңді.

Исхар жарыс барысында жапониялық Кагетора Окамото мен өзбекстандық Ихтиёр Ботировтан басым түсті. Ширек финалда Еуропа чемпионы, молдовалық Артём Делянумен белдесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Кейінгі кезеңде финалға өте алмағанымен, қола жүлде үшін күресте қарсыласынан басым түсіп, тұғыр биігіне көтерілді.

Айта кетейік, 23 жастағы Исхар Құрбаев бұған дейін 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия чемпионы атанып, әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленген. Сондай-ақ U20 санатындағы әлем чемпионатында топ жарған.

Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржыны Астанадағы әлем чемпионатында екі қола медальмен толықты.

Түгелбай Бисен

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар