//

Қазақ тілі алғаш рет халықаралық олимпиаданың жұмыс тілі ретінде бекітілді

52 рет қаралды
Сурет: gov.kz

Азия-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасында (APLO-2026) қазақ тілі алғаш рет халықаралық деңгейдегі пәндік жарысқа жұмыс тілі ретінде бекітілді. Бұл жөнінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі хабарлады. Аталған жаңалық мемлекеттік тіліміздің әлемдік ғылыми және білім беру кеңістігіндегі рөлінің артып келе жатқанын аңғартады.

Олимпиада аясында барлық тапсырмалар мен олардың ресми шешімдері ұйымдастырушылар платформасында қазақ тілінде ұсынылды. Осы қадам арқылы қазақ тілінің халықаралық академиялық ортада қолдануға толық мүмкіндігі бар екені дәлелденді.

APLO – жас лингвистерді анықтап, оларды Халықаралық лингвистикалық олимпиадаға дайындайтын маңызды алаңдардың бірі. Биылғы білім бәйгесіне Қазақстан, Қытай, Жапония, Малайзия, Корея Республикасы, Сингапур және Таиланд елдерінен шамамен 300 дарынды оқушы қатысты.

Қазақстан құрамасы бұл додаға осымен үшінші рет қатысып отыр. Биыл ел намысын қорғаған 8 оқушы жоғары нәтиже көрсетіп, қоржынға 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль қосты. Бұдан бөлек, тағы 4 қатысушы Құрмет грамотасына ие болды.

Алтын жүлдені Орал қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің 12-сынып оқушысы Шыңғыс Қарасаев жеңіп алды. Күміс медаль Астана қаласындағы Нұра ауданындағы дәл осы бағыттағы мектептің 12-сынып оқушысы Әмірбек Азатбековке бұйырды. Қос қола жүлдені Ақтаудағы мамандандырылған IT-лицейдің 11-сынып оқушысы Рамазан Бутантаев пен Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы Абай атындағы мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Кирилл Тұрғымбаев өз қаңжығасына байлады.

Одан бөлек, жеке есепте үздіктер қатарынан көрінген Шыңғыс Қарасаев үздік 10 қатысушы қатарына кіріп, 9-орында тұрақтады. Сонымен қатар, топтық бәйге нәтижесінде Қазақстан құрамасы жалпы есепте 8-орынға ие болды.

                                                                                                         Әсем Тугилова

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар