///

Ішкі саясат басқармалары: Ақпараттық саясатты насихаттауға қанша қаржы бөлінеді?

3865 рет қаралды
1

Соңғы уақытта ақпараттық саясат туралы әңгімелер жиі айтылып кетті. Сол кезде әңгіменің төркіні мемлекеттік тапсырысқа барып тіреліп жатады. Рас, әрине, көптеген ақпарат құралдарының негізгі күнкөріс көзі мемлекеттік тапсырыс. Бірақ, бұл ақпараттың көбі қызмет бабындағы ақпарат ретінде бізге жетпей жатады. Әсіресе, Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі тарапынан ақпарат құралдарына бөлінетін қаржы бүгінде ашық ресурстар қорында жоқ. Дегенмен, ішкі саясат басқармаларының осы мақсатта жұмсайтын қаржысын ашық ресурстардан табуға болады. Сонымен, www.minber.kz сайты Нұр-Сұлтан қаласының ішкі саясат басқармасының ақпараттық саясатты насихаттауға қанша қаржы бөлгенін сарапқа салады.

2020 жылы аталған мекеме 3 миллиардтан астам теңгені осы мақсатта жұмсап отыр. Жыл аяқталуға әлі үш айға жуық уақыт барын ескерсек, бұл тізім әлі де жалғасуы мүмкін.

Ал әзірге Ішкі саясат басқармасының мемлекеттің ақпараттық саясатын насихаттау үшін  “Елорда-ақпарат” ЖШС-імен 1 миллиардтан астам теңгеге келісім шарт жасасқан. Нұр-Сұлтан қаласының басты ақпараттық ресурсы болып табылатын www.elorda.info.kz сайтына бұл қаржы – “Республика басшылығының және қалалық атқарушы, өкілетті билік органдарының, мемлекеттік қызметтер мен бөлімшелердің қызметі туралы газет беттерінде ресми тілде жариялау; Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асырылу барысын; «Қазақстан-2050 «Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты», Рухани жаңғыруды жариялау” үшін бөлініп отыр. “Елорда ақпарат” ЖШС-інің бұл мекемемен алты келісім шарты бар. Ең төменгісі – 29 миллион теңгеге, ең жоғарғысы – 289 миллион теңгеге жасалған. Барлық келісім шарт бір сатып алушымен, ешқандай конкурссыз жасалған.

Келесі орында “New Vision LTD” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, оның Елорданың ішкі саясат басқармасымен 448 миллион теңгенің екі келісім шарты бар. “New Vision LTD” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тек биыл ғана тіркелген. Басшысы Азиза Әбілбек бар жоғы 21-де. Алайда бұл мекеменің жеке сайты жоқ. Бізге дейін бұл мекеме туралы www.inbusiness.kz сайты да ақпарат іздеп көрген екен. Дегенмен, мандытып ақпарат таппаған. Астананың медиабюджетін сарапқа салған конкурста ешқандай тәжірибесі жоқ, “Хабар” телеарнасымен арнайы келісім шарты жоқ (техникалық ерекшелік бойынша қойылған талаптың бірі) “New Vision LTD” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қалай жеңіске жеткені оларды да таңқалдырған. Тек белгілі болғаны аталған компания осы сомаға “әкім және оның қызметкерлерінің мегаполисті дамытуға қатысты іс әрекетін интернет сайттар, әлеуметтік желі, блогерлер арқылы жариялау, телеарналарға сюжеттер дайындау, конференциялар ұйымдастыру”. Журналистер ешқандай тәжірибесі жоқ мекеменің мұндай ауыр жүкті қалай арқалайтындығына таң қалып жатса да, олар мұнымен қоймайды тамызда қосымша келісім шарт жасасып, тағы да сондай қаржыға қызмет көрсетуді өз мойындарына алған.

Ешқандай тәжірибесі болмаса да, қомақты сомаға тапсырыс алған келесі мекеме – “Nomad Leader” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл мекеме порталға 2020 жылдың сәуір айында тіркелген. Бар жоғы бірнеше айдың ішінде тек бір мекемемен 161 миллион теңгенің келісім шартын жасасып үлгерген. Мекеменің көрсететін қызметі – “Интернет ресурста елордалық мемлекеттік органдардың қызметін ақпараттық жариялау, мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелерін түсіндіру”. Алайда “Nomad Leader”  ЖШС-інің жеке ақпараттық ресурсы жоқ. Бұл қызметті қалай жүзеге асыратыны түсініксіз.

Көпшілікке аса таныс емес тағы бір мекеме Smart Promotion” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазақ, орыс тілдерінде республикалық телеарналарда ақпараттық бейнематериалдарды (жаңалықтар сюжеттерін) шығару және көрсетуді өз мойнына алады. “Smart Promotion” ЖШС жиыны 200 миллионға жуық теңгенің келісім шартын жасасқан. 

Елорданың басты ақпарат құралдарының бірі “Астана” телеарнасы қаланың Ішкі саясат басқармасымен жиыны 396 миллион теңге тұратын бес келісім шарт жасасқан.

www.tengrinews.kz сайтының иесі “Effective Media Liaison” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, www.nur.kz порталы 60 миллионды қанағат тұтса, “Хабар” телеарнасы 50 миллионға қызмет көрсетпек.

Ал 500 миллион теңгеге сыртқы жарнама жасауға келіскен “СИГНУМ ТРЕЙД” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін де тілге тиек ете кеткен орынды болар.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар