Фото: kazchess.kz
Сербияда өткен шахматтан ардагерлер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы екі медаль жеңіп алды. 50 жастан асқан шахматшылар арасында Мұртас Қажығалиев әлем чемпионы атанса, Петр Костенко қола жүлдеге ие болды.
Врнячка-Баня қаласында ұйымдастырылған FIDE World Senior Chess Championships додасына 384 шахматшы қатысты. Жарыс 11 турдан тұратын швейцариялық жүйе бойынша өтті.
Шешуші турдағы қазақстандық тартыс
Соңғы тур қарсаңында бірден бес қазақстандық гроссмейстер жүлделі орындардан үмітті болды. Олардың қатарында 50+ санатындағы Павел Коцур, Мұртас Қажығалиев, Петр Костенко және 65+ санатындағы Серікбай Темірбаев пен Ирина Буланова бар еді.
Он бірінші турда Павел Коцур мен Мұртас Қажығалиев өзара кездесті. Екеуінің де еншісінде 7,5 ұпайдан болған. Тартысты партияда Мұртас Қажығалиев жеңіске жетіп, жақын қарсыластарынан жарты ұпайға озып, әлем чемпионы атанды.
Ал осы турда Петр Костенко норвегиялық Максим Барт Стэнфордты ұтып, жалпы ұпайын сегізге жеткізді. Болгариялық Кирилл Георгиев те осындай нәтижеге қол жеткізгенімен, қосымша көрсеткіштер бойынша күміс жүлдені иеленді. Ал Петр Костенко әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Павел Коцур жарысты жетінші орынмен аяқтады.
65+ санатындағы нәтижелер
Әйелдер арасында 65 жастан асқан шахматшылар бәсекесінде Қазақстан өкілі Ирина Буланова 7,5 ұпай жинап, төртінші орынға тұрақтады. Ол күміс және қола жүлдегерлермен бірдей ұпай иеленгенімен, қосымша көрсеткіштер бойынша жүлдеден тыс қалды. Бұл санатта FIDE атынан сынға түскен Галина Струтинская чемпион атанды.
Айта кетейік, Ирина Буланова – 2026 жылғы Азияның абсолютті чемпионы. Ал осы жарыста шахмат тарихындағы ерекше есімдердің бірі, әлемнің бесінші чемпионы Нона Гаприндашвили де өнер көрсетті. Ол жалпы есепте алтыншы орын алғанымен, 75 жастан асқан қатысушылар арасында үздік атанып, арнайы марапатқа ие болды.
Ерлер арасындағы 65+ санатында грузиялық Зураб Стуруа чемпиондық атақты жеңіп алды. Англиялық Кит Аркелл күміс, израильдік Александр Михалевский қола жүлдеге қол жеткізді. Қазақстандық Серікбай Темірбаев сегіз ұпай жинап, жеңімпаздардан жарты ұпай ғана қалып, жетінші орынға тұрақтады.
Қазақстандық ардагерлердің тарихи жетістігі
Айта кетейік, қазақстандық ардагер шахматшылар әлем чемпионатының жүлдегерлері қатарынан соңғы рет 2015 жылы көрінген. 2013 жылы павлодарлық Елена Анкудинова әлем чемпионы атанса, 2014 және 2015 жылдары күміс медаль жеңіп алған. Ал 1995 жылы алматылық Борис Каталымов екінші орынға ие болған.
Бұл жолы Мұртас Қажығалиевтің әлем чемпионы атануы және Петр Костенконың қола жүлдеге қол жеткізуі Қазақстан шахматы үшін маңызды жетістік болды.
Түгелбай Бисен
Парақшамызға жазылыңыз
