///

«Арзан билет» пен қымбат қызмет: FlyArystan төңірегіндегі сынға жауап

149 рет қаралды
«Арзан билет» пен қымбат қызмет:  FlyArystan төңірегіндегі сынға жауап
фото: wikipedia/Елена Сергиенко

Қоғамда FlyArystan әуе компаниясына қатысты сын жиі айтылады. Ол – билет ауыстыру құны, рейстердің кешігуі, қосымша төлемдер мен жолаушыларға қызмет көрсету сапасына байланысты, тағысын тағы. Бірі билет бағасынан асып түсетін төлемге наразы болса, енді бірі рейс бірнеше сағатқа кешіккенде тиісті көмек көрсетілмейтінін алға тартады. Ал қол жүгін тексеру тәртібі мен әуежайдағы ұйымдастыру жұмыстары да жолаушылардың көңілінен шыға бермейді. Бұл мәселелерге қатысты Көлік министрлігі мен FlyArystan әуе компаниясына ресми сауал жолдадық. Келген жауапты бірге саралап,салыстырып көрейік.

Әуе көлігі қазір көпшілік үшін күнделікті қажеттілікке айналды. Қашықтықты қысқартқан ұшақ уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. Әсіресе билет бағасын қолжетімді етуге бағытталған лоукостерлердің пайда болуы әуе қатынасын халықтың кеңірек бөлігіне жақындата түскендей көрінеді. Алайда арзан билет ұсыну мен сапалы қызмет көрсету арасындағы тепе-теңдік қаншалықты сақталып отыр? Жолаушы бастапқыда үнемдеген ақшасын қосымша төлемдерге жұмсап, рейс кешіккенде өз мәселесін өзі шешуге мәжбүр болса, мұндай тасымалдың тиімділігіне қандай баға беруге болады?

Соңғы уақытта FlyArystan компаниясына қатысты әлеуметтік желілерде жарияланған пікірлер осы сауалдарды қайта көтерді. Жолаушылардың наразылығы тек билет бағасына байланысты емес. Олардың арасында билетті өзгерту құны, рейс мәртебесі ауысқан кездегі қызмет көрсету, қол жүгін тексеру тәртібі және компанияның өтініштерге жауап беру мерзімі жөнінде де шағымдар бар.

Билет ауыстыру билет құнынан неге қымбат?

Бұл мәселеге депутат Алмас Мұхаметовтің әлеуметтік желідегі жазбасы да түрткі болды. Оның айтуынша, ол 29 қыркүйекте FlyArystan компаниясына билет бағасы, айыппұлдар, билетті қайтару мен айырбастау тәртібі және жолаушылар құқығына қатысты 80-ге жуық сауал жолдаған. Алайда жауапты бір айдан кейін, яғни 30 қазанда алатынын білген. Айтпақшы, осы тұста бұл компания «Мінбер» интернет порталының ресми сауалына да екі апта ішінде әрең жауап бергенін айта кетейік.

Хош, депутаттың наразылығын тудырған екінші мәселе – билет ауыстыру құны. Оның сөзінше, Алматыға ұшу үшін шамамен 40 мың теңгеге билет сатып алған. Кейін ұшу уақытын сәл өзгерту қажеттілігі туындағанда, компания тарапынан тағы 50 мың теңгеге жуық төлем талап етілген. Яғни билеттің бастапқы бағасынан да жоғары соманы төлеу керек болған.

«Билет 40 мың тұрады, ал оны өзгерту тағы 50 мың теңге. Қайдағы лоукостер? Қолжетімді рейстер қайда? Және мұндай шарттар жолаушыларға қаншалықты әділ?» деген мазмұндағы жазбасында депутат компанияның қолжетімді тасымал ұсыну ұстанымына күмән келтірген еді.

Бұл жерде мәселе әуе компаниясының тарифті өз бетінше белгілеу құқығында ғана емес. Жолаушы билет сатып аларда оның барлық шартын, соның ішінде ұшу уақытын өзгерту, билетті қайтару және қосымша қызметтерге төленетін соманы түсініп алуы тиіс. Ал билет құнынан асып түсетін төлемнің қалай есептелетіні мен оның негізі қандай екені тұтынушыға түсінікті болуы керек.

Осыған байланысты Көлік министрлігіне билет ауыстыру мен қайтару шарттарының заңдылығы, қосымша төлемдердің негізділігі және мұндай мәселелерді бақылау тетіктері жөнінде сауал жолдадық.

Министрліктің Азаматтық авиация комитетінің басшысы Бауыржан Өмірәлиевтен келген жауабы ҚР-ның 2010 жылғы 15 шілдедегі «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңының 76-бабына сілтеме жасайды. Ұзын-сонар жауаптан түсінгеніміз – аталған нормаға сәйкес, коммерциялық әуе тасымалдары жолаушы мен тасымалдаушы арасындағы әуе тасымалы шарты негізінде жүзеге асырылады. Ал билет осы шарттың жасалғанын және жолаушының оның талаптарымен танысқанын растайды.

Сонымен бірге заңның 78-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкес, жолаушы ұшудан бас тартуға және енгізілген тасымалдау ақысын әуе тасымалы шартында белгіленген мөлшерде қайтарып алуға құқылы. Бұдан бөлек, билетті қайтару мен төленген соманы өтеу тәртібі Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі №540 бұйрығымен бекітілген «Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларының» 129-133-тармақтарында көзделген.

Министрлік түсіндірмесіне қарағанда, билетті айырбастау, ұшу күнін немесе уақытын өзгерту, сондай-ақ оны қайтару үшін алынатын төлем мөлшері әуе компаниясының тарифтік саясаты мен жолаушы сатып алған тарифтің талаптарына сәйкес айқындалады.

Ведомство тағы бір маңызды жайтты атап өтіпті. 2012 жылдан бастап Қазақстанның әуе тасымалы нарығы еркіне жіберілген. Осыған байланысты авиакомпаниялар коммерциялық қызметі аясында тарифтік саясатын, қосымша қызметтердің түрлері мен оларға ақы төлеу шарттарын өздері дербес қалыптастырады. Сондықтан билет құнынан жоғары қосымша төлемнің белгіленуі өздігінен заң бұзушылық болып саналмайды. Оның негізділігі сатып алынған тарифтің талаптарына, қосымша қызметтердің шарттарына және жолаушыға ұсынылған ақпараттың толықтығына қарай бағаланады. Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Бауыржан Ойратұлынан келген жауапқа қарасақ, «Азаматтық авиация комитеті авиакомпаниялардың коммерциялық тарифтерін белгілемейді және қосымша қызметтердің бағасын реттемейді».

Бірақ бұл компаниялар өз тарифтерін қалай болса солай белгілей алады дегенді білдірмеуі керек. Жолаушы құқығын бұзу фактілері анықталған жағдайда Азаматтық авиация комитеті өз құзыреті шегінде заңнамада көзделген шараларды қабылдауы тиіс.

Осы тұста негізгі сұрақ басы ашық күйінде қалады. Қосымша төлем заң талаптарына сәйкес белгіленгенімен, оның жолаушы үшін қаншалықты түсінікті әрі әділ екеніне кім баға береді? Тарифтік саясатты қалыптастыру еркіндігі мен тұтынушыға толық ақпарат беру міндеті қатар жүруі қажет.

FlyArystan компаниясынан да осы төлемнің қалай есептелетінін және билет ауыстыру ақысының бастапқы билет құнынан неге асып кетуі мүмкін екенін сұрадық. Компанияның түсіндіруінше, рейсті ауыстыру құны тариф ережелеріне сәйкес есептеледі. Ол ауыстыру алымы мен жаңа рейстегі тариф айырмасынан құралады. Алайда, компания төлемнің екі бөліктен тұратынын түсіндіргенімен, нақты жағдайда 40 мың теңгелік билет үшін талап етілген 50 мың теңгенің қандай есеппен шыққанын жеке-жеке ашып көрсетпеді. Бұл жауап жалпы тарифтік тәртіпті түсіндіруге бағытталыпты.

Рейс кешіксе, жолаушы қандай құқыққа ие? Министр не дейді?

Қоғамдық пікірлерде жиі көтерілетін екінші мәселе – рейстердің кешігуі және жолаушыларға тиісті қызметтердің көрсетілуі. Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі ұшаққа мініп, әуеге көтерілгеннен кейін қайта оралуға мәжбүр болғанын, содан соң бірнеше сағат күткенін жазған. Оның айтуынша, алты сағатқа созылған кідіріс кезінде жолаушыларға су мен ыстық тамақ ұсынылмаған. Арасында балалары бар адамдар да болған. Жолаушылардың бір бөлігі азық-түлікті әуежайдағы бағамен өз ақшасына сатып алуға мәжбүр болған.

Тағы бір жазбада FlyArystan рейсі Қарағандыда кешіккен кезде жолаушылар ыстық тамақ талап етіп, біраз әуреге түскені айтылады. Жазба авторының сөзінше, ақыры тамақ берілгенімен, оның мөлшері барлық жолаушыға жетпеген.

Мұндай пікірлер рейстің кешігуіне ғана емес, компанияның жолаушылар алдындағы міндеттемелеріне қатысты сұрақ туғызады. Өйткені рейс уақытында ұшпаған жағдайда жолаушының күту уақыты, тамақтануы, хабардар болуы және межелі жерге жету мәселесі әуе компаниясының жауапкершілігіне тікелей қатысты.

Көлік министрлігінің жауабында бұл мәселеге заң тұрғысынан нақты түсініктеме берілген. Ведомство «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңның 86-бабына сәйкес, тасымалдаушының кінәсінен немесе әуе кемесінің кеш келуі салдарынан рейстің мәртебесі өзгерген кезде авиакомпания жолаушылар алдындағы бірқатар міндеттемені орындауға тиіс екенін хабарлады.

«Жолаушылар рейс бірнеше сағатқа кешіккенде тамақ пен сусынды өздері сатып алуға мәжбүр болғанын айтып жүр. Рейс кешіккен немесе тоқтатылған жағдайда жолаушыларға су, тамақ, балама рейс және ақшаны қайтару жөніндегі міндеттемелердің орындалуын кім бақылайды? Талап бұзылса, әуе компаниясына қандай жауапкершілік қарастырылған? Аталған Заңының 86-бабына сәйкес, тасымалдаушының кінәсінен немесе әуе кемесінің кеш келуі салдарынан рейстің мәртебесі өзгерген жағдайда авиакомпания жолаушылар алдындағы бірқатар міндеттемелерді бар. Атап айтқанда, рейстің жөнелтілуін 2 сағаттан артық күткен кезде жолаушыларды салқын сусындармен қамтамасыз ету және екі телефон қоңырауын шалуға немесе электрондық пошта арқылы екі хабарлама жіберуге мүмкіндік беру; 4 сағаттан артық күткен кезде күндізгі уақытта әрбір 6 сағат сайын, түнгі уақытта әрбір 8 сағат сайын ыстық тамақпен қамтамасыз ету; күндізгі уақытта 8 сағаттан, түнгі уақытта 6 сағаттан артық күткен кезде қонақүйге орналастыру және қонақүйге дейін және кері қарай жеткізуді ұйымдастыру керек» делінген Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Бауыржан Ойратұлынан келген жауапта.

Бұдан бөлек, тасымалдаушының кінәсінен рейстің мәртебесі 5 сағаттан астам уақытқа өзгерсе, жолаушының таңдауы бойынша авиакомпания оны жақын арадағы рейспен межелі пунктке жеткізуге немесе билет құнын толық көлемде қайтаруға міндетті екен.

«Жолаушыны межелі пунктке жеткізу мерзімі өткізіп алынған жағдайда, еңсерілмейтін күш жағдайларын қоспағанда, тасымалдаушы әрбір кешіктірілген сағат үшін тиісті ұшу учаскесінің тарифі құнының 3 пайызы мөлшерінде айыппұл төлеуге міндетті. Аталған талаптардың сақталуын Азаматтық авиация комитеті өз құзыреті шегінде бақылайды. Талаптар бұзылған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 567-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Осылайша, жолаушыларға тиісті қызметтерді ұсыну авиакомпанияның тікелей міндеті және мұндай қызметтер үшін жолаушылардан қосымша ақы алынбауы тиіс».

Ал FlyArystan компаниясы өз жауабында рейс кешіккен жағдайда жолаушыларға көрсетілетін қызметтердің тәртібіне тоқталыпты.

«Рейс екі сағаттан астам кешіккенде салқын сусындар, төрт сағаттан астам уақыт өткенде ыстық тамақ беріледі. Бес сағаттан астам кідіріс болған жағдайда, оның ішінде ауа райына байланысты жағдайларда да, бос орын болса, жақын рейске бір рет тегін қайта брондау немесе билет құнын толық қайтару ұсынылады. Сонымен қатар әуе компаниясына байланысты себептермен рейс күндіз сегіз сағаттан, түнде алты сағаттан артық кешіксе, жолаушыларға қонақүй мен трансфер беріледі. Рейс кешіктірілген, тоқтатылған немесе ауыстырылған жағдайда әуе компаниясы жолаушыларды брондау кезінде көрсетілген телефон нөмірі мен электрондық пошта арқылы хабардар етеді. Сайт немесе мобильді қосымша арқылы сатып алынған билеттің құнын «Брондауды басқару» бөлімі арқылы қайтаруға болады. Басқа арналар арқылы алынған билет бойынша билет сатып алынған жерге жүгіну қажет.

Ал компанияның сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы сатып алынған билетті «Брондауды басқару» бөлімі арқылы қайтаруға болады. Басқа арналардан алынған билет бойынша оны сатып алған орынға жүгіну қажет. Жолаушылардың шағымдары ресми сайт немесе байланыс орталығы арқылы қабылданады, әр өтінішті жерүсті қызмет көрсету бөлімшелерінің қатысуымен жеке қарайтынын мәлімдеді. Егер тиісті қызметтердің белгіленген тәртіппен көрсетілмегені расталса, мәселе жеке тәртіпте шешіледі», – әуе компанияның жауабында.

Алайда мұнда бір маңызды айырмашылық бар. Министрлік бес сағаттан астам кешіккен жағдайда жақын рейске ауыстыру немесе билет құнын қайтару міндетін тасымалдаушының кінәсімен болған жағдайларға байланысты қарастырады. Ал компания өз жауабында бұл мүмкіндікті ауа райына байланысты жағдайларда да ұсынатынын айтады. Яғни компания жолаушыға заңда көзделген міндеттемеден бөлек қосымша мүмкіндік қарастыратынын мәлімдесе де, ол мүмкіндікті тұтынушы көріп отыр ма?

 

Қол жүгін тексеру: қауіпсіздік пе, әлде қолайсыздық па?

Жолаушылардың келесі шағымы – қол жүгін өлшеу мен сөмкелерді тексеру рәсіміне қатысты. Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі барлық бақылаудан өтіп, ұшаққа мінер алдында жолаушылардың қол жүгі қайта өлшеніп, ұзын-сонар кезек пайда болатынын жазған. Оның пікірінше, бұл жұмысты ертерек ұйымдастыруға болады. Өйткені дәл отырғызу кезінде туындаған кезек жолаушыларға да, қызметкерлерге де қолайсыздық келтіреді, кейде рейстің кешігуіне себеп болуы мүмкін.

Бұл мәселеге қатысты FlyArystan компаниясы қол жүгін тасымалдау талаптары барлық жолаушыға бірдей қолданылатынын түсіндірді.

«Әуе кемесі салонындағы жүк сөрелердің сыйымдылығы шектеулі және әр жолаушыға белгіленген өлшемдегі бір қол жүгіне есептелген. Сондықтан отырғызу қақпасында қол жүгінің салмағы мен саны тексеріледі. Бұл жүкті салонда жылдам орналастыруға және отырғызуды уақытылы аяқтауға мүмкіндік береді. Отырғызу жерүсті қызмет көрсету регламентіне сәйкес ұйымдастырылады, тексеру белгіленген уақыт шеңберінде жүргізіледі. Қақпадағы күту уақыты кей жағдайда жолаушыларды ұшаққа жеткізетін көлікті күтумен немесе әуе кемесін келесі рейске дайындаумен байланысты. Жолаушылар уақытты үнемдеу үшін онлайн тіркеліп, қосымша қызметтерді, оның ішінде қол жүгінің ұлғайтылған нормасын, сайт немесе мобильді қосымша арқылы алдын ала рәсімдей алады», – депті компания бізге берген жауабында.

Көлік министрлігі де тасымалдаушының қол жүгінің салмағы мен габариттерін жолаушыларға қызмет көрсетудің әртүрлі кезеңінде, соның ішінде отырғызу қақпасында арнайы таразы мен калибраторларды пайдалана отырып тексеруге құқылы екенін айтқан. Бұл талаптар жолаушыларды, авиациялық және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ведомство жауабында бір маңызды жайтқа арнайы тоқталған. «Авиациялық қауіпсіздік тексеруі мен қол жүгінің салмағы мен габариттерін тексеру – екі бөлек рәсім. Яғни жолаушы қауіпсіздік бақылауынан өткенімен, бұл оның қол жүгі белгіленген тарифтік нормаларға сәйкес келеді дегенді білдірмейді. Отырғызу алдындағы тексеру онлайн тіркеуден кейін де жүргізілуі мүмкін және қол жүгінің талаптарға сәйкестігін анықтайтын соңғы кезең болып саналатынын» жеткізген.

Сонымен бірге министрлік жолаушыларға өз заттарын алдын ала тексеріп, белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін тұстарын отырғызу басталғанға дейін реттеуге мүмкіндік беретін қызмет көрсету тәртібі ұйымдастырылуы керектігін атап өтті.

Демек, қол жүгін тексеру заңға қайшы рәсім емес. Бірақ оның қалай ұйымдастырылатыны бөлек мәселе. Тасымалдаушының тексеруге құқығы болғанымен, бұл қызмет көрсету барысындағы қолайсыздықтарды елемеуге негіз болмауы керек.

Жолаушылар шағымы ескеріле ме?

Көлік министрлігіне жолдаған сауалымызда жолаушы құқығы бұзылған жағдайда шағымды тәуелсіз қарау тетігі бар-жоғын да сұрадық. Комитеттің жауабында жолаушылардың өтініштері мен шағымдары өз құзыреті шегінде қаралатыны айтылған. Егер өтініште авиакомпания тарапынан заңнама талаптарының бұзылу белгілері анықталса, тиісті тексеру жүргізіліп, заңнамада көзделген шаралар қабылданады.

Сонымен қатар жолаушыларға алдымен авиакомпанияға жазбаша түрде жүгіну ұсынылады. Егер мәселе шешілмесе, компанияның жауабы мен тиісті құжаттарды қоса отырып, Азаматтық авиация комитетіне немесе тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органға өтініш беруге болады. Комитеттің шешімімен келіспеген жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабына сәйкес шағымдану құқығы бар.

FlyArystan да шағымдарды қарау тәртібін түсіндірді. Компанияның мәліметінше, әрбір өтініш жерүсті қызмет көрсету бөлімшелерінің қатысуымен жеке қаралады. Қызметтердің белгіленген тәртіппен көрсетілмегені расталса, мәселе жеке тәртіппен шешіледі.

Ал депутат Алмас Мұхаметовтің 80-ге жуық сауалына қатысты компания оның хаты Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне жолданғанын хабарлады. FlyArystan өз құзыреті шегіндегі сұрақтар бойынша жауаптарын белгіленген тәртіппен Комитетке жіберіпті. Алайда жолаушыларды толғандыратын тариф, қайтарым және қосымша төлемдер жөніндегі сұрақтарға жедел әрі түсінікті жауап беру компанияның өз мүддесіне де сай болар еді.

Қолжетімділік тек билет бағасымен өлшенбейді

Көлік министрлігі мен FlyArystan компаниясының жауаптарын салыстырғанда, бірқатар мәселе бойынша құқықтық тәртіп пен компанияның ішкі қызмет көрсету ережелері түсіндірілгенімен, жолаушылар көтерген нақты сынның бәріне бірдей толық жауап берілмегені байқалады.

Министрлік әуе компанияларының тарифтік саясатын дербес қалыптастыратынын айтады. Бірақ жолаушы құқығы бұзылған жағдайда бақылау жүргізіп, заңда көзделген жауапкершілік шараларын қолдануға құзыретті. Ал, FlyArystan билет ауыстыру төлемінің жалпы есептеу тәртібін, қол жүгін тексерудің қажеттілігін және рейс кешіккендегі қызмет көрсету ережелерін түсіндірді. Дегенмен нақты жағдайларда жолаушылардың шағымы қалай шешілгені туралы кеңейтілген мәлімет ұсынылмады.

Мәселен, билет құны 40 мың теңге болған жағдайда оны өзгерту үшін 50 мың теңгеге жуық төлемнің қалай есептелгені, рейс кешіккен кезде қызметтердің нақты қай уақытта ұсынылғаны немесе жолаушылардың шағымы нәтижесінде қандай шешім қабылданғаны туралы қосымша дерек қажет. Мұндай ақпарат компанияның қызметіне қатысты қоғамдық пікірді нақты фактілер негізінде бағалауға мүмкіндік берер еді.

Әуе компаниясының коммерциялық еркіндігі бар екені рас. Бірақ ол жолаушы алдындағы заңды міндеттемелерді орындаудан босатпайды. Сол сияқты ұшу қауіпсіздігін бірінші орынға қою қажеттігі де жолаушыларға ақпарат беру, оларды қажетті қызметтермен қамтамасыз ету және шағымдарын қарау жауапкершілігін жоймайды.

Лоукостердің артықшылығы – билет бағасының қолжетімді болуы. Алайда, сапардың жалпы құнына билеттен бөлек, багаж, қол жүгі, рейсті өзгерту және басқа да қосымша қызметтерге төленетін қаражат әсер етеді. Сондықтан тұтынушы үшін ең маңыздысы – бастапқы бағаның төмендігі емес, сапардың соңында қанша шығын шығатынын алдын ала білу және қандай жағдайда қандай құқыққа ие екенін түсіну.

Түйіндей айтқанда, FlyArystan төңірегіндегі қоғамдық сын бір ғана билет бағасына тірелмейді. Оның ар жағында тарифтік ашықтық, қызмет көрсету сапасы, жолаушы құқығын қорғау және мемлекеттік бақылаудың шынайылығы сияқты бірнеше мәселе тұр. Ал лоукостердің бағасы мен қызметінің тиімділігі осы талаптардың қаншалықты орындалып жатқанымен бағалануы тиіс емес пе? 

Динара Мыңжасар, арнайы “Мінбер” үшін

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар