///

Бақытбек Бәмішұлы. Олжас Омарұлы 90 жаста

1 рет қаралды

Қазақ халқының  маңдайына біткен қайталанбас ғажайып ғұламасы Олжас Омарұлы Сүлейменов 90 жасқа толып отыр. Олжас орыс тілді болғанымен бітімі, жан дүниесі, болмысы көк түрік текті қазақ ақыны. Тамыры Ұлы Даланың түпсіз тұңғиығынан нәр алған, тереңіне бойлатқан, түркілік жадын, оның саф сарынын, тектілігін адамзат ақыл-ойының айдынына жайнатып алып шыққан ақындықтың Ақмаңдайлы Алып Шыңы!

 Биылғы жылы  Ол кісінің тоқсан жастық торқалы тойы әр мемлекеттерде, өзімізде, ел ішінде үздіксіз еске алынып, аталып, түрлі деңгейде алуан қырлы іс-шаралар өткізіліп, адамзат баласының біртуар ұлына деген Ұлы Құрмет көрсетіліп жатыр.

 Осы орайда біз де “Мінбер журналистерді қолдау қоры” және “Мінбер.кз” (Minber.kz) ақпарат агенттігі біз де Қазақтың қасқасы Олжас Омарұлына өз құрметімізді көрсетіп отыруды жөн көрдік.

 Біз бұл шарамызды ақын-жазушы, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері Бақытбек Бәмішұлының “Олжас и Мен” атты эссесімен бастаймыз.

 

ӨР РУХЫ РУХ СЫЙЛАҒАН СӘТ…

Өз басым Олжас Омарұлымен ақынмен сол ХХ ғасырдың орта тұсынан, оқушы, студент кезімнен сырттай таныспын. Қай курста жүрген кезім екені есімде жоқ, жазғы практикаға шыққан кез еді. Жатақхана у-шуы сиреген, жатақта бір өзім. Ермек үшін ақ-қара түсті «Рекорд» телевизорды жалға-прокатқа бір айға алғанмын. Практикаға зауқым соққан күні барамын. «Келдің, келмедің» деп жатқан жан жоқ. Бітіргенім, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен Терін» оқып тауыстым.

Кеш тұратын әдетім, шамасы бесін, он, он бір сағат кезі, теледидарды қосып қалсам, қолында айқара ашып ұстаған кітабы бар Олжас тікесінен тік тұрып сахнада «Родина – женщина, История – женщина, Честь, Отвага, Поэзия – женщина…» деп өлеңді күркіретіп оқып тұр. Басымды жастықтан жұлып алдым. Ешкім келіп, оятып, мазамды алмаса екен деймін. Тапжылмай, бүкіл жырды ұғып отырғандай-ақ тыңдадым.

«Нет Востока,

И запада нет,

Нет у неба конца.

Нет Востока,

И Запада нет,

Два сына есть у отца.

Нет Востока,

И Запада нет,

Есть

Восход и закат.

Есть большое слова – Земля!».. пай деп қоямын ішімнен. Тап осы жолдар мен үшін өте ұғынықты!

Сырттай даңқы жеткен аңыз адамды тірідей көріп тұрғаным. Бүкіл дене пішімін, киім киісін, таққан галустігін, шаш қойысын, тұрыс-қимылын, кітапты ұстасын, көз алдымда көріп тұрғанымның бәрін миыма жазып алдым. Міне, қазір де сол сурет, содан бері қырық жыл өтсе де сол қалпында көз алдымда тұр. Дауысы қандай. Күн күркірегендей күр-күр етеді. Барлық сөзін түсінбесем де әлгіндей бір оңай жолдар көкейімде қалыпты. Бағдарлама да аяқталды-ау деймін, тап бір үлкен театрдың партерінде отырғандай түрегеліп тұрып қол соқтым. Жүрегім балқып, көңілім шалқып тұр. «Браво» деп қоямын. Ол да сол кезде ұғып жүрген сөзім ғой. Театрға спектакль, концерттерге барғанда разы-қош болған жұрт, қол шапалақтап, әр жерден «Браво!» деп дауыстап жататын. «Браво!!!».

Ол кезде Олжастың «Арғымақ» атты өлеңін Қадыр Мырзалиевтің аудармасы бойынша жатқа білетінмін.

«Дала қандай, даладағы ат қандай,

нөсер шөпке белуардан батқандай.

Құйғытсам бір,

Дала, қала болады-ау,

көз алдымда аунап бара жатқандай!!!…» деп бөлменің ішін басыма көтердім.

Советтер Одағының, СССР-дың астанасы Москвадан, оның атақты «Останкино» орталық телевидениесі төрінен қыранша қалықтап, сұңқарша саңқылдап, дүйім жұртты (солай ойлайтынмын) бас идіріп, тамсандырып, кісінеп, орыс тілінде, орыстың өзінен есе артық сайрап, өз өлеңін бірнеше сағаттап оқып тұру дегеннің екінің бірінің қолынан келмейтін және екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт қой. Ал осы бақыттың иесі – қазақ Олжас! Қазақстанға, оның «алма дидарлы арулары Қыз Жібек пен Баяндай, алмасының дәмі балдай» астанасы Алматыға ғашық, бір қазақтың төбесін көрсек төбеміз көкке жеткендей мәз болатын кез. Қалай оған қол соқпайсың? Өзің ақын жанды адам болсаң, қалай Олжас болып кеткің келмейді? Тіпті олай ойламаудың өзі күнә емес пе? Нәтиже осындай биік армандардың жемісі емес пе?

Бақытбек Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар