Фото: www.istockphoto.com
Мемлекет басшысы “Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы” Жарлыққа қол қойды, – деп хабарлайды Ақорда.
Адами капиталды дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, білім беру, тәрбиелеу және оқу-ағарту ісінің негізгі элементі ретінде кітап оқу мәдениетін насихаттау, зерделі ұлт қалыптастыру, сондай-ақ шығармашыл, жасампаз және бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту үшін жағдай жасау мақсатында Президент мәдениет, білім және инновация салаларындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын айқындауды қаулы етті:
- кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру;
- оқырмандарға арналған заманауи инфрақұрылымды дамыту: цифрлық құралдарды кеңінен қолдана отырып, жаңа форматтағы кітапханалар, қоғамдық кеңістіктер құру;
- туындылары жас ұрпақты Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі қағидаттары мен ережелерін құрметтеу рухында тәрбиелеуге ықпал етіп жүрген отандық жазушылар мен ақындарды қолдау;
- баспагерлер мен кітап өнімін таратушылардың мемлекет үшін пайдалы қызметтерін ынталандыру;
- ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде насихаттау.
Жарлықты іске асыру үшін Қазақстан Үкіметіне бірқатар тапсырма берілді. Олардың қатарында — жаңа форматтағы кітапханалар, көпфункционалды қоғамдық кеңістіктер құруды, заманауи ақпараттық жүйелер мен сервистер ендіруді қоса алғанда, оқырман инфрақұрылымын жаңғыртуды қамтамасыз ету бар. Сонымен қатар 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін Министрлер кабинеті мыналарды орындауы тиіс:
- “Кітапхана және кітап шығару ісі туралы” жаңа заң жобасын әзірлеу;
- кітап оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктері үшін Ұлттық сыйлық тағайындау;
- бірыңғай қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру.
Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Парақшамызға жазылыңыз
