Өмірде не болмайды? Тойға барып та, тойға емес ойға бөгіп келетін кездер болады екен. Сондай бір оқиғаның үстінен түсіп, үйге терең ой үстінде қайттым…
Жас шамалары бір-бірінен тым алыс емес екі тойшыл азамат сыртта әңгімелесіп тұрып, кермалдасып қалды. Тартысбай жастау екен, шамамен елудің о жақ, бұ жағында-ау деп мен топшыладым. Оны мен сырттай танимын. Ал анау – алпысты еркін аралған кісі. Бұлардың жасын теңестіріп тұрған – Тартысбайдың басындағы ақ түсті, сырмалы дүңген тақиясы мен иегінің үшіндегі иір сақалы. Сонысымен ол алпысты ағалаған адаммен тең көрінеді. Оны мен танымайтын болғандықтан, ішімнен «Алпысбай» деп ат қойып алдым. Егер Тартысбай сақалын алып, басындағы дүңген тақиясын шешіп тастаса, Алпекеңнің баласындай көрінері анық.
Мына той Тартысбайдың миының мыңғы-дыңғысын шығарса керек. Жартасты жаңғыртқан дауысқа шыдас бере алмай, сыртқа беттеген беті сыңайлы. Тықыршып тұрып:
– Осы біздің қазақ, қазақ болмай барады, – деді қолды бір сілтеп.
– Уа, Тартеке, неге сонша түңілдіңіз? – деген Алпысбай да әккі көрінеді, әдейі «тар-ға текені» қосып, «Тартеке» деп, оның жасы кіші екенін іштей сезіп тұрса да, сақалын сыйлаған болып, сіз деп сөйледі. – Той ұнамай жатыр ма?
– Ұнағаны былай тұрыпты, өңкей далақой, даңғаза. Осыған қалай шыдап отырасыңдар?! Мына шу етімнен өтіп, сүйегімді сындыра жаздады. Мына түрімен, айттым ғой, қазақ қазақ болмайды. Ана тамада өзі не деген көп мылжыңдайтын неме? Алпысбай енді «Тарекеге» көшті:
– Тареке-ау, бұл той ғой. Той болғасын шоу болады, шоу болғасын шу, дыр-думан болды да?! Тойдың сәні де, мәні де осы ән мен күй, әсем би емес пе?
Тартысбайдың қабағы тік көтеріліп, дүген тақиясын бір қозғап қойды.
– Осылар бар ғой, Алпеке, сол шуың мен дуыңа қанша сағаттап миын ашытып отырғанын әй, білмейді. Ал мешіт десең, меңірейіп қалады. Имамның бір ауыз сөзін, бес минутын қиып тыңдай алмайды. Ал той десе, міне, көрдің бе, бес-алты сағаттап, анау айғай-шудың ішінде, ішкені ірің, жегені желім болып, тапжылмай қаншама адам отырады.
– Жақтырмайтыныңыз бар, онда несін келгенсіз?
– Ағайын ғой, туыс қой деп, амалдың жоғынан келеміз де. Міне, ақшам намазым да қарыз қалып барады. Осылар намазға он-он бес минутын қимайды ғой, қимайды. Мұнда кемінде үш жүз, төрт жүз адам отыр… Зая кеткен қайран уақыт десейші?! – деп жінігіп қалды. Сонда Алпысбайдың есіне жуықта әлеуметтік желіден оқыған бір ғалымның той туралы есебі есіне түсе қалды да,
– Тартеке, осы бізде, Қазақстанда қанша мешіт бар екен? – деді жайбырақат қана.
– Әй, оның есебін нақ білмеймін, көп болса бір-екі мың боп қалар, – деді. Алпысбай әбжілдігіне басып, қалтасынан смартфонын шығарды. Оның бетін сұқ саусағымен түртіп-түртіп қалып, – екі мың тоғыз жүз қырық бес, – дейді.
– Әй, ол бекер болар, – деп Тартысбай күмілжіп қалды.
– Бекер емес, Тартеке, ЖИ айтып тұр. Жасанды интеллект.
– Әй, сол ЖИ-ің «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп аузына келгенін көйте беретін көрінеді ғой.
– Жо-жоқ, олай демеңіз, Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының мәліметі дейді, – дегенде, Тартысбайдың дауысы біртүрлі өзгере қалып,
– Болса болар… Оның мұнда не қатысы бар? – деп қабағын түйіп, Алпысбайдың білгіштігін жақамай қалғандай болды.
– Әлгінде сіз тойшылардың қаншама уақытын зая кетіріп жатқанын еске алған соң еске түсіп жатыр ғой.
– Әй, сол, қанша дедің?
– 2945.
– Даласы бар, қаласы бар, ауылы бар, соған бар ғой, барса бір жолда көп болса, орта есеппен он-он төрт жан барады, одан аспайды? – деп қынжылды Тартысбай.
– Ойбай, оныңыз көп қой?
– Қалай көп?
– Міне, қараңыз. Бір намазға бір адам 10 минут құлшылық қылса, 13 адам 130 минутын құлшылыққа жұмсайды екен. Ал бес уақыт намазға 13 адамның 650 минуты құлшылық етуге кетеді. Бұл – 11 сағат. Екі тойдың уақыты, – деп жымиды Алпысбай.
– Есепке жүйрік екенсің?! – деп кекеді оны Тартысбай.
– Ал осыны сіз әлгіндегі 2945 мешітке көбейтіп көріңіз. Егер күніне бір мешітке он үш-ақ адам барып, он минуттан бес уақыт намаз оқыған болса, онда 1329 күн немесе 3 жыл 6-7 айы құлшылыққа, руханиятқа кетеді екен. Сонда халықтың басым уақыты тойдан гөрі, құлшылыққа жұмсалып жүрген жоқ па, Тартеке?!
– Әй, сен де бір қырт екенсің, – деп Тартысбай қолын бірақ сілдеді де, жып беріп той залына кіріп кетті.
Ал Алпысбай: «Мұны адам-сағат, ұжымдық энергияның күші дейміз, Тартеке», – деп ішінен күбірлеп тұрғандай еді.
Қарамер
Парақшамызға жазылыңыз
