//

Оралдағы жаңа көпір: әлеуметтік қажеттілік пе, экологиялық қатер ме?

44 рет қаралды
Оралдағы жаңа көпір: әлеуметтік қажеттілік пе, экологиялық қатер ме?
Фото: Жаңа көпір жұмыс талқылау барысынан. Дархан Сариевтің фотосы

Оралда облыс орталығы мен «Ақжайық» шағынауданын Шаған өзені арқылы байланыстыратын жаңа көпір мен төрт жолақты автомобиль жолының құрылысы басталды. Республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылған жобаның құны – 35,8 млрд теңге.

Біз инфрақұрылымның экологияға әсері қандай болатынын сұрап, қала әкіміне ресми хат жолдадық. Яғни өзен суы мен жайылмасындағы  фауна мен флораға, топыраққа, қоршаған ортаға зардабы бар-жоғы зерттелді ме? Осы мәселеге қатысты пікір-ұсыныстарын айтып жүрген «Батыс Қазақстан экологиялық-географиялық қоғамы» ҚБ төрағасы Дархан Сариевті сөзге тарттық. 

«Экологиялық мәселелерді мұқият зерделеу керек»

– Бұл көпір ең алдымен әлеуметтік маңызы бар нысан болғандықтан, көпірдің салынуына қарсылығым жоқ. Дегенмен экологиялық мәселелерді мұқият зерделеу керек еді. Күні бүгінге дейін өткен қоғамдық тыңдауларда алаңдаушылығымды білдіріп, нақты ескертулерімді айтып келемін. Жуырда өткен қоғамдық тыңдауда жұмыс жобасын, экологиялық құжаттарды дайындайтын компания «ЭКОС» ЖШС халық алдында есеп берді. «Қоршаған ортаға әсерді бағалау» жобасын таныстырды.

Біз жоба авторларынан гидродинамикалық зерттеулер жүргізілген-жүргізілмегенін сұрадық. Себебі бізге ұсынылған экологиялық есепте бұл туралы бірде-бір сөз жоқ. Біріншіден, негізі Шаған өзенінің жайылмасындағы жолды қадалармен (свай) көтеріп тұрғызу керек еді. Бірақ мердігерлер екі шақырымдық бөгет (дамба) салып жатыр. Бұл жайылмадағы судың еркін ағуын бөгеп тастайды. Салдарынан көктемгі тасқын суы көпірдің астына жиналып, арнаға үлкен қысым түсіреді. Осы мәселе міндетті түрде зерттелуі керек. Екіншіден, топыраққа әсерді бағалау бөлімінде болашақ бөгеттің жиектеріне ысырылып, үйіліп қойылған қара топырақ туралы ешқандай мәлімет келтірілмеген. Құнарлы топырақ қабатының көлемі қандай? Оның құрамы қандай? Сонымен қатар өзен айналасын мекендейтін құстар мен жануарлар дүниесі жайында да мағлұмат жоқ. Егер Шағанның арнасы өзгеріп, көктемде жағалауды шайып кетсе, сол аумақтағы фаунаға орны толмас зиян келмей ме?

Тағы бір өзекті мәселе  – ихтиофаунаға қатысты. Жобаны әзірлеушілер балық ресурстарына келтірілетін зиянды бағалау жобасы дайындалды деді. Бұл құжатқа «Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» РММ-нің келісімі алынғанын айтты. Олар өзеннің балық қорына келген залалды өтеу үшін тұқы балығының (карп) 30 мыңнан астам шабағын (сеголетки) бір рет өзенге жіберіп, балықтандыруды ұсынған. Бұл жерде өрескел қателік бар. Себебі тұқы  – тоған шаруашылығына бейімделген қолтұқымды балық түрі. Оны ағынды табиғи өзендерге жіберуге болмайды, ол тек жабық су айдындары мен көлдерде өсіруге арналған, –  деді «Батыс Қазақстан экологиялық-географиялық қоғамы» ҚБ төрағасы Дархан Сариев.

1150 ағаш шабылып, 11 500 көшет отырғызылады

Орал қаласы әкімінің орынбасары А. Халеловтың жауабына сүйенсек,  «Ақжайық» шағынауданы мен қаланың орталығын жалғайтын көпір құрылысының жобасы бойынша қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізілген.  Батыс Қазақстан облысы бойынша экология департаментінің 2026 жылғы 17 қарашадағы № KZ73VVX00659557 қорытындысы алынған.

Оралдағы жаңа көпір: әлеуметтік қажеттілік пе, экологиялық қатер ме?

–  Осы қорытындыға сәйкес, құрылыс жұмысының қоршаған ортаға ықпалы негізінен уақытша және жергілікті сипатта болады. Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын сақтау, қалдықтарды басқару, жасыл желектерді қалпына келтіру және Шаған өзенінің балық ресурстарына келтірілуі мүмкін залалды өтеу бойынша тиісті шаралар қарастырылған. Қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері мен табиғатты қорғау шаралары Экология департаментінің аталған қорытындысында толық көрсетілген. 2026 жылғы 10 маусымдағы жасыл желектерді тексеру актісіне сәйкес, құрылыс барысында 1 150 түп ағашты кесу қажет. Оның ішінде: ақ терек – 500 түп, кәдімгі көктерек (дірілдек терек) – 215 түп, ақ тал – 105 түп, ұсақ жапырақты қарағаш – 280 түп, үлпек қайың – 50 түп. Қазақстан Республикасының «Өсімдіктер дүниесі туралы» заңының 36-бабына сәйкес, кесілген жасыл желектердің орнына он еселенген мөлшерде өтемдік ағаш отырғызу көзделген. Осыған сәйкес, барлығы 11 500 түп ағаш отырғызылуы тиіс, – дейді А. Халелов.

Оралдағы жаңа көпір: әлеуметтік қажеттілік пе, экологиялық қатер ме?

Әкім орынбасары А. Халеловтың айтуынша, қазіргі уақытта өтемдік ағаштарды отырғызатын нақты аумақтар белгіленбеген. Дегенмен, оларды «Ақжайық» шағынауданында бой көтеретін әлеуметтік нысандардың аумағында, сондай-ақ тұрғын үйлердің айналасына отырғызу мүмкіндігі қарастырылуда. Ол  Шаған өзенінің экожүйесін қорғау үшін жоба аясында су ресурстарын сақтау, құрылыс жұмысының қоршаған ортаға әсерін барынша азайту, сондай-ақ өзеннің балық ресурстарына келтірілуі мүмкін залалды өтеу шаралары көзделген дейді.

Кептелісті азайтатын көпір

Республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын жобалау жұмысының ұзақтығы – 10 ай, құрылыс-монтаждау мерзімі – 26 ай. Нысан 2028 жылы пайдалануға берілу қажет. Жобаның бас мердігері  «Казахдорстрой» ЖШС бұған дейін Астана мен Өскемен қалаларында ірі көпір құрылысы жобаларын жүзеге асырған.

Бүгіндері Оралдың Зачаган кентінде 80 мыңға тарта халық тұрады. Ал бой көтеріп жатқан «Ақжайық» шағынауданы тағы 60 мың тұрғынға арналған. Осыншама халықты қала орталығымен жалғайтын Шаған өзені үстіндегі бір ғана көпір бар. Шаһар әкімінің орынбасары енді салынатын жаңа көпір ескі өткелдегі кептелісті азайтып, тұрғындардың қатынауын жеңілдетеді дейді. Сонымен қатар бұл жоба қаланың осы аумағындағы көлік инфрақұрылымын дамытуға үлкен мүмкіндік ашпақ.

Айта кету керек, жаңа көпір Оралдағы Әлия Молдағұлова атындағы көшені «Ақжайық» шағынауданындағы №15 көшемен байланыстырады. Төрт жолақты жаңа жолдың ұзындығы – 4,45 шақырым. Өзен арқылы өтетін көпірдің ұзындығы – 220 метр. Жобаға сәйкес, жол бойында жаяу жүргіншілер жолы, аялдама павильондары мен жарықтандыру қарастырылған.

Ясипа Рабаева

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар