Бүгін «Kunanbayev Cup – 2026» 3-халықаралық әуесқойлар турнирінің салтанатты ашылуы өтті. Үш күнге созылатын интеллектуалдық додаға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Корея Республикасы және Біріккен Араб Әмірліктерінен келген 60-тан астам ойыншы қатысып жатыр.
Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған турнир бүгінде Орталық Азиядағы зияткерлік спорт жарыстарының біріне айналды. Биылғы турнирдің жүлде қоры – 10 мың АҚШ доллары. Бұл – өңірдегі Го турнирлері арасындағы ең ірі жүлде қоры. Жарыстың бас демеушісі – кәсіпкер, Қазақстан Го қауымдастығының президенті Ерлан Құнанбаев.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ерлан Құнанбаев турнирдің басты мақсаты Қазақстанда Го мәдениетін дамытып, балалар мен жастар арасында зияткерлік спортты кеңінен насихаттап, еліміздің халықаралық Го қауымдастығымен байланысын нығайту екенін айтты.
– Биылғы турнирге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Корея Республикасы және Біріккен Араб Әмірліктерінен спортшылар мен ресми делегациялар қатысып жатыр. Осындай халықаралық алаңдар арқылы еліміздегі Го қозғалысын жаңа деңгейге көтеруді көздейміз, – деді қауымдастық президенті. Сонымен қатар, келесі турнирдің жүлде қоры көлемін 1 миллион долларға дейін жеткізу арманы екенін атап өтті.
Го – төрт мың жылдан астам тарихы бар әлемдегі ең көне зияткерлік ойындардың бірі. Бүгінде ол әлемнің ондаған елінде кең таралған. Мамандардың айтуынша, бұл ойын стратегиялық ойлау, талдау қабілеті, сабырлылық және ұзақ мерзімді шешім қабылдау дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
Турнир қатысушысы Азамат Махамбет Го ойынын жұмыстан кейінгі бос уақытында меңгеріп, бүгінде оны қазақ тілінде дамытуға күш салып жүргенін айтты.
– Го ойыны өмірдегі түрлі жағдайларға басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда елімізде Го ойынын дамытуға, әсіресе қазақ тілінде сабақ беруге үлес қосу – менің өмірлік миссияма айналды. Бұл – менің жұмыстан тыс уақытта айналысатын сүйікті ісім, – деді ол.
Салтанатты рәсімге Қазақстан мен шетелдегі Го ұйымдарының, спорт қауымдастықтарының және зияткерлік спорт саласының өкілдері қатысты. Қонақтар қатарында Қазақстан Го федерациясының президенті Ерлан Баймұхаметов, Қырғызстан Го федерациясының президенті Даврон Юлдашев, Шыңжаң Го қауымдастығы төрағасының орынбасары Е Сяоюнь, Шыңжаң шахмат және зияткерлік ойындар қауымдастығының төрағасы Лу Цююй, Қазақстан Го мектебінің директоры Ринат Амангелді және Қазақстан шахмат федерациясының өкілі Болат Амансугуров болды.
Айта кетейік, Қазақстанда Го ойынын жүйелі дамыту жұмыстары 2022 жылы басталды. 2023 жылы Алматыда алғашқы Го мектебі ашылып, 2025 жылы Қазақстан Го қауымдастығы құрылды. Қазіргі таңда елімізде 5 мыңға жуық адам Го ойынын меңгерген. Го мектебі ашылғалы бері халықаралық және республикалық деңгейде 20-ға жуық турнир ұйымдастырылып, зияткерлік спорттың бұл түріне қызығушылық артып келеді.
«Kunanbayev Cup – 2026» турнирі 19 шілдеге дейін жалғасады. Жарыс үш тур бойынша өтеді, ал жеңімпаздарды жексенбі күні анықтайды.
Нұржайна Артықбаева
суреттерді түсірген автор
Парақшамызға жазылыңыз


