//

Илегеніміз бір терінің пұшпағы емес пе?

2664 рет қаралды
5

(Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУнің журналистика факульетіне хат)

Қадірлі әріптестер!

Өткен апта, өздеріңізге мәлім, қазақ қаламгерлігінің қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде «Ең дарынды болашақ журналист» атты дәстүрлі пәндік олимпиада болып өтті. Дүбірлі додаға сонау алыстан ат арылтып, бақ сынауға республикамыздың алыс-жақын ЖОО-ның журналистика факультеті мен бөлімдерінің бакалаврлары келді. Атап айтқанда, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қ.А. Йассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік универсиетінің студенттері, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университенің бітіруші курстары, С. Демирел атындағы университет шәкірттері, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті және қара шаңырақ – ҚазҰУ-дің болашақ журналистері қатысып, білім мен білік бәйгесінде бақ сынасып, талаптарын сарапқа салды. Журналистерді жан-жақты болуға жетелейтін жарыс тек мамандықтың негізгі бағыттарына ғана арналды: теле және радио, баспасөз, онлайн журналистика секілді салалар бойынша топтық тапсырмалар орындалды. Жарыс қызықты да тартысты өтіп, оқ бойы оза шауып шыққандары жүлделі орындарға ие болды. Жарыстың ең ұтымды тұсы – әр аймақтың жас қаламгерлерінің бір шаңырақ астына, бір идеяның төңірегінде бас қосуы. Бұл, біріншіден, тәжірибе алмасуға, бір-біріне үлгі-өнеге көрсетіп, үйренулеріне тәп-тәуір мүмкіндік берді. Жастық жалын мен жігер жетелеген жас өскіндерді осындай ғылым мен білім жарысы қазақ журналистикасы болашағының кемел екендігіне сенімдерін нығайта түсті.

Сол жігер, сол жалын ЕҰУ студенттерінде жоқ деп ойламаймыз. Керісінше, еліміздің терістік астанасындағы білім ордасында үлгі аларлық біршама сонылық табылып қаларына еш күмәніміз жоқ. Қанша дегенмен, саяси-әлеуметтік бастамаларға таяу отырсыздар ғой. Сіздердің журналистика және саясат тану факультеттеріңізде тың ой мен тосын жаңалықтар баршылық-ақ шығар. Біздер, ҚазҰУ студенттері, шынайы бәсекелестікте сіздерден озып шығу үшін бас көтермей дайындалып, өздеріңізді ынта-ыждаһатпен күтіп едік. Тіпті соңғы күніне дейін үміт үзбестен, ұйымдастырушылардан сұрағыштап, тізімді қайта-қайта тексеріп бақтық. Өкіштісі сол, сіздердің тараптарыңыздан сындарлы іске деген ынта-ықылас ажарын аңғара алмадық.

Шақыру барлығына бірдей жіберілсе де, ЕҰУ журфагінің үн-түнсіз қалуы – шынымен де, ойланарлық жайт. Жыл он екі айда бір-ақ рет республикалық ауқымда өткізілетін журналист-білімгерлердің сайысынан себепсізден-себепсіз сырт қалуларыңыз қазақ журналистикасының келешегіне немкетті қарағандық па екен деген ойға қамайды бізді осы тұста. Қара шаңырақтың ұйымдастырып отырған білім додасына қатысу, меніңше, ЕҰУ шәкіртеріне де үлкен мәртебе деп білеміз. Оның үстіне, бой көшседе де басқа тұсқа, ой көшкен жоқ ол жаққа.

Марапатталған студенттер

Былтыр ренжіп қайтқандарыңыздан да хабардармыз. Алайда өздеріңізде білім алып жатқан болашақ журналистердің бағын байлап, жолын кесу, не десеіздер де, дұрыс ұстаным емес. Үлкені бар, кішісі бар, қазақ журналистерінің ынтымақтағы мен ауыз бірлігі көңіл көншітпейді дегенді жиі айтады. Ал тірлік пен бірлік осындай жағдайлардан бастау алады емес пе? Естуімізше, қара шаңырақтың әділдігіне күмән келтіріпсіздер. Жүлделі орындарды ҚазҰУ өздеріне бұра тартады десеңіздер, қателескендеріңіз! Бәрі әділ шешілді. Құтты қонағын құдайындай сыйлаған халықтың ұрпағымыз ғой. Жан-жақтан ат арылтып келген болашақ журналистерді разы етіп қайтаруға бір кісідей жұмылдық. Мәселен, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды топтарына ұялы телефондар сыйға тартылды, бағалы энциклопедиялық басылымдар берілді. Үш номинация бойынша отызға жуық жүлделі орындар тағайындалып, меймандар дән риза болып қайтты.

Бірақ мәселе, қол жеткен орында да, алған сыйлықта да емес. Мәселе – қазақ журналистикасының болашағында. Тіліміз заңды тұғырына қона алмай, дініміз әрі-сәрі, діліміз әрі тарт, бері тартпен әлектеніп жатқан мына заманда қазақ журналистерінің татулығы, ынтымақтастығы, бірін бірі демеуі ауадай қажет екенін өздеріңіз де түсініп отырған шығарсыздар? Әсіресе қара шаңырақ ҚазҰУ-нің журфагі мен оның ізбасары, соңына ерген қарасы – ЕҰУ журналистика факультеттерінің арасында әманда түсіністік пен адал ниеттің жүргені абзал. Өйткені бәріміздің илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы емес пе?

Жания Әбдібек

ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің 2-курс студенті

Парақшамызға жазылыңыз

5 Comments

  1. Мықты журналистеріміз көп болсын! Барлық жеңімпаздарды құттықтаймын :))

  2. Жания олимпиада барысын жаксы жазган. Сонымен катар бұл жерде автор макаласы арқылы астаналык әріптестерін төмендетуді емес, қайта олардың жігерін жануды мақсат еткен. Менің ойымша келесі жылы ЕҰУ студенттері өздері-ақ сұранып келетін болады осы жарысқа. Кызылордадан барган катысушынын бірімін. Ұлттық университет студенттері жылы шыраймен қарсы алганына біз де куандык. Ал журналистика саласына келмей жатып әр өңір жастары өздеріне бұра тартса, онда болашақ жайлы әңніме айтудың өзі қиынға соғары анық. Сондықтан ізгі ілтипатымыз бен достыгымыз берик болсын достар!

    • Расында да биылғы жылғы журналистика факультетінде өткен пәндік олимпиада болашақ нағыз журналистерге тән кәсіби біліктілікті шыңдау үшін өте пайдалы болды деп есептеймін. Ұйымдастырушыларына, әсіресе ғылым жөніндегі орынбасар Мысаева Қарлыға апайға үлкен алғысымызды білдіреміз. Шақырыңыздар, келер жылы да қуана келеміз.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі