/

Тұрсын Жұртбай. Абай және экономикалық тәуелсіздік мәселесі

1296 рет қаралды

“ӨЗІМДІКІ ДЕЙ АЛМАЙ ӨЗ МАЛЫҢДЫ… “

(Абай және экономикалық тәуелсіздік мәселесі)

 

I

Дананың ой-ағымына тосқауыл қойылмайды. Даналықтың үш мәйегіне: “суық ақылға”, “ыстық жүрекке”, “қол қайратына” сүйеніп, санасын сарғайтып барып қорытқан олардың тұжырымдарының қай-қайсысының да астарында түйсіктің (интуицияның) ашылмаған сәулесі жатады. Кейде оны ой иесінің өзі де сезінбеуі мүмкін. Бір толқынды екінші толқын қуып, шайқай-шайқай тас пен тамырды маржанға айналдыратыны сияқты, ойды ой қуып барып ұлы ұғымдар қалыптасады. Мұндай тосын тұжырымдар Абайда да жиі ұшырасады. Соның бірі арнайы сөз еткелі отырған ұлттық тәуелсіз ықтисатқа (экономикаға) байланысты.

Әрине, ақыннан, оның ішінде Абайдан ықтисатшы шығара алмайсың. Ол –  далбасалық. Бұл туралы Мишель Эйкем де Монтеньнің: “Ақымақтық кез келген құбылысқа тән нәрсе, тек поэзияға ғана ақымақтық жараспайды” –  дегені бар. Бірақ та, “еріншек, бекер мал шашпақты” қалай түсіндіруге болады? Мұны қандай ықтисаттық заңдылыққа сыйғызасың? Әлде, ақынның тіл үшіне оралған қатардағы нақыл сөздің бірі ме?

Өзге туралы мұны айтуға болар, алайда Абайды әншейін адам деудің өзі күпірлік. Өз заманы мен ұлтының озық ойлы өкілі ретінде тіршілік алқымына назар салмауы мүмкін емес. Оның үстіне қазақ ұлтының саяси және әлеуметтік жағдайы соған мәжбүр етті.

Ел жұрты тәуелді болған ақынның тәуелсіз өмір сүруі мүмкін емес. Ұлттың жат жұртқа басыбайлы болуының басты себебінің ең үлкені сонда жатыр. Дерттің емін білмесе емдеп қажеті не?

Ал экономикалық тәуелділікті өлеңінде де, “Қара сөзінде” де қозғап, көркем ойдың өзегіне арқау еткен және соның өлшеміне сыйдыра білген Абайды тым қарабайырландыруға да болмайды. Бұл ретте Қадыр ақынның: Абайдың әр жолын жеке бұтарлап алып, оны орынды-орынсыз қилы-қилы құбылыстармен салыстыру жөнсіздік деген пікір дұрыс. Дегенмен де, Абайдың астарлы ойын таза поэзиялық толғау, образ, теңеу тұрғысынан қарап, жеңілдетіп жіберу де “жанашырлық” емес. Біз жиі-жиі сөзіне жүгінген П.Я.Чаадаев: “Ақындық шабыт дегеніміз менің көзқарасымша, тек қана жалынды сөздердің шарпысуы емес, сонымен қатар идеялардың да буырқанысы… Қарасөзге сүйенген ақын емес… Мен ақындардан: менің рухымды қалай астаң-кестеңін шығарып тебірендірсе, жүйкемді де дәл солай сілкілеуін талап етемін” – депті. Абай осы екі қасиетке де ие ақын. Абайды оқығаннан кейін “жүрегің тілім-тілім” боп, өзегің өртеніп, сілікпең шығып қалады. Он-он бес күн өзіңе-өзің келіп, ойыңды жинақтай алмайсың. Өмірдің тереңде жатқан бар құбылысы ақыл толқыныньщ бетіне шығып, сергелдең күй кешесің. Соның ішінде ұлттың, күнкөрістің қамы да бар. Бұл пікірді кекетуге болар, бірақ соны айтып кеткен Абайды кекете алмайсың. Сіз түсінгеннен гөрі ол әлдеқайда астарлы жайды мегзеп тұр. Абайдың Ұлылығының өзі сонда жатыр. Егер экономикалық тәуелсіздікті тілге тиек етпесек, онда:

Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың, –

дегенді қалай түсінеміз және қалай түсіндіреміз?

Тамыры елінің тәуелсіздігінің тағдырымен жалғасып тұрған бұл пікірді поэзиялық күрделі ой ағымын білдіретін өлең жолдары ғана деуге бола ма? Астарсыз, “қыздырмалаған қызыл сөз” үшін жазылса, онда Абай – Абай бола ма? Олай болуы мүмкін емес. Егер солай болса, онда Абай:

Сөз айттым: “Әзіретәлі, айдаһарсыз “,

Мұнда жоқ “алтын иек, сары ала қыз “.

 … “Әсіре қызыл емес ” –  деп жиренбеңіз,

 Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз, –

демес еді.

Сондықтан да, поэзияны “ақымақтандыру” бір басқа да, оның астарын ашу бір басқа. Яғни Асан қайғы айтқандай:

 Таза мінсіз асыл тас,

Су түбінде жатады.

Таза мінсіз асыл сөз,

Ой түбінде жатады.

Су түбінде жатқан тас,

Жел толқытса шығады.

Ой түбінде жатқан сөз,

Шер толқытса шығады.

Ал Абайдың “ой түбінде жатқан сөзі” де, оны “толқытатын шері” де бір басына жеткілікті болатын. “Жарлы емеспін, зарлымын”, –  деуі де сондықтан.

Демек, экономика мен поэзия да тоғысады екен. Оны тоғыстырып тұрған “шерлі толқын” –  тәуелсіздік.

Қарабайыр түсінікпен қарасаңыз, экономика мен поэзия ешқашан басы қосылмайтын ұғымдар, яғни ит пен мысық сияқты. Демек, экономист пен ақын кереғар тұлғалар. Бірақ даналардың ойына шекара жүрмейді. Сол экономика мен поэзияны, экономист пен ақынды, тіпті ит пен мысықты да рухани татуластырып, поэзиялық бейнеге айналдырып жіберетін ұлы, сиқырлы, қасиетті ұғымдар болды. Соның бірі –  бостандық деген сөз. Егер азаттыққа, рухани еркіндікке, тәуелсіздікке қызмет етсе, кез-келген қарама-қайшы ұғымдардың өзі үйлесім тауып тұрады. Өйткені, “жан бостандығы” – ақын Абайға да, физик Сахаровқа да, зұлым Чакаға да, қасиетті һәм қажет. Қытай ғұламасы Конфуций:

“Әрбір нәрсенің бастауы мен аяқтауы болады. Адамның ісі де солай: Өзінің бас-аяғынсыз бірде-бір іс жоқ. Оның басталуы мен аяқталуын анық түсінген адам ақиқатқа жақын тұрады”, депті.

Ендеше, біз де басталған ойды одан әрі Абайдың өлеңдері мен “Қарасөзіндегі” “экономикалық тақырыпты” сабақтау арқылы дамытамыз. Ешқандай қисынсыз һәм үмітсіз тақырып. Бірақ ұлы Абайдың өзі соған еріксіз мәжбүр етіп отыр.

Әңгімені саясаттан, дәлірек айтсақ, саяси экономикадан бастайық. Дүниенің құлқын өзгертетін және оны зерттейтін ғылымның бұл саласының жетістіктерін түгелдей саралап шығу қиын. Бірақ Абайдың “экономикалық поэзиясына” жақынырақ тамырластыру үшін Абайдың өзі тікелей әкімшілік тұрғысынан бағынған және сол жердің елі мен мекенін отарлаудың жоспарын жасаған аға тексерушінің (ревизордың) пікірі мен мәліметтеріне жүгінеміз.

Сонымен, қазақ жері толықтай Ресейдің отарлық дәргейіне көшті. Жерді аршындап өлшеп, әр тасын есептеп алды. Билік “Екінші низамнан” кейін толықтай патша дәбірлерінің қолына өтті. Рухани тәуелсіздіктің рухы жойылды. Енді халықты бүтіндей тұншықтырып, басыбайлылыққа айналдыру үшін экономикалық кіріптарлыққа түсуі керек еді. Мұның алғышарттары белгіленіп қойылған. Тек соңғы дайындықтар жасалып жатты. Омбы бақылау палатасының аға ревизоры И. Мельников қазақ ұлтын бүкілдей басыбайлы етіп, шоқындырудың шешуші жоспарын, яғни “Үшінші низамды” тағы да бір тексеруден өткізіп, ол туралы тұжырымын мәртебелі ағзамның кеңсесіне жолдады. Мұндай әрекеттің жүргізіліп жатқанынан Абай толық мағлұмдар болатын. Олардың мақсаты да белгілі. Сонда қазақтарды не күтіп тұрды? Отар елдің келешектеті тағдыры шешіліп қойылған еді. И.Мельниковтың пікірінше:

“Қазақ халқының тағдыры біздің жер шарын мекендеген өзге елдер сияқты адамзат қоғамының пайда болуы мен дамуыңдағы тарихтың жазылмаған заңына бағынышты және солай аяқталады. Ол заң бойынша: жер бетіндегілердің барлығы, оның ішінде адамдар да қоршаған орта мен қалыптасқан жағдайға бейімделсе және оған бағынса ғана өмір сүре алады. Ал оған мойынсұнғылары келмегендер жер бетінен аяусыз түрде жойылады. Қалыптасқан осындай жағдайға қазақ халқы мойынсұнып отыр ма? Қалай? Қайда? Не үшін және қандай дәрежеде? Бұған жауап беру деген сөз  қазақ халқын алда не күтіп тұр, қантөгіске ұшырамау үшін не істеу керек деген мәселеге жауап беру болып табылады” –  екен.

Мұндағы “қалыптасқан” жағдай деп отырғаны отарлау мен басыбайлылық. Оған көнбесе, “жер бетінен аяусыз жойылады”. Міне, империяның қазаққа дайындап қойған “тарихи орны”. Қазақтан әскер алу екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі мемлекеттік қажеттілік емес, одан он бес жыл бұрын жоспарлап қойылған жай. Тек соның “шағымды” сәтін күтіп тұр еді. Ол үшін жаппай шоқындыру және отырықшыландыру жөніндегі жазалау шаралары жүзеге асырылуы тиіс болатын. Жердің қазақтарға қоныс болудан қалып бара жатқанын, жанына қысым түсіп келе жатқанын Абай да сезіп:

Басқа сая, жанға олжа дәнеме жоқ,

Қайран ел осымен жүр далақтап,

деп күйзеледі.

Қара бұлттың төнгенін дәл Абайдай сезініп, қалың ойдың қоршауында қалып, торыққан жан ол заманда сирек кездеседі. Түйсінгендер бар, бірақ, жүрегі қапа мен қайғыдан жарыла түңілген Абай ғана. Қалыпты қазақ тіршілігінің бұзылуы, көшпелі өмірдің керуенімен қоса қазақтың да жер бетінен ысырылуы оның жанына қатты батты. Қалайда елімді ел етемін деген арманы кесілді. Сондай сәттерде торығып:

“Дәл осы күнде қазақтың ішінде кімді жақсы көріп, кімді қадірлеймін деп ойладым. Байды қадірлейін десең –  бай жоқ. Бай болса, өз басының, өз малының еркі өзінде болмас па? Ешбір байдың өз малына еркі өзінде жоқ … Болыс пен биді құрметтейін десең – құдай берген болыстық пен билік те жоқ. Сатып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ. Ендігі қалғаны қу мен сұм. Олар өзі де қуартпай, суалтпай тыныштық көрер емес. Жә, кімді сүйдің, кімнің тілеуін тіледің?” –  деп көңіліне медеу іздейді.

Ондай демеу мен медеуді Абай таба алмады. Табуы да мүмкін емес еді. Жер де, ел де, оның байлығы да толықтай империяның дәргейіне көшкен. Олардың қостауынсыз, қолпаштауынсыз малыңды малдап, жаныңды жандай алмайсың. Билік те, тіршіліктің көзі де жаттың қолында. Бірақ соны қазақ елі түсінбей, әрқайсысы өзінің бір күндік қам-харакетін “үнем қылып”, елдіктің рухынан айырылды. Жаппай көрсеқызарлық пен пысықтық, жалған мақтан мен жалған намысты малданып, тіршілік еркінен айрылып қалғанына ызаланып:

“Ендігі жұбаныш: “Жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той. Көппен бірге болса болады да деген сөзді жұбаныш қылады. Оған құдай тағала айтып па: көптен қалмасаң болады деп, көпке қаһарым жүрмейді деп? Көпке тұзағым жетпейді деп пе? Ғылым көпке келіп пе? Біреуден тарап па? Хикмет көптен тарай ма? Бірден тарай ма? Көпке қорлық жүрмей ме?” –  деп назаланады.

Біреудің малы жұтқа ұшыраса күйінбейтін, өзінің малының амандығына сүйінетін жұрттың томырық психологиясына ашынды. 1864 жылғы “Екінші низамнан” соң жер де, оның байлығы да Ресейдің меншігіне көшті. Анна Иоановнаның бодандық дәргейіндегі қателіктерді отаршыл ел түзеп, заңдастырды. Бұл тұзақ жекеге емес, баршаға түскен тұзақ. Абай өзінің қара сөзінде соны мегзеп отыр. “Көпке қорлық жүрмей ме?” деп сұрақ қоюдың мәні сол.

Көпке зорлық жүреді. “Көп” қана емес, мұқым ұлтқа қорлық пен зорлық көрсету заң арқылы бекітіліп, енді соның жүзеге асатын мезгілі анықталып жатқан болатын.

(Жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар