//

Тұрсын Жұртбай. Абай және экономикалық тәуелсіздік мәселесі(жалғасы)

1367 рет қаралды
1

“ӨЗІМДІКІ ДЕЙ АЛМАЙ ӨЗ МАЛЫҢДЫ… “

(Абай және экономикалық тәуелсіздік мәселесі)

(Мақаланың басы)

Ресей үшін оның мәселесі шешіліп қойған. Тіпті қатардағы чиновниктердің бірі И.Мельников үшін оның өзі айдай анық еді. Мұны қоныс аударушылар да білді. И.Мельников өзінің “Қазақтарды Сібір қазақ әскерінің маңынан 10 шақырым (верст) аулақ қоныстандыру үшін оларды көшіру және қора-жай салу үшін 500 сом бөлу туралы мәселеге орай” берген мәлімдемесінде:

“Інжілдегі” дәруіштер сияқты емін-еркін өмірдің, Арабстандағы бәдәуилер іспетті көршілеріне шапқыншылық жасаудың дәуірі біткендігін, енді жерге қоныстанудың қажеттігін, болашақта өздерін не күтіп тұрғанын қазақтар да сезетін сияқты. Олардаң тым сылбырсып жүргендігінің бір себебі, олардың қай жерге барып ұя салары толық белгіленбегеңдіктен деп есептеу керек. Осы халықтың тағдыры туралы тарих шығарған қатыгез үкімге қарамастан көңілге уайым түсірер бір күдік туралы айтпай кетуге болмайды, қыр жағдайымен етене танысқан соң мұндағы адамның өмірі табиғи ерекшеліктерге бейімделе ала ма деген ой келеді. Бұл арада орыстар тұрақты қоныстана ала ма? Қазақтардың малдарына қолайлы жерлерін алып алған соң олар кедейленіп шыға келеді. Ал ол араға қоныстанған орыстар кетіп қалу қаупі бар, ендеше бұларды асығыстықпен көшірмей, қарайласа дұрыс болар еді… Олардың өміріндегі мұндай экономикалық қасірет номадтардың тарихы мен әлеуметтік жағдайының нәтижесіңде қалыптасқан қажеттілік… Қазақ даласындағы экономикалық күйзелістің басты себебі номадтардың қөшпелі тіршілігіндегі дәстүрлі қарым-қатынастың бұзылуы екенін үкімет ескертуі тиіс”, – деп жазды.

Иә, әрі үкім, әрі нұсқау.

Қазақтар жерге қоныстанса да аштан өледі, сол көшпелі қалпын сақтаса да аштан өледі, сол көшпелі қалпын сақтаса да жұтқа ұшырайды. Жаз жайлау, күз күздеу, қыс қыстау жайына қалады. Шөл мен тастақ жер ғана олардың еншісіне тиеді. Көшпелілерді күйзелту – экономикалық саясаттың басты бағыттарының бірі. “Жер өспейді, ел өседі”. Мұны көзімен көрген Абай өз тұсындағы келімсектер араласқан жұрттың жайын:

Жетіліп жаз жайлауға қона алмай жүр,

Күз күзеуде жанжалсыз бола алмай жүр.

            Қыс қыстауың қып-қызыл ол бір пәле,

            Оралып еш шаруа оңалмай жүр,

деп бейнеледі.

Дәл осы сөздің рас екендігін көп өзеуреп жатпай-ақ әлгі И.Мельниковтың:

“Түркістанды бағындыру арқылы даланың оңтүстігі қоршалды, бұл қазақтардың толықтай Ресейдің қол астына көшкендігінің ең шешуші пәрмені болып табылады: соның нәтижесінде, бір жағынан, қазақтардың азиялық хандықтарға емін-еркін көшуі тоқталса, екінші жағынан, қазақ даласына орыстардың жаппай қоныстануы күшейді, олар қазақтардың қонысына жайлы жерлерді орыстар егін салу үшін басып алып, өздерін қуып шықты, қысылып-қымтырылған қазақтар тұйықтан шығу үшін сулы жерге, көбінесе жағасы шалғын, нулы, бірақ та орыстар бекініп алған Ертіс өзенінің жағасына қарай ығысты, онда бос жер қалмағандықтан да жайылымды жалға ала бастады”, –  деген мәліметін келтірсек те жеткілікті. Қазақ елі өз жерінде, өз елінде отырып, жатқа жалынышты болды. Бұл дегеніңіз нағыз экономикалық тәуелділік еді. Соны білгендіктен де Абай:

Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың, –

деп отыр.

Ресей империясы “қазақтарды жер бетінен мүлдем құртып, жойып жіберу” үшін оның ең алдымен дәстүрлі көшпелі экономикалық қарым-қатынасын бұзды. Ал қыр елінің бар тіршілігі соған негізделген болатын. Көшпелі өмір салтына бейімделген күнкөріс қамы –  олардың өмір тірлігінің кепілі, ең қасиетті мүддесі, ешқашанда бұзуға болмайтын заңы еді. Жайлау, күзеу, қыстау, көктеу –  тек қана “қаңғыбастыққа” құмарлық емес, өмір сүрудің тәсілі болатын.

Ұшы-қиырсыз жерді мекендеген көшпелілердің солтүстік қанаты көшпелі, оңтүстік қанаты жартылай көшпелі, жартылай отырықшылық тіршілік құрып, егіншілікпен айналысты. Олардың арасындағы экономикалық байланыс үзілген жоқ. Соның нәтижесінде көшпелілер тілдік, ортақ экономикалық, ұлттық бірлігін сақтап қалды. Сондай ұлттық экономиканың ең көне әрі негізгі көзінің бірі –  Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” эпопеясында күз айының салтанатты бір суреті ретінде суреттеліп, ауылдың қасынан өтіп бара жатқан керуенге қарап: “Алақай, Ақ шом кетіп барады!” –  деп қуана айқайласатын, ал Абайдың өзі:

 

 Қаз, тырна қатарласып қайтса бермен,

 Астында “Ақ шомшы ” жүр, ол бір керуен, – 

дейтін “Ақ шомшы”.

Осы “ақ шом” экономикалық дәстүрін сақтаймын деп “Алаштың” Әлихан бастаған азаматтары өзінің өмірін қиды. “Ақ шом” –  қазақ көшпелі экономикасының ең мүдделі тәсілі еді.

Ол – нарық. Ол –  тіршілік. Ол –  елдіктің кепілі.

Қысы ұзақ солтүстікте астық өндіру, жеміс-жидек, бақша баптау қиын. Ал оңтүстіктегі егіншілік өлкеде мал тұяғы умен тең. Сондықтан да көшпелілер “Ақ шом” айналымын қолданды. Күзде солтүстіктегі малшылар өзінің темір-терсек, жүн-жұрқасын артып, түйеге қомдап, оңтүстікке аттанады. Әр үйден, ауылдан белгілі азаматтар ере шығады. Сарыарқа мен Мұғаджардан ағылған “ақ шомшылар” күзде қаздай тізіліп оңтүстікке кетіп бара жатқан. Қайтқан құстармен қоса даланы дуға бөлеген бұл салтанатты көріністі Абайдың жырлауы тегін емес.

“Ақшомшылар” арысы Бұхара, Самарқаннан, Хиуадан, берісі Түркістан, Шаштан “тамыр” табады да әлгі апарған тері мен жүнін астыққа айырбастайды. Әркімнің өзінің күні бұрын келіскен адамы бар. Екі жақта өзгеге қолындағысын бермейді. Өнімдерінің сапасына сенеді. Жұт, қуаңшылық жылдары несиеге алады. Сонау миладиден бұрынғы скиф заманында да солай болыпты. XX ғасырға да сол қалпы жеткен. Ол туралы элладаның саяхатшысы Страбон жыл қайыруымыздан бұрын бес ғасыр ілгері заманда:

“Номадтар қарақшылық, шапқыншылықтан гөрі, көбінесе дүркін-дүркін жорыққа аттанып тұруға әуес және қолүздік үшін аттанады; олар жер өңдеуді білетін диқандарға өздерінің қол астындағы жерді бөліп береді, шыққан егіннен белгілі бір мөлшерде болмашы ғана ұшыр алады. Мұны олар қорлану, баю үшін емес, күн сайынғы тіршілік қажетін қамтамасыз ету үшін ғана жияды; егерде әлгі несиені бермеген жағдайға ғана оларға қарсы жорыққа аттанды… Шындығына келсек, сол несиенің өзі оларға дұрыстап төленбейтін. Өйткені, олардың шабуылын оп-оңай тойтарып тастаймыз немесе қарсы жорыққа шығамыз деп үміттенетіндер мен өз күшіне сснетіндер ғана салым төлемейтін”, (VII.4.6.) – деп жазды.

Демек, “ақ шомның” негізі есте жоқ ескі заманда қалыптасқан. Ол кезде Ресейдің қандай мәдени-экономикалық дәрежеде болғанын бір алла біледі. Анығы, көшпелілердің тіршілік саясаты айналымға құрылған. Олар бұл түзілімді бұзғандарды аяусыз жазалап, тиісті сыбағасын сыпырып алып отырған.

Дәл осы экономикалық саясатты Әлихан Бөкейханов пен Швецов та ұсынады. Егерде жедел отырықшылануға көшсе қазақ халқы сөзсіз ашаршылыққа ұшырайды. Екіншіден, көшпелі экономикалық түзілімді сақтамаса, онда сөзсіз тәуелділікке көшіп, таза шикізаттың құлына айналады. Үшінші, олар крестьянданып, тез шоқынуға бейімделеді, –  деп есептеді. Ресейдің қазақты отырықшыландыруға қатты кірісіп, бар ынтасын салудағы пиғылы да сол шоқындыру болатын. “Айқап” журналына қарсы пікір айтқан “Қазақ” газетіндегі “Алаш” азаматының ойының түпкі төркіні сол еді.

Ол жоспарды “коммунист-колонизаторлар” (Смағұл Садуақасов) жүзеге асырды. Қазақ даласы мен ұлты таза экономикалық басыбайлы шикізат қоры ретінде өлі денеге айналды. Абайдың тұсында бұл дерт меңдеп бара жатқан. Әлі де ет қызуы басыла қоймаған жастарға осы “жансыз болашақты” мегзеп:

Салынба, қылсаң-дағы сан құмарлық,

Алдыңда уайым көп шошынарлық, –

дейді.

Шынында да, “шошынарлық заман” алда еді. Абай экономикалық тәуелділіктің “одақ” деген бүркемесінің де тамырын басып, оның басыбайлылыққа қызмет ететінін білген. Ол өзінің “Алтыншы сөзінде”:

“Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Бірлік малға сатылса –  ант ұрғандықтың басы осы”, – дейді.

Мұның астары – шикізатынды беріп отырсаң “күшті өкіметке” жағасың, саудаң жүрсе – доссың, сарқылған күні – итке тастаған қу сүйексің. Соған тәуелдісің. Бұл –  бірлік, достық, интернационалистік емес, “ант ұрғандықтың”, яғни құлдықтың басы дегенге салды. Жалданудың бүгінгі көрінісі –  жалақы. Бірлігіңіз –  одақ. “Антұрғандық –   экономикалық тәуелділік. “Өз малынды өзіңдікі дей алмай, күндіз күлкінің, түнде ұйқының бұзылуының” себебі де сонда. Көмпіс елге қарата:

 Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,

 Сапырылды байлығың, баққан жылқың,

дейді Абай.

Бұл – толық бодандықтың сыпаты. Кен сапырылды. Тасылды. Одан қазаққа бір тиын да пайда түспеді. “Бірлік жоқ” дегені –  ұлттық тәуелсіздік жоқ дегені. “Береке жоқ” дегені –  ұлттық экономика жоқ дегені. Ал, “шын пейіл жоқ!” дегені –  “жан бостандығы жоқ!” –  дегені.

Поэзия мен экономика түйіспейтін ұғым болса да Абайдың өлеңдерінде бұл екеуі кәдімгідей әлеуметтік рух танытады. “Ақ шомның” керуенінен басталған көрініс ұлттық бостандық ілхамына ұласады.

Ресейге деген экономикалық тәуелділік бұрын да болған. Әсіресе, “Алтын орданың” дәуірінде ол қатты жолға қойылды. Бірақ ол кезде көшпенділердің толық тәуелсіз, ал Ресейдің жартылай бодан кезі болатын. Бірақ алыс-беріс тең дәрежедегі сыпатта жүргізілді. Абай тарихтың сабағын да ұмытпайды. Ол:

“… Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлгенінің “ахиреттігін”, тірісінің киімін сол (ноғай көпестері – Т.Ж.) жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірлеп (өлшеп –  Т.Ж.), сол айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да орыстың өнерлерін бізден олар (ноғай, сарт, т.б.) көп үйреніп кетті”, – дейді “Екінші сөзінде”.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар