//

Студент немесе алыпқашпа жұмысшы

1286 рет қаралды

Бүгінде еліміздегі жоғары оқу орындары 200-ден аса мамандық түріне оқытады. Алайда орта білімі бар, университет тәмамдаған түлектердің 74 пайызы меңгерген мамандықтары бойынша жұмыс істемейді екен. Оқу мен жұмысты қатар алып жүрген студенттердің көбісі алыпқашпа кәсіппен айналысады. Бұған не себеп?

Қазақстанда жас мөлшері 14-тен 29-ға дейінгі адамдар жастар қатарына жатқызылады. Бүгінгі таңда жастар халқымыздың 30% құрап, қоғамның маңызды бөлігі болып табылады.

Осыған сәйкес, жастар саясатының қазіргі жағдайы мен оның болашағын айқындау мәселесі үлкен өзектілікке ие. Жастардың бәсекеге қабілеттілігін қолдау және дамыту Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының стратегиялық маңызы бар басымдықтарының бірі.

Бұл мәселенің шешімін табудың өзіндік жолы ретінде 2009 жылы «Дипломмен ауылға»  бағдарламасы ұйымдастырылған болатын. Бағдарламаның идеясы бойынша медецина, өнер, білім, спорт секілді мамандық иелері ауылдық жерлерден қоныс тебу керек еді. Көтерме жәрдемақы ретінде төленетін ақшаға қосымша бюджеттік несие беру мақсатында 3,5 млрд. теңге бөлінген болатын. Алайда жастарымыз осы акция бойынша ауылдық жерлерге барып жұмыс істеуге асығар емес. Олардың көбісі Алматы, Астана секілді еліміздің ірі қалаларында тіршілік етуді қалайды. Ол да түсінікті. Жаңа ғана диплом алып үлкен қаланың тынысына енді бой үйрете бастаған балғын қыздар мен жігіттер жаһанданудан шет қалған шалғайдағы ауылдарына қайтқысы келеді ме? Әрине жоқ.

Айта кететін жайт, жоғары оқу орындарының түлектері оқу барысында алатын теориялық білімі, іс жүзіндегі дағды мен ептілікті былай қойғанда, еңбек нарығындағы жұмыс берушілердің талаптарына мүлдем сәйкес келмей жататыны жасырын емес. Осылайша, Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы студенттердің мамандану деңгейі шынайы өмір ағымы мен талаптарына жауап бермейді деуге толық негіз бар. Бұл университет қабырғаларында білім беретін профессорлық-оқытушылық құрамның өзгермеуі мен ұсынған білімдерінің бір сарынды, жаңа үрдерістерге сәйкес болмауына байланысты. Өмір көрсетіп отырғандай, жоғары оқу орындарының түлектері өз мамандықтары бойынша жұмыс таба алмай, басқа кәсіппен айналысады немесе сұранысқа ие мамандықты алу мақсатында қайта оқуға түсуге мәжбүр. Жастардың мамандық бойынша жұмыс істемеуінің тағы бір себебі – кәдуілгі тіршіліктің күйбеңі, күнделікті қажеттіліктерді өтей алмауы. Мәселен студент айына 17200 теңге шәкіртақы алса оны тамағына, киіміне, жолына де жеткізуі тиіс. Бірақ студент күнде бір дағдылы өмір сүретін робот емес қой. Ол да адам. Студентте бір уақыт театр, музей, киноға барып дем алғысы келеді. Білкім жолдасын бірге ерте барар. Қаламыздағы кез келген кинотеатрдағы бір билеттің құны 1400 теңгеден кем емес. Бүгінде киноға бара алатын студент ауқатты есептеледі. Күлкілі әрине, бірақ шындық. Осы жайттардың бәрі студентті алып-қашпа жұмыс іздеуге мәжбүрлейді. Көбісі күндізгі бөлімде оқитындықтан нәпақасын түнде табуды жөн санайды. Түнімен ұйқысыз жұмыстан қол босатпай күндіз жартылай жансар аудиторияда отыратын студенттің білім деңгейі қандай болмақ? Иә, ондайда білім сапасы жайлы айтудың өзі артық.

Осы ретте, білдей мамандық иесі атанып кәсібінің бүге-шүгесіне дейін меңгеруге тиіс студенттер арасында сауалнама жүргізіп, бос уақытын қалайша өткізіп жүргендері жөнінде біраз сұрастырып көрдік.

Ерік Сұлтанғазиев, Қазақ Ұлттық Аграрлық универсітетінің студенті:

– Мен қаламыздағы кафелердің бірінде даяшы болып істеймін. Жалақым өз басымнан аспайды. Жұмыс түнде басталатындықтан күндіз ұйқым қанбай жүреді. Ол рас. Сабақта маужырап отырамын. Жұмыс істемей тек сабақ оқиын десем тағы келмейді. Бір кездері жолға да ақша таба алмай қалған кездерім болған. Қайта осылай нан-шайлығымды тауып ешкімке кіріптар болмағаным артық.

Серік Ғарапов, Тұрар Рысқұлов атындағы ҚазЭУ студенті:

– Мен 3 курс студентімін.  Мамандығым қаржымен байланысты. Жұмыс іздеп талай фирмалар мен мекемелердің есігін қақтым. Көбісі жұмысқа алғысы келсе, біразы студентсің деп кеудеден итерген. Күндізгі бөлімде оқимын десем болды барлығы теріс айнала қалады. Олардың айтуынша жұмыс өте көп, сондықтан жарты күндік ісім аздық етеді. Ал жарты күн істеуге қабылдамақшы болғандары диплом талап етті. Осылайша маңдай сорым шығып мамандығыммен пұл табудың бір орайы келмеді. Жақында түнгі клубтан жұмыс таптым. Екі күн істеп, екі күн дем алам. Ақшасы көп деп айта алмаймын. Бірақ қажеттіліктерімді өтеуге жетеді.

Жұмыс берушілердің арасында студент еңбегін жеп, ақысын өтемей кететіндер де кездеседі. Қазақ Ұлттық Универсітетінің 3-ші курсында оқитын Жарқын Есболатов есімді студент анау-мынау емес қалалақ әкімдіктің баспасөз қызметінде жұмыс атқарған. Осынау салмақты мекемеде де еңбекті елемей кеткендер табылыпты:

–  Алғашында мен әкімшіліктің пресс-қызметінде практикада жүрдім жарты ай. Қызметтің бүге-шүгесіне дейін меңгеріп ісіммен біте қайнасып кеттім. Үлкен жиындардың баяндамаларын жазып, жиналыстардың пресс-релиздерін жасадым. Өзімді тек жақсы қырымнан көрсетіп жүргендіктен, жұмысқа таяуда алып қалар деген оймен екі ай алаңсыз жұмыс істей бердім. Бастықтар тарапынан да өзім жайлы теріс сөз естімедім, түгелі атқарып жүрген ісіме оң пікірлерін айта жүрді. Айлығымды әне-міне аламын деп жүргенде тағы бір ай көзді ашып жұмғанша өте шығыпты. Бір күні бастық шақырды өз кеңсесіне. Бүйрегім бүлк етіп қуана-қуана жетіп барғанда көңілім су сепкендей басыла қалды. «Жарқын, жұмысқа епті екенсің, ісіңе разымыз. Бірақ сенің орныңа басқа жігітті алатын болдық» деген сөзді ғана естідім. Аң-таң қалғанда аузым да ашылып қалыпты. «Неліктен?», «Еңбегім қалайша көңілден шықпады?» деген сияқты мыңдаған сұрақтар бірінен кейін бірі келіп миыма тыныштық бермеді. Мұнда да тамыр-таныстық алдымды орап кеткенін кейінірек ұғындым. Осылайша үш ай тапжылмай еңбек етіп ақыры жерде қалған жайым бар, – деді Жарқын.

Мұндай келеңсіздіктерді шешудің ең дұрысы жолы – соңғы курстардағы болашақ мамандарға жетекшілік ету болып табылады. Студенттер оқуын іс-тәжірибемен қатар алып жүре алатындай мүмкіндік жасалса басқа кәсіп іздеп бас сауғалмас еді. Мәліметтер қорын құру, ағымдағы бос орындар мен болашақта босайтын жұмыс орындарын бір орталықтан реттеу – қоғамымыздың басты жарасына айналған жемқорлықты ауыздықтауға мүмкіндік берер еді. Мемлекет осы тұрғыда көмек беру үшін «Жастар практикасы» секілді бағдарламалар қабылдаған. Бірақ бұл жобалар бойынша кез-келген жігіттер мен қыздар жұмыс сұрай алмайды. Қызметке оранласуды қалайтындар қандай да бір оқу орнын бітіріп, қолында дипломы болуы тиіс. Яғни жоба жастардың өз мамандығы бойынша тәжірибе жинақтауына көмектеседі. Өткен жылы «Жастар практикасы» негізінде 14971 адам түрлі мекемелерге  барып, солардың ішінен 651-і өздерінің қабілеттілігін көрсетіп, тәжірибеден өткен жерінен тұрақты қызметке орналасыпты. Жас маманның жұмысқа орналасу-орналаспауы тікелей өзіне байланысты, әрине. Алайда жастарды жұмыспен қамту үшін мемлекет бұдан да тиімді жобалар әзірлеуі тиіс секілді.

Олжас НҰРАЗХАН

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі