/

ПОДОНОК

915 рет қаралды
1

Бұл шығарманың дүниеге келгенiне он жылдай уақыт болыпты. Көрнектi жазушы қаламына арқау еткен мұндай кейiпкерлер қоғамымызда әлi де кездеседi. Бұрын бiрен-саран ғана болса, жыл өткен сайын Ұлтына қарсы пiкiр айтатындар саны көбейiп келе жатқаны өкiнiштi. «Қазақ тәуелсiздiк үшiн күрескен жоқ» дейтiндер де табылады. Ұлттың тiлiне, ұлттың дiлiне қарсы пiкiр айтатындар көбеймесе, азаймай тұрған бүгiнгi қоғамда көрнектi жазушы Мұхтар Мағауиннiң «Подонок» атты шығармасы оқырманға ой салар, көкiрек көзiн оятар деген үмiтпен газетiмiздiң бетiнде жариялауды жөн көрдiк.
Белгiлi, белгiлi емес, атақты, жай ғана атақты емес, даңқты сiлiмтiк Подоноктың кезектi ерлiгi туралы естiген сайын… қаным бұзылатын. Ақыры қолыма қалам алдым. Дәрменсiздiң iсi. Жалғыз мен емес, бүкiл қазақ қауымының басындағы ахуал. Қауқарсыз қара халықты айтасыз, өз келесiне келгенде айдаһардай ақырып, аузынан жалын шашып тұрған билеушi таптың бейшаралық айнасы. Әйтеуiр бiзден сөз қалмасын деп жазып отырыңыз.
Бұл – феномен еді, – тәуелсіздік замандағы таңғаларлық құбылыс. Осының алдында ғана атағы жер жарып шыққан. Әлем үшін болмаса да, қазақ үшін. Жиырма бес жасында – ғылым кандидаты, жиырма сегізінде – доктор. Бірі шынтақ елі, бірі бармақ елі, екі кітабы іркес-тіркес жарияланды. Көшпенді қазақ мәдениеті, көшпенді өркениет тарихы. Екі кітапқа да билеуші орталық – Мәскеу тұрғысындағы беделді басылымдар назар аударды, жәй ғана назар емес, әлде орыс, әлде жойыт, қайткенде де кеңестік ғылымның үлкен тұлғалары тарапынан айтылған қошемет, мадақ. Енді қазақта не жан қалсын. Бірінен бірі озып, дәріптей бастады. Бейресми саналатын, кең таралым, әрқилы сыпаттағы ақпарат, тіпті комсомол жаршысы тұрыпты, республикалық жетекші партиялық газеттің өзі «Жарқырап шыққан жаңа нұр» деген тақырып, басынан башпайына дейін еңселі суретімен, тебінгідей үлкен, түбінен қозғаған терең мақала берді. Бүгінгі қазақи ғылымының тұлғасы – осы… Подонок екен. Бұл Подонок ұлтшыл, кертартпа күштердің зиянкес қарсылығына қарамастан, Қазақстан тарихындағы жаңа бағдардың негізін салған. Ғасырлар қойнауынан қопарып, қаншама жаңалық ашқан. Атақты кеңес оқымыстылары Гундарев пен Губерман жоғары бағалаған. Тек өз жұртында ғана лайығымен танылмай отыр. Жас деп, отызға жаңа келді деп, қисынсыздан тағы бірдеңелерді бықсытып, күні кеше Академияға өткізбей қойды… Алдағы сайлауда Подонок академик болмағанда кім болуы керек? Жетекші партиялық газеттегі жұлдызды мақала осындай, доңайбат сұраумен тәмамдалатын. Келесі жылғы жаңа сайлауда академик дәрежесіне кім өтері айдан анық еді.
Бірақ әлде бақыт, әлде сор… тәуелсіздік келді. Сор болмаса да, бақыт екен. Подонок үшін. Келесі сайлауда, өткен жолғы маңайламағаны тұрыпты, бір де бір дауыс ала алмай, тақыр қайтты. Көлденең жұртшылық бұрынғы ұят-аят, әдеп-тәртіп жайына қалып, бейбастық білгірлік, яғни берекесіз анархияға бой алдырған кәрі академиктердің кенеусіз іштарлығына балаған. Бірақ ескі де болса жаңа атанған егемен өкіметтің көзқарасы түзу болатын. Жақсы есепте тұр. Рухани номенклатура. Ұлт үшін, жұрт үшін, өкімет пен партия үшін қажетті кісілерді аялап сақтау керек, өсіп-өнуіне жағдай жасау керек. Ту көтеріп, Тәуелсіздік алған кезде бұлардың бағасы бұрынғыдан да арта түспек.
Бұл кезде, яғни кеңес өкіметінің соңын ала, шалғай шет елдерде қоғамдық ғылымдар тарабында қаншама халықаралық конференциялар ұйымдастырылып жатар еді. Әрине, әуелгі кезекте заманы өткен, ескілік жаршысы – қаусаған шалдар емес, жаңа дәуірмен бірге көтерілген қылшылдаған жігіт – біздің Подонок аттанатын болды. Көбіне жалғыз, кейде екінші қатардағы тағы бір жастармен бірге. Пәленің шетін шығарған да осы тіркеме серіктері.
Францияда, әлде Германияда өткерілген әлдебір симпозиумда басқа әңгіме жайына қалып, бірге келген екі қазақ өзара айтысып кетеді ғой. Біздің Подонок әлемнің әр қиыры – жиырма жеті елден жиналған ғұламаларды тегіс аңтарып, “Басқа емес, Қазақстанға тәуелсіздік тигені бекер болды, қазақ халқы өркениетке тән мұндай игілікке дайын емес, қара бұқара надан, ғылыми интеллигенция әлсіз, өнер мен әдебиет мешеу, яғни қазақта саналы, ұғымды, білімді элита жоқ, сондықтан қазіргі кезде біздің ел үшін ең зәру, өмірлік, көкейкесті мәселе – Ресейге қайта қосылу!” – деп тұжырымдайды ғой. Жаңа Нұрға тіркеме ретінде барған татымсыз жігіт арнайы баяндамасын жиып қойып, осыған қарама-қарсы түрғыда сөйлепті дейді. Әрине, біздің Подонок жауапсыз қалдырмайды. Тіркеме де тоқтамайды. Сонымен… тегін концерт. Қалған жұрт ауылдағы дау-дамайын шұбалтып әкеп, Еуропаның қақ ортасына жайып салған бейбақ екеуге жымия күліп, қараған да отырған. Ұят болды дейді. Бар кінә жолсыз тіркемеде. Үндемей-ақ қойса ғой, түк те жоқ. Ол аз болғандай, қайтып келген соң тағы қаншама әңгіме көйіткен. Бірақ бұл кеп баспасөзге, не эфирге тарамады, көпшілікке беймағлұм қалған. Естіген бірлі-жарым жұрт мән бермеген.
Осы оқиғадан соң Подоноктың бағы көтерілді. Енді берідегі, өзі қызмет атқаратын жарлы-жалбағай университеттің де, жоғарыдағы, көрінгенге бір жапақтап, қалтырап отырған өкіметтің де керегі жоқ. Қазақстандағы әр түрлі халықаралық қауымдастық пен ұлттық мәдениет ұйымдары қамқорлығына алған. Еркін ойлы ерен ретінде таңдаулылар санатына қосылған еді. Мұхиттың арғы, бергі жағындағы әлдебір алыс шет елдерде бүгінгі Орталық Азия туралы ғылыми конференция немесе абыройлы симпозиум. Тақау төңіректе кешегі кеңестік кеңістікке қатысты, болашақ бірлік қамындағы дабыралы жиын. Тек игі жақсылар, таңдаулының іріктеулісі ғана шақырылатын атаулы басқосулар. Бәріне де Подонок барады. Қайтып келген соң еркін бағдар, демократиялық ой-пікірді орысша басылымдарға құлаш-құлаш сұхбаттар береді. Бүкіл қазақтың, қазақтың емес Казахстанның ақыл-ой, ар-намысы – компартия… е-е… басқа емес, сол ғана сияқты. Алай деп айтқан. Мынаны дәлелдеген. Бүкіл Батыс жұртының көзін ашқан. Көздері онсыз да ашық қой өз тарабында. Мынау – бөтен тарап, яғни сөз – біздің сұрықсыз, демократиялық, адамгершілік қасиет атаулыдан мақұрым қалған жабайы өлке туралы. Неткен шалқар ой, қисапсыз білім. Бірақ… шет елдік сұхбаттарды, оған жалғас толғау мақалаларды бажайлап оқыған жұрт… бұл мәселеде әлденендей кілтипан барын аңдай бастап еді. Арғы беттен де там-тұм хабар жеткен. Америка Құрама Штаттарында, әйгілі Пенсильвания университетінде өткен атаулы кеңесте… біздің Подонок бұл қазақтар ешқашан ерікті ел болып көрген емес, мемлекет құрған емес, өзара қырқысып жатқан жеке рулар ғана болды, олардың өзі әр текті; осындай, пышыраған, бей-берекет жұрт Ресей бодандығына өткеннен соң ғана территориялық-әкімшілік тұтастығын сезіне бастады, ал кеңес өкіметі кезінде қолдан жасалған, иелігі артығымен қиылған жасанды республика құрамында мәдениеті мен экономикасының өркендеуіне мүмкіндік алды, енді міне, ешкім ойламаған, тілемеген тәуелсіздік нәтижесінде пайда болған жаңа мемлекет – тамырсыз ағаш сияқты… деп гәпіреді. Польшадан келген жас профессор сұрақ қойды дейді. «Сіз Қазақстаннан келе тұра, қазақ деген халықтың дүниеде барлығына күмән келтіреді екенсіз. Жөн. Сонда сіздің… ғафу етіңіз, сіздің ұлтыңыз кім болады?» «Онда тұрған ештеңе жоқ!» –дейді біздің Подонок. «Ештеңе бар. Мен полякпын. Орыс емес, француз емес. Және өз ұлтымды ешкімге айырбастамаймын. Екінші сұрақ. Егер сіз айтқандай, бұл қазақ – әр түрлі, әр текті рулардың жабайы жиынтығы болса, олар өзара қандай тілде сөйлеседі? Жетекші диалект қандай?». «Сұрау байыпсыз, –дейді біздің Подонок. – Мен тілші емеспін». «Сіз тілші емессіз, – дейді жас поляк. –Бірақ тіліңіз бар. Жаңа тәп-тәуір ағылшын тілінде баяндама жасап шықтыңыз. Мен сіздің өз Отаныңызда қай диалектіде сөйлейтініңізді сұрап тұрмын». Бұл жолғы сауал тіпті орынсыз еді. Бірақ амал не, әрі жас, әрі поляк. Өзінің киген киім, кескін-кейпі де ғалымнан гөрі көшеде жүрген есірік балаға көбірек ұқсайды. Енді жауап та сауалға сәйкес дөкір шықты дейді. «Мен ондай артта қалған, қараңғы елді өзімнің Отаным деп айтуға арланам!» –депті біздің Подонок. Сол кезде жер түбінен, әлемнің әр қиырынан келелі кеңеске жиналып отырған қасқа мен жайсаң төбеден ұрғандай, түгел аңырып қалды дейді. Әлде Ресей, әлде Армения өкілдері отырған тұстан күлкіге ұқсас шиқыл шықты дейді. Әлде парсы, әлде зәңгі жөткірінді дейді. Міз бақпаған біздің Подонок қана, содан соң жаңағы жас профессор. Кенет жас профессор сыпайы жүз, нақ дауыспен, әуезді, қатқыл, белгісіз бір тілде сөйлеп кетті дейді. Қазақ тілінде. Біздің Подоноктың әлде әкесін еске алған, әлде шешесін мадақтаған. Ата-бабаларын қозғаған. “Я не позволю так оскорблять себя!” – яғни “Мен өзімді бұлайша қорлауға жол бермеймін!» – депті мінбеде құнысып тұрған Подонок күдірейе көтеріліп, таза орысша. Поляк та орыс тіліне көшті дейді. «Кешіріңіз, сіз қазақ бола тұра қазақша білмейді екенсіз. Мен мына сізді көрсе ата-анаңыз қайтер еді, ата-бабаңыз не істер еді дедім. Артық кеткеніме ғафу өтінем. Ал жаңағы, мен айтпаған сөзді айтатын кісі өз еліңізде әлі талай рет алдыңыздан шығады…». Әлде рас, әлде өтірік, осындай шатақ болыпты. Шет ел, мәдениетті жұрт, Құдай сақтап, ақыры дау-жанжалсыз біткен.
Ал Түркияда осы сөз арты – мұрын бұзар төбелеске айнала жаздаған. Осы сөз болатыны – біздің Подоноктың барлық ел, барлық кеңестегі барлық сөзі – бір-ақ сөз. Қазақ – миғұла. Қазақ – хайуан. Тарихы жоқ, мәдениеті жоқ. Ешқашан дербес ел болмаған. Бүгінгі тәуелсіздік – көктен түскен зорлық. Түкке қажеті жоқ. Орыстілділер үшін қасірет. Қазақ үшін азап. Сондықтан да ешкім керексінбей отыр. Шартты түрдегі егемендік деген – билік басындағы жебір топқа ғана қажет. Бәрі де тарихтың мазағы. Бұл жолғы халықаралық ғылыми конференция ұйтқысы – Анкарадағы түрік-американ Билкент университеті екен. Мұндағы көпшілік қауым түріктердің көзі атыздай болды дейді. Осындай, ақылға сыймайтын ғаламат баяндамадан соң естерін жия алмай, мәңгіріп отырып қалса керек. Абырой болғанда, әуелгі сөзді американдық әріптес алыпты. «Сіз, құрметті профессор, адамзат тарихында болмаған жаңалық ашып отырсыз. Жер әлемде азаттық аңсамайтын, еркін өмірден құлдық бұғауды артық көретін халық бар екен. Осы тараптағы ғылыми-философиялық ізденістеріңізді одан ары жалғастыра беріңіз. Бүгінгіден де зор нәтижеге жетесіз. Бірақ менің байқауымша, Сіз философ емес, тарихшы сияқтысыз. Конференцияға қатысушылар анықтамасында солай жазылған. Мен де тарихшымын. Құрама Штаттарда Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан турасында жазылған еңбектер бірталай. Негізі сізге де таныс болуға тиіс. Ендеше, бір сұрақ. Сіз баяндамаңызда, қақас естімесем, бұрын қазақта мемлекеттік құрылым болған жоқ дедіңіз. Ел басқару жарғылары, құқық, заң жүйелері болмады, қауымның жұпыны тіршілік кебіне орай, жабайы түрдегі кейбір нысандар ғана ұшырасты дедіңіз. Мен бергі, Қазақ Ордасын айтпай-ақ қояйын. Сонда қалай, сіздіңше, Алтын Орда – мемлекет емес пе? Ұлы Түрік қағандығына қалай қарайсыз?» «Бұл – жартылай феодалдық, жыртқыш құрылымдардың қазақ тарихына ешқандай қатынасы жоқ!» – дейді біздің Подонок. «Жауабыңызға толық қанағаттанам, – дейді арық, ұзын бойлы, бурыл шашты американ профессоры болмашы тағзым жасап. – Біз білмей жүр екенбіз. Қазақтар Орталық Азияға XV ғасырда космостан десант ретінде түсіріліпті. Мырзалар мен айымдар, құрметті әріптестер, ғафу өтінем, менің әлгіндей сауал қоюымның өзі бекер шықты.» Бірақ сауал қоюға құлшынып отырғандар көп екен. «Түріктер қайдан келген? Олар да космостан түсті ме?» – деп сұрайды біреуі. Түрік. Ағылшынша. «Это, должно быть виднее вам!» – депті біздің Подонок орысша. Қасақана. Өздерің жақсы білуге тиіссіңдер. «Ыс табой харашо пагауарим другой хароши место!” –дейді залда отырған, қызыққа келген көпшілік ішінен тағы біреу, орысша. Сенімен басқа бір жерде жақсылап сөйлесеміз. Қалай екені белгілі. Чешен екен. Қазақстандағы чешен диаспорасы туралы әлдебір ағайын сөйлемек, соған қосшы болып қелгендердің бірі. Төраға жұртшылықты тәртіпке шақырады. Сұрақ та тәмам. Келесі баяндама басталады.
Бұл, соңғы, шатақ әңгіменің ұзын-ырғасы Алматыға өсіп, өркендеп жетеді. Осыдан соң Подоноктың мәртебесі бұрынғыдан әрмен көтерілді. Мәселе Билкенттегі, немесе Пенсильвания, немесе басқадай бір білім ордасындағы, ол тарапта қанша дабыралы болса да, мұнда жаңғырығының өзі үзіліп жеткен, ғылыми ортадан аспаған анти-қазақ баяндамаларға ғана тіреліп тұрмаған. Бұл кезде біздің Подонок ҒЫЛЫМДЫ түгесіп, саясатқа араласа бастаған еді. Төтеден, немесе етектен емес. Тура төбеден. Қазақ деген жұрт тарихтан тыс, ғылымда жоқ, мәдениеттен кенде болса, осыншама құйқалы, кеңбайтақ қоныста дербес мемлекет болып отыруға хақысы бар ма? Жарар, кездейсоқтан тәуелсіздік алып қалыпты. Сол «тәуелсіз» аталатын елді басқаруға санасы, ұстап тұруға шамасы жете ме? Жауап нақты еді. Хақысы жоқ. Басқара алмайды, ұстай алмайды. Манаты, бір жағы Батыс, бір жағы Шығысты дабылдатқан ғылыми баяндамалардың жекелеген тезистері әр кезде, күнделікті баспасөз бетінде сұхбат, шағын мақалалар түрінде көрініс берген еді, жадағай емес, басқа бір, екінші, үшінші қатардағы демесек те, мәнісі азырақ, азырақ емес, уақыт оза келе шешілетіндей көрінген – ғылымның ахуалы, оқымысты жұрттың күнкөрісі қиындап кеткені турасындағы, көпшілік көңіліндегі даусыз ақиқаттармен астас өтіп жатқан. Дұрыс-ау дескен жұрт. Профессордың айлық ақысы апталық ас-суына жетпейді. Академия анау, азып-тозып бара жатқан. Ғылым қалай дамымақ. Ақыл-парасат қалай өрістемек. Даму, өрістеу қайда, құлдырап кері кеттік. Подонок бұл жағын жеткізіп-ақ айтқан екен. Көңілден шықты. Соған орай, басқа айтқандары көлеңкеде қала берген. Бірақ көп ұзамай-ақ ғылымның дамуы, күнкөріс, тіршілік мәселесі солғындай келе, біржола ұмытылды. Замана талабынан, парасат биігінен туындаған саяси-әлеуметтік ахуал – шынайы болашақ мәселесі алға шыққан. Ол дегеніңіз – Қазақстан, Қазақ… емес, Казахстан тағдыры.
Иә! Қазақсыз Қазақстан. Десе де, артық емес пе? Қазақсыз болса, неге Казахстан? Шынында да. Ойлап қарасаңыз, мұнда тұрған ештеңе жоқ екен. Сонау ұлы Америка мемлекетінде… бұдан бес жүз жыл бұрын өтіп кеткен үндістердің көптеген жер атаулары әлі тұр емес пе. Казахстан да сондай, шартты географиялық атау болып қала бермек. Тек бес жүз жыл бойы емес. Әзірше ғана. Арада белгілі бір мерзім озып, қазақ атаулының үні біржола өшкен кезде өзгерту оп-оңай. Еуразия дей салыңыз. Немесе Центральная Азия. Оңтүстік Африка деген сияқты. Экуадор деген сияқты. Бұдан гөрі тәуірірек атау да табылады. Оңтүстік – Өзбекке кетсе. Шығыс – Қытайға кетсе. Маңғышлақ – Түркіменге берілсе, әрине, қазір емес, саппас Сапармұрат өлгеннен соң. Ал қалған, алтынды, мұнайлы байтақ қоныс, әрине, Ресейге. Қазынасын алып, қалдығын өзіне сыйлайтын көмекші республика – арзан жұмысшы, тегін мал. Южная Сибирь болады да шығады.
Біздің Подонок дәл осылай деп айтқан жоқ. Бірақ басқаша да айтпаған. Мына казахтар өздері тәуелсіз деп атаған бай мемлекетті дұрыстап меңгере алмай отыр. Меңгерер қисыны да жоқ (манағы, жүз мәрте қайталанған, даусыз дәлелдер: тарихы болған жоқ, мәдениеті болған жоқ, дербес мемлекеттің жұқанасын да көрмеген). Ендеше, үлкен қауіп бар. Төңіректегі қуатты державалар: бір жақта Қытай, бір жақта Ресей, бір жақта Қырғыз… жоқ Қырғыз емес, Өзбек бөлшектеп әкетуге тиіс. Қандай аялы арман! Жұрттың қамын жеген болып отырып, Қазақстанды қирату программасын сызыпты. Боршалап, еншілеп алуға толық мүмкіндік бар! Сөз жоқ, жүзеге асуы керек. Сонда бүгінгі шиеленіскен барлық саяси, экономикалық, әлеуметтік, яғни ұлтаралық қиын мәселенің барлығы да өз шешімін таппақ.
Біздің Подонокқа қарсы шын айқай осы кезде ғана көтерілген. Көтерген – елдің қауіпсіздігіне жауапкер сүйікті өкімет пен туысқан партия емес. Олар онсыз да басқалар олжалауға тиіс тегін байлықты өздері иемденіп қалу жолындағы ұйқысыз, күлкісіз ауыр жұмыстан қолдары тимей жатқан. Айғай-аттанды көтерген – қайткенде де құралақан қалуға кесілген қара бұқара. Журналистер, жазушылар. Ресми емес, мәдени, әдеби ақпарат бетінде. Қарсы жақ қыңқ етпеді. Яғни орыстілді, еркін ойлы басылымдар. Олар қазақша оқымайды. Оқыса да… қыстырмайды.
Біздің Подонок өзі туралы айтылып жатқан, тұншығып, екі қат жер астында қалған дүмпуді естіді, естімеді – осыдан соң ашық кеткен. Төрт жыл бойғы тоғыз баяндамасын жинақтап, негізгі тезистерін қазір бүкіл жер жүзі үңіліп отырған «Интернетке» жіберіпті. Қазақ деген – мақұлық. Түгел азғын. Түгел тозғын. (Азған, тозған емес, әуелден кәкәй.) Түгел хайуан. Хайуан болғанда, шошқадан садаға кетсін, – баран. Бұлардың екі аяқтылар қауымдастығы қатарында жер басып жүруінің өзі артық деді. Еркін радиотолқынға шығып, бұлардың ел басқарып отырған кісілерінің бәрі қылмыскер: парақор жеміт, ұрлықшы кәззап, солай болмас жөні жоқ, бұл – қазақ деген халықтың кім екендігінің көрсеткіші, яғни қазақ болғандықтан жебір, қазақ болғандықтан обыр деді. Тәуелсіз теледидарға шығып, мәдениет пен тіл туралы толғанды; мәдениет – анайы екен, ал тіл – қазақ тілі жабайы ғана емес, мүлде жоқ, бүкіл лексикалық қоры он бес-жиырма сөзден аспайды, ғылым мен техника түгілі, күнделікті тұрмыс қажетін өтей алмайтын доғал, көркем ой, көрікті суретке құрылатын әдебиеттің сұлбасы жоқ, мұндай тілмен Абай керемет өлең жазды деген, Әуезов ғаламат роман жазды деген – қисынсыз ертегі, жазылмайды, жазбаған, бопсалап жасалған бірдеңе, түпнұсқа да түкке тұрмайды, орысшаға аударғанда өңдеп, жөндеп, жобаға келтірген, соның өзіндегі шамасы белгілі деді. Тағы басқа жерде тағы басқа айтқандары көп. Бірақ негізгі түйін – ортақ. Бұрын тарихы жоқ, мәдениеті жоқ болса, енді тілі де мақау болып шықты. Ештеңе де жоқ. Жер бетінде болмаған қазақ деген халықтың жұртында жалғыз Подонок қана бар.
Міне, осы кезде дауылдады ойбай-аттан. Алтайдан Атырауға дейін. Жетісайдан Қызылжарға дейін. Сегіз миллион қазақ түгел көтерілген жоқ. Бірақ сегіз мыңының атой салғаны анық. Оның ішінде әлде сексен, әлде сегіз… тісін қайрап, қаламын ұштап, аудандық газетке жетіпті. Одан облыстық, одан орталық басылымдарға. Бұл не сұмдық. Бұл не қорлық. Осылай басына ма. Тоқтау бар ма. Тыйым бар ма. Өкімет қайда. Партия қайда. Сот не бітіріп отыр. Ойбай-аттан тура сегіз айға созылды. Содан соң солықтап барып тынды. Өйткені бұл кезде біздің Подоноктың атақ-абыройы бұрынғыдан да аспандай түскен. Әлемге әйгілі білгір ғалым, Батыс жұртына кеңінен танылған күрескер, демократиялық оппозиция өкілі Подонокты отандық құқық қорғау ұйымдары ғана емес, халықаралық қалталы мекемелер де өз қамқорлығына алған. Өркениетке аяқ басқан елде жеке бастың, яғни бір кісінің мүддесі мемлекет мүддесінен, яғни бүкіл халықтың мүддесінен жоғары болуға тиіс екен. Яғни мұндағы сегіз, сырттағы әлде төрт, әлде бес – пәленбай миллион қазақтың адамдық, азаматтық құқығы, ұлттық намысынан – қандай лас жатырда қандай арам сідіктен жаралғаны белгісіз Подоноктың жеке бас пайдасы жоғары көрінеді. Айтса – сөз бостандығы, демократияға ұмтылыс. Қысым жасалса, тыйым салынса – ол нағыз тағылық, кешегі тоталитарлық жүйе сарқыншағы, керек десеңіз, азаматты қорлау, адамдық құқығына қайшы жауыздық. Сөйтіп, дәл осы жолы сөз ұшығы өздеріне де тиіп жатқаны көңіліне жақпаған, сыпайылап болса да қабақ шытпақ, яғни еркін ойлы демократты тәртіпке шақырмақ болған өкімет пен партия, әділ сот орындары басталмай жатқан істі біржо-ла тоқтатты. Шынын айтқанда, қазақ баран болмақ түгілі, тышқан болып кетсін. Пәленше, Түгенше деп, ел басшыларының ешқайсысын түстеген жоқ, ендеше, тыныштық жақсы.
Енді Подонок әбден есірді. Айрықша қуатқа жеткен. Атақты ғалым ғана емес, еркін ойлы саяси қайраткер ғана емес, өкіметке қарсы демократиялық оппозицияның көшбасшы көсемдерінің бірі. Ресми тұлға. Үлкен үйдің баспалдағына кәк етсе де қой дей алмайсың. Елдегі ең үлкен кісілердің өзінің тісі батпайды.
Міне, дәл осы кезде біздің Подонок сәл-пәл ғана тактикалық қате жіберген. Бұрын қазақты сорлы дейтін. Өкіметті ұры дейтін. Соның бәрі аман-есен бойына сіңіп жатушы еді. Көрмейсіз бе, кезекті бір сұхбатында басшы көсемдерімізді рушыл деп қалыпты. Рушыл емес, бір рудан. Онда не тұр. Барлық заманда барлық жұртты билеуші тап бір династиядан болған. Мәселен Бұлғар хандығында – Дулат. Алтын-Ордада – Қият. Ресейде – Рюрик әулеті. Тағысын тағылар. Бірақ ескі тарихты кім тексеріпті. Біздің Подоноктың сүрінген жері осы болды. Бөтен-бастақ ойы жоқ еді. Қазақтың – халық емесін, күні бүгінше ескі қауымдық құрылым деңгейінде жатқанын айғақтау үшін айтып қалған. Рулық тәртіп, рулық сана, рулық ұжым дейді ғой. Қолы жеткен кісі басқа руларды шетке қағып, өз руының ғана өкілдерін көтеретін көрінеді. Бізге тәуелсіздік әперген, енді елі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, алтын шайқап, мұнай сапырып жатқан көсемдеріміз. Бұдан бұрын тоқсан жеті атасын көрінде сілкілеп қаққанда қыңқ етпеген өкіметім мұндай көпе-көрнеу жаланы қалайша мойындамақ. Тас-талқан ашуланады. Тәуелсіздік алғаннан бергі тоғыз жыл бойы тайраңдап келген Подонок төрт тараптан бірдей қыспаққа түсіпті. Сегіз қырынан бірдей тексерілген. Бала кезінен бергі барлық ісі.
Сөйтсе… өмірбаянында мін жоқ. Әкеден жастай қалған, бірақ Кеңес өкіметінің арқасында жетімдік көрмеген. Нағашы атасы елді кеңестендіру, колхоздастыру жылдарында атақ-абыройға бөленген, тап жауларына қарсы күрес майданында шыныққан байырғы балшабек, бүкіл Кеңес болмаса да, бір республиканың мемлекеттік қауіпсіздігін қамтамасыз еткен ардагер екен. Асырап-қағып өсірген өгей әкесі әуелде осы сенімді салада қызмет атқарған, кейіннен партиялық басшы жұмыстарда болған аяулы азамат. Өзі – совет мектебінде тәрбие алған, Мәскеуде оқу бітірген, жас күнінен комсомол жұмысында белсенділік танытып, бұл салада алдынан кең өріс ашылып тұрғанына қарамастан, Отан тарихын тексеруге ойысқан. Нәтижесі елге әйгілі. Ешқандай мін таба алмайсың. Өзінен ғана емес, ата-ана, туыс-жекжаттарынан да. Рас, кезінде сонша мадақталған кандидаттық, докторлық диссертациялар, соған орай жазылып, жарыққа шыққан, бірі шынтақ елі, бірі бармақ елі екі кітап та бүгінгі сарынымен үндес, яғни қазақта түк те болған жоқ, қазақ түк емес деген әуенде жазылған екен, бірақ ол кезде кім не айтпады, соның бәрін түгендесек, қазіргі отаншыл ұлтжандыларды түгелге жуық, түрмеге кеспесек те, қоғамнан аластау керек, яғни мұнда тұрған ешқандай криминал жоқ. Еш жерде. Бұрынғысы да, кейінгісі де – кәдімгі, қырға шығармас қыртымпай сөз. Оның үстіне, қазір демократия, плюрализм. Сол плю… лари… түкірігі шашырап жүре берсе іші кебетін бе еді, пәтшағар. Бір атаның баласы көтеріліп, өсіп-өніп кетіпті деп, басқалар шетқақпай қалды деп, ұмытыла бастаған рушылдықты қоздырғанын қарашы! Мынау басындағы бағын білмей былжырап айтып қойды. Ертең ақымақ біреу қостап шыға келеді. Ақыр түбі алауыздыққа бастайды. Жол беруге болмайтын еді.
Рушылдық санамен уланған Подонок атақты университетте ұстаздық жасауға тиіс емес-ті. Шұғыл өткерілген кезекті сайлау нәтижесінде әуелі кафедрадан, содан соң мінберден айрылған. «Уһ!.. Құтылдық па пәлекеттен!..» – дескен әріптестер ғана емес, студенттер қауымы. Бұдан бұрын әлденеше мәрте көтерілген мәселе. Қазақ тарихы қазақтарды балағаттайтын сабаққа айналды деп талай рет айтылған, қаншама реніш болған, талай шағым түскен. Оны елеген ешкім жоқ. Ақыры міне, айтпас жерде аузынан қағынған жалақор тиесілі сыбағасын алды.
Тіпті жақсы болып шықты. “Оппозиция өкілі қудаланды!», «Саяси көзқарас қыспаққа түсті!», «Қазақ ұлтшылдығының тағы бір көрінісі!» – Орыс тілді, еркін ойлы басылымдар құлаш-құлаш мақалалар жариялады. Теледидар дабылдатты. Радио дүркіретті. Және сүйген жұмысынан қалған Подонокқа тиесілі, лайықты қызмет табылды; көп ұзамай, шет жақтағы, үш бөлмелі ескі пәтерін тастап, мәртебелі аймақтағы үш қабат, еңселі сәнді сарайға көшті. Ал атақ-абыройы Бабыл мұнарасымен бой таласа бастаған.
Осыдан соң Подоноктың еркін ой, татымды пікірлері ешқандай тежеусіз шалқыды. Бұрынғы – ауыл-үй ішіндегі күбір-сыбыр екен. Енді байтақ, кең дүниеге шықты. Ашық даңғыра. Ащы шындық.
Орыс тіліне қысым жасалып жатыр! Радио, теледидарда қазақша хабардың көлемі зорлықпен, өлшеусіз көбейтіліп, тұпа-тура 17 пайызға жеткен! Ұлы орыс тілі үшін 83 пайыз аздық қылады! Бұл не қысас! Бұл не сұмдық!
Казақ тілді баспасөздің үлес салмағы 24 пайызға жетіп үлгерген! Кімге керек? Не үшін?
Сейфуллин көшесінде қазақ жігіттері ғана тұр, Саин көшесінде қазақ қыздары ғана жүр. Яғни еркін бизнес саласында орыс халқының азаматтық құқығы шектеліп жатыр!
Орыстар мен орыс тілділердің әр отбасында бір, асса екіден артық бала табуға жол жоқ. Ал қазақ шаңырақтарында үш-төрт, кейде бес-алты баладан! Бұл – көпе-көрнеу геноцид!
Казахстанның ұлтшыл басшылары елдегі тарихи қалыптасқан демографиялық ахуалды өзгертпек. Алыс шет елдерден арнайы квотамен жылына кем дегенде сексен-тоқсан үй көшіп келеді, бұлардың ішінде айналасы алты-жеті жылда тым құрса жиырма-отыз кісі, ұлтшылдар жайлаған тиесілі мекемелерді тынымсыз мазалап жүріп, ақыры азаматтық алады. Ал орыстардың бар шаруасын, мазақ қылғандай, үш аптада бітіріп береді. Ұлттарды алалау деген осы емес пе! Бұдан өткен қандай зорлық болуы мүмкін! Долой, көп ұлтты Казахстанның қазіргі казах ұлтшылдары басқарған ұлтшыл өкіметі!
Біздің Подонок ұран салған сайын өкіметіміздің зәресі ұша түседі. Өз тірлігін өзі кешіп жатқан сорлы халқыңыз, тіпті, кеңес тұсында болмаған қорлық пен мазаққа бір амал табар, мына Подоноктың адал өкіметімізді қарадай ықтырғаны қиын болды. Жаның ашиды. Аяғы шырмаулы, қолы байлаулы. Біздің Подонокқа зекірмек түгілі, көз алартып қарай алмайды. Оппозиция. Демократия мен өркениеттен үміті бар өкімет ой-пікір еркіндігіне шектеу салуға тиіс емес.
Сөйтіп «Бадырақкөз, сен тисең де мен шыдаймын» жорасымен, аман-есен, тепе-теңдік жағдайында жүріп жатқанда, онсыз да асқазаны бұзылып, тыныш ұйқыдан айрылған өкіметімізді біржола дағдарта жаздаған ерекше бір оқиға болды. Еркін ойлы демократтардың кезекті бір жиынынан соң, бәлкім, құпия нақсүйермен оңаша мауықтан соң, әлде көңілденіп, бұлғалақтап, әлде тұлданып, кекірейіп, қайткенде де біршама кеш оралған Подонок дәл өз үйінің босағасында мұзға тайып жығылып, мұрнын бұзып алған. Шатқаяқтай тұрып, еңбектей сүрініп, бет-аузын қан жапқан қалпында сәнді сарайына аман-есен кіреді. Содан соң, жеті қараңғы түнде… Ертеңіне, арғы күні… Айқай-шу, телефон, қапылыс, жүгіріс… Ардақты оппозицияны арам ұлтшылдар соққыға жығыпты! Қанды оқиға! Қастандық! Бүйте берсе, кісі өлімі де алыс емес! Жаппай қудалау енді тікелей репрессияға ұласқан! Ақ ниетті адамзат қатер алдында тұр!
Жер-көк ию-қию, дабылдады да кетті.
Енді қалтақ-құлтақ өкіметімде не жан қалсын. Жік-жапар кешірім сұрады. Арнайы мәлімдеме жасады. Жаппай тексерді. Жабыла іздеді. Ақыры, екі күн, екі түн өтіп, үшінші тәулік, талма түс шағында тапты.
Мұз! Мұз кінәлі. Тәуелсіздік алғаннан бері бұл Алматының ауа райы бұзылып барады. Биылғы жыл әсіресе. Әуелі қар жауған. Тапалған. Содан соң күн жылынған. Еріген. Содан соң қырсығып, қайта суытқан. Алдағы күртік қар, кешегі көксоқта бүгін тоң мұзға айналған. Құрметті оппозиционер өзінің жеке меншік коттеджінің ауласына кіріп, өзі кілтімен ашқан сыртқы биік шарбақтың айшықты есігін ішінен бекітіп, баспалдаққа жете бергенде етпеттей жығылған. Сөйтіп, сүйкімді мұрын бұзылған. Ешкім ұрмай-ақ, өзінен-өзі. Яғни иесі мұзға аямай соққан…. аңдамай соғып алғаннан соң, амалсыздан. Аңдаусыз бұзылған мұрыннан амалсыз аққан әдемі қан ізі сол жерде, аула ішінде, баспалдақ түбінде өз таңбасын қалдырған. Яғни дұшпаныңа тілемес оқиға іште, оңашада болған. Біреу-міреу көлденеңнен тиіссе, қан ізі сыртта қалар еді. Яғни құрметті демократтың өзі кінәлі… емес. Кінәлі – мұз. Бұл мұзды жауғызған – әлгі… біз жоқ деп жүрген Шал. Ешқандай күмәнсіз. Болған оқиғаның дәлелді орны суретке түсірілген. Дидар таспаға жазылған. Әлбетте, Шалдың ісіне шара жоқ. Бірақ өзінің «Сақтағанды ғана сақтаймын» деген сөзі бар. Сондықтан, әркім ақырын жүріп, анық басуы керек.
Бәрібір дәлелдей алмады. Ешкім сенбеген. Оппозиция ғана емес. Оппозицияға, яғни Подонок пен оның жақтастарына қарсы жұрт та. Әй, жарайсың, баяғыда мұрнын бұзу керек еді дескен. Бейсауат жұртыңыз не. Өкіметімнің өзі сенбеген. Көшеде қаңғып жүрген ұлтшыл бұзықтардың бірі (немесе бірнешеуі жабылып) сабап кетті деп ойлаған. Әрине, кездейсоқтан емес. Қасақана.
Ендеше, елдің баянды тыныштығын қамтамасыз ету үшін алдын ала шұғыл шаралар қолданылуы керек. Бұл жолы мұрны ғана бұзылыпты. Кеңсірігі аман, үш күнде орнына келді. Ертең әлгі есірік ұлтшылдар ауыздағысын ірке алмайтын бұл шіркіннің сирағын сындырып жүрсе қайтеміз? Сирағын салармыз, құлақ, мұрнын кесіп әкетсе не болмақ? Құлақ та, мұрын да садаға, басын шауып алса орнын қайдан табасың? Міне, мәселе қайда!..
Ең жоғарғы деңгейде шұғыл кеңес өткізіліп, байыпты шешім қабылданды, арнайы қаражат, жеткілікті техника бөлінді, тиісті орын, тиесілі кісілерге нақты міндеттер жүктелді.
Біздің Подонок мемлекет қамқорлығындағы Тұлға деп жарияланған. Яғни барлық жағдай туғызылмақ.
Құрметті коттедж маңы, тура бір орам, тақау төңіректегі бұрмалар мен бұрыштар, демократияға бастап тұрған даңғыл үнемі таза, қарсыз, мұзсыз, кедір-бұдыр, төмпеш, шұқырсыз, ылғи қадағаланып ұсталуы шарт. Таяу төңіректен көлденең кісілер жүрмесін, бәлкім қастандық ойлаған ұлтшылдар шығар. Бейсауат мәшине жүрмесін, ой алыбының тынышы кетіп, ұйқысы бұзылуы мүмкін. Бұл – сырттай ғана қамқорлық. Мемлекеттік Тұлғаның жеке басы мүлде қауіпсіз болуы үшін, ол қай уақытта да, қайда барса да үнемі бақылау, күзет астында болуы керек. Яғни жаяу жүрсе – оққағар, көлікпен жүрсе – қосшы машиналар. Тұлғаның амандығы – елдегі тыныштықтың кепілі. Ал Тұлғаның аузынан кіріп шыққан ақ ит, көк иттердің жайына келсек, бұдан бұрын да талай қанден мен төбетті көргенбіз, шәуілдейді, арылдайды, үндемесең өзі-ақ қояды, яғни сөз бостандығы, демократия үрдісімен, толық еркіндік аясында өзінің қоғамдық қызметін одан ары жалғастыра береді.
Жалғастырып жатыр. Соңғы мұзға тайып жығылғаннан бері бүкіл әлем таныған қайраткерге айналған Подонок қазір “Казахстан без казахов” – «Қазақсыз Қазақстан» атты, кең ауқым, терең толғамды программалық құжатты нақты жүзеге асыру тарабындағы пәрменді әрекетке дайындалып жатқан көрінеді. Жоғарғы жақ – елдің баянды тыныштығын ойлаған өкіметіміз мақұл көріпті деген де сыбыс бар. Ғажап емес. Өйткені ол тарапта да Тұлғаның туған інілері көп деп естиміз.
2003
Мұхтар МАҒАУИН

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Подонок қазір “Казахстан без казахов” – «Қазақсыз Қазақстан» атты, кең ауқым, терең толғамды программалық құжатты нақты жүзеге асыру тарабындағы пәрменді әрекетке дайындалып жатқан көрінеді. Жоғарғы жақ – елдің баянды тыныштығын ойлаған өкіметіміз мақұл көріпті деген де сыбыс бар.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі