//

Сауатсыздық синдромы

783 рет қаралды

Жақында «Казкомнан» хабарласты.­ Банк қызметкері тез арада бөлімшеге келуімді сұрады. 

«Сіздің аты-жөніңіз базада екі түрлі жазылып тұр. Өзіңіз келіп, не қазақша, не орысша жазылғанын қалдыруыңыз керек. Бұл – үлкен қате» деп қояды. Мұндай қателікке жол берген кім? Менің құжатымда аты-жөнім тек қазақ тілінде жазылған. Төлқұжаттағы ныспымды банктің құжатына қате, яғни, орысша жазып, жын ұрып па? Сондықтан «қате жазғандар өздері дұрыстасын және қазақ тіліндегі нұсқасын қалдырыңдар» деп, өз талабымды қойдым. Бірақ, банк қызметкері міндетті түрде өзімнің келуімді өтінді.

«Қуырдақтың көкесін, түйе сойғанда көресің». Банк қызметіне кезекте тұрғандар арасында, әуре-сарсаңға түскендер жиі кездеседі екен. Мәселен, өз аты-жөнін айтқысы келмеген бір әйел қомақты қаржысының қайда кеткенін білмей дал болған. Карточкасына жалақысы түспеген соң, сұрау салған оған банк қызметкері: «Сіздің ақшаңыз Мексика елінің бір қаласында «снимать» етілген» деп айды аспанға бір-ақ шығарыпты. Астанадан ешқайда шықпағанын айтып, барлық керек құжатты рәсімдеп, өткізгеннен кейін ғана бірнеше аптадан соң ақшасын өндіріп алған. Өзінің айтуынша, бір банк қызметкерінің қателігінен қаншама таңды ұйқысыз атыруға тура келіпті.

Ал Азамат есімді таныс заңгеріміздің жағдайы осыған ұқсас. Ол жаңа жылдың соңында түскен айлық-жалақысын, сыйақысын әлі іздеп жүр. Ел қатарлы мереке қарсаңында ақша алып алайын деп «Рамстор» сауда орталығындағы банкоматқа барады. Салғаны сол, темір жәшік «жұтып» жіберген. Тез арада банкке хабарласып, карточкасын жаптырады. Арада уақыт өткеннен кейін, жаңа карточкасы қолға тиеді. Қайтадан әлгі банкоматқа барғанда, қос қолмен жағасын ұстайды. Карточкада соқыр тиын жоқ. Сонымен банкпен екі ортада жүгіріс басталған. «Міне, бірнеше ай болды. Ақша әлі жоқ. Банк қызметкері, мүмкін бірнеше жыл бұрын төленбей қалған кредитіңіз бар шығар дейді. Төленбей қалған кредитім жоқ, бірақ соның өзінде сот орындаушысының шешімінсіз банк ондай қадамға бара алмайды. Амал жоқ, енді сол банктерден қағаз жинастырып жатырмын, қалайда адал ақшамды қайтаруым керек қой» дейді ол. Міне, сауатсыздық қаншама отбасына зиян тигізетіндігін осыдан-ақ байқауға болады.

Біздің банктер бар ақшамызды жоқ қылып жіберсе, шетелдік банктер байытып жүрген сыңайлы. Біраз уақыт бұрын Швецияның бір тұрғынына банктің қателігінен 1,13 млрд доллар аударылған. Шоттарға төлем жасау мақсатында интернет-банкке кірген Корнелия Йоханссон өзінің шотында орасан үлкен соманы көріп таң қалыпты. Скандинавия түбегіндегі аса ірі Nordea банкі орын алған оқиғаны «банктік қатенің салдары» деп түсіндірген. Жуырда жаңа Зеландияның тұрғыны банктің жіберген қателігінен миллионер атанып, содан кейін алаяқтығы үшін сотталды. Жанармай бекетінің иесі, 33 жастағы Хуэй Гао 2009 жылы банкке 100 мың жаңазеландиялық доллар (шамамен 77 мың АҚШ доллары) несие беруді сұраған. Кеңседе қателік жіберіліп, оның банктік есебіне жүз есеге көп ақша аударылып кеткен. Банк бұл қателігін бірден байқамаған. Ал миллионер болса, әділ соттан екі жылдай қашып жүрген.

Басқаны қайдам, пәленбай миллиард қаржылық операцияларды жүзеге асырып отырған білдей банк қателессе, жағдай қалай болмақ?! Не десек те, сауатсыздықтың сарсаңға салатыны ақиқат. Еліміздегі барлық банктер сауатсыздық синдромынан ада болса екен деген тілегіміз бар.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ,

“Астана ақшамы”

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі