//

Шәріпхан Қайсар: Дулат ағаның айналасында кімдер отыр?

903 рет қаралды
2

dulatҚай кезде де ұлт үшін тұлғаның орны бөлек. Тұлғаға биліктің ұшар басында отыру, жоғарғы сапында жүру шарт емес. Оның дауысы халқына  қай кезде де жетіп жатады.

Қаламгер Дулат аға Исабекке бүкіл Алаш жұрты дән риза. Орнынан суырылып тұрды да, Елбасының тіке өзіне қандастарының мәселесін төтесінен айтты да салды. Жүрегінің ауырғаны соншалық, ҚАЗАҚ деген сөзге келгенде дауысы тым  қатқыл шықты. Ешкім оның шапанын шешіп алған жоқ.

Ғаламторды кезіп жүрген сол видиоға бүгін тағы қарап отырмын. Бұл жолы Дулат ағаға емес, айналасында отырғандарға (http://abai.kz/content/assambleya-zhinalysyndagy-zhazushy-dulat-isabekovtin-oralmandar-zhaily-soilegen-sozi).

Анау Талғат Мамашевпен бір қатарда көзін ашып-жұмып отырған қара шалды бұл күнде бүкіл қазақ таниды. Мырзатай Жолдасбеков дегеніңіз сол. Патша болмады демесеңіз, биліктің біраз биігіне көтеріліп барып қайтқан адам. Қазақ елі алғаш тәуелсіздікке жеткенде нағыз ұлттық идеяологияны жасайтын жерде жүрді. Елшілікті де қызмет атқарды. «Күндерімнің куәсі» деген күнделік кітабын оқысаңыз, екі күннің бірінде Елбасының дастарқанында отырғанын, ел мен жер, ұлт қамы жайлы әңгімелескенін әлде неше жерде аса мақтанышпен айтады. Соның нәтижесін көрсек, көзіміз шықсын! Естісек, құлағымыз керең болсын! Тегінде, жалған кітап – жасанды ақын тапқыш. Тозған елдің басын қосатын сөз айтудың орнына, тозған шапан іздегіш… Оның көзіне сол шеттегі бес миллион қазақ өмірі түскен емес. Тіліне де оралып көрген жоқ. Қазір Мырзакеңнің іші толған қыжыл. Соңғы кезде «Біз идеологиясыз Конституциямен өмір сүреміз» (http://news.nur.kz/255984.html) – деп бұлбұлша сайрайтынды шығарды. Кезінде биліктің бір тұтқасы қолында тұрды ғой, сонда өзі не бітіріп жүрген?!  Неге айтпаған Елбасыға манағы салтанатты  кездесулерде?!

«2005 жылы Елбасы қазақ мем­лекеттігінің тарихында тұң­ғыш Ақ Орда салып, оның сал­та­натты ашы­луына арнайы Ақселеу, Әбіш үшеумізді ша­қыр­ды. Сол тарихи сәтте үшеу­міздің атымыз­дан мен сөйлеп, Елбасына құтты бол­сын айтып, бата бердім. Ерте­ңіне:

– Тарихқа қазақтың үш биі қайта келді, – деп жұрт шу ете түсті. Расында да, солай еді. Дәм үстінде Елбасы сол кездегі Мем­лекеттік хатшы Оралбай Әбдікә­рімовке: – Билер кеңесінің Жарғысын тез бітір. Үшеуінің (мені, Әбішті, Ақ­селеуді нұсқап) жалақысын өзім шешемін. Президент қорының есе­бінен бөлім құрып бер. Бұл кі­сі­лер елмен жұмыс істейді, – деді.

Сол жылдары Елбасы қоғам­дағы, ел ішіндегі бүгінгі қалып­тасқан ахуалды қадағалап отыру үшін, ұлтқа байланысты мәселе­лерді реттеп отыру үшін, елмен тиянақты, жүйелі жұмыс істеу үшін Билер кеңесін құрамын деп еді, аяқсыз қалды» (http://www.baq.kz/news/20210) дейді.

Мырзатай ақсақалдың  «Шу ете түсті» деп отырған «жұрты» Шырымбек пен Сәулебек, т.б. Ал, былайғы ел тым-тырыс күйінде қалған болатын. Міне, Мырзекеңнің арманы – бір баласы не немересі қазақша білмейді, соған қарамастан, «екінші Төле би» болмақ! Құдай сақтапты қазақты, аяқсыз қалғаны қандай жақсы болған! Оралбай Әбдікәрімов  байсалды, парасатты азамат қой, бидің сиқы Мырзатай болса, жетіскен екенбіз десе керек, сірә!

Ал, Дулат ағаның арт жағында отырған кісі де бар қазаққа бейтаныс болмаса керек! Қуаныш Сұлтанов деген жаны аяулы ағамыз осы! Атам заманнан бері аттан түсіп көрген жоқ. Мырзатайдан кейінгі екінші идеолог. Сенаттың, сосын қазір Мәжілістің ысқырған депутаты. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам Құқықтары жөніндегі комиссияның да төрағасы. Бұл кісінің кімнің құқығын қорғап жүргенін ит білсін. Қорғады дейін десең, қандастардың тапталып келе жатқан құқығы анау. Төрағаның отырғаны мынау. Бір мәу деген емес. «Имандылық – адамгершілік пен адалдықтың жолы» (http://www.islam-orkeniet.kz/?p=1845) – депті бұл кісі. Кімге адалдық, Қуаныш мырза?! Ұлтқа ма, ұлыққа ма?!

Көресің, егер әлгі біз білетін Қуаныш Сұлтанов осы болса, ертең-ақ Елбасының осы сөзін жалаулатып, жиналыс шақырады. Құнжыңдап бірдемелер істеген болады, телеарналарға екпіндетіп сұхбат береді. Соңы «Іс бітті, қу кеттінің» аяғын құшады.

Ең өкініштісі – сол, Қуаныш Сұлтанов тура шекараның түбінде – Жәркент ауданының Көктал ауылында туған ғой. Ары қарайғы отыз шақырым жерде Қытай мен Қазақстанның шегарасы тұр. Өте қалсаң, қаптаған қара қытайдың ішінде ұлардай шулаған қалың қазақ. Көздері жаудырап, іргесінде тұрған Атажұртына жете алмай дал. Жеткендері азаматтық ала алмай қаңғып жүр. Міне, адамдық құқық керек болса! Оны айтасыз, ағамыз кезінде азуын айға білеген сол Қытай елінде өкілетті елші де болды емес пе!? Қайткенде қазағына, қанына тартатын жөні бар ғой, тым құрыса!

Тағы кімдер бар екен Дулат ағаның маңында?

Е, анау қаққан қазықтай болып шіреп отырған көзәйнектің Халықаралық Қазақ тіл қоғамының төрағасы, әдебиетші-ғалым Өмірзақ Айтбайұлы. Өзі тіл жөнінде тіс жара бермейтін кісі. Өмекеңнің Елбасыға «Ғасыр ғұламасы» деген бір  ғасырда бір-ақ рет берілетін атақты ұсынғанда сөйлеген сөзін естісең шіркін…

Мынау – Ким Серікбаев.

Әнеееу артында отырған «Мұз қала салғыш Мұхаметжанов» деген лақап аты  бар композитор Төлеген Мұхаметжанов.

О, Сауытбек Әбдірахманов мырза да бар екен! Әне, көзді-ашып жұмғанша жылт етіп өте шықты.  «Егеменнің» көлдей бетін көші-қон тақырыбынан тиып отырған, жаза қалса, Шайынғазыларының аузына сөзді шайнап салып беріп жүрген дөйдің өзі.

Моңғолияның азаматтығын сұрап, қайтамыз деп отырған 800-дей қазақтың осынау жанайқайын бұлардың Дулат аға Исабектен басқасы естімеген, білмеген бе сонда?! Басқа – басқа, бас газеттің басында отырған Сауытбек көкем?! Және бұл бүгін ғана көтеріліп отырған мәселе емес қой. Қазақ көшінің тоқтап қалғаны БАҚ-та Құдайдың құтты күні айтылып келеді емес пе?!

Осы мерекелік жиналыста Елбасының қолынан сыйлық алған кім дейсіз ғой. Ұлтының сөзін сөйлеген Дулат аға емес, тағы осы Сауытбек Әбдрахманов.

Енді кім қалды? Оу, Сауытбектен бері қарай иықтасып бір қатарда Терещенколер де жайғасыпты. Сегіз жүз тұрмақ, сексен мың қазақ көшіп кетсе де бұлардың түгі кетпейді. Дулат ағаның не айтып тұрғанын ұғып та жатқан жоқ. Қандастарымыз үй салатын, мал жаятын жер таппай сенделіп жүр. Ал, бұлар қазақ даласының ең шұрайлы жерлерін ойып тұрып алып алған. Азат Отаны іргеде тұр. Қазақтың шаруасын қайырып қойып, мына жиналысты да солардың құрметіне ашып отырмыз емес пе?! 1962 жылы келген Қазақ көшінің 50-жылдығы, тәуелсіздіктен кейін басталған Көштің 20-жылдығы дегенді осылай атап өтейік дейтін кісің Мырзатай мен Қуаныш, Сауытбек пен Төлеген бе?! Керек болса, осылардың, осы тілділердің көңіліне қарап, шеттен келетін қазақ көшін де тоқтаттық қой. Көші-қон комитеті құрылмаса, құрылмай қалсын; шеттегі қазақтар келмесе, келмей қалсын; Қазақстан халықтары ассамблеясының басынан құс ұшыруға болмайды қазір.  Демек, оралмандарыңды нағыз ұрмайтын Талғат Мамашев емес, осы Терекеңдер…

Мырзакеңдер мен Сәукеңдер қандастары шақырған жиналыстан гөрі осындай сессияларға көп барады. Өйткені, мұндай жерде Қабдеш Жұмәділов, Сапабек Әсіп, Төлен Әбдік, Темірхан Медетбек, Жанұзақ Әкім, Хасен Қожа-Ахмет, секілді адамның мысын басатын ұлтшылдар көп бола бермейді. Сондықтан, бұлардың беттерінен нұры төгіліп, еңселері көтеріліп отырады.

Дулат аға Исабекке қарағанда осы отырған қасқа мен жайсаңдардың қай-қайсысы да Елбасымен екі күннің бірінде ұшырасып тұрады. Ең кемінде, сұхбат алғансып Ақордаға сыпсыңдап кіріп-шығып жүреді. Қартаңдары үлкенді-кішілі жиналыстарда алдыңғы қатарда, кейде тіпті президумда отырады. Сөз алып мінбеге де көп шығады. А, бұлар сонда осы шеттегі қазақтың қыл үстінде тұрған қиын тағдыры жөнінде неге бір ауыз сөз айтпайды? Қазекемнің «Кәрі өгіз пышақтан қорықпайды» – дегені қайда. Әлде, Елбасы тілімізді кесіп алады деп сескене ме?! Кессе, неге ана Дулаттікін кесіп алмады?!

Дәл осы жиналыста Дулат көкем Исабек айтпаса, Смағұл аға Елубай айтатын еді бұл мәселені. Оған менің сенімім кәміл. Ал, мыналарға сенсек, Құдай біледі, жабулы қазан жабулы күйінде қалатынына дауым жоқ!

Біз бекерге сөз шығындап отырмыз, анығында,  ұлт туралы, оның ішінде шеттегі қазақтар жайында айту бұлардың қанында жоқ қасиет. Оны ел баяғыда біліп болған. Ол үшін кісіде үлкен намыс, жоғары білік, ақсақалдық бедел болу керек. Ең бастысы – тулап тұрған қазақы қан! Құдай шеттегі қазақтың күнін Мырзатай мен Қуанышқа немесе Сауытбек пен Төлегенге қаратпасын!!! Қайта күсталанамай тыныш жүрсе, соған да тоба.

Ұлт тағдыры туралы біреу жаны күйіп пікір айтады. Оған Елбасы жауапты адамнан «жауап» алып, батыл шешім жасайды.  Мәселенің түйінін тарқатуға уәде береді. Менің зығырданымды қайнатқаны – ана тобырдың соған айызы қана дуылдап кеп күлгендігі. Қазақ мұндайды ТЕКСІЗДІК дейді. Сахнада күлдіргі айтып Уәлибек пен Жүсіп немесе Тука тұрған жоқ! Алдыңда Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі отыр. Оның үстіне, Ол кісі жемқорларды «Жазалаймын!» -деді бірден кесіп. Бұл күлкі тудыратын сөз емес. Күлудің орнына, Құдай-ау, дүркірей түрегеліп,  көші-қон жайын іліп әкетіп жан-жақтан пікір қоспайды ма?!.

Нағыз АЛАШТЫҢ АЗАМАТЫ деп Дулат аға Исабековты айт! ТҰЛҒА деген осындай болады, көкелер!! Ұлтының тағдыры туралы дәл осындай жерде, дәл осылай айта біледі ол!

Abai.kz

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. “Дәл осы жиналыста Дулат көкем Исабек айтпаса Смағұл аға Елубай айтатын еді бұл мәселені” дейсің. Дұрыс-ақ. Бірақ, Смағұл ағаң соңғы кездері өзі “талтаңдап” кіретін Жүргенов Өнер Академиясының ректоры Әлиевті мақтап “Егеменге” жазудан қолы тимей жүр. Жоғарыдағы суретке үңіліп қараған адамдардың көздерінде әлде қорқыныш, әлде қызғаныш бар-ау…

  2. Смағұл ағаң президенттің алдында болған, бірақ айтпағн еді ғой…

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі