/

«Ахиллестің өкшесі» немесе аңыз бен оқшаулық

1027 рет қаралды
1

Осы замандық поэзияны жіктеудің бір қиын­шы­лықты тұсы біздіңulikbek 1 басымыздан өтіп жатыр. Оқыр­­мандар мен ақындар «жанр не?» деп, «та­қы­рып не?» деп таласып жүр? Білмейміз. Қалай ай­­тарымызды, қалай айырарымызды да?! Мысалы, лиризмге белгілі бір атау, яғни белгілі бір ен-таң­ба салу қажет секілді… Лиризмге шарана ке­зінен бастап кемелдік кезіне дейінгі өмірінде әр ­түрлі күстана лақап аттар ойластырылғаны бар. Де­мек, бұның қажеті қанша? Тереңнен қайнап шыққан ішкі бұлқыныстардың арнайы мазмұны бо­ла тұра, оны дұрыс сезіне алмау өзімізге ғана қа­тысты емес пе? 

Ұлы Абай осы жолда әлем поэзиясына қарай төрт аяқпен емес, «сегіз аяқпен» барғысы келді. Біз «жаңа» деп ескінің, жартылай ескінің жаң­ғы­ры­ғын ғана түсініп жүрген жоқпыз ба?
Менің алдымда әйгілі ақын Ұлықбек Есдәуле­т­­ұлының бірнеше жыр жинақтары жатыр. Бас­табында ақынның кейбір жырларына сұқтана көз салғанымыз бар. Келе-келе Ұлықбек лиризмі­нің те­реңіне қарай сүңгіп бара жатқа­ны­мызды сезіне бастадық. «Қолда барда алтын­ның…» деген қатаң сауал тұр… Сол жағымызға – бір, оң жа­ғымызға – екі аунап түссек те ақын өлеңдерінің кейбір «жаңа ты­нысынан» аттап өте алмауымызды шарасыз тү­сінгендейміз. Ұлықбек өлеңдеріндегі кейбір «жа­ңалықтардың» бәрін «ескішілдікпен» қа­был­дамауды өтінгіміз келеді саналы жұрттан.
Адам санасындағы аса бір нәзік құпиялы құ­дірет­тер бізге бір бағытты «әнеки» деп көрсетуін іш­тей тілер едік. Оны пайымдап, жіктеп, әсірелеп бай­қауды да ойластырдық. Қазіргі адамзаттық пайым – көне өркениеттік қирандылардың то­заңы сияқты. Қирандылар арасынан табылатын түр­лі-түрлі жәдігерлер секілді өлең өрнектерін аз­дап тереңдете қазбалауға құлшындық.
Алдымыздан тағы да бір өткел кезігетін сыңай­­да. Өткел – адамзат санасындағы һәм санасынан тысқары тұратын кеңістікке қарай жетелемек. Сол кеңістікті адалау үшін қуатты ақынның қуатты өлеңдерін ескек етіп алу қажет болады. Көп­шілікке таныс, бейтаныс әлеми әуендерге сая­хат жасаудың тарихи бір сұлбасы осы өткелден бас­талатындай. Ендігі кезекте бізге беймәлім, іш­кі тылсымға аса жақын өлең жолдарымен ер­кің­ше тыныстау қажеттігі келетіндей.
Қалай да үнемі «жұрт жаңалап» отыратын жыр сай­ғақтары құла даланың құба өңірімен өрлеп, құл­дап өтіп жататындай. Құдды қазақ санасының өр­қияли сәттеріндей сапыра дүние! Мінеки, ақын­ның, соның ішінде «нағыз» деп аталатын жыр еге­сінің бірсыпыра өлеңдерімен уақытша болса да қоңсы қонайық.
Ақынның жырлары ара қонған сәтте көшпелі са­ғынышпен өңірге, өмірге жұғыса береді екен? Иә, ақын жаны – «бүкіл әлемдік тартылыс заң­дылығындай…».
...Шығармай тысқа тартып ұстадым,
Сезімнің ыстық шарпылыстарын.
Көрдім де сені, 
Мойындап қалдым,
Бүкіл әлемдік тартылыс заңын…
Адам жаны құпияға үйірлеу. Сол тұр­ғы­сын­ан өлеңнің ішкі әлеміне қарай ағылу үшін аздап ойлануға, сананы қайрауға тура келетіндей.
Батыстық әсіре дәстүр, баяғы бір дәстүршілдік не­месе бағымызды байлап жүрген дәлдүріштік – өлең­нің өн-бойынан кездеспесе қандай бақыт?!
Өлеңнің кеңістігі жан балқытар тәтті немесе тү­ренді, тіптен осынау ғаламшардың өзі де сол өлең­ге тарлық ететінін байқаймыз. Тинәмдай ғана ес түйірлерінен жауын иісі аңқиды. Естің соңы – әр­бір ғазауаттар мен ақырзаманды шұбыртып кө­шіріп келетіндей кейбір тылсым тұстары ауыр.
Іңірдегі бейтылсым сәттің жұрнағындағы тірі әуен­дер… Шалқып тұрған білтенің қарсы алдында тұр­ған алакеуім ақынның өзі – іңір секілді. Өшкін шам, өшкін де өткір сұлбалар… Ендеше, сол бол­ма­шы жарыққа қарай батыл басып бару үшін құпия бір күш сіңген өлең-жыр қажет-ау?! Балауыз шам­ды айналып ұшып, білтенің ұшындағы жа­лынға соғылып күйген көбелектердің құпиясын кім сезген, кім білген? Ақын өлеңі нендей құ­пия­лар­ды ішіне жасырады? Мысалы, ақын сол кө­белектермен тіндес, үндес пе? Қараңғы қапастың түп­кі түбірінде бүккен сәулеге талпынушылық… Ақын «Саласпилс» өлеңінде:
Мүсіндер… Мүсіндер…
Қаралы мүсіндер, жаралы мүсіндер,
Қайратты мүсіндер, азалы мүсіндер,
Аралап келеміз;
Шалғынға шық тұнып қалыпты, 
Мөп-мөлдір тұнық шық,
Сәбидің көз жасы тәрізді.

Бұл жерде жалмауыз,
Адамның терісін жамау ғып,
Жердің жыртығын жамаған.
Бұл жерде жендеттер,
Уақыттың өзін де дарға асқан.

Бұл жерде қасірет инесі,
Жүректі жүрекке қапсырып тігеді.
Бұл жерде қанатын қомдайды,
Бойдағы кегіңнің балапан құстары.
Мінеки, өмір сұлбасы, сүгіреті, тынысы. Ал­дың­да ештеңе-өмір. Өмір сүруден де аса маңызды ма­ғынаға ие болушы ұлы тәңіри – поэзия.
Поэзия – жаннан тәтті һәм ажалдан салмақты. Бар­лық ғұмыр күмәнданудан ғана тұратындай. Шүбә! Иә, күмән мен шүбә! Ақиқат түбі – күмән дейді текті жұрт. Ендеше, күмән түбі – құпия әлем. Ең мәндісі – кеңістікті өлшей алмайсың. Әлдебір данышпанның қанатты сөзі ойға оралады: «Сіз маған тамақтың иісін саудалаңыз, Мен сізден сол иісті тиынның сылдырымен сатып алайын» деген хикмет. Ақын күздің сарғыш жапырағына сүйеніп алысқа қарайды? Кезінде Міржақыптың «Мұң» атты өлеңін оқығанымыз бар. «Жүйрік қиял дүние­ні айналып» деп келетін. Әдебиеттегі, әсіресе, поэ­зиядағы құпия пайымға оқырман тарапы нен­дей көзқарас білдіреді дегенді әлі күнге дейін бі­ле алмай келеміз. Бізде нақты жанашыр сын жоқ. Шамалы батыстық, шығыстық жұқпалы көз­қарас, көңілжықпастық қана бар. Қисындағы narrative кеңістігін бойлаған барлық түрлі оқи­ға­ларға жауап іздеп қиналмаймыз. Қарапайым оқыр­мандар үшін оқиға түрені (subject), кейіпкер не­месе образ (character) аралық қоныстарды таң­дауға келгенде қойыртпақ жасап аламыз. Соның салдарынан поэзиядағы сан қилы пайымдық сәулелі қалтарыс­тарды бір-бірімен шатастырып ала береміз. Мысалы, ғаламтордан кейбір ақындардың өлеңде­рі­нің бетін қалқып құр «сүйсінуден» аса алмай ке­леміз. Ақиқаты – өлеңнің тереңіне қарай үңілу­ге не­ге болмасқа?! Қазақ поэзиясындағы «мұңды» тек қана автордың шытырман тарихындағы жағ­даят­тардан іздеушілігіміз біртүрлі қызықты. Ба­ғытымыз дұрыс, ізденеміз, бірақ теріс-қағыс. Көп жағдайда дұрыс жолға түскен бетімізден қиыс кетуі­міз рухани «пендешілікке» қарай әкетіп барады. Элегия, реквиемдердің Еуропалық үлгісін қалай жаратуды Ұлықбек өлеңдерінен кездес­тіруге болатындай. Мартин Хайдеггер (1899-1976) ой машығы және мағыналы жүйелеудің қыр-сырын ашқаны бар. «Мұңның тереңдігі қанша тұңғиық болса, оның ішкі қайнары да анық» деп бірде тілге тиек еткені бар.
Саналы адам бағзыда ажалға қарсы келетін еді. Енді сол ажалмен бірге қойындасып жатып, қол­тықтасып жүретіндейміз. Оның «Жан тәсілім» өлеңі /1993/, соңынан тағы бір өлеңі 2000 жылы жа­зылған ба?.. Өлеңде:
Өшіріңдер жұлдыздарды,
Сөндіріңдер күн, айды,
Жылытыңдар түнгі ызғарды,
Жұбатыңдар Құдайды.
Жылатпаңдар бұлттарды да,
Күрсінтпеңдер теңізді.
Айтатұғын жұрт қалды ма,
Асыл сөзін ең ізгі?
Қалса айтсын,
Сыр ақтарсын,
Тыңдайын да соңғы рет,
Көз жасы боп бұлақтардың,
Көкке ұшайын мөлдіреп.
Екі түрлі өң, екі жіктегі өлең түрені шалқи түсе­ді. Алғашқы адамның айқайлап өмірге келуімен қатар, оның тұңғыш өлімінен кейін «өлең ғұмыры» басталғандай. Өлең – ғұмырды, сиқырлы дүниені жыр­лайды және қасіретті де. Сол сәттен кейінгі өлеңдер өмірі үздіксіз жалғасып келеді. Себебі, өлең адамзаттың екі дүниедегі өмірі болып сіңісті ісімізге. Ұлықбек өлеңіндегі ұлы шарасыздық, кейбір түйткілді сәттегі сезімнен безінушілік һәм өз-өзіне бейсеніммен қарайтын аса нәзік сыр­шыл­дық осылай шалыса, жарыса түседі. Адам ба­ласының санасын иемденген бір наным, бір се­нім болса, ол – діннен кейінгі келген поэзия бол­са керек. Бұлай тура айта салуға келе ме екен дей­тіндер табылады, әрине. Айтарым жоқ, бірақ та таласым бар. Көшпелі киіз үйдің есік саңы­лауынан енген керме жіп секілді күн шуағына іліп қойған жібектей бір қуатты да сүгіретті жырлар Ұлықбектен табыла қалса таңдануға болмас. Сана ағымдары өте аянышты, ергежейлі халге түскен кешегі мен бүгінгі сәттегілердің оны байқауы тіп­тен мүмкін емес. Себебі, тағы да біздің дәуір – өлең де­ген ғұмырдан өлшеусіз алыстап кетуімізге бай­ла­нысты ма деп ойлаймыз.
Ақын қоршаған ортаға, қолайлы табиғи мі­нез­ге өз жүйке танымымен «ат, есім» береді. Оны әде­биет зерттеушілері «зат есім» деп игереді. Біз осын­дай ғана халдеміз, ағайын. Сол «ат, есім» егесі мәңгілік емес, мәңгілік. Егер ақынның таби­ғат­қа берген есімі кездессе, оны ес құпиясына ену­дің кілті деп түсіну жөн секілді. Ақын ештеңеден еш­теңе тану үшін жүрегін қинайды. Көзіне көрініп тұрған болмыспен тура тілдескісі келеді. Әрине, өлеңі арқылы. Ақын – жалпақ дүниеге жаршы болу­дың ғана жанкештілігінен кетіп, жан дүниенің өл­шеусіз құпиясына еніп бара жатқан құбылыс-ау! Аңыздарда ақындар азауаты туралы жөнді еш­теңе табылмайтын болуы мүмкін. Демек, Ұлық­бектің бір өлеңі есімде.
Өлеңнің «есімі» – «Ахиллестің өкшесі». Тамаша жыр. Көне гректердің аңызына байланған пайым. Сонау Гомердің «Илиадасындағы» кейіпкер – Ахиллдің діңі. Тәңіри құбылыстардың ерекше кө­рінісі ретінде Жаратушы осы аңызды өзі жа­са­ғандай. Аңызда Ахиллді мәңгілікке жасату үшін Құдай оны «мәңгілік суға» батырады. Ахиллдің өк­­ше­сінен ұстап тұрып. Құдайдың қолымен ұстал­ған сол Ахиллдің өкшесінің суға батпай қалған тұсы – сезімталдық… Ағзадағы һәм өкшенің ең жанды жері – кіді өлең боп төгіледі. Ұлықбек қазақтың жа­нына қасірет әкелген қасаң тұста да ғажайып нә­зирасымен сапар шеккені бар. «Ахиллестің өк­шесі» былайша жырланады:
Ақыл-естен осылай айырыламын деп,
Бір өтіп кеткен өзекке қайырыламын деп,
Бір ұрынған қақпанға тағы ұрынамын деп,
Мен бұрын ойламап едім.

Уәжім де жоқ ақталар, айта алар бүгін,
Көрем бе, жоқ па, жүректің жай табар күнін?
Түбіме жетті бейсауат, бейхабарлығым,
Тағдырдың сырларынан.

Мақтан көруші ем өзімнің мықтылығымды,
Өзіме деген сенімім бітті бұрынғы,
Кеудемнен тапты зілзала – күпті дірілді,
Сейсмографтар.

Сезімге мені құрбан ғып қайырлатқызған,
Бір қыздың отын жаққызып, қойын баққызған.
Осалдығымды өзіме мойындатқызған,
Қайран жүрек-ай!..
Көкжиектегі көгілжім мұнарды жамылған кө­зел­дің бандурада сызылтып салған әніндей жұм­сақ, жұғымды. Тек осы өлеңі үшін ғана Ұлықбек ұзақ жасайтындай. Мәтінді әр елдің ақыны өз-өз ті­лінде оқыса қандай ғанибет болар еді?! Бол­мыс­тың сілікпесі шыққан дәуірде жазылған өлең… Алай­да, сыншылардың қызыл қарындашының ұшы­нан өтіп кеткен «Ахиллестің өкшесі» қатарлы топ өлеңдері үшін ақынға рахмет!
Сүйіп қалдым. Тұйықталдым. 
Ұйып қандым сырына,
Биік таудың шығып та алдым 
барса-келмес шыңына.
Құстар ғана құштарлана ұшты айнала төбемнен,
Ұстамды аға, тұспалдама, – 
өз сорымнан көрем мен!
Қарлы асқарға, нар бастауға, 
бармас тауға шығыппын
Алжасқанда қалмас қайда алтын басы жігіттің?!
Көне үнділер бағалы агаттан бағалы мөртаңба жа­сайды екен. Ұлықбектің мөрі осы тектес өлең­дер. Ақынның ақаусыз жырлары сол агат (жұзақ) не­месе асыл оникс секілді тап-таза, тастай. Біз­діңше, ақынның айшуағы да, күншуағы да өз бол­мысынан өлеңдері арқылы көріне қалады. Айт­пақшы, «Айшуақ пен Күншуақ» өлеңінде ақын бы­лайша сыр шертеді:
Есіме түсе бересің неге?
Жанымды жиі сыздатып?
Жүректе жүзген елесің – кеме,
Желкендеріне мұз қатып.
Арқырап келген ақшулан толқын,
Жарқырап қайтса бастығып,
Қара жартастай қасқиған қалпым,
Жолыңа қалам бас тігіп.
Төбемнен күнде ауысқанымен,
Айшуақ пенен Күншуақ,
Сәулелі нұрлы дауыстарымен 
Жанымды өтер шымшылап. 
Айғайлап Ай да, күркіреп Күн де:
– Сүйемісің? – деп сұрайды.
Тірімін ғой мен!
Сіркіреп кімге
Бейуақытта бұлттар жылайды?
Сүйем бе, жоқ па – байқар едіңдер,
Жас жуған жартас түрімнен.
– Ғашықпын! – деп-ақ айтар едім мен,
Айырылып қалған тілімнен. 
Дүниеде не жаман? Тілден айырылу жаман! Ол: «Шыққыр көзді аштым-жұмдым, шолдым биік, тө­менді, тілін жұтқан тас тұнжырмын, сөйлетпең­дер мені енді!», – дейді. Ондай жұртта поэзия өлең қай­дан болсын? Демек, жүрек үні бар ақынның үлек өркешті өлеңдері өз алдына бір төбе. Ақын ғұ­мы­рына аса ренішті емес. Алайда, соншама қуанышты да емес секілді. Бірақ, бір тылсымдық, бірегей күш оның көптеген өлеңдерінен сезіледі. Жапан түз­дегідей жалқылық, түзем бетін шимайлаған із­дегі «тірі кескіндер» оны біртүрлі айқындап көр­сете түседі.
Ұлықбек Есдәулетұлының кейінгі кездегі бір­қатар жырлары еріксіз назар тартады. Әрине, са­налы оқырмандар үшін… Мұндағы «Фатализм» ат­ты бір өлеңі бізге беймәлім бір күңгірт әлемді меңзейді.
Торына өрмекшінің
Тұтылып көрмекшімін.
Ешкімге естіртпейді,
Шыбын жан енді өксігін,
Несіне ашты маған жер-көк сырын?..
…Postskriptum.
Түнімен дөңбекшідім…
Анри Бергсон (1859-1941) «Сана көзқарасынан да биікке шырқаудың» – көзі осы. Олай демеске бол­­майды. Өмір дегеніміз – көңіл-күйдің күшті ағы­ны. Тіптен сананың үздіксіз сапырылысы, өз­ге­ріп жаңаруынан туындайтын құбылыс. Мінеки, сол үшін біз Ұлықбектің ішкі арпалысына (meditation) аса құрметпен, сақ қарай жүргеніміз жөн. Көңіл-күйдің күшті ағыны дегеніміз – қалай да ғарышпен байланысы бар дүние. Оны жай ой­лау мен күшті саралауға дейін мәжбүр етуші бір құ­пия әлеммен шендестіруге болады. Қандай бір болу­ға тиісті аяни қасіреттерді алдын-ала се­зіну­ден туатын күй. Бұны Ұлықбектің suggestive-сі деп түсінуге болады. Мысалы, ақынның «Жарғанат жы­ры» өлеңі бар. Өлеңнің әлқиссасына ұлы Шәһәрімнің төрт жол шумағын келтіреді де:
Кел, кел, түнек!
Кел, түнек!
Өлер болдым тентіреп,
өлер болдым өртеніп,
өшір мені, бол тірек!
Қап-қара түн, түнек түн!
Құрсағыңнан шыр еттім,
құшағыңда ержетіп
құндағыңда түлеппін.
Түннен туған халықпын,
Түн қойнында жаныппын.
Қара көзім қарығып,
Жарық күннен жалықтым.
Кел, кел, түнек! 
Кел, түнек!
О, Жаратқан, бер тілек,
Жол үстінде жортайын,
Желкендіге жел тілеп.
Кел, кел, түнек!
Көз ілме,
Тас тұғыр бол төзімге,
Жердегі бар жарықтың,
Түп-төркіні өзіңде!
Кел, кел, түнек!
Кел, түнек!
Қараңғы әлемді біз тек қана «қараңғы» ретін­де ғана танимыз. Алайда, қараңғының да өз жарығы бар – Ғалам. Өлең түнекке құрылған, бөлек «құ­рыл­ғы» секілді. Арнайы жіп тағуға болмайтын оқ­шаулық. Сондай нәзік. Тұщымды. Осы замандық мо­дерн. Ақынның ойын түгелдей оқып шығу мүм­кін де емес. Тың саналы оқырман мүмкін басқа бір ой айта алатынына сенеміз.
Шынында да «аян» атты бір қасиет ақында ғана болуы мүмкін. Танымға жетудің баспалдағы да осы аяннан бастау алады, басқа жолы болуына күмәндіміз. Әсіре шығармашылық майданындағы ақынға берген Жаратушының сыйы – аян. Қазақ­та бұл қасиетті «оң қабағым тартады…» дейтін шығар. Ал, Анри Бергсонның «Творческая эволюция» (L’Évolution créatrice), /1907/ еңбегінде кәнігі «Мен­нен» кәдімгі тәңіри кеңістікке дейінгі жолда кең тыныс алу үшін біз әуелі өзімізді-өзіміз ақ­та­рып, тани білуіміз жөн секілді. «Кісі сөйлескенше, жыл­қы кісінескенше» дегендей, т.с.с. Міне, бұл А.Бер­гсонның Интуиция мүддесіздігі жөніндегі қағидасының дәлелі. Ұлықбек бірде:
…Піссіміллә, періңді шақыр маған,
Мені көрсе көк аспан шатырлаған,
«Піссіміллә» демеске шарам қайсы,
Жүрегінен аспанның от ұрлағам, – дегені бар.
Ақиқатында біздегі ең хаһи «таза өнер» осындай өлеңдердің өн-бойынан табылатыны. Ақынның «Сіз» немесе «Жынмен тілдесу» өлеңі біраз саналы оқыр­мандарды таңдандыруы әбден мүмкін. О, құ­дірет! Осы өлеңде бір ерекше «жан» бар…
…Есікте – құлып. 
Далада – түрме.
Ағайын – араз, араға кірме!
Іштегі құрттың шығатын кезі,
Құритын кезі келе жатыр де!
Ұлықбек туралы ұлағатты лебіздер көп жа­зыл­ған шығар. Таласым жоқ һәм қосарым да шамалы. Алайда, оның бір кереметі – кешегінің қа­мы­тын киіп, қамауында қалмай келе жатуы тіптен де қы­зықты. Сондай ақынға сұйық сөз, нәрсіз мақ­тау, әрсіз жарамсақтық жараса қоймас. Өзін өте-мөте жазғырып, жанынан сығып шығаратын жыр­лары бар ақынның өз иіні бар. Біреудің көңі­лі­нің түкпі­рінде жүру – ақын үшін бақыт. Ал, бәз­біреу­дің ішкі тұтқынында қалу – ақынға қасірет-ті. Ел­дің тағ­дыры, жердің иісі, ердің қасіреті оның өлең­дерінен шым-шымдап өрілетіні өз алдына бір әң­гіме болса керек. Ептеген «кесірлігі» болса да, ерек­ше елгезектігі басым, тұлғалық тұрпат осы ақында көрініс береді. «Бұл ауылда бұлт кешіп ба­ла өседі…». Иә, солай, біздің Ұлекең осындай. Маң­ғыстаудағы «одасынан» Арал өңіріндегі сора-со­ра көз жасына дейін өлең өрген ақын – Ес­дәулеттің еркесі. «Көк бөріден бөлтірік туған емес, Көк­жалдығын көрсетпей арманда өтер» деген бөрінің ұлуына ұқсас өлеңі бар ақын. Шығыста туған. Әрине! Бірақ Түркі, Түркістан, Жаңа Қорған, Түлкі­бас өңірлерінде жалаң аяғынан шөгір терген бейбақ. Жайсаң көліндей жағалы, Жабағылыда жалғыз бөрідей жаралы, Үлкен Қараталда «…Жан жүрегім тігісінен сөгіліп, оңашада ай нұрымен жа­мадым…» деп аһ ұратын шайыр Жылқы жылында алпыстың арғымағына бөк­терілмек…
…Ақ шуақ таңдардың
Арайын шарлау үшін
Ақшулан таулардың
Аспанын самғау үшін;
Тарпейіл күншілдің
Табасы болмау үшін,
Тап басар қу-сұмның
Табанында қалмау үшін – Ақынға қанат бер, Құдай!»
Людвиг ван Бетховеннің (1770-1827) симфониясынан Шиллердің мұңлы үні естілетініндей, Ұлық­бек өлеңінен қыл қобыздың мың сарын ұлығаны санаға жетеді. Расы осы…

  suragan

   Сұраған РАХМЕТҰЛЫ, «Қазақ әдебиеті»

 

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Сұраш, «Шұғыланың» 1-нөмірін алдым. Көңіліңнен кетірмегеніңе көп-көп рахмет. Осының өзі керексіз болып жүргенде ат мінгізіп, шапан жапқандай екен. Ал, сенің анау мақалаң – «Бір ғайып…немесе…» Иран-Ғайыптың шығармаларына жазылған бұрын-соңғыда болмаған жеттік зердемен талданған тосын, терең талдау, ғылыми сараптама болған екен. Ол бар атақты алғанымен шын мәнінде туындыларының мәнін ашып көрсеткен мұндай талдауды кезіктірмеген болар. Сонымен қатар сенің бұл мақалаң өзіңнің де білім кеңістігіңнің көлемін, ғалымдық қырыңның деңгейін танытқан екен. «Ахиллестің өкшесі» немесе аңызбен оқшаулық» атты «ҚӘ»-нің 15-санында жазылған Ұлықбек шығармасына жазылған паймдауларың да жоғарыдағы Иранның сарындас салмақты әрі шын оқшау зертеу. Ұлықбекті қобыз сарындас депсің бұл өте дөп басқан тұжырым. Біз еуропаға көп жалтақтап, соның құйрығынан ұстап, соған сүйретілуге құштар болсақ та, біздің өзгешелегіміз де, біздің тереңдігіміз де және ұлылығымыз, сөзіміздің мәйегі сол ескі сарында жатқан жоқ па? Сен осыны дөп басқансың. Соны айта білгенсің, бұл сенің өзге таптауырын, шеңберден шыға алмай, құрсауда қалғандардан оқшаулығыңды айқындап, сені басқадан ажыратып тұр. Сосын бір айтарым: бізде мықтылар туралы тұшымды пікір тірілерге жазылмайтын заңдылық бар ғой. Ал сен соны бұзыпсың. Жуықта, топырағы торқа болсын, Б.Әмірхан қайтыс болғанда, ол туралы, беті жабылмай жатып, БАҚ-тарда алқаулардың аспандап, селдеткенін көріп жағамды ұстадым. Мыны сонда жаздым. Оқышы:
    Ақын өтті

    Жасылдары сарғайып тұр күңгейдің,
    Жоқ шіркіннің жанарында кілби мін…
    Ақын өтті жауып кетті алқаулар,
    Тіріде оның мақталғанын білмеймін.

    Білмейді екем, датталғанын және де
    Кім жоласын біліп туған пәлеге.
    Ақын өтті бақытты боп пәниден,
    Бір өлеңі жарап жатса кәдеге.

    Бұл бірінші және емес үшінші…
    Жұртқа мұны деу де қиын түсінші.
    Қойылады ойған оған ескерткіш
    Саусақтары түсіп қалған мүсінші.

    Оған да ертең тұрғызылар бір белгі,
    Ол да елеусіз, белгісіз боп жүргенді…
    Қазақ қашан қояр екен талантқа
    Өлгеннен соң мақтау айтып…

    10.04.2014 ж, Алматы,

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі