Ұлықбек Оразбайұлы Есдәулет – 60 жаста

1688 рет қаралды
1
uliqbekҚұрметті «Мінбер.кз» ұлттық интернет газетінің оқырмандары, бүгін Сіздерді қазақтың біртуар ұлы, қазақ өлеңінің қайраткері, Қарт Алтайдың тумасы, Халықаралық «Алаш», ҚР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері үлкен-кіші  Ұл-Аға, Ұлы-Аға атап қадір тұтқан ақын-шайыр Ұлықбек Есдәулеттің асқаралы 60 жасқа толуына орай оның өмірбаянынан қысқаша шолу ұсына отырып назарларыңызға «Аманжол құдығы туралы балладасын» тарту етеміз. 

1954 жылы 29 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Үлкен Қаратал ауылында дүниеге келген.Әкесі – Есдәулетов Оразбай (1921-1998), ҰОС ардагері, еңбек ардагері, орта мектептің химик-биологы болған. Анасы – Салықбаева Роза Сейітжанқызы (1929 жылы туған ), зейнеткер, филолог-тіл маманы. Үйленген. Жұбайы – Есдәулетова Бейсенгүл Кенжебекқызы, дәрігер-зертханашы. Қызы – Есдәулет Назым (1980 жылы туған ), халықаралық журналист, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының жүргізушісі; ұлы – Есдәулет Роллан (1982 жылы туған ), мұнай бизнесінің халықаралық экономисі, инвестициялық компанияда активтерді басқарушы. Немерелері – Айя, Нұрайя,Әлихан   С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін (1977) журналист мамандығы бойынша, М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курстардың поэзия бөлімін (Мәскеу қаласы, 1985) әдебиетші мамандығы бойынша бітірген. Гуманитарлық ғылымдар академиясының құрметті академигі (2004 жылдан). Қазақстан журналистика академиясының толық академик-мүшесі. М. Әуезов атындағы Семей университетінің құрметті профессоры (2007 жылдан).  2008 жылдан бері – «Жұлдыз» әдеби журналының бас редакторы.

Аманжол құдығы туралы баллада

Төлежіп Қасым туған кең өлкесі, Арқаға қайта оралды өлең көші, Арқалы жырларынан от шашырап, Ақынның жарқырайды көлеңкесі!

                                                                       (Экспромт. Қойын дәптерден)
Қарқаралы басында – қара құдық,
Ақындар атын бұрар аракідік.
Табиғат ентелейді жан-жағынан
Алғандай сол құдықты бала қылып.

Қартамыс  Қаракемер қойнауында,
Көшелі Көшен таудың баурайында,
Аманжол Рахымжанның жұрты жатыр
Торқасы тамыр сыйлап тал-қайыңға.

Сол жерде шыр етіпті Қасым – арман,
(Өлеңде бір дәуірдің басы болған).
Орданың ойсыраған орны мынау,
Қорымын қой қораға тасып алған.

Тастарын қоржын тамның қына басқан,
Жуады жаңбырымен жылап аспан.
Қасымның көзін сүрткен сол бұлттар-ау,
Қас-қағым бірін бірі қуаласқан.

Тетелес ғасырлармен жас шамасы,
Шөп басқан, жермен-жексен баспанасы.
Жұртына ақын қайта оралмапты
Жасында тигеннен соң тасқа басы…

Жас Қасым қозы қуып, жалбыз жұлып,
Жүгірген табанына кәрғыз кіріп.
Бұла шақ, бір ошақтың белгісіндей,
Бұзылмай аман қапты жалғыз құдық.

Айнала адыр-адыр нар жоталар,
Айналған алтын қазық арғы аталар.
Бұл құдық әулиенің қайнары екен,
Шолпылдап шомылмаған көлбақалар.

Кәусары өлең болып өрілгендей,
Көзіме көркем елес көрінгендей.
Бұл құдық тұнығына жұлдыз түнеп,
Шелектен ай тамшылап төгілгендей.

Сол суды сарқымас па, шалқымас па,
Десек те, балалықтың нарқы басқа,
Құдыққа қайран Қасым шерін төккен,
Әкеден айырылып алты жаста.

Осы бір қара құдық шегенделген
Адамзат шөлін басар өлең берген.
Көз жасы сол құдыққа тырс-тырс тамып,
Періште кірпігінде көгенделген.

Басынан бақытын да ала қашқан
Жасынан не бір нәубет қара басқан.
Сонда да сарқылмаған осы құдық
Ақынның көз жасымен араласқан.

Тағдырдың жолы тарау, қаны қарау,
Жетімнің жүрегі өрт, жаны жамау.
Шоқ шайнап, от түкірген ақындығы
Қасымға осы сумен дарыған-ау?

Тәу етіп сол құдықтың суын іштік,
Шелектеп басымызға құйыныстық.
Арқалы Ақсұңқардың ақын ұлы
Арқырап жыр оқыса сүйіністік.

Мына әлем – сол әлем бе Қасымды ұққан,
Әлде ұқпай ұлы Ақынның басын жұтқан?.
Жоғалтып алмап па екен қасиетін,
Айрылып қалмап па екен асылдықтан?

Мына ауа сол ауа ма Қасым жұтқан?
Уланбай қалып па екен не сұмдықтан?
Ақынның көз жасына қалған әлем
Жүр ме әлі зардап шегіп басырлықтан?
Ұлысын ұрып жығар тасырлықтан?

Десек те дәуір басқа, ғасыр бөлек,
Жамылып жаз жетсе де жасыл желек,
«Арпалыс алақұйын заманалар»
Айқайлар:
-Қасым керек! Қасым керек!

Өрт мінез өлеңінен шоқ тамардай,
Бүгіннің бар кеселі жоқ болардай:
Соғыстан қайтқанындай сылтып басып
Қасым да құдығына кеп қалардай.

Қасымсыз баспаналар қаңырап құр,
Көңілдер көншу іздеп аңырап тұр.
Талантты таланынан тарықтырар
Бұл өзі неткен заман тәңір атқыр!

Мүсін боп тұрса тұрар астанаңда,
Енді оған керек болмас баспанаң да!
Қыранға қажет те емес хан шатырың,
Ғұмыры ғасырды аттап басқан алға!

Жатқандай бірін-бірі жаңа біліп,
Тұңғиық Ғарыш пенен Қара құдық…
Қасым ақын тылсымын ұғам десең
Жолаушым, мойыныңды қара бұрып!

Қаға бер қанатыңды, Қарқаралы,
Ғаламды қасиетің тартар әлі.
Қасымның құдығынан дәм татсам деп
Шарқ ұрар дүниенің шартарабы.

Бұлықсып талай ұлың ержетуде,
Бұл құдық тереңімен тербетуде,-
Бала Қасым бейнесін сақтап қалған
Жалғыз фотоаппарат сол жер бетінде!

Ұлылық шүпілдеген қара өлеңнен
Ұрттасаң ұлан шөлің қана берген.
Құдыққа, Қасым аға, үңілемін
Суынан мөлт етердей бала бейнең!..


Көк бөрінің рухы

Ғасыр өтті,
Еңсені басып өтті,
Қосып берді қайғыға қасіретті.
Айға атылған арыстан мерт болды да,
Арда туған арғымақ басы кетті.

Тәуелсіздік!
Бостандық!
Азаттығым!
Баға жетпес бағымсың ғажап құның.
Шам жарығы түсер ме өз түбіне,
Жемісіңді татар ма қазақ тілім?

Тәуелсіздік!
Азаттық!
Бостандығым!
Атың озсын бәйгеге қосқан бүгін.
Қайылмын мен қайтарар қауқарыңа
Әділдік пен шындықтың қашқан құнын!

Желтоқсанда жарқ еткен Алты Алашым,
Басыңдағы базарың тарқамасын!
Келер ұрпақ кермалдап кетпес үшін,
Тығырықтан сен бүгін жол табасың!

Қайран бабам белінде балта ұстаған,
Тағдырымен күні жоқ тартыспаған.
Көк бөрінің рухы жүрегімде,
Көктен тусам мен қалай байқұс болам?

Көк түріктің қаны әлі асыл күйде,
Ешқашан да, ешкімге басыңды име!
Ер қазақтың баласы еркін өскен,
Жаралған ғой жаныңмен жасын бірге.

Замандарды көп көріп тар-қысталаң,
Айбалтадай жарқ еттің шарға ұстаған.
Жер-жаһанды жібердің жап-жарық қып,
Желтоқсанның жасыны, алғыс саған!

Арқа, Атырау, Алатау, Ергенеқон,
Бір тілекті Тәңірім берген екен.
Бар қазақтың тасы өрге домаласын,
Құтты болсын, туған ел, төл мерекең!

Мінбер-ақпарат

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Жылқы үні

    (Ұлықбек Есдәулетке)

    Жерінен атом жарылып,
    Жарығы жардың өшкенде,
    Жалынға еті қарылып,
    Жүрекке зауал көшкенде:

    Задына жасық қан тарап,
    Зарығып жолда қалмаған.
    «Заман-ай» зары,
    Зәнталақ –
    Зауалдың отын жалмаған.

    Бор болып кетпей нар алып,
    Боздаған інген –
    Темір тек.
    «Кітаптан киіз» нәр алып,
    Сүйек боп біткен шеміршек.

    Бабамның қобыз дауысы
    Бұтарлап қара түнекті.
    Басы құл қала, тау ішін
    Тәңірі Сөзі түлетті.

    Қаламы қағып
    Қақтаған
    Қып-қызыл жалын, сұмдықты.
    Зұлымдық тісі батпаған
    Шынайы шайыр,
    Шын мықты.

    Сағыммен сылап күнәсін
    Сары езу құрдым құлқыны –
    Абақтан
    ата мұрасын
    Аман ап шыққан жылқы үні.
    29.04.2014 жыл, Алматы

Бақытбек жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері