///

«Алтын Ордадағы» кептеліс

2126 рет қаралды
5

al4Алматы – алып шаһар. Бұл қалаға ағылып келген адамдардың санына шек қою мүмкін емес. Кезінде талайдың арманы болған жеңіл көліктің бүгінде түр түрі бар. Көптігі сондай қалаға сыймай барады.  Алматы сияқтыалып мегаполисте  осыншама көліктің салдарынан кептеліске минуттап емес, сағаттап тұруға тура келеді. Әсіресе, қаладан шыға берістегі, «Алтын Орда» базарының жолымен өту бір азап. Біріншіден, бағасы қарапайым халықтың қалтасы көтеретін базар орналасқан болса, екіншіден қала сыртына шығатын маңызды күре жолдардың бірі. Бұл  жолда кептелістің көкесін көресіз. Біздің университетіміз қала сыртында болғандықтан, ылғи оқуға барып қайтарда осы кептеліске куә болып келеміз.

Бұл да бір үлкен мәселе. Осы мәселенің барысын білу үшін «Алтын орда» базары маңын түскі 12:00 шамасынан кешкі 20:00-ге дейін бақыладық. Кептелістің басы Қалқаман ықшам ауданындағы  «777» аялдамасынан басталып,  «Іргелі» мейрамханасына дейін жетеді екен. «Алтын Орда» мен «Барлық» базарларын жалғап тұрған  көпірдің үстінде тұрып,  кептелістің көрінісіне көз жүгіртсеңіз, жағаңызды ұстайсыз. Екі жолақты жолдың өзі кәдімгідей тарлық етеді.

Көпір үстінде тұрғанда «Алтын Орда» базарының алдындағы  бір топ такси қызметкерлеріне көзіміз түсті. Күнделікті кептелістің куәгерлері сол кісілер болғандықтан, олардан пікір алуды жөн көрдік. Базарды шет жағалай  көздеген орнымызға жеттік. Өз кезектерін күтіп тұрған  он шақты таксистің ішінен  45-50жас шамасындағы әйел кісі сұрақтарымызға жауап беруге келісті.   15 жыл көлемінде базарда сауда жасаған, соңғы 2 жылда темір тұлпардың тізгінін ұстаған Асима Жолдыбайқызы күнделікті қаланың сыртында орналасқан Мыңбаев ауылынан қатынайды екен.

“КЕПТЕЛІСКЕ ЕТІМІЗ ҮЙРЕНІП КЕТТІ”

al2«Жұмысқа күнде кептеліспен барып, келу мен үшін қиын. Жұмыстармен қалаға шығайын десең, кемінде 1-1,5 сағат ерте шығуға мәжбүр боламын. Сонда да қала сыртындағы, ішіндегі кептелістің салдарынан бір күнде бір-ақ жұмысымды бітіруге үлгеремін. Қалғаны келесі күндерге қалады.  Егер «Апорт» сауда орталығы жаққа көпір салатын болса, кептеліс біраз сирейтін еді. Бірақ, бір базардың үстіне екінші базар ашылып жатыр. Өздеріңіз көріп тұрғандай «Алтын Ордаға» жай кіріп, шығу бір азап. Негізі базарды жолдан алшақтатып орналастырса, осындай кептеліс болмас еді. Сонымен қатар, жолды да кеңейтуге жақсы бір мүмкіндік туары анық». Сөз соңында қазіргі супермаркеттердің орналасулары өте дұрыс және көлік тұрақтарының жолдан алыс орналасқаны ыңғайлы екенін тілге тие кетті.

Жақын маңда тұрған 27-30 жас шамасындағы ақ құба келген Қайрат есімді (фамилиясын айтқысы келмеді) жүргінші біздің қозғап жатқан мәселеге немқұрайлы қарай алмай өз ойын ортаға салды.

  • «Мысалы өзіңіз көріп тұрсыз, бұл базарға кіргіңіз келмесе де, қалың кептелісте тұруға мәжбүр боласыз. Менің ойымша, бұған шешім қала сыртына шығатын бөлек жол, ал базарға кіретін жолды бөлек жасаса, сонда ғана кептеліс болмауы мүмкін. Бұл жолда тек жеңіл көліктер ғана емес, жүк көліктері, қоғамдық көліктер ағылып жүреді. Менің жеке ұсынысым, «Алтын Орданың» үстінен айналмалы көпір салып берсе, көлік қанша көп болса да, осындай кептелісі болмас еді»

Күннің ыстығына қарамастан топтасқан халық сирейтін емес, ағылып сауда базарына келіп жатты. Дәл алдымызға бір көлік тоқтады, көліктің алдында отырған тәте жол ақысын төлеп түсіп кетті. Жүргізуші көлігін ыңғайлап қойып, «қыздар, бойдақ такси керек пе?»,-деп таксистердің қатарында тұрып, қызу әңгімеге кірісіп кетті.

  • «Біз күнделікті тиын-тебенімізді осы жерден табамыз. Не оқыған кәсіп, не басқа жұмыс жоқ. «Таксовать» етеміз де- деп осы «Алтын Орданы» жағалап жүреміз. Бір «Клиентті» айтқан жеріне апарып келем дегенде, мынандай кептеліспен 2-3 сағатың кетіп қалады. Жол тәртібін МАИ қызметкерлері бақылағанда ғана кептеліс тарай бастайды. МАИ қызметкерлері азар болса, жарты сағат қана тәртіпті реттеп, артынша кетіп қалады. Көріп тұрғандарыңыздай бағдаршам істемейді. Тым болмаса, МАИ қызметкерлері үздіксіз көлік қозғалысын реттесе, мынандай кептеліс болмас  еді?! Өкінішке орай, МАИ қызметкерлерінің күніне 1-2 рет қана төбесі көрінеді.»-деп, МАИ қызметкерлеріне өз наразылығын білдірді өзін  «бойдақ таксист» деп таныстырған орта жастағы кісі (атын атағанды жөн көрмеді).

alҚалың халықтың ортасында жүріп, кептеліс пен МАИ қызметкерлеріне деген наразылықтарын естіп,  жол патруліне жолығуды жөн көрдік.  Жолды жағалай, Қаскелең бағытына қарай жүрдік. Қарсы жолда, істен шыққан бағдаршамның түбінде тұрған МАИ қызметкерлерін көрдік. Жақындап барып, пікір білдірулерін сұрағанымызда, қатардағы МАИ қызметкері «Біздің Сіздерге жауап беруге құқығымыз жоқ. Қазір, бастығыммен сөйлестім, 10 минуттың ішінде 203 нөмірлі «Саньён» көлігімен келіп, Сіздермен сұқбаттасады», – деп өз жөнімен кетті. 10 минут уақыт өткеннен кейін, алыстан айтқан көліктің төбесі көріне бастады. Күннің астында тұрып әбіржіп кеткен біздің түрімізге күлкі үйіріле  бастап еді… Бірақ, ұзаққа созылмады. Күткен көлігіміз жанымыздан өте шықты. Қайта айналып келер деген үмітпен біраз сол жерді айналшықтап тұрдық. Әлден уақыит өткен соң, күткен МАИ инспекторы да келді-ау әйтеуір. Діңкелеп жүріп, “Алотынордадағы кептеліс” жайында халық наразылығын жеткізген едік:

– «Негізі, Сіздердің аттарыңыздан маған ешкім хабарласқан жоқ. Ал, «Алтын Ордадағы» жол 2015 жылдың тамыз айының 10-ы күнінен бастап, қалалық жол МАИ қызметкерлеріне берілді. Сол себепті мен Сіздерге жауап бере алмаймын. Ал, не себепті кептеліс болатынын түсіндіре кетсем бұл, «Алтын Ордада» екі жолақты ғана жол бар. Күніне 87 000-нан астам көлік қозғалысы болады. Негізі кемінде бұл 3 немесе 4 жолақты жол болуы керек. Оның себебі біріншіден, Алматы-Бішкек тарассасы көршілес мемлекетке қатынайтын жол, екіншіден, бір емес жол бойында екі бірдей үлкен базар орналасқан. Осындай жолдарда кез келген жол ережесін сақтамаған көліктің салдарынан 1-1,5 минуттың ішінде  ұзын сонар кептеліс жасай аласыз. Ал, бұл жерде күндіз түні қанша мың көлік жүреді, арғы жағын енді өзіңіз-ақ ойлай беріңіз. МАИ қызметкерлері қолдан келгенше шақырту алған жерлерде дер кезінде жетіп, жағдайды реттеуге тырысады. Бір жерде күн ұзаққа тұру мүмкін емес.  Күніне қаншама оқыс жағдайлар болып жататынын білесіздер…

«Қалай ойлайсыз айналмалы көпір салу мүмкін бе?» – деген сұрағымызға:

«Жоқ, себебі, алдымызда EXPO-2017 келе жатыр, оған ауқымды қаржы қажет. Тағы бір себеп, «Алтын Орданың» жер картасында айналмалы көпірге орын қарастырылмаған.» – деп түсіндіріп берді бізге өзін тек Облыстық МАИдың бастығымын деп таныстырған кісі. Алайда атын атаудан бас тартты.

Күн ұзақ жүріп, құмырсқаның илеуіндей үймелеген көлік кептелісінен көз ашпадық. Халық наразылығын білдіргелі қашан. Бірақ, одан қорытынды жасалып,  кептеліс мәселесі шешілмеді. Бұл жағдайды биліктің қаншалықты ескеретіндігін осы жерде көруге болады. МАИ қызметкерінің де сөзіне сүйенетін болсақ, бүгінгі жағдайдың шешілуі екі талай  сияқты.

Гүлжан Ахметова,

Мадина Тұрарова,

СДУ-дің  “Журналистика”

кафедрасының студенттері

Парақшамызға жазылыңыз

5 Comments

  1. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімінің құлағына ілетін алтын сырға екен мына мақала. рахмет студенттер. Әкімдер егер халықты ойласа, бұны – кептелісті жалғыз-ақ күнде жоқ қылады. Амал не, халқын ойлайтын әкім жоқ қой бізде

  2. Қаланың сыртынан келетіндерге өте темірдей нерв пен алтындай сабыр керек екенін байқадым! Жол салған адамдар болашағын неге ойламай салады екен?! деееппп таң қаламын. Тағы бір жолайрық керек!!!

  3. Қазіргі шешілмей тұрған мәселелердің бiрi…Жарайсың дар,осындай проблемаларды көбірек қозғасандар.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі