///

Қазақ мерекеге қаралы үй тігуді қашан қояды? ЭКСКЛЮЗИВ

515 рет қаралды
2

Жылда осы. Тіпті мерекесіз-ақ, ойын-сауық орыны ретінде тіккен киізүйлерінің де сиқы осындай. Оны айтасыз, соңғы кезде түсіріліп жатқан деректі, көркем фильмдер мен қазақы дәстүрге жақын бейнебаяндардағы ақ ордалардың да көрген күні осындай.

Тегіннен тегін байбалам салып отыр екен деп ойламаңыздар. Көзімізбен көріп, көңіліміз қалған соң айтып отырмыз. Иә, қазақтың салтын жаңғыртып, жоғын түгендегенге не жетсін! Алайда әрбір салттың, әрбір ұстанымның парқына бармай, шалажансар дүние жасағаннан жасамаған артық болар еді.

Еліміздің барлық өңірлерінде мерекелерде көрсеңіз көзіңіз тояр шағаладай ақ ордалар тізіле қалады. Әсіресе наурыз мерекесі мен жазда тойланатын мерекелік шараларда қала көркін кіргізетін осы ақбоз үйлерді тамашалаған жандардың санында есеп жоқ. Алайда, көшпелі тірліктің қазанында қайнаған жандар осы тігілген үйлердің сырт келбетінен-ақ сұмдық бір қателіктің кеткенін таныр еді.

Олай дейтініміз, көшелерде тізіле бой түзеген ақшаңқан үйлердің түндігі ашылмайды. Естеріңізде болса «Қобыланды» жырында Тайбурылды баққан Құртқа қыз оған «Түндікпенен күн көрсетіп, Түтікпенен су ішкізетін» еді ғой. Демек түндік орданың ішіне жарық түсіретін, қазіргі тілмен айтқанда «терезесі» еді. Біздің киіз үй тігетін мекемелер өзідері офистерінде терезесі жоқ, қапаста, көрдей қараңғыда отыратын секілді.

Қазақ келіндері алатаңнан орындарынан тұра салып бірінші ата-енесі жатқан, үлкен үйдің түндігін ашатын болған. Бұл біріншіден – ата-енеге деген құрмет, екіншіден – бұл үйдің түндігі ашылды, ішінде адам бар, артында ұрпағы бар дегенді білдіреді. Қазақ ұғымында түндігі ашылмай қалу деген өте қасіретті жағдай. Қазақ қарғағанда «түндігің түрусіз (ашылмай) қалғыр» дейді. Бұл ұрпақсыз қал, түндігіңді ашар ұл-қызсыз өт өмірден деген сөз.

Және қаралы үйдің түндігі ашылмайды. Иесі қайтыс болып, ағайын-туғаны қара жамылып отырған үйдің түндігі қаза болған адам жер қойынына кіргенше ашылмаған.

Ал қазақтың тұрмыстық қажеттілігіне орай, күн қатты ысып кеткенде түндікті толық жаппай, сығырайта ашып қояды. Онда да үйдің ірге шиін алып, туырлықтың етегін аяққы белдеуге түріп қоятын болған. Ондағысы іргеден самал соғып, үйдің іші қоңырсалқын болып тұру үшін. Белдеу демекші, осы орайда, осы үйлердің көбінің белдеусіздігі. «Заманақыр болғанда, белдеусізден үй болар, белгісізден би болар» деген бабаларымыздың айтқаны айдай келмесе не қылсын. Тағы бір жағдай егер күннен қорғану үшін болса түндіктің көлеңкеге қараған жағын ашқан, ал үй ішіне жылу тарап, күн айқын түссін дейтін болса түндіктің күн жақ пұшпағын ашқан. Сол себепті де түндіктің төрт пұшпағы бар.

Біздің басты алаңдарда тігіліп жүрген мерекелік киізүйлер осы қаралы үй секілді тігіледі. Тым болмағанда түндікті жапса, іргені түріп қоймайма. Алайда біздің «білермендер» ондай саналы ойдан алыста жатқан секілді.

Қыр баласы

www.baq.kz сайтынан

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Мына Қыр баласы өте қырағы екен. Мен де осыны байқап, қынжылып жүруші едім.

  2. Өте орынды мәселе көтерген. Осыларды түк көрмеген дейін десең тағы болмайды. Бұларға бәрі бір… !йтеу үй тігіп ақша алса болды секілді.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар