///

Өзбектер президентінің қазасын жасырды ма?

1197 рет қаралды
3

7CA4DEB6-BFBC-49EC-91B7-6B6038C0E215_mw1024_s_n30 тамыздан бері Өзбекстан президентінің ахуалы және оның қайтпас сапарға аттанған аттанбағаны туралы әңгіме бүкіл елдің назарын өзіне аударды.  2-қыркүйекте оның мәңгілік мекеніне аттанғаны жайлы ақпарат ресми түрде мәлім етіліп, әлемдік лидерлер Өзбек еліне көңіл айту хатын жолдап үлгерді. Тіпті оның жаназасына кімдердің баратыны және бармайтыны туралы да әңгіме қызу талқылануда.

27 жыл бойы Өзбекстанды тырп еткізбей басқарған диктатордың өмірі мен саяси жолы жайындағы сараптамалар оның жағдайы нашарлады деп Өзбек билігі ресми мәлімдеген күннен бастап жарыққа шыға бастады. Сарапшылардың басым бөлігі Ислам аканың о дүниелік болатынына сенімді еді. Осы жылдар аралығында Өзбек басшысына шетелдік сарапшылардың тағатын айыбы көп. Ол бұрын Коммунистік режимнің өкілі болған, коммунистік партияның жетекшісі қызметінен тәуелсіз Өзбек елін басқаруды қолға алған оны адам құқығын жиі бұзды деп айыптайды. Әсіресе, оған қойылатын міннің үлкені Андижан оқиғасы кезінде 200-дей адамды қырып салғандығы. Диктаторлардың негізгі ел басқару жүйесі біртектес. Ол өзгеше ойлайтын саясаткерлерді қудалау, саяси және өзге де қысым көрсету, тәуелсіз БАҚ-қа қысым көрсету, бейбіт шерулерді күшпен тарату және оның болуына жағдай тудырмау, бір сөзбен айтқанда елді уысында ұстау. Өзбек тұрғындары Каримов билігі кезінде экономиканың орталықтандырылғанын, әділ бизнеспен айналысуға мүмкіндіктің болмағанын айтады. Ислам ака о дүниелік болғанымен елдегі саяси жүйенің бірден өзгере қоюы екіталай екендігі айтылды. Өйткені Каримов өз ықпалын елдегі күштік құрылымдар арқылы, қауіпсіздік орындары арқылы жүргізіп келгені мәлім. Әзірге бұл жүйе ыдырамайынша, ондағы басқару әдісі осылай қала береді дейді сарапшылар. Ислам аканың жақтастары оның діни радикализммен аяусыз күрескенін және Ауғанстанмен шекаралас болғанына қарамастан о жақтан келетін қауіпке қарсы тұра білгенін айтып, тіпті Андижан оқиғасы үшін де ақтап алуға дайын.

Дегенмен, әлемді қуантып отырған бір мәселе бар. Ол Каримовтың өзінен кейінгі сценарийді дайындай алмай кеткендігі. Бұған дейін сарапшылар Каримов әзірбайжандағы сценарий секілді өз мұрагері ретінде балаларының бірін таққа отырғызып кетуі мүмкін деген болжам айтқан болатын. Оның мұрагері ретінде кіші қызы Лоланың аты жиі айтыла бастаған. Алайда отандық саясаттанушы Ерлан Қарин бұл сценарийді мүлдем жоққа шығарады. Ол өзінің фейсбук парақшасында: “Өзбек саясатының жабықтығын және жергілікті саяси элита құрылымының ерекшелігін ескере отырып, биліктің қандай сценарийлерімен ауысатынын болжау аса қиын. Әзірбайжандық деп аталатын сценарийдің – яғни, билік өкілеттігін отбасы мүшесіне берілуі – екіталай, тіпті бұл сценарий іске аспайды деп сеніммен айтуға болады. Өзбекістанда отбасы саяси ықпалдың факторы ретінде қалыптаса алмады. Сондықтан ықтимал деген негізгі келесі сценарийлерді келтіруге болады:
Бірінші – «Арнаулы құрылымдар». Элитадағы бірден-бір ұйымдасқан топ – арнаулы құрылымдар өкілдері қазіргі кезде топтасып жұмыс жасауға қабілетті жалғыз күш. Жергілікті арнайы қызмет – Ұлттық қауіпсіздік қызметі өзбек билік жүйесіндегі негізгі құрылым болып табылады, және де сыртқы күштермен байланыстар осы құрылымдар арқылы жүзеге асып келген болатын, ал қазіргі жағдайда бұл да маңызды фактор.
Екінші – «Консенсустық фигура». Өзбек лидерінің денсаулығы туралы ресми ақпаратты президент баспасөз-қызметі немесе президент әкімшілігі құрылымдары емес, үкіметтің таратуы жергілікті билік иерархиясында премьер-министрдің қандай да бір ықпалды рөлі бар екендігін және оның тақ мұрагері ретінде сайлануы мүмкін екендігін байқатады.
Үшінші – «Конституциялық». Бұл сценарийдің болуы екіталай, десек те, оны мүлдем шығарып тастауға да келмес. 2011 жылы Өзбекстанның негізгі заңына Мемлекет басшысын ауыстыру схемасын нақтылайтын бірқатар өзгерістер енгізілді: «Президент өз міндеттерін атқара алмаған жағдайда, оның құзыреттері уақытша Өзбекстан Республикасы Жоғарғы мәжіліс Сенатының төрағасына жүктеліп, «Өзбекстан Республикасының Президентін сайлау туралы» Заңға сәйкес үш айдың ішінде сайлау өткізілуі тиіс».
Осы аталған үш сценарийді келтіре отырып, ең ықтималы, ол араласқан аралас нұсқасының жүзеге асуы – яғни күштік құрылымдардың бақылауы арқылы екінші және үшінші сценарий жүзеге асуы мүмкін. Әрине өзбек саясатында саяси институттардың әлсіздігі ықпалы бар, бірақ сонымен қатар өзбек саясатының артықшылығы дәстүрлердің ықпалы мен белгілі бір нормалармен жүретіндігін ескеру қажет, ал бұл негізгі элита топтарының өзара келісімге келу қабілеттілігін қамтамасыз ететін бірден бір фактор болса керек” дейді ол.

Каримовтың о дүниелік болғанын алғашқылардың бірі болып хабарлаған “Ферғана” агенттігі өзбек билігінен Каримовтың ауруханадағы видеосын көрсетуде талап етті. Бұдан кейін ресейлік және әлемдік ақпарат құралдарының көбі өздерінің сенімді ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, оның қайтпас сапарға аттанғандығын мәлім еткен.

57c675f628d8dОл ақпарат көздеріндегі мәліметке сенсек, ресми Ташкент Каримовтың өлімін одан кейінгі Өзбекстан ахуалы қалай болатынын реттеп алмайынша, әшкерелей алмай отыр делінген.

ВВС әлем жаңалықтарының айтуынша, ресми Ташкент Каримовтың өлімін Жұма түнге қарай ресми мәлімдегенімен Түркия Премьер министрі Өзбекстанға бір сағат бұрын  көңіл айту хатын жолдаған. Түркия премьер-министрінен кейін іле-шала Грузия президенті көңіл айту хатын жолдаған. Жұма күні Reuters  агенттігі үш дипломатиялық ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып, оның о дүниеге аттанғанын мәлімдейді. Осы мәлімдемелерден кейін ғана, ресми Ташкент оның бақилық болғандығын және жаназаның Сенбі яғни – 3-қыркүйекке белгіленгенін әрі оның өз туған жері Самаркандта жерленетінін мәлім етеді. Бұның бәрі диктаторлық жүйедегі қоғамның сол адамнан кейінгі өмірге, әлемге дайын емес екендігін көрсетсе керек. Өйткені, ондай қоғамда бұл диктатордан кейін өмір жоқ, Өзбекстан тек Ислам аканың арқасында тұр, оны одан өзге ешкім басқара алмайды деген мифке сендіріп келгендігінің ықпалы күшті. Ондай жағдайда саяси хаостың орын алуы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде сарапшылар Өзбекстандағы түрлі діни топтардың, Ислам мемлекетін жақтаушылардың, іскери немесе қауіпсіздік күштерінің өзара қақтығысы орын алуы мүмкін деген болжамды да жоққа шығармайды.

Есенгүл Кәпқызы

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Иманы жолдас болсын, көзінен мұңы арылмаған жан еді… Мәңгілі дүние жоқ қой… Өзбек еліне көңіл айтамыз!

  2. Өзбек Елінде саяси бейбереттік болмайды… Президенті келісілген, қалыпты жағдайжда сайланады…

  3. Өзбек Елі Президенті Ислам Әбдіғаниұлының о дүниелік болуына байланысты мені екі жағдай қайран қалдырды: Біріншіден, Ислам Әбдіғаниұлы Каримовтың ел астанасы Ташкентте емес, Самарқандыда жерленуі болса, екіншіден, оны Ташкент қаласынан алып шыққан қаралы көші бар-жоғы 27 автокөлік жасақталғандығы; Ұлықлық деген осы қарапайымдылық емес пе екен?

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар