///

1 триллион теңге кімге бұйырады?

1250 рет қаралды

Екі айға жуық уақыт төтенше жағдай жариялануына орай елімізде ең қатты зардап шеккен сала шағын және орта бизнес болғаны мәлім. Қазақстан үкіметі осы саланы сауықтыруға бюджеттен 1 трлн теңге бөлетін болды.

БҰЛ ҚАРЖЫ ҚАЛАЙ, ҚАШАН ИГЕРІЛЕТІНІ БЕЛГІСІЗ

 Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты экономиканың көптеген секторлары зардап шегуде.

Бірінші, экономиканың негізгі тірегі – мұнай баррелінің мүлдем құнсыздануы.

Екінші, енді ашылып табыс тауып келе жатқан шағын және орта бизнес өкілдерінің түбегейлі шығынға ұшырауы.

Үшінші, Ұлттық немесе квазимемлекеттік компаниялардан басқа орта және шағын компания жұмысшыларының жаппай жұмыссыздығы және олардың ең төменгі жалақы алу үшін компанияға емес мемлекетке өтінім тастауы мемлекеттік экономикаға кері әсерін тигізуде.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің 2019 жылғы 1 қаңтардағы көрсеткіші бойынша шағын және орта кәсіп  субьектілерінің саны ҚР бойынша 1 241 328 болған. Бұл көрсеткіш 2018 жылғымен салыстырғанда 8,3%-ға өскен. Төтенше жағдайға байланысты шағын және орта кәсіптің 80%-ы тоқтап тұр. 

Қазақстан Үкіметі шағын және орта кәсіпті қаржыландыруға бюджеттен 1 триллион теңге бөлуді жоспарлап отыр. Осылайша, коронавирус инфекциясы салдарынан ең көп зардап шеккен кәсіпкерлерге мемлекет қолдау көрсетпек. Бұл іске Ұлттық экономика министрлігі жауапты және бұл науқанға кірісіп кеткенін мәлімдеген.

Atameken Business және өзге БАҚ өкілдері президенттің тапсырмасы барын және соған сәйкес науқанға кірісіп кеткенін айтты. Алайда,  Ұлттық экономика министрлігінің ресми сайтында бұл туралы ешқандай ақпарат жоқ. Төтенше жағдайға байланысты салықтан босатылу туралы ғана мәліметті ұсынған.

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПТІ  ҚОЛДАУҒА 1 ТРЛН ТЕҢГЕ ЖӘНЕ 42 500

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің 2019 жылғы 1 қаңтардағы көрсеткіші бойынша Алматы қаласында 276 599 шағын және орта кәсіп субъектісі бар. Мемлекет тарапынан тағайындалған әлеуметтік көмекке (42500 теңге) 4 сәуір күнгі Алматы қаласы әкімдігінің хабарлауынша, Алматы бойынша кәсіпорындардан 2247 өтініш келіп түскен. Бұл кәсіпорындарда 7306 адам жұмыс істейді. Олардың 6650-іне 42500 теңге көлемінде мемлекеттік әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұл дегеніміз 282 625 000 теңге.

Дегенмен назар аударатын бір мәселе, шағын және орта бизнесті қалпына келтіру мақсатында бөлінген 1 триллион теңгеге 42500 теңгенің қатысы жоқ.

Біріншіден, 42 500 теңге әлеуметтік көмегі табысынан айрылған жеке адамдар үшін тағайындалды, екіншіден, шағын және орта кәсіпті қолдау үшін бөлінген 1 триллион теңгеден бұрын жарияланды.

Төтенше жағдай үшін 1 триллион теңге бөлінгенін білеміз, алайда шағын және орта кәсіптің осы күнге дейін көмек алғаны жөнінде мәлімет жоқ. Шағын және орта кәсіп өкілдері 42500 теңгені бизнестерін қолдау үшін алдық деп ойласа керек.

Мәселен Алматы қаласы, “Ақ ұлпа” дәретхана қағазы шағын өнеркәсібі басшысының орынбасары Серікбол Береговой 42500 теңгеден өзге ешқандай көмек алмағанын айтады:  

– Көмек деп 42500 теңгені айтасыз ба? Төтенше жағдай жариялағаннан кейін әлеуметтік көмекке өтініш білдірдік. Сол өтініш бойынша, 42 500 теңге көмек аламыз. Бұдан өзге біздің шағын бизнесті қолдау үшін ешқандай қолдау, көмек көрсетілмеді. Ол бөлінген қомақты қаржының игерілетініне күмәнім бар.

Дәл осы сауалды өзге де бірнеше шағын кәсіп иелеріне де қойған едік. Олардың да жауабы осындай болды.

Шағын және орта кәсіптің 65% тоқтады

1 триллион теңге кімдерге беріледі, оны алуға үміттілерге қандай талаптар қойылады, қаражат  қандай критериймен бөлінеді және қашан игеріледі? Бұл қаржы тұралап қалған шағын және орта бизнесті тығырықтан қалай алып шығады? Осы сауалдардың жауабын алу үшін экономист, сарапшы Жалғасбек Ақболатқа сауал жолдаған едік: 

– ҚР бойынша ТЖ жарияланғаннан кейін шағын және орта кәсібі мүлдем құлдыраған аймақтарды атап көрсетсеңіз.

– Астана, Алматы және Түркістан облыстарындағы шағын және орта кәсіптің жағдайы аса мүшкіл. Осы үш аймақ негізінен донор аймақ болған әрі шағын және орта бизнес өте тығыз орналасқан. Сол себепті, осы үш аймақ басты назарда.

– ТЖ-ға байланысты шағын және орта кәсіпті қолдау мақсатында бөлінген 1 триллион теңгені игеру қашан қолға алынады?

– 20 сәуірден бастап дағдарысқа қарсы шаралар күшіне енді. Қазіргі таңда енгізілген жаңа жобамен жұмыстар жасалынып жатыр.

– Экономист ретінде ТЖ-ға байланысты шағын және орта кәсіп хал-ахуалы жөнінде қандай пікір білдіре аласыз?

– Біріншіден, бағаның түсуі бұл экономиканың құлдырауына алып келді.  Бұған экспорт пен импорттың болмауын қосыңыз.  Біз қазір тығырыққа тіреліп отырмыз. Біздің экономикамыз сауда-саттық пен мұнайға тәуелді. Қазір шекаралар жабылды, соған орай сауда-саттық тоқтатылды. Мұнай бағасы құлдырады. Арабия мен Ресей мемлекеттерінің арасындағы текетіреске байланысты мұнайдың құлдырауы біз үшін де ерен соққы болды. Нәтижеде, баға, іскерлік белсенділік, қор нарығы құлдырады; кредиттеудің ең ұзақ мерзімді өсуі болды; барлық елдің экономикаға ақша құюының салдарынан әлемдік валюталардың инфляциясы мен девальвациясы болады; репрессияның алғашқы кезеңіндеміз; барлық әрекетіміз циклдардың кезеңіне байланысты болуы керек; 

– 1 трлн қаражат бөлінуде белгілі бір критерий қойыла ма?

 Басты артықшылықтың бірі “2025” бағдарламасы іске қосылды. Ол жерде салықтық шектеулерді алып тастады. ҚР Кәсіпкерлік Кодекс: Мемлекеттік қызмет кәсіпкерліктің 12 түрі: ойын ойнау, акциз салығы, құмар ойындар сынды бизнестерге бұл қолдау берілмейді;

700 млрд теңге агро шаруашылық үшін; 300 млрд теңге өңдеуші өнеркәсіп, өңдеуші, қызмет көрсету саласына жұмсалады;

100 млрд көктемгі егіс жұмыстарына бөлініп, жұмыстар жасалынып жатыр;

Қаржыландыру “Даму” қоры арқылы жүзеге асырылады.

ҚАРЖЫНЫҢ БӨЛІНУІНЕ КІМ ЖАУАПТЫ?

Шағын және орта бизнесті қаржыландыруға бір триллион теңге бөлінуі туралы шешім 28 күн бұрын қабылданған. Бірақ бұл туралы ақпарат сараң. Бизнес өкілдерінің бұдан хабары жоқ.  Сол үшін бұл қаржыға кім жауапты екендігінен де оқырман қауымды хабардар етуді жөн көрдік. 

Қаржының бөлінуіне Ұлттық экономика министрлігі, ал оны игеруге “Даму” қоры  жауапты. Ұлттық экономика министрі Руслан Ерболатұлы Дәленов. Даму қорының акционері “Бәйтерек Ұлттық Басқару Холдингі” АҚ. 

Жадыра Жанарбек

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі