//

Құпиялықты жоғалтсаңыз, бостандықтан да айрыласыз

1616 рет қаралды

Назарларыңызға онлайн-қауіпсіздік және құпиялылық мәселелері жөніндегі сарапшы, Hack for Privacy қауымдастығының авторы Робин Доэртидың мақаласын ұсынамыз. Ол құпиялылық және цифрлық құқық құндылықтарын дәріптейді.

Көптеген елдердің билігі құпиялылығыңызға нұқсан келтіріп отыр, ал кейбіреулер бұған мән де бермейді…

* * * * * * * * * *

Ешкімнен жасырған құпиям жоқ, ендеше оған неге бас қатырамын?

Иә, «жасыратыныңыз жоқ» болса, ештеңеге мән бермеуге болар. Құпиялық – жеке құқыңыз, пікір айту, қауымдастықтар мен жиындарға қатысу құқығын беретін айрықша бостандық еркіндігі. Мұның барлығы демократиялық, ашық қоғамның бір көрінісі.

«Жасыратын ештеңеңіз жоқ болса, ештеңеден қауіптенбей-ақ қойыңыз» дейтін кейбір саясаткердің сөзі кез келген шындықты мақсатты түрде бұрмалайды.

Мұның барлығы бізге тікелей қатысты. Сондықтан жіті назар аударуымыз керек.

«Құпиялықты сақтаудың не қажеті бар, себебі менің жасыратын ештеңем жоқ» деген тұжырым «сөз бостандығы бар ма, жоқ па түк те алаңдатпайды, себебі не айтарымды да білмеймін» деумен пара-пар»
– Эдвард Сноуден

Құпиялық және бостандық

Құпиялықты жоғалтсаңыз, бостандықтан да айрыласыз.

Пікір айту құқығыңыз интернетті қалай қолданатыныңызға бақылау арқылы бұзылуы мүмкін – ой еркіндігіңіз бен қимыл-әрекетіңізге сіз кірген сайттарды бақылау арқылы дұрыс не қате баға беруі де ғажап емес. Өзіңіздің бақылауда екеніңізді білу нақты бір тақырыпты зерттеуіңізге де кедергі келтіруі мүмкін. Бақылауда екеніңізді білсеңіз, қандай да бір тұжырымның ортақ бейнесін елестетуден қаласыз, соның кесірінен ойыңыз бір ғана бағытта қалыптасуы мүмкін. Мәселен, әлдене туралы онлайн жаза бастасаңыз немесе өзге қолданушының жекесіне хат жазсаңыз, ол хат та тексеруден өтетінін біліп тұрасыз. Ендігіде өз-өзіңізге цензура жасай бастайсыз, ал өзгелер сіздің тұжырымыңыздың ортақ бейнесін елестетуден қалады. Осылайша келесі идеялар іске аспай, құрдымға кете барады.

Интернетпен және телефонмен сөйлесуіңізді бақылаудың кесірінен сіздің қауымдастық құру құқығыңыз да бұзыла бастайды. Оған қоса дәл сіздің телефон құрылғыңыз арқылы қандай жерге барғаныңызды бақылайтын бағдарлама арқылы ақпарат жинау да құқығыңызды бұзады. Еркін қауымдастықтар, белсенділер мен күрескерлердің іс-қимылы арқылы әлеуметтік өзгерістер жасау және қарсылық білдіру құқығын қауіп-қатерге ұрындырып отыра береміз бе?

Бұл құқықтарымыз бен бостандықтарымыз дәл қазір шектеліп отыр. Уақыт өте келе бұл шектеудің ықпалы ұлғая бермек. Құқықты шектеудің барлық түрі осыған негізделеді де, адамдар күннен күнге оның кері ықпалын сезіне бастайды.

Бірігу

Жасыру керек деп есептейтін бір ғана ақпарат жинала келе, ауқымды профильге бірігеді де, сіз шынымен де жасырғыңыз келетін ақпараттар да ұлғаяды.

Австралиядағы мәліметтерді сақтау мәселесіне келер болсақ, біз құпиялық құқығымыздан бас тарттық. Осылайша мына мәліметтермен емін-еркін бөлісе береміз:

  • Қайда барамыз,
  • Кіммен, қашан кездесеміз,
  • Интернетте не істейміз.

Бұл мәліметтердің кішкентай бөлігін білген ABC News оқырмандары стандартты бағдарламалармен және аздаған уақытын жұмсап, мысал үшін, Уилл Оккенденнің үйін және оның жұмысын, тіпті ата-анасының мекен-жайын да тауып алды.

Жалпы жұрттың осындай мәліметтері көп екенін ескерсек, жеке өмірге қол сұғу бұдан да күтпеген жайттарға жетелейтетінін естен шығармайық. Five Eyes арнайы қызметінің орасан зор бюджеті және ауқымды мәліметтерді сараптау мен жасанды интеллект саласындағы прогресс те бұл жағдайды оңайлатады.

Қоршаған ортамен қарым-қатынасыңыз саяси-діни көзқарасыңызды, талап-тілегіңізді, сүйіспеншілігіңіз бен көзқарасыңызды, тіпті өзіңіз мүлдем ойламаған бір пікірлерді таңуы (мәліметтерді саралайтындар да қателеседі ғой) ғажап емес.

Қажет мәліметтер жиынтығы және жеткілікті уақытты есепке алсақ, сіздің қимыл-әрекетіңізді де олар болжап-біліп отырады.

Жеке тұлғаға кері ықпал

Жаппай бақылаудың қыр-сырын түсіну үшін өзіңіздің жүріс-тұрысыңызды өзгерте бастайсыз, яғни қандай да бір бостандығыңызға нұқсан келтіресіз.

Мына қадамдарды жасамас бұрын, жеті рет өлшеп, бір рет кесуіңіз керек:

  • Байланысу: Байланысу немесе адамдармен кездесу (өзіңіздің бірлесу құқыңызды орындайсыз). Мемлекет не жеке өзіңіз үшін «қажет адам» деп есептеген жақындарыңызды іс-әрекеттер алгоритмі анықтап отыратын болады. Ол адамдармен байланыс ең аз дегенде екі жыл сақталса, сарапқа түсе бастайды.
  • Жиналу: Сол адамдармен бірге бір жерге жиналу (Жиналу құқығын жүзеге асыру). Австралия үкіметі «экономикалық диверсант» қатарына сізді мәңгі қосып тастайтынын ұға тұра, климаттың өзгерісіне арналған қарсылық шеруіне қатысасыз ба?
  • Қатысу: Өзіңіздің кінәлі емесіңізді біле тұра, сізге зияны тиетін қандай да бір іс-шараға қатысар ма едіңіз? Демек интернеттегі қандай да бір жабық тақырыптағы әңгімелерді айналып өтесіз, қандай да бір сайтқа бас сұқпайсыз, қандай да бір кітапты сатып алмайсыз – бұл да пікір айту құқығыңызды шектейді.

Қоғамға кері ықпал

Халық арасындағы басқаша ойлаудың мұндай жиынтығы, мәселен, демократияяға алып баратын сүрлеуге шығудың жолын білетін журналистика, саяси өзгеше ойлау, т.с.с. мамандықтарға кері әсерін тигізуі мүмкін.

Белсенділер, журналистер және қоғам жаппай өзгеше ойлау мен саяси пікірталастарға емін-еркін араласа бастағанда бұл мәселеден де оң нәтиже шығаруға болады. Бостандықтар мен құқықтар еркіндігінің арқасында, өткен ғасырда бірталай оң өзгерістер жасалғанын қаперге алуымыз керек. Мәселен, Австралияда байырғы тұрғындарды халық санағына қосу туралы 1967 жылғы  референдум немесе байырғы тұрғындардың жағдайын жақсартатын заңдар қабылдауы үшін федералды үкіметке не әсер етті? 1950–1960 жылдардағы үзіліссіз қарсылық митингілері әсер етті.

Өкінішке қарай, қазір өз-өзімізді цензуралау мінезіміз қалыптасып үлгерді. 2013 жылы Америка жазушыларының арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі мынаны көрсетті: АҚШ-тың ҰҚА-сы арқылы жаппай қадағалау жүйесі туралы ақпарат шыққаннан кейін сауалнамаға қатысушы әрбір алты адамның біреуі өздерін қатаң бақылау астына алатын тақырыпқа жазбауға тырысқанын айтқан. Ал сауалнамаға қатысқан әрбір алты адамның тағы біреуі ондай тақырыптарға қалам тартпау жайлы терең ойланғанын мойындайды.

«Өзіңізден сұрап көріңіз: тарихтың қай кезеңіне көз салсаңыз да, негізсіз бақылаудан кім көп зардап шекті? Артықшылығы бар жан емес, осал адам зиян шекті. Бақылау – қауіпсіздік емес, ол күш пен тексеру»
– Эдвард Сноуден

Теріс пайдалану немесе заңсыз иемдену

Жеке ақпараттардың ауқымды қорына оңай қол жеткізе алу жүйесі мен мәліметтер базасын құру арқылы жаппай қадағалаудың ауқымын үлкейтеміз. Демек, адам құқықтарына қол сұғудың да ауқымы үлкейеді деген сөз.

Шығыс Германия тарихтағы жандарм мемлекеттің ең жарқын мысалы. ГДР-дегі Мемлекеттік қауіпсіздік Министрлігі (Штази) – ГДР-дегі қауіпсіздік қызметі органы ретінде аты мәшһүр жандайшап орган. Оның 90 000 тыңшысы, 174 мыңға жуық ақпарат жеткізушісі болған. Штазидің мыңдаған кінәсіз азаматтың әрбірінің жеке басының іс-қимылын тізбелеген іс-қағазы болған. Олар бұл ақпаратты диссиденттерді психологиялық аңду, адамдарды бопсалау, өзгелердің атына кір келтіру үшін пайдаланды. Алайда бұл интернет пайда болғанға дейінгі оқиға ғой. АҚШ-тың ҰҚА-сы арқылы жаппай қадағалаудың бүгінгі  жүйесі туралы  Штазидің байырғы подполковнигі былай дейді: «Біз үшін бұл қол жетпес арман еді».

Мемлекет тарапынан жүргізілген жұмыстарға қарамастан, Австралияда ұзын ырғасы 2500 тыңшы бар. Олардың қолында сіздің жеке басыңызға қатысты сан мың ақпарат тұр. Тыңшылар «кәсіби тұрғыдан» сәл-пәл қызығушылық танытса болғаны, адамгершіліктен аттап өтіп, ақпараттарды жариялап жіберу қаупі туады. Олар да ет пен сүйектен жаралған пенде екенін ұмытпаған жөн. Олар да қателіктерге ұрынып, социотехниканың, қоққан-лоққы жасау мен жемқорлықтың құрбанына айналуы мүмкін.

Жеке мәліметтердің сақталмауы кейбір адамдардың ең осал тұсы. Мәселен, сіздің жауыз әрі қатыгез байырғы бір танысыңыз бар делік. Сізге қатысты қандай да бір ақпарат оның қолына түссе, өміріңізге қауіп төнбей ме?

Тәуекелге бару

«Дижитал өміріміз» шынайы өміріміздің дәлме-дәл көшірмесі. Телефондағы жазбаларымыз қайда бара жатқанымызды, кіммен сөйлескенімізді, интернетке кіру қарқынымызды – біздің жасырғымыз келген ақпараттың түгелге жуығын жариялауы мүмкін.

Жеке мәліметтеріміздің ақпаратын алуға рұқсаты бар кез келген адамға немесе билік басындағы үкіметке сеніміміз берік болса да, біз үлкен тәуекелдерге немесе қауіп-қатерге бас тігіп жүрміз. Біздің құқығымызға нұқсан келтіретін бақылау жүйелері кез келген уақытта болашақ үкімет, ішкі барлау қызметі, екіжүзді барлаушының не болмаса хакерлердің қолына заңсыз тұрғыдан өтіп кетуі мүмкін.

Мәлімет көп болған сайын, оны қолдану мүмкіндігі тіпті қауіпті. Дәйекті түрде бүлдіру

Өміріңізге қол сұғу мен бақылаудың кез келген түрі құпиялық құқығымызды бұзып, бізді ашық қоғамнан бір қадамға кері шегіндіре бастайды.

Олардың ықпалын өз өміріңізде сезініп үлгермеген де шығарсыз, алайда сіздің құпиялығыңыз бұзылды. Осы жолмен кете берсек, бақылау жүйесін күннен-күнге күшейте түсеміз. Бір кездері жеке өмір деп аталатын құқық толық жойылып бітеді, сол бостандық деп есептейтін құқығымыз мүлдем жоққа айналады.

Техникалық прогресс дамыған сайын біздің алдымызда таңдау тұрады – бұл прогресс бұдан әрі қарай  қоғамға пайдасын тигізе түсе ме әлде оны біздің жеке өмірімізге түгелдей қол сұғар құрал ретінде қолданамыз ба?

Құпиялық ә дегеннен көзден бұл-бұл ұша қоймас. Ол уақыт өте келе біртіндеп жоғала бастайды, құпиялықтың кейбір бөлігінің жоғалып кеткенін байқамай-ақ қалуымыз да мүмкін, ал жоғымызды іздеген кезде бәрі де кеш болмаса деңіз.

www.soros.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар