/

Сағыныш Намазшамова: Ол үшін адамның бөтені болмайтын

2312 рет қаралды

Бүкіл қазаққа мәшһүр журналист Бейсен Құранбектің қайтпас сапарға аттанғанына да 10 күннің жүзі. Содан бері қимас ұлын жоқтап, күңіренген жұртта есеп жоқ. Ақпарат министрлігі журналистің атындағы “Жігер” сыйлығын тағайындады. www.minber.kz сайты Бейсекеңнің курстасы, қызметтесі журналист, ақын Сағыныш Намазшамованың естелігімен бөлісуді жөн көріп отыр.

Студенттік кездің ішінде ең ыстық, ең бауырмал, ең таза, ең балаң, ең аңғал жыл бірінші курс болса керек. Дәл сол курсты Бейсен екеуміз КазГУ-де бірге оқыдық. Біріміз мектепті жаңа бітірген он бес жастағы сарыауыз балапан, екіншіміз әскерге барып, есейген, оң солын танып, журналистік  ортаға кірігіп үлгерген 21-22-лердегі ересек жігіт. Ол кезде біз маңайымызға үрпие қарап, жаңа ортаға енді-енді үйрене бастасақ, Бейсекең Алматыда еркін жүретін, «Спорт» газетінде жұмыс істейтін журналист еді.  

Бір курста Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жастардың ішінде Талдықорған облысынан Бейсен, Раушан Иесова үшеуміз болдық.  Жерге, руға, жікке бөліну дегенді білмедік. Бірақ бұған дейін үйден шығып көрмеген мен алыс ауылды сағынғанда Бейсен мен Раушанның жанымда жүргенінің өзін үлкен медет санадым. Басқа курстастарымыз Бейсенмен тең құрбы боп қалжыңдасып жүргенде, мен оны іштей аға тұтып, туыс көрдім. Ол да сол о баста қарындасы санаған қалпы өмірінің соңына дейін ағалық қамқорлық, жақын жанашырлық көрсетуден айныған жоқ.

Бірінші курстың бар ұл-қызын жинап алып, ең алғаш үлкен қаланың театрына апарған да Бейсен еді. Ермек (ол да бірінші курста бірге оқыған досымыз) екеуі бір жағы қалжыңдап, екінші жағынан шын жанашыр ниетпен автобус, троллейбусқа бәрімізді санап кіргізіп, санап шығарып түгендеп жүретін. Кейін Бейсен сырттай бөлімге ауысып кетсе де, корпуста көріп қалып, мәз-мейрам боп шұрқырасатынбыз. 

Тағдыр желі бізді сан қиырға айдағанымен жолымыз Талдықорғанда қайта түйісті. Біз жай ғана бір қалада тұратын емес, бір тұрғын үйде, бір подъезде тұрған көрші болдық. Араласа келе Бейсеннің анасына деген шексіз махаббатын, перзенттік адал пейілін, туыс-жақындарына деген қамқор ниетін, жұбайы мен балаларына деген ерекше ықыласын – бәрін көріп-біліп, азаматтың жадымдағы бұрынғы бейнесі одан сайын биіктей түсті. Маңдайы жарқыраған, жүзінен нұр шашқан, дуалы аузында орынды қалжыңы, ойлы сөзі бар,  құшағына әулетті ғана емес, әлемді сыйғыза білетін абыз ананы көргенде Бейсеннің тектен тек үлкен жүректі азамат болып өспегенін түсіндім. Алла Тағала мені үлкен әулеттің үлгісін көріп, көңіліне түйсін деп көрші қылған шығар деп ойладым.

Біз жұмыста да әріптес едік. Баспасөз қызметі мен облыстық телеарна тығыз байланыста. Теларна басшысы ретінде апта сайын әкімдікке жиналысқа келеді. Мен жиналысқа қатыспасам да таңнан жұмысқа ерте барып алу – бұрыннан қалыптасқан әдетім. Жиналыстан бірде шаршап, бірде жігерленіп шығады, ондайда кабинетке бас сұғып: «Курстас, кеттік бір шыны шай ішіп келейік» дейді. Бұл екеуміздің айнымайтын әдетіміз. Шай үстінде өз жағдайы туралы әңгіме қозғамайды, менің хал-жайымды сұрап білуге тырысады. Балалардың, әсіресе, ұлдың жасөспірім кезі басталған, өтпелі шағындағы кейбір мінез өзгерістеріне не істерімді, қандай дауа табарымды білмей қиналып жүрген кезімде ақылын айтып, жол сілтеп, бағыт берген де Бейсен еді. Ол нағыз мотиватор болатын. Өмірімнің түрлі қалтарыс-бұралаңдарында мен  ақыл сұрауға арланбайтын екі адам болса, соның біреуі де өзі еді. 

Ол үшін адамның бөтені болмайтын. Қай кезде де өзгенің мәселесін өз  мәселесіндей көретін, «оны былай шешейік, оны былай жасайық» деп бар ықыласымен кірісіп кететін. Сондай кеңдігі мен азаматтық қалыбын бұрыннан білетіндіктен, оның «Айтуға оңай», «Қарекет» сияқты бағдарламаларды жеріне жеткізіп жүргізгеніне таң қалмадым. 

Кейде бәз біреулердің қылығына күйініп, көңілің қалып отырғанын білсе, өмірдің жақсы жағын көруге тырысу керектігін еске салатын. Әбіш Кекілбаевтың «Ненің жаман екенін айту жеткілікті, кімнің жаман екенін айту қазымырлық» дейтін нақыл сөзін Бейсен терең түйсінген екен. Жаманды да жақсылықтың үлгісімен тәрбиелеуге болатынын ол көрсетіп кетті. 

Материалдық дүниедегі іс-әрекеттердің барлығы идеалдық дүниедегі оқиғалардың жерге түскен сәулесі дейтін пайым бар. Соған қарағанда Бейсеннің идеалдық дүниесі тек қана ізгіліктен, гуманизмнен, жарық нұрдан тұрған екен. Және де біз қараңғы деген жарықтың жоқтығы дейміз, ал жарық бар жерде түнек тұрмайды, сол сияқты жақсылық бар жерде жамандыққа, мейірім бар жерде қатігездікке, адамгершілік бар жерде қараулыққа орын жоқ, мен Бейсеннің үлгісінен соны көрдім. 

Өз ғұмырының қысқалығын білгендей, сол аядай өмірін үміт пен сенімге, қайрат пен жігерге толтырды, кейіс пен кекке, өкпе мен ренішке оның уақыты да болған жоқ…

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі