////

Карантин: жығылғанға жұдырық

1614 рет қаралды

КАРАНТИН ҚИЫНДЫҚ ТУҒЫЗДЫ

         Мирас – екі баланың әкесі. Туа бітті мүгедектігі бар. 2007 жылдан бастап қояншық (эпилепсия) ауруымен аурады. Шаңырақ көтергеніне 3 жыл толады. Балалары үшін жәрдемақы алмайды. Мемлекет  тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін 47 290 теңге жәрдемақы алады. Бұдан өзге ешқандай табысы болмаған жас отбасы карантин кезінде қиын күндерге тап болған. 42 500 тг әлеуметтік көмекке қолы жетпеді. Өзіне мүгедектігі үшін, әйеліне балалары үшін жәрдемақы тағайындалған, сол себепті әлеуметтік көмек көрсетілмейді деп шешілді. Алайда бала үшін жәрдемақы әлі Мирастың отбасына жеткен жоқ. Жәрдемақы мен әлеуметтік көмекке өтінішті карантиннен кейін қайтадан тапсырады. Карантинге дейін аудан ауруханасынан дәрілерін тегін алатын. Өкінішке қарай, карантинге байланысты дәрі берілмейді деп айтқан. Оның үстінде аурухана ұнтақ (порошок) береді, ал оны Мирас іше алмайды. Себебі ұнтақ организмге жақпайды, сол үшін қайтадан қояншығы ұстап қалады. Дәрігерлер басқа дәрі жоқ, бары осы дейтін көрінеді. Дәріні көп тұтынғаннан асқазанда жара пайда болған. Ол да асқынып барады екен. Асқазанның жарасы үшін бөлек дәрі пайдалануға мәжбүр. Карантиннің алғашқы айында аудан әкімшілігінен 50 мың теңге көлемінде көмек болыпты. Үйіне азық-түлік жіберген. Берілген қаржыға дәрі алынып, келесі айда қаражат мәселесі қайта туындаған. Осылайша, карантин Мирастың отбасына қиындық туғызды.

ҚАЙЫРЫМДЫ ЖАНДАРҒА РАХМЕТ

         Қазіргі тұрып жатқан үй иесін осыдан 4-5 жыл бұрын жолықтырған. Үйінің бір бөлмесін беремін, үй жұмыстарына жәрдем етсеңдер болды депті. Содан бері бірге тұрады. Қояншық ауруының салдарынан үй иесінің берген тапсырмалары есінен шығып кетеді. Ал есінде болып сол жұмысқа кірісер болса қояншығы ұстап қалады. Сол жерде бірден құлап есін жинай алмайды. Құлағаннан қолдары жарақаттанып тілімденген. Үй иесіне осы жағдайдың барлығына түсіністікпен қарайтынына алғыс айтамын дейді Мирас. Карантин кезінде және оған дейін де әкімшіліктен бөлек өте үлкен көмек көрсеткен қайырымды жандар бар. Соның бірі “Пайғамбардың көршілері” қайырымдылық қоры. Әрдайым қаржылай, азық-түлікпен жәрдем етеді екен. Жұмыссыз болғандықтан қордың көмегі орасан зор. Сол үшін де Мирас қайырымды жандардың бұл ісіне дән риза.

ЖҰМЫС ТАБУ ӨТЕ ҚИЫН

         Жұмыс іздегенде ауруы жайлы айтса, Мирастан бірден бас тартады екен. Себебі есін білмей құлап қалу қай жұмысқа болса да кедергі. Мирас карантин біткеннен кейін тағы жұмыс іздейді. Алайда бұл жолы алдын-ала ауруы жайлы айтпаймын деп бекінген. Уақыт өте көрермін дейді. 2007 жылы ауру пайда болғанымен, көп ұстай бермейтін. Сол үшін де жұмыс істеу аса қиындық тудырмаған. Қазір жас ұлғайған сайын көбейіп кетті. Ұстап қалу жиілеген сайын дәрінің дозасы да қосыла береді. Дәріні үзбей ішсе ғана 3-4 күн жақсы хәлде жүре алады екен.

ОТБАСЫДАН АРТЫҚ БАҚЫТ ЖОҚ

         Мирас үшін бақыт деген не екенін білгіміз келді. Мирастың жауабы: ” отбасы, одан артық бақыт жоқ”. Мирастың ауруына ота жасау үшін қомақты қаражат керек. Оған, біріншіден, Мираста мүмкіндік жоқ. Екіншіден, отадан кейін құлан таза айығып кетуіне кепілдік жоқ. Дәрігерлер солай деген. Мирас бұдан арықарай не істерін білмейді. Үміті сөніп, көзінің оты өшкен. “Ештеңе ынталандырмайды. Мотивациям өшті. Құдай бергені болады. Жазмыш шығар. Көнемін, басқа не істей аламын” деді Мирас.

Жадыра Жанарбек

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері