///

Қайырымды шаштараздың үнсіз әлемі

2436 рет қаралды

Сырттай қарағанда бұл жігітті ешкім мүгедек деп ойламайды. Түр әлпеті келіскен, тұлғасы сымдай тартылған сымбатты. Есімі – Санжар. Жасы – 17 ден жаңа асты. Дүние дидарын көргелі үнсіздік әлемінде өмір сүріп келеді. Құлақ пен тілді бергенмен жаратқан құдай Санжарға тырс еткен дыбысты есту мен уілдеп болсын үн шығаруды жазбапты. Бірақ есесіне қолы епті, көкірегі сайрап тұр. Тіпті қарым-қабілеті өзге қатарластарынан оқ бойы озық.

Санжар Талдықорғандағы құлақ кемістігіне ұшыраған балаларға арналған арнаулы мектептің түлегі. Қазір облыс орталығындағы политехникалық коллеждің студенті. Ым тілімен дәріс алатын шәкірттерге арналған «Дизайнер» мамандығында оқып жатыр.

Колледжде дизайнерлік өнердің қыр-сырын меңгеріп жатқанмен Санжардың арманы басқа. Ол – шаштараз болсам дейді. Өз бетінше ізденіп осы кәсіптің арнаулы курстарынан өтті. Бүгінде қолында кәсіби шаштараз деген құжаты да бар.

Коронавирус індетіне байланысты жарияланған карантин кезеңі Санжар үшін бала күнгі арманын жүзеге асырар сәт болды. Елдің бәрі үркіп, үйінен шықпай жатқан кезде шаштараздардың да жұмысы тоқтағаны белгілі. Сол тұста Санжар қайшы-тарағын алып Талдықорған маңындағы ауыл-ауылды аралады. Көпбалалы отбасылар мен жағдайы төмен тұрғындарды іздеп тауып, баланың да басқаның да шашын тегін қиып берді.

Тегін шаштараз қызметін Санжар әлі жалғастырып келеді. Аптасына бір ауылға барып, қайтады. Бүгінге дейін 40-тан аса отбасына тұрақты түрде қызмет көрсетеді. Халықтың ақшасын емес, алғысын алған жігіттің жұртқа істеген жақсылығы өтеусіз қалған жоқ. Биыл Даму банкі мен ҚР Білім және Ғылым министрлігінің бірлескен жастар корпусын дамыту жобасына қатысып 1 000 000 тг грант ұтып алды.

Ол мемлекет берген қаражатты той-томалаққа жаратып, бір күнде шашып тастаған жоқ. Шашауын шығармай, орын-орнымен жұмсады. Шаш қиюға қажетті құрал-жабдықтың бәрін сатып алған.

Санжар қазір политехникалық колледждің жатақханасында тұрады. Оқу орнының басшылығы оған арнайы шаштараз бөлмесін ашып берген. Сол жерде студенттердің шашын қиып, аз-маз ақша тауып жүр. Жағдайы жоқ азаматтар болса ақысыз-пұлсыз қызмет етеді.

Санжар өр мінезді жігіт. Өзін кемтар деп кемсіткенге қорланады, мүгедек деп мүсіркегенге намыстанады. Ешкімге масыл болғысы жоқ. Ата-анасынан да ақша сұрамайды. Өз күнін өзі көруге бейім, өзгеге де қолқабыс қылуға құштар.

Ол оқу ордасында өтетін спорттық шаралардың да бел ортасында жүреді. Әсіресе футболды жақсы ойнайды. Осындай талантты, көпшіл, ашық-жарқын мінезді Санжарды ұстаздарды да мақтаныш етеді. «Ізденуден жалықпайтын, айтқан сөзіңді екі етпейтін жақсы шәкіртіміз» деп бағалайды.

Саңырау бола тұрса да ерекше дарынымен көзге түскен Санжардың ендігі арманы шағын шаштараз бөлмесін үлкен сән салонына айналдыру. Ол жерде кем-кетікке тегін қызмет көрсетіп, өзі сияқты мүмкіндігі шектеулі ұл-қыздарға білгенін үйреткісі келеді. Сол арқылы олардың еңсе тіктеуіне жол ашпақ ниетте. Санжардың бұл мақсатқа жетеріне сенеміз. Өйткені онда Абай айтқан «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің» бәрі бар.

Айгүл Оқбаева (Талдықорған)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері