//

Шонжыдағы Орталық ауруханаға компьютерлік томография аппараты бір-екі жылда беріледі

5848 рет қаралды

www.minber.kz бұдан бұрын Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының ауылдарындағы жағдай туралы мақала жариялаған еді. Бұл жолы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылындағы Орталық ауруханадағы жағдайды білмекке талпындық. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы жолданған сауалдарға «Ұйғыр аудандық орталық аурухана» ШЖҚ директоры Мақсот Байчеркешов жауап берді.

Қазір аудандық ауруханада ковид анықталған қанша адам емделіп жатыр? Олардың ішінде пневмония анықталғандар бар ма?

– Қазіргі уақытта аудандық ауруханада пневмониямен ауырған 33 адам ем алып жатыр. COVID-19 індетіне шалдыққан науқастардың жас шамасы – 25-78 жас аралығы. Ауруханада 3 өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппараты, 23 оттегі концентраторы бар.Бұған қоса демеушілер 22 оттегі концентраторын алып берді.

– Ауруханада ковидті емдеуге арналған протоколда көрсетілген дәрілер жеткілікті ме?

– Протоколда көрсетілген COVID-19 індетін емдеуге арналған дәрілер жеткілікті. Медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Қорғаныш костюмдері жеткілікті.

– Шалғай ауылдардағы науқастарды әкелуде қиындық жоқ па?

– Науқастарды аудан орталығына әкелуде ешқандай қиындық жоқ. Науқастарды арнайы жабдықталған көліктермен орталық аудандық ауруханаға жеткізеді.

– Жазылып шыққандар нешеу, қанша адам қайтыс болды?

– Ауруханадағы дәрігерлердің еңбегінің арқасында 100-ден аса адам жазылып шықты. Өкінішке қарай, осы вирус тарағалы бері ауруханада 6 науқас қайтыс болды. Олардың әртүрлі қосымша ауруы болды, жасы да келіп қалған адамдар еді әрі ауруды асқындырып алғандары бар.

– Рентген, компьютерлік томография бар ма?

– Рентгеннің барлық түрі бар. Цифрлы, флюрография, маммография, жылжымалы рентген және флюрографты автокөлік бар. Ол ауыл-ауылға барып тұрғындардың өкпесін түсіреді. Ал КТ аппараты жоқ. Оған тапсырыс жазып қойғанбыз, бір-екі жылда береміз деді.

– Аудандық ауруханаларды жетілдіру үшін қандай шара атқарылуы керек деп ойлайсыз?

– Аудандық аурухананы жетілдіру мақсатында аудан әкімшілігімен бірлесіп оттегі жүйесі орталықтандырылды.

– Аудан тұрғындарының айтуынша, ауруханада 2 дана кір жуатын машина бар екен, қазір ол аздық етіп жатқан көрінеді. Сондай-ақ, тұрғындар ауруханаға 2 дана жылжымалы рециркулятор, 2 дана медициналық электроотсос қажет дейді. Бұл рас па? Мұндай қажетті заттарды толықтыру жолында не істеп жатсыздар?

– Қазіргі таңда ауруханада 5 дана кір жуатын машина, 4 электроотсос бар.

– Ауруханаға көмекке ауыл жастарынан құралған еріктілер барды ма? Олар қандай көмек көрсетті?

– Ауруханаға көмекке ауыл жастарынан құралған еріктілер келді, олар оттегі баллонын алмастыру жағынан көмек көрсетуде.

– Сіз басқарып отырған ауруханада маман тапшылығы бар ма, нақты қандай мамандар қажет? Медициналық құрылғылармен толық қамтылған ба?

– Қазіргі таңда аудандық орталық ауруханада маман тапшылығы жоқ, медициналық құрылғылармен қамту мәселесі оңтайлы шешілуде.

«Аудан тұрғындарының айтуынша, ауруханада 2 дана кір жуатын машина бар екен, қазір ол аздық етіп жатқан көрінеді. Сондай-ақ, тұрғындар ауруханаға 2 дана жылжымалы рециркулятор, 2 дана медициналық электроотсос қажет дейді. Бұл рас па?»деген сауалымызға бір сөйлеммен жауап беріліп еді. Оның толық жауабын аудан әкімі Шухрат Нурахуновтың парақшасынан таптық. 22 шілдедегі жазбасында әкім:«Ел басына күн туға ауыр кезеңде жұмылған жұдырық болып, пандемияны жеңу жолында біріккеніміз маңызды. Осы орайда жанашыр азаматтар қолдан келген көмектерін көрсетуде. Дәл сондай игі шараның бірін бүгін «Жарты баба» ұрпақтары мен «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігі бастап 2 дана және басқа да кәсіпкерлер 3 дана, барлығы 5 дана оттегі концентраторын орталық ауруханаға табыстады.

Бұған дейін де кәсіпкерлер, еріктілер, аудан тұрғындары болып бірігіп 8 дана оттегі концентраторын, 63 дана тыныс алуға арналған «Боброва» аппараттарын, 2 дана кір жуғыш машина және керекті құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектерді сыйға тартқан. Сондай-ақ әрбір палатадағы науқастардың тыныс алуына қолайлы жағдай жасау үшін кәсіпкерлер Мурат Музафаров, Ришад Абдрахманов, Савердин Илахуновтар оттегі жүйесін орталықтандырып берген болатын.

Бұл – үлкен көмек. Осы аппараттар науқастарды емдеуде оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Елдегі ахуалға бей-жай қарамай, осындай игі шараларға өздерінің тамшыдай болса да үлесін қосып жүрген азаматтарға алғыс білдіремін. Аман болайық!» – деп жазған еді.

Ал одан кейін осы парақшаны белгілеген аудан белсенділері «Бүгін белгілі актер, ауданымыздың тумасы Бекжан Тұрыс ағамыз бастаған жастар аудандық орталық ауруханаға бірқатар құрылғы берді. Аудан тумалары Бекжан Тұрыс пен Нұркен Өтеуіл ағаларымыз өз аттарынан бір оттегі концентраторын алған болса, аудан жастары жиналып, оттегі концентраторын, электроотсос, рециркулятор, сонымен қатар 50 адамға арналған ыдыс-аяқ табыс етті», – деп мәлімет таратты. Араға бес күн салып, Фб қолданушысы Досым Зікірия«Ұлағатты ұрпақ» қорының ауданға ковидті емдеуге қажет дәрі-дәрмек әкеліп бергенін жазды.

Пандемия кезеңі журналистердің ақпарат алуын бұрынғыдан да қиындатты. Алматы мен Талдықорғаннан шалғай жатқан ауылдың жайын білмекке хабарласқанымызда, ондағы дәрігерлердің облыстық денсаулық сақтау басқармасының қадағалауынсыз еш ақпарат бере алмайтынына көзіміз жетті. Ең өкініштісі, жалғыз Алматы облысы емес, Қазақстанның барлық аймағында осы кедергі бар. Жуырда ғана Батыс Қазақстан облысының аудандағы жедел жәрдем жүргізушісінің үстемақы ала алмай жүргенін естідік. Дереу анық-қанығын білу үшін хабарласып көріп едік, мән-жайды айтуға қорықты. Жұмысынан айырылып қаламын ба деген үрей бар. Өйткені біздегі құзырлы органдар белгілі бір саладағы проблеманы шешуден бұрын сол проблеманы бұқаралық ақпарат құралына айтқан адамды түртпектеумен көбірек айналысады.

 

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі