//

Ықтиярхаттың машақаты

4058 рет қаралды
фото: www.baribir.kz

Елімізге өзге мемлекеттерден көшіп келген отандастарымызға азаматтық алғанға дейін ықтиярхат беріледі. Ықтиярхат олардың белгілі бір жұмыс істеуіне, Қазақстан ішінде емін-еркін жүруіне, дәрігерге қаралып, әлеуметтік жәрдемақы алуына мүмкіндік береді.

 ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауы бойынша, Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқтар тегін медициналық көмектің кепілді көлемін алу құқығына ие болады.

Айман Жанатқызының Қазақстанға келгеніне жақында 1 жыл толады. Әлі ықтиярхат алмаған. Бұл іспен айналысатын маман да, көмек берер адам да жоқ секілді дейді.

Мен 2019 жылы қыркүйектің 28-і Моңғолиядан Қазақстанға келдім. Қазақстанға алғаш келуім. Бұл жақта туған ағам бар. Тұрып жатқанына аса көп болған жоқ. Сол кісінің қасына келуді жоспарладым. Менің қалауым, арманым барлығы орындалады деп сендім. Жаңа ел, жаңа үміт, жаңа мүмкіндіктер. Алайда мен ештеңе білмедім. Бұл елде қалай күн көремін? Барған соң не істеймін? Азаматтық/ықтиярхат алу жайлы мүлдем хабарсызбын. Не де болса тәуекел дедім. Қазақстанға келгенімде мені туысқан ағам күтіп алды. Туған ағамның қасына апарды. Менің ағам үйленген, екі баласы бар. Ағамның қасында 3 күн болдым, кейін мені күтіп алған ағам алып кетті. Жұмыс ұсынды. Маған туысқан болып келетін отбасыға баруымды сұрады. Күнделікті тамақ пісіріп, үй тазалығын жасауды тапсырды. Бұл үшін ай сайын ақымды төлейтінін айтты. Мен келістім. Себебі, маған бұл жақта басқа жұмыс табу қиынның қиыны. Қазақстанға келген мақсатым бірінші жұмыс істеу, қаражат жинап кейін оқуға тапсыру болды. Мен Моңғолияда 12 жылдық мектеп бітіріп келдім. Енді жоғары оқу орнында оқығым келеді. Ол үшін дайындық, қаражат қажет.

Маған алғашқы күннен бастап осы жақтағы туыстарым көмектесті. Уақытша 3 айға тіркеуге тұруға апарды. Тіркелдім. Содан кейін 50 мың теңгелік жалақыға туыс ағамның үйінде жұмыс істедім. Сол үйде тұрдым. Тіркеуімнің уақыты бітті. Ықтиярхатқа құжат тапсырамыз деп уақыт таппай жүргенімізде карантин болып кетті. Мен карантин басталғанда өз ағамның қасына бардым. Кішкентай сәбиіне қарадым. Карантин, барлық жер жабық. Бұл период мен үшін қиын болды. Себебі, жақын адамдарымыз бақилық болды. Қаза болғаннан кейін қабырғамыз қайысып, ұнжырғамыз түсіп кетті. Ықтиярхатты ойлауға мүмкіндік болмады.

Бір жарым айдан кейін Қазақстанға келгеніме 1 жыл толады. Бірақ менде әлі ықтиярхат жоқ.

 Осы уақыт ішінде Қырғызстанға шығып тұрдым. Әр 3 ай сайын шекара асты деген таңба қойдырып жүрдік. Карантин кезінде мемлекет тарапынан 42500 теңге әлеуметтік көмек берілетінін естідім. Алайда біздерге қатысы жоқ деп ойладым. Өтініш берген жоқпын. Мемлекет тарапынан қандай қолдау, көмек болғанынан мүлдем хабарсызбын. Ешқандай орталыққа, басшылыққа барған жоқпын. Қайда, кімге барарымды білмеймін. Ықтиярхатымды жасап беретін ешкім жоқ. Сұрастырғаным бойынша, жасап барлығын бітіріп беретін адамдар бар екен. Алайда әлі тапқан жоқпын. ХҚКО бұл істі тым алысқа апарып жібереді. Бір жағынан бұл жаққа әлі де етім үйренбеді. Мүмкін дәл осы сұхбаттан кейін жағдай өзгеретін шығар.

Minber.kz тілшісі бұл мәселеге байланысты Алматы қаласы еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасына хабарласқанымен ол жақтан жауап ала алмады.

Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айрылған жағдайда әлеуметтік жәрдем алуға өтініш беру үшін олардың ықтиярхаты, оған қоса тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуі болуы керек деп баяндаған болатын.

Парақшамызға жазылыңыз

Жадыра Жанарбек

Minber.kz сайтының маусым айынан бастап авторы. Сулейман Демирел Университетінің 4-курс студенті. 2020 қаңтардан бастап “Halyqnews” сайтының Алматы қалалық тілшісі қызметін атқарған. Журналистерге арналған “Media CAMP Edyuton -2020” инновациялық курсының қатысушысы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі