////

Айнұр ТӨЛЕУ,  журналист: Интернетті ауыл халқы да еркін пайдалануы керек, олар да осы қоғамның толық мүшесі  

5060 рет қаралды
Жотада интернет іздеп жүрген кез

 Енді бір аптадан кейін жаңа оқу жылы басталады. Биылғы оқу бұрынғыдан өзгерек. Оқу форматы басқаша. Оқу сапасы интернеттің жылдамдығына тікелей байланысты. Өкінішке қарай, интернеттің жылдамдығы көңіл көншітерлік емес. Мәселен, фейсбук қолданушысы Айнұр Төлеу былай жазады: “Демалысымның жартысын  мұғалім анамды аудан орталығына тасумен өткіздім. Күнде апарам. Себебі ол мұғалімдерге арналған “Жаңартылған бағдарламаны ” оқып жүр. Карантин ғой. Аудан орталығынан оқып не керек дерсіз? Негізі үйде отырып, зуммен оқуы керек еді. Иә, зуммен оқыды. Бірақ үйде емес. Үйде, ауылда интернет жоқ. Сондықтан ноутбукты салып аламыз да орталықтағы туыстардың үйіне барамыз. Бара беруден ыңғайсызданып кеткен күндері 🚘машинаның ішінде, тоғыз жолдың торабында, интернет тартатын жерде оқимыз. О кісіні оқытам деп жүріп, әлгі бағдарламаны мен де түсініп алдым. Мұғалім деген идеологиялық әскер ме деп қалдым. Енді деймін де, мұғалімі интернет тартпай, сенделіп кеткен ауылдың оқушысы кім болмақ, қайтпек? Интернетсіз жерде өзімнің де жүйкем сыр берейін деді.  Ауылдың адамдары да салық төлейді. Олар неге заманның игілігінен мақұрым қалуы тиіс?

“Мінбер” сайтының журналисі Айнұр Төлеуге хабарласып, бірнеше сауал қойған еді: 

Дегерес ауылы. Фото авторы Арман АТАХАНОВ

– Жақында ауылға барып фб парақшаңа онда интернеттің ұстамайтынын жаздың. Бұл  қай ауыл неге интернет ұстамайды екен?

– Бұл – Алматы қаласынан 97 шақырым қашықтықта орналасқан Дегерес ауылы. Алматы облысы Жамбыл ауданына қарайды. Аудан орталығынан 60 шақырым алыста жатыр.  Zoom платформасы толық тарту үшін таудағы 60 шақырымдық ауылдан орталыққа баруға тура келеді.

Дегерестегі интернет уатсап байланысқа жарап тұр. Мен актив байланыс операторын қолданам, ол мүлде жарамайды. Сол үшін де ауыл адамдарының көбі биллайн операторын пайдаланады екен, оның өзі тек уатсап қана. Ол балаларды оқытуға арналған видеобағдарламаларды көтермейді.

Ауылға еңбек демалысына шығып барып ем. Анам осы уақытта Zoom платформасы арқылы біліктілігін арттырып жүр екен. Мен келгенше анам  әріптестерімен бірге әкімдік ғимаратының жанында сондағы кабельді интернет арқылы оқыпты. Ал ауылдың қалған жерінде 4G интернет мүлдем жоқ. Яғни, халық  Е деңгейіндегі интернетпен бір-біріне хабарлама жібере алады, ал интернеттің өзге игілігін көре алмайды.

– Постыңда «мұғалім-идеологиялық әскер ме деп қалдым…» деп жаздың, бұл ойыңды тарқатып айта аласың ба?

– Анам жаңартылған бағдарламаны оқып жатыр, оның қасында жүріп бағдарламаны мен де түсініп қалдым. Ал анамның жасы 60-та жақында зейнетке шығады. Жаңартылған бағдарлама туралы екі бет мәтінді жаттап отыр. Мен оған «Жаттаудың не керегі бар, бастысы түсіндіңіз ғой, түсінгеніңізді өз ойыңызбен айтсаңызшы?..», – десем, жаңартылған оқу бағдарламасына тән бағалау түрлерінің атауын жаттамасам болмайды, міндетті түрде жаттауым керек дейді.

Мәселен, әскерлер әскери тәртіппен жүреді ғой, мұнда мұғалімнің миына да сол тәртіп құйылып тұр. Бұл маған біртүрлі көрінді, мұғалім әскер емес қой?.. Осы көріністі көрген соң маған «мұғалім – идеологиялық әскер ме?..» деген ой келді.

Менің негізгі мамандығым – филолог. Университетте сабақ беріп көрдім. Мектепте сабақ беріп көрсем ғой деген арманым бар еді. Мына көріністен соң мектепте сабақ беруден жүрексініп қалдым. Мұғалімнің өз сөзі, ойын жеткізудегі өз ойы құнды болмаса қиын ғой…

– Интернет ұстамайтын ауылда өмір сүру мен қалада өмір сүрудің айырмашылығы неде екен?

– Интернет ұстамайтын ауылдағы ауаның тазалығы, астың экологиялық сапасы, саумал-қымыздың шипасы өте тамаша. Алайда, демалыс болғанымен қосымша жұмыспен Астанаға бір видеоларды кесіп, анкеталарды толтырып жіберуім керек еді. Интернеттің нашарлығынан таудың жота-жотасына тентіреп кетуіме тура келді. Енді бірде тоғыз жолдың торабына барып көлікте отырып жұмыс істеуге мәжбүр болдым.

Бұл ауылда да жастар бар, өсіп келе жатқан жасөспірімдер бар. Олар да заманның игілігін пайдалануы керек. Интернет күллі әлемді алақандағыдай көрсетеді деп айтамыз ғой, ол рас мен қалада, интернет жақсы ұстайтын  жерде Мәскеудің, шамам келгенінше Еуропаның кітапханаларына кіріп    аналитикалық талдауларды оқитынмын. Ал мұнда адамның ойлау жүйесі, көзқарасы шектеледі. Өзіңе қажет дүниені, ой-өрісіңді дамытатын дүниені көре алмайсың. Тіпті ел ішіндегі жаңалықтарды жан-жақты біле алмайсың. Демек, ауылдың адамдары «Цифрлы Қазақстанның» игілігін көріп отырған жоқ. Баяғыда ауылды менсінбей отыратын көзқарас болушы еді ғой, мына жағдай тура соны еске салып отыр. Интернеттің дұрыс ұстамауы қала мен ауылдың арасын алшақтатып жіберді. Өз басым 18 миллион ғана халқы бар мемлекетте ауыл мен қаланың арасында алшақтық болмау керек деп есептеймін. Негізі Еуропадағы кейбір елдерде ауылдағы, фазендадағы тұрғындардың жағдайы қаладағы тұрғындардың жағдайынан жақсы. Біз де соған келеміз деп ойлаймын. Үміттенем! Интернет қазіргі заманның ең негізгі игілігі ғой. Әрине, басқа да мүмкіндіктер бар, бірақ интернет секілді заманның ең негізгі игілігін ауыл халқы пайдалана алмай жатқанда қайдағы жаңартылған бағдарлама?!. Мен соны түсінбедім?..

Мұғалім жаңартылған бағдарламаны қолынан келгенше меңгеріп жатыр, ал интернеттің мынадай шабандығымен оқушы оны қалай меңгереді?..

Анамның қасында отырғанда байқағаным,  Zoom-ға кей мұғалім әрең кіреді, олардың дауысы бірде естіліп, бірде естілмейді. Тіпті сабақтың ортасында кей адамды бірден шығарып жібереді. Мұндайда алған білімнің сапалы болуы туралы сөз қозғау мүмкін бе?..

– Өзің ауылда болған бірнеше күнде интернет ұстамағаны үшін шағым айтқан, себебін іздеген адам көрдің бе?

– Елдің бәрі шағым айтып жүр… Біз балаларды қалай оқытамыз деген сұрақ әр адамның көкейінде ғана емес, көзінен көрініп тұр. Оқушы аз болған соң мұнда бастауыш сынып балаларын түстен кейін мектепте оқытуға шешім қабылдады.

Көп игілік болмаған соң тұрғындардың көше алатындары ауылдан көшіп кеткен ғой. Бүкіл табысын малдан тауып отырғандар көше алмай қалған. Қазақтың болмысы ауылда, қазақылықты сақтап тұрған институт қазір тек – ауыл. Құрт, ірімшік, қымыз, саумал сынды ұлттық тағамдарды күнделікті пайдаланатын, оның технологиясын сақтап отырған да ауыл. Дәстүр-салтымыздың қалада жоқ сипаты да ауылда. Сонда да біз ауылды құрметтей алмай отырмыз. Оны интернетпен қамти алмай отырмыз. Ондағы тұрғындар да осы қоғамның мүшесі ғой, олар да сіз бен біз сияқты салық төлейді. Онда неге заманның игілігінен қағылуы керек?

Өзің көрген мәселені Мінбер.кз оқырмандарымен бөліскеніңе рахмет!

 

Біз бұл мәселе жөнінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз хатшысы ұсынған Алматы облысы бойынша өңіраралық инспекция өкілі Асхат Рахматуллинге a.rakhmatullin@mdai.gov.kz электронды почтасы арқылы сауал жолдадық. Жауапты ала сала жариялаймыз.    

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар