////

Білім саласында ер адамдар неге аз?

2783 рет қаралды

Аслан Жәнібеков, Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Алға ауылындағы Әбу Сәрсенбаев атындағы қазақ орта мектебінің түлегі. Бүгінгі күні Аслан Талдықорған қаласындағы «Достық» білім беру орталығының басшысы. Білім саласында, соның ішінде орта мектептерде ер мұғалімдер саусақпен санарлық десек өтірік болмас. Соған қарамастан Аслан бала күнгі «мұғалім боламын» деген арманы орындалған және сол арманның жетегінде өз кәсібін абыроймен атқарып жүрген бірегей мұғалімдердің бірі. 

Аслан өз ауылындағы Әбу Сәрсенбаев атындағы қазақ орта мектебін бітірген соң, Атырау қаласындағы Халел Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университеттің «Тарих» пәні мұғалімі мамандығына оқуға түскен. 2010 жыл мен 2014 жылдар аралығында бакалавр, кейін 2016 және 2018 жылдар аралығында магистратураны тәмамдаған. Университет қабырғасында әртүрлі жобаларға қатысқан. Мысалы, бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау облысындағы «Репрессияға ұшыраған Алаш Ордалық мұғалімдерді» зерттеген.

– 2013-2014 оқу жылында Атырау қаласындағы Білім-Инновация Лицейінде бір жыл тарих пәні мұғалімі және тәрбиеші болып қызмет атқардым. 2014 және 2018 жылдар арасында «Достық-Атырау» білім беру орталығында тарих пәні мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқардым. Осы уақытта  жүздеген оқушыларды ҰБТ-ға дайындап, мамандық таңдауға көмектесіп, маңызды қадамдар жасадық. 2018 жылы Астана қаласына ауысып, Астанада 2022 жылға дейін қызмет еттім. Астанадағы қызмет кезінде жасаған ең маңызды жұмысым – ҰБТ-ға «тарих» пәні бойынша сұрақтар құрастырып, ҰБТ сарапшысы, аналитик қызметтерін атқардым. Қазіргі таңда Талдықорған қаласындағы «Достық» білім беру орталығының Директоры қызметін атқарамын, -деген Аслан білім саласындағы еңбек жолы қалай басталғаны жөнінде баяндап берді.

– Соңғы жылдары ұл балаларда, жалпы жастарда ұстаз болуға деген қызығушылықтың жоғары екенін бәріміз де байқап жүрміз. Сізді ұстаз болуға не қызықтырды және ұстаз болу үшін сізде қандай мотивация болды?

– Жалпы ұстаз болу жүректің батырлығы дейді. Менің ойымша ұстаз қоғамдағы ең элиталы топ, элиталы мамандық болуы керек. Себебі кез-келген саланың маманы ұстаздың алдынан өтеді, ал ұстаздың берген тәрбиесін сол маман болашақта еліне, жеріне қызмет ету үшін жұмсай алады. Демек, ұстаздың атқаратын рөлі маңызды. Ұстаздықты таңдаудағы ең басты себебім, болашақ жастарға көмектесу, оларға өмірлік бағыт-бағдар беру. Мотивацияға келетін болсақ, университетте оқып жүрген кезімде әлі де екі ойлы болған уақыттар болған. Себебі сол уақытта қоғамда мұғалім болуға қызығушылық төмен еді. Негізі мектепте кәсіпкер болуды армандап, сол арқылы ауылыма мешіт салсам деген ойым болған. Алайда бір ғана адамның сөзі ойымды түбегейлі өзгертті десем болады. Ол адам маған «егер сен кәсіпкер болсаң ауылыңа бір ғана мешіт саларсың, ал егер ұстаз болсаң ауылыңды, еліңді дамытатын қаншама мамандар тәрбиелеп, оқыта аласың. Олар сен арқылы елдің дамуына үлкен үлес қосар еді» деген еді.

– Ұстаздық жүрек қалауыңыз, ал неге тарих пәні?

– Бұл пәнді оқушы кезімнен өте жақсы көріп оқыдым. Мен үшін тарих әрқашан қызық еді. Одан кейін менің таңдауыма мектептегі ұстазымыз Жанболат Мәлиев  ағайымыздың берген білімі мен қосқан үлесі көп болды. Жалпы, неге тарих пәні? Тарих бұл ұлтты, жастарды тәрбиелеудегі үлкен құрал. Тарихты біз тек қана даталарды жаттау үшін ғана оқып қоймаймыз, өткеннен сабақ алып, ата-бабаларымыздың бізге дейін жасап кеткен істерінен, ерліктерінен үлгі алып, алғанымызды болашақта елімізге, ұлтымызға қызмет етуге ұштастыра аламыз.

– Өзіңіз осыған дейін айтып өткендей мүғалім ретінде жүздеген оқушыларды ҰБТ-ға дайындап, мамандық таңдауға көмектесіпсіз, мамандық таңдау мәселесі туралы ойыңызды айтсаңыз?

– Ұстаздық қызметімнің барысында мектеп бітіруші түлектермен көп жұмыс жасап келемін. Осы 10 жылдық тәжірибемде мектеп бітіруші түлектерді үлкен өмірге бағыттау үлкен жұмыс екенін түсіндім. Біз олардың болашақтарын дұрыс құруына көмекші бола білуіміз керек, себебі жастар – жаңа ресурс. Мектеп оқушылары ғана емес, мектеп директорларына да ҰБТ туралы және мамандық туралы семинарлар өткізіп тұрамын. Қазіргі уақытта мамандыққа байланысты ақпарат толық таралмай жатыр, жеткіліксіз. Ата-аналар мен оқушылар қандай мамандықтар бар екенін білмейді. Тек төрт-бес мамандық атауымен ғана шектеледі. Бүгінгі таңда қандай мамандықтар бар, қандай университеттер жақсы, сапалы білім береді, бұл туралы біле бермейді. Сондықтан мамандықты дұрыс таңдау мәселесі өте маңызды. Мамандық таңдауға бағыт-бағдар беретін мамандардың саны көбеюі керек. Мектептерде 9-шы сыныптан бастап осы тақырыпта баламен және ата-анамен сөйлесіп,  жұмыс істейтін кәсіби мамандар санын арттыру керек. Қазір дипломы бар да, жұмыссыз жүрген жастар көп, соның барлығы мамандық таңдауда жіберілген қателіктің салдарынан болған деп ойлаймын. Бізде қазір «мамандық емес, «мамамдық»» деген түсінік бар. Мектепте 11 жыл оқып, анасының таңдаған мамандығы бойынша оқуға барады. Ата-ана да үйде баламен көбірек сөйлесіп, мамандықты таңдап бермей, балаға дұрыс таңдау жасауға көмектесуі қажет деп ойлаймын. 

– Астанадағы қызметіңнің маңызды бір белесі ҰБТ-ға «тарих» пәні бойынша сұрақтар құрастырып, ҰБТ сарапшысы, аналитик қызметтерін атқарғаныңды атап өттің. Осыған байланысты қазіргі уақытта оқулықтардағы, ҰБТ сұрақтарындағы кетіп жатқан қателіктер мен осыған қатысты қоғамдағы сын туралы өз ойың?

Әрине оқулықтарда қателіктер жоқ емес, бар. Жалпы оқулық мәселесі қазіргі таңда ең бір актуальді мәселелердің бірі. Бірақ, көш жүре бара түзеледі демекші, алдағы уақытта бұл мәселені мемлекет тарапынан комиссия құрып, ұстаздық салада жүрген білікті де, тәжірибелі мамандардың саралауынан өткізіп барып, шығарған жөн деп ойлаймын. Ал енді ҰБТ-ға келсек, бұрын жаттауға бейім сұрақтар көп болды. Өздеріңіз білетіндей, соңғы үш-төрт жылда ҰБТ жаңа форматқа ауысты. Яғни оқушы бір мамандыққа бару үшін екі таңдау пәнін таңдайды, бұл оқушы үшін үлкен мүмкіндік. Сұрақтардың сапасы да жылдан-жылға жақсарып келе жатыр. Әсіресе функционалдық сауаттылыққа негізделген сұрақтар саны көбейді. Бұрын құр жаттауға, даталарға арналған сұрақтар болса, қазір оқушының ойлануына, жалпы тақырыпты толық түсінуіне жетелейтін сұрақтар көбейді.

– Өзіңіз білетін де шығарсыз, білім саласында, яғни орта мектеп қызметкерлері – мұғалімдер арасында ерлер саны әйелдерге қарағанда анағұрлым аз. Сіздің ойыңызша мектептердегі ер ұстаздардың саны әйел ұстаздардың санынан неге аз? Және осы теңсіздіктің балаларды мектепте оқыту мен тәрбиелеуге қандай теріс немесе оң әсері бар? 

– Жалпы мектептегі әйел адамдардың саны ер адамдардың санынан осы уақытқа дейін көп болып келді. Оның басты себебінің бірі Ұлы Отан соғысынан кейін ер адамдардың тапшылығы қатты сезілді де, одан кейін мектептерде әйел адамдардың саны артып кетті. Келесі бір себеп, одан кейінгі уақыттарда мектепте жұмыс істейтін мұғалімдердің жалақылары өте төмен болды.  Ал ер адамдар болса, отбасын асыраушы ретінде басқа салада қызмет етуі қажет болды деп ойлаймын. Бірақ қазір бұл тенденция өзгеріп келе жатыр. Қазір ұлдардың арасында ұстаздық мамандыққа қызығушылар саны да көбейіп келеді. Әрине 10-11 сыныптар арасында түсіндірме жұмыстарын белсенді жүргізіп, ұлдардың қызығушылығын арттыру керек. Бала тәрбиесінде ер мұғалімдердің атқаратын рөлі өте жоғары. Сондықтан мектеп оқушыларын, әсіресе ұл балаларды ұстаз болуға шақырған жөн. Тек ұстаз ғана емес, үйде әкелердің де жауапкершілігі жоғары болғаны дұрыс деп есептеймін.

Өсіп келе жатқан жастарға айтарыңыз?

– Жастарға бірінші кезекте айтарым – оқу керек, білім алу керек. Себебі қазір білімділердің заманы. Абылай ханның сөзі бар: «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмейік» дейді. Алған білімді тек өзіміз үшін ғана қолданып қоймай, еліміздің дамуы үшін қолданатын уақыт жетті. Өйткені сапалы білім мен саналы тәрбие ғана болашағымызды жарқын етеді.

– Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет! 

Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының мәліметтеріне сәйкес облыс бойынша барлық педагогтар саны – 15 250, олардың 12 460 әйел адам болса, ерлер саны – 2790.

 

Олардың ішінде мектеп директоры лауазымында қызмет ететіндер саны 275 адам болса, әйел директорлар – 159, ал директорлар ішіндегі ерлер саны – 116 адам. Облыс бойынша 835 мектеп директорларының орынбасары бар, оның 708 әйел адам, 127 ғана ер адам. Бұл сандарға қарап отырып, білім саласындағы әйел адамдардың үлесі ерлерге қарағанда анағұрлым басым екенін көреміз. Егер шешім қабылдау деңгейінде әйелдер саны аз, бұл әйелдерге қатысты гендерлік теңдіктің сақталмауы десек, білім саласында керісінше ерлерге қатысты гендерлік теңдік талаптарының бұзылғанын көреміз. Біздің кейіпкеріміз білім саласына қызығушылығы бар, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, өз білгенін үйреткісі келетін, болашағын педагогикамен байланыстырғысы келетін өскелең ұрпақты жігерлендіретініне, ынталандыратынына сенеміз.

 Тұрар Серікұлы,

БҚО, Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі