///

Алмат Қодасбаев, Алматы Кардиология орталығының директоры: Біздің адамдардың көбінде Қазақстан медицинасы туралы түсінік сонау 90-шы жылдардың деңгейінде қалып қойған

2999 рет қаралды
Сурет автордыкі

Жүрек қан-тамыры аурулары әлемде ең кең таралған дерттің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын инфаркт пен инсульттен 17,1 млн адам қайтыс болады екен. Ал Қазақстанда 100 мың адамның 306-сының өліміне осы жүрек қан тамыры аурулары себеп болған.  Яғни, Қазақстан алғашқы 13-ке кіреді. Осы ретте Алматы қалалық Кардиология орталығының директоры, кардиохирург, Медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Алмат Қодасбаев мырзамен сұхбаттасқан едік. 

– Алмат Тұрысбекұлы, Қазақстанда жүрек қан-тамыры аурулары аса кең таралған аурулардың бірі. Оның үстіне бұл дерттің шырмауына ілінетіндер соңғы уақытта жасарып барады екен. Бұнын себебі неде деп ойлайсыз?

– Бізге осы сауалды жиі қояды. Оның бірнеше себебі бар. Бірінші себебі, Қазақстандағы медицина жағдайымен тікелей байланысты. Қазір тұрғындардың денсаулығын алдын ала скринингтен өткізу шаралары күшейді. Осының арқасында халық арасында кең таралған ауруларды ерте анықтаудың мүмкіндігі пайда болды.  Бұрын бұның мүмкіндігі төмен еді. Біз дәрігер ретінде талай мемлекеттегі әріптестерімізбен жолығып жүреміз ғой. Соларға біздің елде скринингтік  тескерудің тегін екендігін, жасы 40-тан асқан әрбір азаматтың медтексеруден өтуі міндеттелетінін айтсақ,  олар қатты таңқалады. Біздің Үкімет осы скрининг үшін қаншама қаржы бөліп отырғанын білесіз бе? Осының арқасында біз көп ауруды дер кезінде анықтап, дер кезінде алдын алуға қол жеткізе алып отырмыз. Жыл сайын тоқсанына бір рет Алматы қаласының жүрек қан-тамырлары ауруларының жол картасы бойынша,  оның ішінде инфаркт бойынша есеп беремін. Бұл есеп қалалық әкімшіліктен бастап министрлікке дейін жетеді. Сол есептер көбінде осы скринингтердің нәтижесі негізінде жасалады.

– Бірақ, скринингтердің бәрі бірдей анықтай алмайды ғой, ауруларды?..

– Бұл мәселенің екінші жағы. Негізінен скринингтер арқылы анықтайды. Әсіресе, қалалы жерлерде әрбір поликлиниканың мүмкіндіктері сарапқа салынады. Егер, бір поликлиникада қажетті технологиялар мен аппараттар жоқ болса, оның келесі поликлиникада болуы әбден мүмкін. Қазір қалада не көп жеке меншік клиникалар көп. Әрбір тексеруші адамға ақша бөлінеді. Сол жекеменшік клиникалармен келісімге келіп, ол адамға бөлінген қаржыны аударып, өздері айқындай алмаған ауруды солардың көмегімен анықтауға қол жеткізіп отырмыз. Яғни, Алматы тұрғындары денсаулық жағдайларын еш ақысыз тексерту мүмкіндігіне ие. Өкініштісі сол, осы мүмкіндікті пайдалануға құлықсыз тұрғындар көп. Өмірінде емхана есігін ашпаған, әбден ауруы асқынып, соңғы сатысына келгенде аурухана есігін жағалайтындар көп. Біздің адамдардың көбінде Қазақстан медицинасы туралы түсінік сонау 90-шы жылдардың деңгейінде қалып қойған. Көбінде сенім аз, медицина бізді қорғамайды деген күдік басым. Осының салдарынан ауруын асқындырып алатындар көп. Ал тым кеш  келгендерге көмектесу қиын болады.

Біздің мақсатымыз, жедел көмек қажет болған жағдайда, науқастардың қан тамырларын тазалап, стент жүргізе қойсақ, сол күннің ертеңінде-ақ науқастың көзі ашылып шыға келеді. Сол адамдар біздің медицинаның адам айтса нанғысыз деңгейге жеткеніне қатты қайран қалып жатады. Көп адам инфарктен кейін келеді, ал инфарктіге жеткізбей келсе, жағдай анағұрлым бақылауда болар еді.

– Жалпы, қарапайым жұрт жүрек, қан-тамырлары ауруы жайында көп нәрседен хабарсыз. Инфаркт, ишемия және миокардо деген сөздерді естиміз. Бұл аурудың қандай түрлері бар?

– Рас айтасыз, жұрт инфаркт болды дейді, ары қарай мәселенің мәніне үңіліп жатпайды. Инфаркт дегеніміз бірнеше аурудың жиналып, соңғы сатысына жетуі. Әрине, инфаркт біз емдейміз. Дегенмен, бұл ерлік емес, нағыз ерлік сол инфарктіге жеткізбеу. Қан қысымыңыз жоғарылай бастады ма немесе артық салмақтан зардап шегіп жүрсіз бе, әлде қан құрамында қант көп пе осының бәрін алдын ала айқындап, ретке келтіруді қолға алыңыз.

Жүрек қан-тамыр ауруларына артериальды гипертензия, жүректің тұрақты, тұрақсыз стенокардия, жалпы қан тамырларға қатысты, қан айналым жүйесі ауруларының бәрі жатады. Инсульт те соған кіріп кетеді. Дегенмен, жол картасы бойынша, инфаркт мен инсультті екі бөліп қарастырады. Кез келген ауруды алсаңыз, мысалы, онкологиялық аурулар, туберкулез және басқа да аурудың бәрі түбінде жүрек қан тамыры жетіспеушілігіне алып келеді. Өйткені басқа органдардың қызметінің демалуға мүмкіндігі болса, жүрек бір сәт те тыным таппайды. Үнемі жүмыс істеп тұрады. Сол себепті де кез келген аурудың ауыртпалығы жүрекке кеп түседі. Қазір халық арасында кеңінен таралып кеткен созылмалы жүрек жетіспеушілігі деген ауру бар. Бұған дейін бұл ауруды бөліп қарамаған еді. Бұл да инфаркт сияқты ғой, инфарктіні жүрек қан тамыр ауруларының асқынған түрі десек, созылмалы жүрек жетіспеушілігі басқа аурулардың асқынған түрі. Қазір мұны да жеке топқа бөліп, оның алдын алуды жөн көріп жатырмыз. Биыл осындай ауруларға арналған арнайы бөлімше ашылды, сөйтіп олардың жағдайларын жеңілдетуге көмектесуді ойлап отырмыз. Бұл адамдарға уақыт өткен сайын жасалатын ем дом азая бермек, ең соңғы шешімі жүректің жұмысын жеңілдететін аппараттар қоюға, жүрекке операция жасауға немесе жүректі ауыстыруға дейін жетеді. Өйткені созылмалы жүрек ауруы адамның маңызды органдарының бәрінің қызметіне нұқсан келтіреді.

– Жалпы, қандай факторлар әсер етеді?

– Егер қан құрамында холестерин жоғары болса, ол қан тамырларында майдың жиналуына алып келеді, қанда қанттың көп болуы да, жүрек қан тамыры ауруларының негізгі себебі болады. Ұзақ уақыт қан қысымының жоғары болуы (артериальды гипертензия) да жүректің қызметінің нашарлауының басты факторларының бірі. Сонымен қоса, темекі тарту, қорқор шегу немесе алкоголь өнімдерін жиі қолдану секілді зиянды әрекеттер де жүрек қан тамыры ауруына алып келеді. Соңғы кезде адамдардың жұмысы үйде, кеңсе де, компьютердің артында отырып жасалады. Яғни гиподинамия дейміз, қозғалыстың азаюы да осы проблеманың негізгі факторларының бірі. Сол себепті, адамдарды күнделікті жұмыс кестесін дұрыс жоспарлап, спортпен шұғылдануға көңіл бөлуге шақырар едім.

– Сіз жоғарыда жүрекке жасалатын бірнеше операция түрін атап өттіңіз. Атап айтсақ, стент қою, шунт жасау, соңғы сатысы жүректің трансплантациясы. Бұндай операциялар қай кезде жасалады? Менің естуімше, стент қою осылардың ең жеңіл түрі екен…

– Егер, стент қою операциясы жеңіл десеңіз қателесесіз. Оның өз ерекшелігі бар. Менің мамандығым кардиохирург. Кардиохирург кәдімгі жүректі ашып, көз алдыңызда тұрған жүректің қан тамырларын тазалап, майынан арылтып, диаметрлерін өлшеп, қалыпқа келтіруге болады. Стент қоятын кезде жүректі қолмен ұстап, көзбен көре алмайсыз. Тек монитор арқылы бақылайсыз. Қолдағы немесе шаптағы үлкен күре тамырлардың бірі арқылы, менің түсінігімде домбыраның ішегі секілді жұмсақ, жіңішке түтікшені өзі көрмеген тамырға апарып кіргізеді. Ол тамырдың ең кең диаметрінің өзі 3,5-4 мм-дің айналасында ғана. Сол арқылы контрасты жіберіп, ананың көлемін, диаметрін есептеп шығарады да, сол размермен қайтадан стент қоюы керек. Ол үшін стент қойылатын тамырды үрлеп, кеңіту керек, тамырдың жыртылып кетпеуін қадағалау керек, қисайып қалмауы керек, ол бірнеше жыл адамға қызмет етуі үшін, осының бәріне сай болуы тиіс. Егер ойдағыдай қойылмаса, бірнеше күннен кейін-ақ бітеліп қалуы мүмкін. Ол стенттер өмір бақи жүруі керек. Қазіргі заманауи стенттердің негізгі каркасы темір, кобальт-хром деген қымбат металдан жасалады,  қазақша айтсақ торлы түтікше. Сол тордың арқасында жүрек қимылдаған кезде майысады, созылады, бірақ сынып кетпейді. Сондықтан ондай операцияны жасау үшін білім мен қатар талант та керек. Құдайға шүкір, көп жерлер жүрексінген операцияны біздің орталықтың хирургтері жасап жатыр. Қазақстан бойынша ең көп корононарлық стент жасалатын жер осы біздің орталық.

– Ал, шунт жасау дегеніміз не? 

– Стент қою мүмкін болмаған, адамның қан тамырларының зақымдалуы жоғары болған жағдайда шунт жасалады. Бұл операцияның стенттен айырмашылығы пациентті наркозбен ұйықтатып, кеудесін ашып, жүректің жұмысын бірнеше сағатқа тоқтатып қойып, жасанды аппараттың көмегімен қан айналымын қамтамасыз ете отырып жасалады. Тоқтап тұрған жүректің зақымдалған тамырларын өзге тамырлармен алмастырады. Ол тамыр адамның өз денесінен (аяқтан, кеуде қуысынан) алынады. Адамның өз тамыры өзіне тез үйлеседі, тез жазылып кетуге ықпал етеді. Мұндай операциялардың Қазақстанда тәжірибеге ене бастағанына көп бола қойған жоқ, 2005 жылдан бастап жасала бастады.

Ал, жүрек ауыстыру тәжірибесінің Қазақстанға келгеніне де көп бола қойған жоқ. Мен Сызғанов атындағы кардиология орталығында жүргенде, жүректі ауыстыруды армандай бастаған едік. Дегенмен, ауыстыратын жүректі табу өте қиын. Ол үшін жүрегі сау, жас адамдардың жүрегін салу керек. Бірақ ондай жүректерді пайдалануға заңдық, діни таным негізіндегі кедергілер көп болды. Жүрек трансплантациясын сәтті жасаған Нұр-Сұлтан кардиология орталығы болды.

– Ең жиі кездесетіні – қай операция түрі?

– Өзіңіз айтып отырған стент қою және шунт жасау.  Өйткені қан тамырларына май шоғырларының жиналуы ең кең таралған кесел.

– Инфарктпен түскен адамды құтқару үшін қанша уақыт керек?

– Адамның жүрегі қысыла бастаған кезде, жедел жәрдем 120 минуттың ішінде қан тамырларын ашып, қан айналымын қалпына келтірсеңіз жүректің бұлшық еті өз қызметін жақсы сақтап қалады. Сондықтан коронографиялық стент деген күні түні жұмыс істеп тұрады. Бізде демалыс деген болмайды. Әлемдік стандарт сол, 120 минуттың ішінде көмектесіп үлгеру керек. Одан кейінгі кезеңдері 24 және 72 сағат. Осы уақыттардың арасында көмектесіп үлгерсе, жүректі сақтап қалуға болады.

– Сіздің ойыңызша, 90-шы жылдардың басымен салыстырмай-ақ қояйық,  2000 жылдармен салыстырғанда, жүрек қан-тамыры ауруларын емдеу қаншалықты ілгерледі?

– 2005-2007 жылдары Қазақстанда “Қазақстан халқына медициналық, оның ішінде кардиологиялық, кардиохирургиялық көмек көрсету” деген мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Сол бағдарлама бойынша, оқимын, кардиохирург болам деген көп жасты шетелге оқуға жіберді. Ол бағдарлама бойынша әрбір облыс орталығында екі сағаттың ішінде жедел көмек көрсететін кардиологиялық орталықтар салынды.  Елордадағы кардиоорталық ол орталықтардың жұмысын бағалап отырды. Сол арқылы кардиологиялық көмектің сапасы артты. Бір кездері Ақтау, Атыраудың халқы Сызғанов атындағы Кардиологиялық институтта операция жасату үшін ат сабылтатын еді.  Келе алғандар келе алатын, келе алмағандар көмекке қолы жетпей, пүшәйман болатын. Қазір рахат, әр облыстың орталығында Алматы мен Астанадан кем емес, кардиоорталықтар жұмыс істеп тұр. Өте күрделі, өздерінің әлдері келмейді-ау дегендерін Астанаға жібереді. Ондай жағдайлар онша көп болмайды.

– Сіздің орталыққа келу үшін не істеу керек?

– Қазақстанның кез келген азаматы біздің орталыққа келуіне болады, квотамен, порталын аштырып, ал егер адамдарда қонақта, той томалақта жүрегі ұстап қалса, біз одан квота да, портал да сұрамаймыз, тек көмектесуге міндеттіміз. Тек Қазақстан азаматтарына ғана емес, бізде қонақта жүрген шетел азаматтарына, гастарбайтерлерге де көмектесеміз.

– Квотаға қол жеткізу қиын ба? 

– Ол өте оңай. Жергілікті поликлиникаға барып тексеріледі, егер олар кардиологиялық патологиясы бар деп шешсе, біздің орталықтарға портал ашады.Біздің орталықтардағы науқастардың санына қарай, орынға қарай ұзап бара жатса үш-бес күннің ішінде жатуға болады.

– Коронавирус кезінде жүрек қан-тамыры аурулары бар адамдарға қаншалықты қиын болды?

– Өте қиын болды, Еуропалық кардиологтардың жасаған зерттеулері бойынша, ковидпен ауырған адамдардың көпшілігі жүрек қан-тамыры ауруларына шалдығады екен. Вирус ең әуелі жүрек қан-тамырларын зақымдайды екен. Екіншіден, өкпенің қызметі нашарлап, зат алмасу төмендейді. Қан құрамындағы оттегі төмендеген соң, жүрек оған өте сезімтал. Себебі үздіксіз жұмыс істеп тұрған жүрекке оттегі жеткілікті түрде жетіп тұру керек. Өкпенің қызметі нашарлаған соң, ішек қан айналымы жүйесі бұзылады. Сосын, коронавирустың дәрілері өте көп қой. Сол дәрілердің өзі жүрекке кері әсер етеді. Осы факторларды есептей келе, өзі әлсіз жүрекке оңай тимегенін өзіңіз де сезіп отырған боларсыз. Сондықтан емдеу сатысы кезінде осыны ескеріп, екіжақты бірдей ем жүргізу керек. Жүректі де емдеу, вирустың кең етек алмауына қарсы күресу керек.

Өкінішке қарай, вирус өршіген тұста бізге келушілер күрт азайып кетті. Ол аурудың азаюынан емес, адамдарды белгісіз бір үрей билеп алған. Барсақ, коронавирус болып қаламыз деген қорқыныш күшті болды. Келгендері әбден ауруын асқындырып, жағдайлары күрт нашарлап кеткен соң келіп жатты.

– Уақытыңызды бөліп оқырмандарды қызықтырған сауалдарға жауар бергеніңіз үшін көп рахмет. 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар