//

Қазақстан азаматы атанудың шырғалаңы. 5 жыл жүріп ықтияр хатқа әзер қол жеткізген этникалық қазақ жайлы баян

4018 рет қаралды

 Кейінгі жылдары Қазақстанға оралған этникалық қазақтардың құжат рәсімдеп, азаматтық алуы қиямет қайымға айналған. Бұған, әсіресе, елдегі қағазбастылықтың тигізер салдары аз емес. Пандемия кезінде бұндай жандардың проблемасы екі еселенген. Солардың бірі Гүлназдың атажұртына келгеніне бүгінде бес жылдың жүзі болған. Өзі ұяң әрі қарапайым қазақ қызы Қытайдың Құлжа қаласында дүниеге келген. Тұла бойы тұнған қазақы нәзік жанның өз ұлтының мәдениеті мен әдебиетін бес саусағындай білетіні рас. Ес білгелі еліне оралмақ ниеті орындалуға жақын. Бірақ…

«Артық» сөйлесем, ата-анама қауіп төнеді

 Түркістандағы халықаралық жоғарғы оқу орнында оқитын Гүлназбен жақын танысуыма менің де осы оқу орнында оқуым себеп болды. Бір бөлімде, журналистика мамандығына оқуға түсіппіз. Студенттер жатақханасы да жақын жерде. Көбіне кешкісін серуенге шығатынбыз. Дәл сондай бір күні Гүлназ ағынан жарылды. Бұл – 2017 жылдың күз еді. Қытай мемлекеті ішкі тұрақтылықты сақтау желеуімен қауіпсіздікті күшейтіп жатқан. Ал Гүлназдың ата-анасымен хабарласа алмай жүргеніне айлар өтіпті. Өзі – Түркістанда. Гүлназ жазған хаттары мен отбасына шалған әрбір қоңырауы тыңдалатынын жеткізді. Ата-анасымен тілдескен күннің өзінде қате сөйлеп қоямын деп қорқады. Қазақтың қанына сіңіп кеткен «Құдай қаласа», «Алла нәсіп етсесі» аузынан байқаусызда шығып кетсе, отбасының басына қара бұлт үйірілерін біледі. Сол сәтте туғандарынан жырақта жүргеніне жыл толған қыздың көзінен моншақтап жас төгіле кетті. Бұл – әкеге деген сағыныш пен анаға деген махаббат үшін аққан ыстық жас еді. Оның жүрегіндегі дерт жалғыз бұл емес. Көбіне қорқыныш басымырақ дауысында діріл бар-ды. Өзінің Қытайға қайтатынын хабарлады. Визасының уақыты бітіп кететіндіктен, жыл толмай немесе әр үш ай сайын Қытай шекарасынан өтуі қажет. Өзінің білуінше, шекара асқандардың көбі хабарсыз кетіп жатыр. Кетпеске де болмайды.

Гүлназдың Отанға оралуының алғашқы қадамы – Түркістандағы оқу орнына түсуі

  2018 жылдың басында Гүлназдың хабарсыз кеткеніне 2 ай болды. Телефоны сөндірулі. Бұл уақытта оқу орнындағы дәрістер басталып та кеткен. Азат Гүлназ – дәрісте жоқ. Ол кезде жасы жиырмалар шамасы. Дегенмен бойында ерік-жігері мол, әрі талабы да асқақ болатын. Бір күні менімен байланысқа шықты. Топтың жетекшісі, дәлірек эдвайзерімен байланыса алмай жүрген екен.

Қайшылығы көп заң, білімі таяз қызметкердің әлегі

 Түркістан қалалық көші-қон полициясы. Қолында бар құжаты – төлқұжаты мен визасы. «Документ» дегеннен-ақ әйтеуір құжат жинау керегін ұққан ол арыз-өтінішін және өмірбаянын жазуы керек өз қолымен. Қытайдың иерогилифтері және қазақша төте жазумен әріп таныған оған кирилл әліпбиімен өмірбаянын жазу оңайға соқпағаны белгілі. Анықтама берушінің аузынан «больница» мен «клиника», «флюрография» сөздері шыққанда Гүлназ өз елінде емес, басқа шетелде тұрғандай әсерде болды.

«Больница, клиниканы» сұрастырып, тапты-ау әйтеуір. Сөйтсе, онысы «емхана» екен. «Қағазбастылықтың көкесі осында болды» – дейді Гүлназ.  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында ұзақ жыл қызмет еткен Ботакөз Уатхан бұл бір Гүлназдың басындағы жағдай емес дейді. Қандастар осындай қиын жайттарға жиі тап болады дейді қынжылып. Оның айтуынша, 20-30 жылдан бері Қазақстанда тұрып, азаматтыққа қолын жеткізе алмай, қауымдастықтың көмегіне жүгінгендер бар. «Мұның басты себебі – басқа да өзгеріс пен толықтыруларға жиі ұшырайтын «Халықтың көші-қоны туралы» Заң. Әрі құқықтық тұрғыдан білімдері таяз, құжаттық жұмыстарға салғырт қарайтын және өз істерін дұрыс меңгермеген қызметкерлер қандастардың азаматтық алуына кедергі болатын басты факторлардың бірі» дейді ол.

Тәлкекке салған тұрақты тіркеу

 Заңдағы ең басты түйткілдердің бірі – Қазақстан азаматтығына құжат өткізерден бұрын ықтиярхатты рәсімдеу. Ықтиярхатты алу Гүлназ үшін оңайға түскен жоқ. Оны алу үшін тұрақты тіркеу қажет. Бүгінгі күні ешкім біреудің жауапкершілігін мойнына ала қоюы екіталай. Ал базбіреулер пайда ойлап Гүлназдың маңынан шықпайды. Тұрақты тіркеуге қойса, сол үйде тұруы керек деген сөз емес екенін бірі түсінбесе, бірі түсінгісі келмей, Гүлназдың көмек сұрамаған ешкімі қалмайды. Соңында өз жағдайынан толық ақпарат беріп, өзінің оқытушысы тұрақты тіркеуге көмек қолын созады. Енді ықтияр хатты алу қажет.

1992 жылы 26 маусымда қабылданған Көші-қон заңы шетелдік қандастардың азаматтықты жедел әрі тиімді алуына көп мүмкіндіктер сыйлаған. ҚР Министрлер Кабинеті 1992 жылы 23 қыркүйекте қабылдаған «Шет елдегі қазақ диаспорасының өкілдерін Қазақстан Республикасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» әйгілі №791 қаулысы алыстан арып-шаршап жеткен ағайынның осы топырақта өсіп-өніп өмір сүруіне оңтайлы жағдайлар жасады. Дегенмен бұл қаулы өз күшін жойған. Есесіне «Азаматтық туралы» және «Еңбек көші-қоны» сынды заңнамалар өзгеріске жиі ұшырайды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мүшесі Ботагөз Уатхан ешкімді бөліп-жармай, сырттан келген қандастарды мемлекеттің өз қамқорлығына алатын арнайы Қаулысы болса жағдай түзелер деген ойда.

Қазақстанда шетелдік қандастарға азаматтық алуға құқықтық жағынан көмек беретін «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы», «Жебеу» республикалық бірлестігі сынды ұйымдардың бары рас. Екі жыл бұрын Елбасының қолдауымен «Отандастар қоры» құрылады. Қордың менеджері Талапбек Тынысбекұлы осы күнге дейін 9106 қандасқа ақпараттық қолдау көрсеткенін айтады. Биыл 5000 қандасқа азаматтық алуына көмек беретіні жайлы айтады. Алайда бұдан Гүлназдың хабары болмайды. Мүмкін ақпараттық алаңда көп айтылмағанынан болар.

Қазақ екеніңді дәлелде

 Ендігі Гүлназдың қазақ екенін дәлелдеуі қажет болады. Негізі Қытай мемлекеті азаматтарының ұлтын құжатына жазып береді. Бұл – ол жақтан елге оралатын қандастар үшін жақсы болар, дегенмен басқа да шет елден ұлты жазылмай келген қандастарға ауыр соққы екені рас.

Мүмкін басына бақыт құсы қонғанынан болар, ықтиярхатқа қолы жеткен Гүлназдың қуанышында шек жоқ. Қазақстан Республикасы Елтаңбасының астында, аты-жөні жазылғанына мәз. Бүгінде шетелден келген қазақтарға бұрыннан қолданылып келген “оралман” сөзінің орнына ресми түрде “қандас” сөзі бекітілді. Заң тілімен айтқанда, Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 27 тамыздағы бұйрығына сәйкес, Гүлназ – біздің ресми түрде де, кәдімгі өмірде де қандасымыз.

 Бүгінде арадан 5 жылды артқа тастай, Отанға оралу жолында жүрген  Гүлназ азаматтыққа өтінішін тапсырған. Оның жауабы ерте ме, кеш пе, әйтеуір еш мәселесіз келеріне сенеді. Құбылмалы заңдар оған дейін өзгеріп кетпесе екен деп тілейді. Гүлназ келер жылы азаматтықпен қоса, Түркістандағы оқуын тәмамдап, дипломын алып, елге қызмет жасау қамына кіріссем деген шын ниетінің орындалуын қалайды.

Олжас Әбдіхалық

*Бұл басылым Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен әзірленген. Басылымның мазмұны www.minber.kz жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді. 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері