//

Жазушы-драматург Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ:  Шеттегі қазақтарды елге әкелу үшін алғашында 20 000 отбасына квота бөлінсе, қазір 300 отбасына ғана бөлінеді

4014 рет қаралды
Сурет авторы Айтжан МҰРЗАНОВ, Айқын газетінен алынды

Сұлтанәлі Балғабаев Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төраға орынбасары қызметін ұзақ жыл атқарды. Осы уақытта ол қазақ көші-қонын реттеу мақсатындағы заңдық реттеулерге араласып, қандастарымыздың азаматтық алуы, жаңа ортаға бейімделуі мәселелеріне өз үлесін қосты. Сұлтанәлі Балғабаевпен сұхбатымыз көші-қонның қазіргі халі және өзге де мәселелер төңірегінде өрбіді.  

ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚТАРҒА ЕЛГЕ ӘКЕЛУ АЛҒАШҚЫ ҚҰРЫЛТАЙДАН БАСТАЛЫП ЕДІ

– Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығы төрағасының орынбасары қызметін атқардыңыз. Шетте жүрген қандастардың елге келген алғашқы көшіне куә болдыңыз.  Ол іс қалай басталып еді, алғашқы лекпен елге келген ағайынның нақты саны есіңізде ме?

 – Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайын өткізу  туралы ой 1991 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға барып, Стамбулдағы қазақтармен кездескенде айтылды. Ол кезде Елбасымен бірге Түркияға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Қалдарбек Найманбаев тағы да басқа ресми делегация мүшелері барған. Сол тұста Түркиядағы ағайын Қазақстан тәуелсіз ел болғанын алға тартып дүниежүзіндегі қазақтардың басын қосу туралы Нұрекеңе ұсыныс айтқан. Бұл ұсынысты құп алған Нұрсұлтан Әбішұлы Қалдарбек Найманбаевқа құрылтай ұйымдастыруды тапсырған. Қоғамдық ұйым болғанымен ол кезде Жазушылар одағының беделі жоғары, елге келген соң ол кісі Қазақстан Жазушылар одағының жанынан дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткізетін штаб құра бастаған.

Мен оны білмеймін, алдында ғана Қалекең Жазушылар одағының төрағасы болып сайланған, мен ол кісімен 1971 жылдан бастап бірге жұмыс істегенмін.  Кейіннен шығармашылық жұмыспен театр саласына қарай ойысып кеткен едім. Қалекеңді жаңа қызметімен құттықтайын деп барсам «Әй, сен көрінбей кеттің ғой, біз дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын өткізу үшін штаб құрып жатырмыз, соған жауапты хатшы болып кел», – деді. «Кел» дейтін себебі одан бір-екі жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетіне Қарақалпақстандағы қазақтар туралы «Еншіміз бөлінбеген ел едік» деген мақала жазып едім. Онда Қарақалпақстандағы қазақтардың мәселесін көтергенмін, мақалаға байланысты Қарақалпақстаннан үлкен делегация келіп, ол кезде партияның күшті кезі, әлгі мақаладан соң екі елдің байланысын күшейту жөнінде ауқымды шаралар атқарылған. Дүниежүзі қазақтарының басын қосамыз дегенде Қалекеңнің есіне сол әңгіме түсіп, Сұлтанәлі осы мәселені көтеріп жүр еді, мен оны жұмысқа алайын деп ойлапты. Әуелі қашқақтадым, дегенмен 1991 жылдың аяғынан бастап, тұңғыш құрылтай өткізуді қолға алдық. Тәуелсіздікті жаңа алған кез, шетелде елшіліктер жоқ, қай шетелде қанша қазақ бар, білмейміз… Біраз қиналдық. Содан әйтеуір Төлен Әбдіков, Берік Шаханов т.б. азаматтар бар барлығымыз жұмысқа кірістік. Алты айдан аса уақыт жұмыс істеп шетелдегі қазақтарды іздеп, Шәңгерей Жәнібеков бастаған «Қазақстан қоғамы» деген шетелдегі қазақтармен қарым-қатынас орнатқан ұйыммен бірігіп тізім жасадық. Сондағы ең үлкен шаруамыз – құрылтайға келеді-ау деген 400-500-ге жуық қазақты таптық. Құрылтайдың мерзімі 1992 жылдың қыркүйек айына белгіленді. Уақыт жақындағанда Мемлекеттік комиссия құрылып, төрағасы болып Мырзатай Жолдасбеков сайланды, үкіметтен де арнайы комиссия құрылып оны Алтынбек Сәрсенбаев басқарды. Біз сол штабқа кірдік. Осылайша, Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы 1992 жылдың қыркүйек айында Алматыда өтті. Шеттен келген ағайын әуелі Түркістанға, одан кейін Ұлытауға барды. Сосын Опера және балет театрында салтанатты жиын, «Қазақтар: кеше, бүгін және ертең» атты ғылыми конференция өтіп, оның негізінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Қауымдастықтың төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, төрағаның бірінші орынбасары болып Қалдарбек Найманбаев сайланды. Сосын Қалекеңнің бұйрығымен мен төрағаның орынбасары болып тағайындалдым. Ол жұмыста 1992 жылдан 2017 жылға дейін 25 жыл істедім. Шетелдегі қазақтарды елге әкелу деген ең үлкен жұмыс осылай басталған еді.

Қазіргі есеп бойынша 1991 жылдан күні кешеге дейін Қазақстанға 1 миллионнан астам адам келді деп айтылады. Дегенмен, нақты қанша қазақ келгенін дөп басып айту қиын, өйткені олар әртүрлі жолмен келді. Мәселен, көрші Өзбекстаннан ол кезде шекара қазіргідей қатаң емес, әр адам өзінің жүгін көлікке тиеп алды да, келе берді. Демек, көші-қон екі бағытта жүрді. Біріншісі Үкіметтің арнайы көмегімен келгендер, екіншісі өз күшімен келген адамдар. Көмекпен келетін адамдарға Үкімет арнайы ұшақтар жіберді. Мысалы, Моңғолия мен Түркияға арнайы ұшақ, ал жермен қатынауға болатын елдерге арнайы көлік жіберді. Өзбекстаннан адамдар көбіне өз күшімен келді. Көштің қарқынды жүрген кезі 1990 жылдардың аяғы мен 2000-2005 жылдар аралығы болды. Ол кезде жылына 20 000  отбасына квота бөлінді. Ол дегеніңіз ең аз дегенде бір отбасында бес жан бар десек жүз мың адам. Олардың 60-65 пайыздайы Өзбекстаннан келсе, одан кейінгі көп адам Моңғолия мен Қытайдан келді.

ЗАҢ КӨП, БІРАҚ СОЛ ЗАҢНЫҢ КҮШІ  791-ҚАУЛЫҒА ЖЕТПЕЙДІ

 – Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы 1992 жылы өтсе төртінші Құрылтай 2011 жылы өтіпті. Алғашқы Құрылтай мен 2011 жылғы Құрылтайдың арасындағы елге келген ағайынның жағдайын қалай сипаттар едіңіз. Сан мыңдаған адам, алуан тағдыр, ұрпақтан ұрпаққа көшкен арман мұның барлығына дәуірдің үлкен оқиғасы ретінде қарасаңыз не айта аласыз?

Бұл адамдардың тағдыры туралы көп нәрсе айтуға болады. Мәселен, Түркиядан атақты Халифа Алтай бастап келген ағайындардың тағдыры – ең қиын, ең күрделі тағдыр. Өйткені, бұл ағайындар ең алғаш Қытайға кеткен еді. Қытайдың жергілікті саясатының толқынына байланысты ол жақтан  Үндістанға өткен. Ол жерде біраз тұрып, Түркияға ауған. Бұл тағдыр көркем шығарма ретінде де, деректі тарих ретінде де жазылды. Олардың күні күресумен өткен. Малы алдында, қойын айдап келе жатады, бесікте бала жатады, сөйтіп жүріп соғысқан. Мұндай соғыс тарихта жоқ десем де болады.  Мұны өзім жіті зерттей алмадым, бірақ түптің түбінде көп сериалы кино болатын тағдыр. Түркияға барар жолда халық көп қиналған, кейбірі Тибет ішінде қалып сол елге сіңіп кеткен, біразы кейін қайтқан. Содан Түркияға өтіп, кейінгі көші Еуропаға да жеткен. Германиядағы қазақтардың көп пайызы алдымен Қытайға сосын Үндістанға, одан Түркияға, ол жерден Германияға барғандар. Қуғын-сүргін кезінде шетел асқан қазақтардың тағдырының ар жағында айтылмаған тарих, жазылмаған жыр жатыр. Ол міндетті түрде зерттеліп жазылуы керек. Иран мен Ауғанстан қазақтарының тағдыры да ауыр. Олар көбіне Батыс Қазақстанның қазақтары, шекарадан 1928-30 жылдары өткендер. Негізі шетелдегі ең көп қазақ Қытайда. Бірақ, олардың бірталайы ешқайда көшпеген өз ата-бабасының жерінде отыр. Өзбекстандағы қазақтар да сондай, тек Қарақалпақстандағы қазақтардың біразы кезінде Ақтөбеден барғандар. Ресей қазақтарының біразы да өзінің ата-бабасының жерінде отыр.

– Алыстағы ағайынды шақыру оңай, келген соң әлеуметтік қиындықтардың алдан шығары сөзсіз. Жұмысқа орналасу, білім алу, құжат рәсімдеу ісі қалай жүйеленді?

– Негізі шақыру да оңай емес, ол қазақтардың қай елде тұратынына байланысты. Мәселен, Моңғолия, Өзбекстан, Түркия секілді елдерден шақыру қиын болған жоқ. Ең  алғаш Қытайдағы қазақтарды шақыру қиын болды. Өйткені ол кезде шекара жабық еді, адам түгілі ол жерден шыбын ұшып өте алмайтын. Сол үшін де бірінші құрылтайға Қытайдан адам келе алмай қалды. Бірінші құрылтай өткеннен кейінгі біздің ең басты жұмысымыз Қытай қазақтарына жол ашу болды. Уақыт өте келе Қытайда Қазақстанның елшілігі ашылды. Ең алғаш Қытайда тұратын бес адамға шақыру жіберіп көрдік. Әлі жол ашылмаған кез, оның бесеуі де белгілі қайраткер. Сөйтіп-сөйтіп жол ашыла бастады. Бір жақсысы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қызметкерлеріне қызметтік паспорт берілді. Ол паспорт барда бізге виза қажет емес еді, Астанаға қалай барсақ, Қытайға да солай бардық. Қалдарбек Найманбаев бастаған қызмектерлер Қытайдағы қазақтар тұратын аудандарды аралап, елшілікпен келісе жүріп, көп еңбек етті. Мұқан Мамытхан есімді Қытайда өскен танымал азаматпен бірігіп мына тұрған Құлжадан бастап, сонау Үрімжі, оның ар жағындағы Ішкі Қытайдағы тиісті орындармен жұмыс істедік. Дау-дамайсыз, дипломатиялық жолмен келіссөздер жасау арқылы ол жақтағы қазақтардың тізімін жасадық. Соның нәтижесінде 100 мыңнан аса адам келді. Сосын Ауғанстан мен Ирандағы,   Түркияға Ауғанстаннан барған қазақтарды әкелу де проблема болды. Өйткені олардың көбінде Түркияның паспорты болмаған екен. Бұл іске өзім тікелей араластым, Стамбулға оның ар жағындағы қазақтар тұратын шағын қалаларды аралап, тізім жасап, әрқайсысына жеке-жеке шот аштық. Кейін арнайы ұшақ жібердік.

Қазір өкінішке қарай, Қытайдан адамдардың келуі қиындады. Бірақ, ол болашақта шешіледі деп ойлаймын.

Шеттен келген қазақтардың әлеуметтік мәселелерін шешуді ұйымдастыруда  үкімет өте көп жұмыс істеді. Ішкі істер министрлігіне қарасты Көші-қон полициясы ол кезде Паспорт және тіркеу бөлімі деп аталатын оның басшысы полковник Өмірбай Мұсаев есімді азаматтың шынайы жанашырлығының арқасында біраз мәселе шешілді. Ең бастысы,  Құрылтайдың қарсаңында Қазақстан үкіметі Ұлты қазақ шетел азаматтарын Қазақстанда жүрген кезде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы №791 Қаулы қабылдады. Ол Қаулының көлемі ворд нұсқамен бір жарым ғана бет еді. Осы кішкентай ғана 791-Қаулы негізінде ұлты қазақ шетел азаматына Қазақстанда жүргенде әлеуметік-экономикалық жеңілдіктердің барлығы жасалатын, тек мемлекеттік қызметке алынбайтын, өйткені азаматтығы жоқ. Соның негізінде біз оқу мәселесін де шештік. Мәселен, Қытайдағы Шыңжаң Ұйғыр Автономиясының оқу бөлімінің басшысымен сөйлесіп, ол елдің азаматтарын Қазақстанда дайындық курсынан өткізу туралы келістік. Бірінші Қаратау қаласында 60 адамға алғашқы дайындық курсын аштық. Оған Қыздар Педагогикалық университеті көп қолдау көрсетті.

Өкінішке қарай, қазір заң көбейді, заңның авторымын дейтіндер шықты, бірақ сол көп заңның бәрі жаңағы 791-Қаулыға жетпейді.

– Ал жұмысқа орналасуы жәйі қалай шешілді?

 – Қызметке орналасу оңай емес. Шетелден келген ағайындардың басым көпшілігі жұмыс сұрамайды. Өйткені олар жұмысқа өте бейім. Мына біздің Қазақстанның қазақтарымен салыстырғанда арасы жер мен көктей. Жер берсең болды күн көріп кетеді. Ауғанстаннан, Түркиядан келген қазақтар саудаға өте бейім, Өзбекстаннан келген азаматтар кез-келген жұмысты істейді. Кейінгі жылдары келген азаматтар да жұмыс табудан емес, тұрақты тұруға рұқсат пен азаматтық алудан қиналды. Бұл мәселе әлі де шешілмей тұр. Ал біздің кезімізде азаматтық алмаса да, шеттен келген қазақтарға «уақытың бітті» деп ешкім айыппұл салмайтын, қумайтын.  Сыртқы істер министрлігінен ұлты қазақ деген куәлік алып қана алып жүре беретін. Қазақ куәлігі бар адам Қазақстанның азаматымен теңдей еді. Жер алғысы келсе алатын, сауда жасағысы келсе жасайтын.

БІЗДІҢ ҮКІМЕТ ШЕТТЕГІ ҚАЗАҚТАРДЫ ЕЛГЕ ӘКЕЛУ МӘСЕЛЕСІНЕ ЖЕТКІЛІКТІ КӨҢІЛ БӨЛМЕЙ ОТЫР

 – Арада біраз жыл «Нұрлы көш» бағдарламасы тоқтап қалғаны белгілі. Оған не себеп болды?

–  Ол өзі белгілі бір жылға бекітілген бағдарлама еді, мезгілі біткен соң тоқтады. Көш жайындағы қазіргі ең үлкен мәселе, менің ойымша, Үкіметтегі адамдар шеттен келетін қазақтардың көшінің мәнін түсінбей жүр. Олар неге көшіп келуі керек, өйткені біздің жеріміз кең, халқымыз аз, ол жерді адам игермесе ешкім игере алмайды. Қазақта «Бос жатқан жер жау шақырады» деген ежелгі мақал бар. Адамның көбеюі біздің экономикалық жағдайымыздың жақсаруына да әсер етеді. Мысалыға айтсақ, жерінің көлемі біздің бір облыстың аумағынан да кішкентай Израиль 8 млрд долларға тең ауылшарушылық өнімін шығара алады екен. Ал біз ұшан теңіз жерімізбен 800 000 млн долларға ғана тең ауылшаруашылық өнімін өндіреді екенбіз. Ұялатын жағдай ғой…

Біз ішетін тамағымызды сырттан әкелеміз, киетін киімдеріміз де өзімізде шықпайды. Біз тек Үкіметке иек артып қана отырған халықпыз. Осы жағдайда бізге шеттен қазақтардың келгені өте тиімді еді, әлі де керек. Біздің шекаралас аймақтарымыз бос жатыр, ұшақпен ұшқанда көріп жүрміз Алматы облысы Райымбек ауданындағы біздің жақтағы жерлерде шам жоқ, бос жатыр. Ал шекарадан өткен соң арғы бетте самаладай қаптаған үй, шамы жарқырап тұр.

Менің түсінбейтінім, осыны көре тұра қазір біздің үкімет шеттегі қазақтарды елге әкелу мәселесіне жеткілікті көңіл бөлмей отыр. Ол істің ойдағыдай атқарылуына жемқорлық та кедергі болып жатыр. Кезінде Моңғолиядан келген 800 азамат қол қойған біздің Президентке жазылған хат жария болған еді. Онда олар өздерінің Қазақстан азаматтығынан шыға алмай жатқанын айтқан. Сонда олардың кейбірі тіпті Қазақстанға келмепті де, тек құжаттарын беріп жіберіп Қазақстаннан оралмандарға берілетін ақшаны алып, Моңғолияда жүре бермекші болған. Оны түсінбейтіндер, мәселенің мәнісіне бармайтындар жаңсақ пікірді көп айтады. Шеттегі қазақтардың елге келуіне жасалған мүмкіндікті пайдаланып, көші-қон саласындағы мамандар қаржы жымқырып қалғысы келді, ол үшін көбі сотталды да, көші-қон полициясының айналасында делдардар көбейді. Бұл атажұртқа оралатын азаматтардың санын шектеуге әсер етті. Қазір квота тек 1378  адамға немесе 300-дей отбасына ғана бөлінетін болды.

Біз шеттегі қазақтарды елге әкелу жолында ұшан-теңіз жұмыс істедік. Ол кезде әлеуметтік желі жоқ. Қазір бір екі адамды алып келіп, соған жағдай жасап, елді шулатып жүрген адамдар бар. Ал біз жүздеген мыңдаған адамды әкелген едік. Ол үшін жұртты шулату туралы ойламаппыз.

Дегенмен, бұл іс тоқтамауы керек…

 

Назым ДҮТБАЕВА

Айғаным АЙТАҚЫН   

* Бұл сұхбат Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен әзірленген. Сұхбаттың мазмұны www.minber.kz сайтының жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар