/

2019 жылы 12 мың адам келді, ал квота 1478 адамға бөлінген

5562 рет қаралды

Ауыл партиясы алаңында “Қандастар көп қоныстанған елді мекендердің проблемалары” тақырыбында онлайн-сұхбат өтті. Сұхбатқа қоғам белсендісі Қайрат Бодаухан және ақын, жазушы Дәулеткерей Кәпұлы шақырылды. Ауыл партиясы мен қонақтар арасында болған сұхбатты Minber.kz ұсынады.

Ауыл партиясы: – Шетелдегі қандастардың көңіл-күйі қалай? Елге келуге ынталары бар ма? Жағдайлары қалай?

Қайрат Бодаухан:

– Қазіргі жағдайда патриоттық сезім жоғалған жоқ. Бірақ халықтың тұрмыс тіршілігі ауырлап бара жатыр. Кезінде шеттегі қазақты қолдау бағдарламасы қабылданған. Қазір өзге елдегі қазақтар мәселесімен шұғылданатын 8 мекеме бар. Ұйымдар қандастардың саяси жағдайын бақылап, зерттеумен айналысады. Алайда әлі күнге дейін бізге сырттағы қазақтың жалпы саны белгісіз. Осыдан 30 жыл бұрын 5 миллионға жуық деп айтқанбыз. Қазір бір зерттеушілер 7-8 миллион десе, басқасы 10 миллион қазақ бар дейді. Ешкімнің сөзін жоққа шығара алмаймыз, дәлелдей де алмаймыз. Шеттегі қазақтың санын сол мемлекет шығарады. Алайда Қытайда қанша қазақ бар екенін Қытай ешуақытта дұрыс көрсетпейді. Моңғолиядағы статистика бойынша бұрын 100 мың қазақ дейтін, осы күнге дейін 100 мың қазақ елге оралды, бірақ әлі 100 мың қазақ бар деп айтады. Статистика әртүрлі көрсетеді. Өзбекстандағы жағдай жақсы. Қажет болса өзбек деп те жазып жібереді. Біздің қандастар елге келгенде азаматтық алу және әлеуметтік жағдай мәселесі туындайды.

Ауыл партиясы: – Егемендік алғаннан бері қанша қазақ елге оралды?

Қайрат Бодаухан: – Статистика бойынша егемендік алғаннан бері 1 100 000 қандас елге оралды. Алайда бұл статистиканың өзі өте күдікті. Көші-қон комитеті есебінде 1991 жылы көшіп келген қандас туралы 3 дерек бар. Біріншісінде 60 мың, екіншісінде 90 мың және үшіншісінде 11 мың қазақ келді деп көрсетілген. Ол адам ғой, сиыр емес, қалай біз нақты санын білмейміз?

Ауыл партиясы: Егемендік алған жылдары елге оралғандар көп болды. Қазіргі кезде қалай? Әлде келушілер қазір көп пе?

Дәулеткерей Кәпұлы:

– Қандастардың тәуелсіздік алған жылдағыдай құлшынысы жоқ. Қазір бәрі сақтықта отыр. Көңілдері жарым жартыдай. Қытайдағы қазақтардың жағдайы тіпті қиын. БҰҰ өзі елеңдеп отыр.

         Ауыл партиясы: Азаматтық алу қаншалықты қиын? Әлде жеңілдеді ме?

         Қайрат Бодаухан: – Мемлекет квота жүйесін бекітті. Жылына 1378 адамға, яғни 200-ге жетпейтін отбасыға көмек беріледі деген сөз. Қарапайым кәсіпкер азаматтар 10-20 отбасы әкеліп жатыр. Сонда мемлекет тарапынын неге аз квота бөлінеді? Шеттегі қазақтар 1378 квотаға қарамайды. 2019 жылдың өзінде 12000 қандасымыз Қазақстанға келді. Осынша квота бөлінді деп айтудың өзі ұят. Екінші мәселе шеттегі қазақ Қазақстанға керек пе деген сұрақ. Шеттегі қазаққа Қазақстан қажет, ал керісінше ше? Керек дейміз, алайда “керектігі” қалай шешіліп жатыр? Екіншіден не үшін керек? Демография үшін. Біздің өсуіміз 30 жылда 12% ғана. Көршілес Өзбекстан 87%  өскен. Осындай айырмашылық жасайды.

         Ауыл партиясы:Шеттегі қандастарымыз елге оралғанда тұрғылықты мекен-жайы қалай болады? Мемлекет тарапынан қандай жағдай жасалған?

         Қайрат Бодаухан: – Нұрлы көш бағдарламасымен қандастар үшін деп ауыл тұрғызылды. Барлығы заңдастырылып, 2019 жылы құжаттарды реттеп, енді мемлекеттік құжат беріңдер десек, жалға алу құқығын сатып алыңдар дейді. Жалға алу құқығы 2 соттық жердің өзіне 300 мыңнан 8 соттық жер үшін  миллион теңге тұрады. Ал жекеменшікке түсіретін болса, 3 миллионнан 10 миллионға дейін төлейсіз. Ол бағамен қаланың ортасынан үй алуға болады. Бұл Астанадағы, Алматыдағы, Көкшетаудағы барлық мемлекет салып берген үйлерге қатысты.

Дәулеткерей Кәпұлы: Өскеменде де «Нұрлы көш» бағдарламасымен үйлер салынды. Ол жерде қыстап шығу деген қияметтің қияметі. Кезінде шулатып тұрып берілген еді. Қазіргі күнге дейін үйлері өз атына түскен жоқ. Заңдастырылған жоқ. Жауапкершілік қайда?

         Ауыл партиясы:Қазақстанға келген қандастарға тиісті көмек көрсетіліп жатыр ма?

         Қайрат Бодаухан: – Квотадағы 1378 адамға көмек көрсетіледі. Шамамен 1 адамға 60-70 мың теңге беріледі. Баспанаға деп миллион теңгеге дейін көмек көрсетеді. Көшіп келгендегі жол қаражаты деп ақша бөледі. Бір отбасына 1 500 000 теңге шамасында ақша береді. Алайда бұл ештеңеге жетпейді. Бұл бөлінген ақшаның қанша пайызы құжат жинауға кететінін айтпай-ақ қойдық. Шеттегі қазақты бұлай алдаудың қажеті жоқ. Мемлекеттік көші-қон саясаты түбегейлі өзгеруі тиіс. Қазақстанға қазақтың керек екенін көрсететіндей деңгейге жеткізу қажет.

         Дәулеткерей Кәпұлы: – Жергілікті халықтың қандастарға көрсетіліп жатқан көмекті күндейтіндер бар. Өзіміз күн көре алмай жатырмыз, шеттен келгендерге неге квота бөлінеді дейді. Бұндай әңгіме қажет емес. Қазіргі қазаққа үлкен жүрек керек. Менің қазағым деп қарау керек. Алғашында шеттегі қазақтарды еңбек адамы ретінде алдыртты. Олардың бірінші функциясы еңбек ету еді. Ал қандастар оны толығымен атқара алды.

Сұхбатты дайындаған Жадыра Жанарбек

* Бұл материал Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен әзірленген. Материалдың мазмұны www.minber.kz сайтының жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар