//

Арыстанбек Адасбекұлы, аспаз: “Нәрлі дәм” асханалар желісін дамытуды қолға алдық

3347 рет қаралды
1

Мінбердің бүгінгі кейіпкері Қытай Халық Респуликасында дүниеге келіп, кейін атамекеніне қоныс аударған белгілі кәсіпкер, аспаз, тағамтану өнерінің ұстазы, «Нәрлі дәм» музыкалық мейрамханалар желісінің иесі Арыстанбек Адасбекұлы. Ол – білікті де білімді аспаз, жаста болса өз шыңын бағындырып үлгерген маман. Елге келгеніне  екі жыл болса да алдымен асхана, одан соң кафе, кейіннен мейрамхана ашып үлгерген,  аспаздық жолында адалдық танытып, тіл үйірер тағаммен халықтың ықыласына бөленіп жүрген жан.  Назарларыңызға Арыс аспазбен болған сұхбатты ұсынамыз.

 

– Елге қай жылы оралдыңыз?

Елге 2018 жылы қыркүйек айының 30-ында келдім. Бұрын-соңды Қазақстанға келіп көрмегем. Қытайда тұрмыс жағдайым да, басқасы да жаман болған жоқ. Келуіме басты себеп өз еліме, өз ұлтыма қызмет етсем деген мақсатым болды. Сөйтіп отбасыммен бірге Алматыға көшіп келдік.

– Қандастарымыз елге оралғанда құжат жағынан қиындықтарға тап болып жатады. Осы қиындық сізде де болған болар? Оны қалай шештіңіз?

Өте қатты қиындық туған жоқ. Елге келгенде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйдібек би ауылына келіп қоныстандық. Жалпы еліміздің қандастарға деген заңы оңтайлы екен.  8 ай мөлшерінде ықтияр хат пен азаматтығымызды заңдастырып алдық.

– Қазақстанда қазақ тілі мен қатар орыс тілі де қолданыста. Кез-келген мәселе туындай қалса мемлекеттік қызметкерлер орысша сауал жолдауы немесе жауап беруі мүмкін. Тіл жағынан проблема болды ма? 

Иә тіл мәселесінде қиындық болды. Біз осы ауданға қоныстанатын кезде өмірбаянымызды қолмен жазып өткізу керек болды. Біз төте араб алфавитімен жазып үйренгендіктен орысша жазуға мүмкіндігіміз болмады. Тіпті жазуын да түсінбей «не жазылған» деп сұрап аудартып жүрдік. Тіл жағынан қиындық туған кез өте көп болды.  Қазір жазумен қатар орыс тілін де меңгеріп жатырмыз.

– Қытайда аспаздық өнерді меңгеріп, кәсібіңізді дөңгелеткен азаматсыз. Ал елге келе сала кәсібіңізді бірден жалғастырып кете алдыңыз ба?            

 –  Келген соң екі айдан кейін яғни қараша айының бірінде  осы өзіміз тұрып жатқан Бәйдібек би ауылынан «Нәрлі дәмнің» алғашқы асханасын аштым. Одан кейін 2019 жылы  сәуір айының бірінде көрші Ақши ауылынан «Нәрлі дәм» кафесін, 2020 жылы наурыз айының он бесінде Алматы қаласынан Нәрлі дәм музыкалық мейрамханасын аштым.

– Мейрамханаңыздың аты неліктен «Нәрлі дәм» деп аталады?    

             

Түркі тілдес 16 халық тағамның дәмін өз тілдерінде нақышына келтіріп түрліше сипаттайды. Ал бізде тағамды күш-қуатыңды арттырып, күні бойы тоқ жүруіңе септігін тигізетіндіктен «нәрлі» деп айтады. Өзім мейрамхананың атауын «Нәрлі дәм» деп осы бір ұғыммен байланыстыра отырып, қонақтың көңілін жайлы етіп, алдына қойған астың құнарлы қуатын, нәрлілігін сезіндіру мақсатында қойғанмын. Мейрамханаға кірген бойда тағамның иісі ғана емес, ұлттық болмысымыз бен қазақилықтың да иісі шығып тұрса деген ниетпен  «Нәрлі дәм» деп даралап қойдық.

– Карантин кезінде көп кәсіпкер шығынға ұшырап, қаражаттан қысылды. Кейбір кәсіпкерлер кәсібін жабуға да мәжбүр болды. Ал сіздің кәсібіңізге карантин қалай әсер етті? Бұл тығырықтан қалай шықтыңыз?                                                                                                                                  – Алматы қаласынан мейрамханамызды ашқан кезімізде карантин басталып,  жұмысын тоқтатқан едік. Ауылдағы асхана мен кафені де жаптық. Бұдан өзге айналысып отырған кәсібім жоқ. Қол қусырып отырғаннан ешкім көктен ақша бермейді. Карантин уақытында интернет арқылы осы ас-су өнерінен шәкірттер тәрбиеледім. Содан кіріс көзі болып тұрды. Ал карантин бәсеңдеп, қоғамдық орындарда 30 адамға дейін жиналуға болады деген соң кафеміздің ашық алаңын ашып халыққа қызмет көрсеттік.

– Қанша шәкіртіңіз бар?

 Нақты санын білмеймін. Интернет арқылы үйренгені бар, жанымда жүріп үйренгені бар  жалпы саны 450-500 дей шәкірт тәрбиеледім.

– Кез келген қолынан бал тамған аспаздың өз авторлық тағамы болады ғой. Сіздің де авторлық тағамдарыңыз бар ма?              

– Иә, әрине бар. Қытайда жүргенімде «Қаражорға», «Қымызқуырдақ», «Қымызбалық» деген тағамдарды жасағанмын. Осы тағамдарымның ішінде «Адам өмірін ұзартатын қой» деп атаған ерекше дайындалатын авторлық тағамым бар. Қытайда жарыс болған кезде осы тағам түрін ұсынып бірінші орынды қанжығама байлағанмын. Атауы да өзгеше бұл тамақ түрі таза қазақ даласында жайылған табиғи құнарды бойына сіңірген қойдан жасалады. Қойды сойып, терісін сыпырмай үйітіп, 27 түрлі дәрі-шөпке шылап, таудың басына апарып, таза табиғи жерде бір аптаға қарағайға байлап кептіреміз. Сонда жаңағы 27 түрлі дәм қойдың бойына сіңіп, ерекше дәмге ие болады. Сосын қой сиятын қазанға қойды салып бұқтырамыз. Піскенде еті балғын, тіске жұмсақ, тілге дәмді, асқазанға жайлы болады.

– Неліктен Қазақстанның басқа қалалары емес, Алматыға қоныстандыңыз?                                                                                                       Біріншіден алғаш келіп қоныстана салған соң ыстық болды. Екіншіден бұрын көшіп кеткен туған туысымыз осы қаланың тұрғындары.  Одан кейін Алматы қаласы да жақын, алатын заттарымызды да оңай тауып аламыз. Бір жағы кәсібімізге де ыңғайлы жер болды.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?                                                             

 – Ел аман, жұрт тыныш болып індеттің беті қайтса мейрамханалар желісін кеңітіп, басқа қалалардан да «Нәрлі дәм» музыкалық мейрамханамыздың нүктелерін ашсам деген жоспар бар.   Өз ұлтымды қатты жақсы көремін. Өссе, өркендесе, жастары жалынды болса деп тілеймін.  Осы кенжелеп қалған ас-су өнерін дамытсам деймін. Елімнің болашағының жолында қолымнан келгенше үлесімді қоссам деген арман-мақсатым бар. Ең бастысы арманым – қазақ тілінің өз биігінде болуы. Мақсатым барлық техника құралдары мен құрылғыларын қазақша сөйлетуге үлес қоссам. Біздің тарихымыз, мәдениетіміз, дәстүріміз, салт-санамыз, тәрбиеміз – тілімізде екендігін түсінсек. Балаларымызға «Тілім» деп тебіренер тәрбие бермесек, «Елім» деп еміренер болашақ қайдан болсын деген қағиданы нықтап үғындырсақ деймін. Қазақтың баласы еңбекқор, білімді, ұлтжанды болып, еліне елеулі үлес қосса нұр үстіне нұр болар еді. Нағыз бақыт деп осыны айтар едім.

Жүрегі «қазақ» деп соққан қандасымыздың кәсібі мен арман мақсаты осындай.  Арыстанбек мырза жасы 29-да болса да Қытайда жүргенінде «Мемлекеттік бірінші дәрежелі дәм бағалаушы», «Қытай» ас-су өнерінің әйгілі аспазы», «Қытай» ас-су өнерінің жоғары дәрежелі әйгілі аспазы» сияқты атақтарға ие болып, дипломмен марапатталған. Сонымен қатар «Қытай» аспаздар бірлестігінің Іледегі бөлімшесінің бастығы қызметін атқарған. Елімізде де кәсібі ілгері домалап, жетістіктері мен бағындырар шыңдары көп болсын тілейміз.

* Бұл материал Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен әзірленген. Материалдың мазмұны www.minber.kz сайтының жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

                                   

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

1 Comment

  1. Арыстанбек бауырым мартебең өссін , ісің ілгері от басың аман денің сау болсын .

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар